Кіші мектеп жасындағы балалардың тынығу уақытын ұйымдастыру ерекшеліктері

Тынығу уақыты – «адамның еңбекке қабілетін қайта қалпына келтіретін және еңбек әрекеті аясында жетілдіре алмаған ептіліктері мен қабілеттерін дамытатын, қоғамдық және тұрмыстық еңбек аясынан тыс бос уақыттағы әрекеті»[1].

Бұл уақытты құр бос өткізу, бостан бос жүріп сандалу емес екендігін түсіну аса маңызды. Бұл адамның алдына қойған белгілі бір мақсаттар мен қызығушылықтар негізінде жүзеге асырылатын әрекет.

Адамның бос уақыттағы өз әрекеттерін жалпы құнды мақсаттарға жетуге, өзіндік өмірлік жоспарын жүзеге асыруға бағыттау ептілігі әлеуметтік өзіндік сезінуіне, өзінің бос уақытына қанағаттануына байланысты болады.

Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда бос уақыттың коммерциализациялануына байланысты бос уақытты өткізу мекемелерінің әрекеттер арнасына қатысуға көптеген адамдардың материалдық құралдарының аздығынан мүмкін болмай тұр. Осы себепті, қоғамда өсіп келе жатқан жас ұрпақтың әлеуметтенуінде бос кеңістік орын алады. Сондықтан, балалар үшін көше өзіндік әрекет қағидаларын орнатып, өзіндік «адамгершілік кодексін» қалыптастырып, өзіндік қоғамдық қалыптасу және тіршілік ету жағдайына көндіріп негізгі әлеуметтік ақпарат көзі болып табылуда. Соңында, өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін көше әлеуметтенудің әсерлі құралдарының біріне айналады, осының салдары ретінде балаларда ешқандай физикалық, интеллектуалдық күш жұмсамай баюға деген құмарлығы артып әртүрлі ауытқушылықтар көрініс табады.

Мұндай жағдайларда әлеуметтенудің бағытталған үдерісі мен индивидке стихиялы әсер етушілігі арасындағы қатынаста мәселе туындайды.

Бұл мәселені шешу жекелік маңыздылық және қоғамдық маңыздылық арасындағы сәйкестілікті қалыптастыруға, жасөспірімдердің жалпы адами құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған әртүрлі әлеуметтік институттар әрекеттеріне негізделеді. Ал бұл міндеттерді шешуде отбасы, мектеп және бос уақытты ұйымдастыру мекемелері ерекше роль атқарады[2].

Отбасы, адамның ерекше әлеуметтік ролдері қалыптасатын алғашқы табиғи қасиеттері дамуының негізгі көзі бола отырып, баланың өзіне жақындарына, қоршаған ортаға қатынасының негізі қаланып жасөспірімдердің әлеуметтену үдерісіне ерекше әсер етеді.

Балалардың әлеуметтенуінде мектепте ерекше роль атқарады, себебі, білім беру бағдарламаларында осы үдерістің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін пәндер енгізілген. Дегенмен, оқушылардың толық әлеуметтенуіне ол пәндер әліде жеткіліксіз. Едәуір, белсенді мақсатқа бағытталған әлеуметтену сыныптан-тыс іс-шаралар жүйесі арқылы да жүзеге асырылады. Адамгершілік-этикалық, экологиялық, өнертанушылық т.б. тақырыптардағы дәрістер мен сұхбаттар еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептерде жүргізіледі.

Әртүрлі мәселелер бойынша мектепішілік кештер, пікір алмасулар, музыка, балалар кітаптары апталығы және басқа да мерекелік іс-шаралар оқушылардың әлеуметтік қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді.

Дегенмен, сыныптан-тыс жұмыс оқушылар үшін міндетті болмағандықтан, оқушылардың барлығын қамти алмайды. Сонымен қатар, бұл әрекеттерде жұмыстардың көптеген түрлері мен әдістері қолданылмайды, көптеген мектептердің материалдық жабдықталуы нашарлығына және балаларды қызықтыруға, олардың тынығу уақытын дұрыс ұйымдастыруға қабілетті білікті мамандар тапшылығына байланысты мақсатқа бағытталмай көпшілік сипатқа ие болмайды.

