Қазақстан Республикасында инвестициялық қатынастарды мемлекеттік басқарудың құқықтық негіздері

Мемлекет инвестициялық қатынастарды реттей отырып, инвестициялық қызметтің субъектілеріне ықпал етудің әртүрлі нысандары мен әдістерін қолданады және мемлекеттік меншік объектілерінің иесі және мемлекеттік меншікке жатпайтын объектілер бойынша инвестициялық қатынастарды реттеуші болып әрекет жасайды. Бұл мемлекеттік меншік объектілерін басқару жөніндегі қатынастар мемлекеттік органдар мен мемлекеттік меншіктегі объектілер арасындағы қатынастар болып табылады. Құқық теориясында реттілік заттар үшін емес, солармен байланысты субъектілердің әрекеті үшін белгіленеді. Меншік иесі ретінде әңгіме мемлекеттік басқару туралы, екіншіде-реттеуші ретінде инвестициялық қатынастарды мемлекеттік реттеу туралы болып отыр.

Мемлекеттік басқару қандай да болсын игілік бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер, сондай-ақ, азаматтар арасында қалыптасқан қатынастар ретінде көрінеді. Басқару жүйесінң белгілі элементтері – объекті мен субъектінің өзара әрекеттерімен жүзеге асырылады. Басқарушы жүйе — кім және не басқарады, басқарылатын жүйе — кім және не басқарылады. Олардың арасында басқарудың мәніне көп жағдайда ықпал ететін тығыз өзара байланыс және өзара қатаң тәуелсіздік бар.

Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөніндегі қоғамдық қатынастар саласында басқарылатын қосалқы жүйе жер қойнауын пайдаланушылар; басқарушы қосалқы жүйе — тиісті мемлекеттік басқару органдары, министрліктер, ведомстволар, т.б. Алайда қаралып отырған салада нақты өмірде басқарудың объектілері мен субъектілері арасында айқын шек қою әрқашанда мүмкін бола бермейді. Сонымен бірге, әдеттегідей, бір тұлға бір мезгілде бір қоғамдық қатынаста басқарудың объектісі болып, субъектісі болып та шыға береді. Басқару қатынастарының қатысушылары арасында байланыстың сипаты, сайып келгенде, олардың қызметінің мазмұнымен, билік пен басқару органдарында кімнің қандай орын алатынында емес, жалпы әлеуметтік ролімен анықталады.

Жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды жер қойнауында мемлекеттік меншік құқығымен анықталған мемлекеттік функцияларды тиісті мемлекеттік органдардың жүзеге асыруы болып табылады. Басқару құқығы мен меншік құқығы арасындағы байланыс мынада: басқару-меншік қатынастарын көрсету тәсілі. Басқаша айтқанда, осы сала бойынша басқару қатынастарының құқықтық реттеушілігі-жер қойнауына меншік қатынастарын реттеушілігі жёне басқарудың материалдық кепілдігі болып табылады. Мұндайда мемлекеттік басқару тұтас әлеуметтік құбылыс бола отырып, табиғат объектілерін пайдалану және қорғау саласында мемлекеттік басқарудың қосалқы жүйесіне ие болады.

Басқару үшін ең алдымен билік функцияларын жүзеге асыру тән, тиісті мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіліктер арқылы кәсіпорындар, мекемелер, азаматтар қызметін қоғамға қажет арнаға бағыттайды. Сондықтан басқарушылық қатынастар кейде билік қатынастары деп аталады. Сонымен бірге басқару тек әрекетсіздік емес, құқықтық қатынастар қатысушыларының (субъектілерінің) өзара іс-қимыл, өзара көмегі.

Жер қойнауы басқару объектісі ретінде белгілі ерекшеліктерге ие, бұл ерекшеліктер органдар жүйесін құруда, олардың міндеттерін, құзырын, функциялары мен мақсаттарын анықтауда ескеріледі.

Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі энергетика, атом энергетикасы, минералдық ресурстар, кен-металлургия, химия, мұнай-химия және атом өнеркәсібі саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады, өз құзыры шеңберінде мемлекеттік басқару функцияларын орындауға өкілеттік алған Министрліктің жер қойнауы саласындағы негізгі міндеттері:

Энергетика және минералдық ресурстар саласында мемлекеттік саясатты жасап, жүргізу;

Өзінің құзыры саласында ресурс және технологиялық базаны қайта құру негізінде отын-энергетика кешенін, өнеркәсіп салаларын дамыту және реформалау бағдарламасын жасау;

Мемлекет қатысатын шаруашылық объектілерді қайта құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

Жер қойнауын зерттеу, пайдалану және қорғау саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеу;

Атқарушы органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауы туралы Заңнаманы және оны пайдалану тәртібін сақтауына бақылауды қамтамасыз ету;

Инвестициялық саясатты жасап жүзеге асыруға қатысу;

Инвестициялық хал-ахуалды жақсарту және тікелей инвестицияларды көтермелеу жөнінде шараларды жүзеге асыру;

Экспорт бақылауы саласында ынталы мемлекеттік органдармен мемлекеттік саясатты жүргізуге қатысу.

Инвестициялық қатынастарды мемлекеттік реттеудің маңызы құрамдас бөлігі-мемлекеттік бағалы қағаздарды айналымға шығару. Республикалық бюджеттің қаржы жетімсіздігі үшін қолданылатын қаржы құралдарын деверсификациялау мақсатымен Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік индекстендірілген қазынашылық міндеттемелерді айналымға бір жыл және одан да ұзақ мерзімге шығару, айналым мен өтеу ережелерін бекітеді. Индекстелген қазынашылық міндеттемелер мемлекеттік бағалы қағаздар болып табылады, Үкімет атынан Қаржы министрлігі республикалық бюджеттің ағымдағы жетіспеушілігін қаржыландыру мақсатымен шығарады, бағалы қағаздар қолданылып жүрген Заңнамаға сәйкес бағалы қағаздар нарығында еркін айналымда болады. Бағалы қағаздар иелеріне бастапқы құнымен алуға және индекстенген қазынашылық міндеттемелердің айналымының жарты жылдық кезеңде инфляцияның қарқынын ескеретін еркін қалқу ставкасы бойынша бастапқы құнына пайыздар алуға құқығы берді.

Бағалы қағаздардың нарығын мемлекеттік реттеуді жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі ретінде инвесторлардың заңмен қорғалатын мүдделері мен құқықтарының пәрменді қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қорлар нарығын мемлекеттік реттеудің жүйесін қалыптастыру.

Инвестициялық қатынастарды мемлекеттік реттеу саласына мемлекеттік қарыздар және мемлекеттік емес қарыздар, сондай-ақ, мемлекеттік және мемлекеттік кепілдік берген қарыз үрдісінде туындаған қатынастар жатады. Мемлекеттік қарызды Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Елде инвестициялық хал-ахуалды жақсартуға қолданылып жүрген инвестициялық заңнаманы жетілдіру тікелей әсер етеді. Қазақстан Республикасының “Инвестициялар” туралы бірыңғай заңын жасап қабылдаудың қажеттігі Қазақстан Республикасының Президентінің “Қазақстан-2030” даму стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығында көрініс тапқан. Бірақ мынаны ұмытпаған жөн: тиісті құқықтық реттеу елімізге инвестицияларды ұйымдастыру мен тартуға бағытталған мемлекеттік басқарудың құрамдас бөлігі болып табылады, мемлекеттік басқару барлық мемлекеттік органдардың (орталық және жергілікті атқарушы органдар) бірыңғай жалпы мемлекеттік инвестициялық саясатын жасаудағы қызметін үйлестірумен жүзеге асырылады.