Тынығу уақытын ұйымдастыру мекемелері оқушылардың көпшілігіне өзіндік шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік туғызып өзіндік тұлғалық жүзеге асырылуына жол ашады. Тынығу уақытын ұйымдастыру мекемелерінің іс-әрекеттері өзіндік жоғары формада өскелең ұрпақты тәрбиелеу, білім беру және өзін-өзі тәрбиелеу мақсаттарын жүзеге асыру қызметтерін атқарады[3].

Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тынығу уақытындағы әрекеттері төмендегідей белгілі бір ұстанымдарға негізделуі қажет:

  1. Жалпылық және қолжетімділік ұстанымы, яғни балалардың тынығу уақытындағы қызығушылықтары, шығармашылық мүмкіндігін анықтау және дамыту мақсатында тынығу уақытын ұйымдастыру мекемелерінің іс-әрекеттер аймағына барлық жасөспірімдер мен балалардың қатыстырылуы мен араласуына мүмкіндік болу.
  2. Өзіндік әрекет ұстанымы — әуесқойлық бірлестіктерден бастап көпшілік мерекелерге дейін балалар тынығу уақытының барлық деңгейінде жүзеге асырылады.
  3. Жекелік тұғыр ұстанымы – балалар мен жасөспірімдердің тынығу уақытын ұйымдастыруда олардың қызығушылықтары мен талап-тілектерін, бейімділіктерін, қабілеттерін, мүмкіндіктерін, психофизиологиялық ерекшеліктері мен әлеуметтік ортасын ескеруді көздейді.
  4. Мақсатқа бағыттылық және жүйелілік ұстанымы – балалар мен жасөспірімдердің тынығу уақытын қамтамасыз етуге міндетті барлық әлеуметтік институттардың жұмысындағы үздіксіздік пен өзара бағыныштылық үйлесімділігінің жоспарлылық және бірізділік негізінде тынығу уақытының әрекеттерін жүзеге асыруды көздейді.

Индивидтің шығармашылық күшінің молдығы қоғамдық ортадағы жан-жақты және толық көрсетілуіне байланысты болғандықтан балаларды қоғамдық маңызды жұмыстарға бағыттап отыру өте маңызды болып табылады.

  1. Сабақтастық ұстанымы – мәдени өзара әрекеттестік және ұрпақтардың өзара әсер етуін көздейді. Ата-аналар және басқа да ересектер балаларға әлеуметтік білім мен тәжірибе беріп, оларға тынығу уақытын дұрыс ұйымдастыруға көмектесуі қажет.

Сондай-ақ, сабақтастық ұстанымы – бір жастық қауымдастықтан екіншісіне, бір әлеуметтік тәрбиелеу мекемесіне екіншісіне ауыстырылғандағы ережелер мен салттарды сақтауды білдіреді.

  1. Ынта-ықыластылық және қызықтылық ұстанымы — тынығу уақытын ойындар мен театрландыру негізінде ұйымдастыру арқылы еркін эмоционалды қатынас құруға негізделеді. Балалардың бос уақыты әсерлі безендіріліп, әртүрлі белгілермен толықтырылуы шарт. Бағытталған қызығушылық жағымды психологиялық жағдай тудырып, жасұрпақтың әлеуметтену үдерісін едәуір тиімді етеді.

Балалардың тынығу уақытын ұйымдастыру ұстанымдарының тәжірибеде жүзеге асырылуы баланың жан-жақты дамуына, девиантты мінез-құлықтың алдын алуға өз деңгейінде оң әсерін тигізеді.

Тынығу уақыты аумағында жұмсалған күшті қайта қалпына келтіру мен қайта жаңғырту жүзеге асырылады және үлкен физиологиялық, психологиялық және интеллектуалдық күшті жұмсауды талап етеді. Ал бұл жүзеге асуы үшін бастауыш сынып жасындағы балалар көптеген әртүрлі тынығу жұмыстарынан рахат табуы тиіс. Сондықтан, бұл жастағы балалардың тынығуы көбіне ойын әрекеті негізінде жүзеге асырылады. Балалар ойынында балалардың әртүрлі әлеуметтік міндеттерді басым күшпен меңгеруі арқылы олардың шығармашылық қабілеттері көрінеді. Эмоционалды қабылдау мен уайым-күйзелістер механизмі арқылы бастауыш сынып жасындағы балалар алдағы бүкіл өмірінде із қалдыратын, санасы мен мінез-құлқында бекітілетін шығармашылық әрекеттің элементтерін белсенді меңгереді[4].

Кіші мектеп жасындағы балалардың театрландыруға қабілеттілігі олардың ерекше қасиеттерінің біріне жатады. Көркемдік бейнелер эмоционалды сфера арқылы әсер ете отырып, балаларды уайымдауға, қайғыру мен қуануға мәжбүр етеді. Сондай-ақ жоғары мақсаттарын қалыптастырып, құндылық бағдарлар жүйесін жасауға өз септігін тигізеді.

Кіші мектеп жасындағы балалардың тынығу уақыты олардың танымдық әрекетіне ерекше әсер етеді. Тынығу уақытында балалар кітап оқиды, кинофильмдер, телебағдарламалар және қойылымдар көреді. Тынығу әрекеттері арқылы әртүрлі аумақтағы білімдермен танысу жүзеге асырылады, мысалы: көркемдік ой-өрісі кеңейеді; техникалық шығармашылық үдерісі ұғынылады; спорт және т.б. тарихымен танысу жүзеге асады; өзінің тынығу уақытын дұрыс өткізуге дағдыланып, әртүрлі тынығу әрекеті түрлерін меңгереді;

Жоғарыда аталып өтілген мәліметтер негізінде бастауыш сынып жасындағы балалардың тынығу уақытының негізгі сипаттамаларын атап өтуге болады:

— тынығу уақыты анық байқалатын физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік аспектілерге ие;

— тынығу уақыты қызмет түрі мен белсенділік дәрежесін таңдауда еріктілікке, еркінділікке негізделеді;

— тынығу уақыты регламенттелмеген, еркін шығармашылық әрекетіне бағытталады;

— тынығу уақыты баланың тұлғалық қалыптасуына жағдай жасайды;

— тынығу уақыты ерікті таңдалған әрекет түрі арқылы тұлғаның өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі танытуына жағдай жасайды;

— тынығу уақыты балалардың еркіндігі мен тәуелсіздігіндегі қажеттіліктерін қалыптастырады;

— тынығу уақыты табиғи дарындылығын ашуға және өмірге қажетті ептілік, дағдыларды меңгеруге жағдай жасайды;

— тынығу уақыты балалардың шығармашылық ынта-ықыласын дамытуға жағдай жасайды;

— тынығу уақыты тұлға қажеттіліктерін қанағаттандыру аймағына жатады;

— тынығу уақыты тұлғаның құндылық бағдарларын қалыптастыруға жағдай жасайды;

— тынығу уақыты балалардың өзін-өзі шынайы бағалауына жағдай жасайды;

— тынығу уақыты жағымды «Мен тұжырымдамасын» қалыптастырады;

— тынығу уақыты қанағаттануды, қуанышты көңіл-күйді және жекелік сүйіспеншілікті қамтамасыз етеді;

— тынығу уақыты тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуін қамтамасыз етеді;

— тынығу уақыты тұлғаның әлеуметтік маңызды қажеттіліктері мен қоғамдағы мінез-құлық ережелерін қалыптастырады;

— тынығу уақыты толық демалумен белгіленетін белсенділікке жатады;

Қорытындылай келе, кіші мектеп жасындағы балалардың тынығу уақытының мәні еркін таңдалған жұмыс түріндегі олардың шығармашылық әрекеті, басым болған қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне сәйкес педагог мамандардың, ересектердің бағыттап отыруында болып табылады деп атап өтуге болады.

Резюме

Особенности организации досуга детей младшего школьного возраста.

В статье рассмотрены сущность, важность организации и особенности досуга детей младшего школьного возраста . Изучены принципы организации и характеристики досуга детей младшего школьного возраста.

Summary

Features of organization the leisure time of children primary school age.

In the article considered the essence, importance of organization and features of leisure time of children primary school age . Studied the principles of organization and characteristics of leisure time of children primary school age.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Воловик А.Ф., Воловик В.А.«Педагогика досуга» -М. издательство «Флинта» 1998
  2. Еремин В.А. Улица-подросток- воспитатель. М., 1991г.
  3. Ариарский М.А. Досуговедение в системе человекознания. – Л.; ЛГИК, 1990.
  4. Культурно-досуговая деятельность: Учебник /Под ред. А.Д.Жаркова и В.М.Чижикова. – М.: МГУКИ, 1998.