Мақта қозасы тамырының өсіп — дамуына және өнімділігіне суару ережелерінің тигізетін әсері

Мақташылық еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің негізгі саласы болып есептелінеді. Мақта өзінің экспорттың потенциялымен астық дақылдарынан, соның ішінде бидайдан кейін тұратын техникалық дақылдардың бірі. Мақта қозасының егіс көлемінің барлығы дерлік Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. 2008 жылы мақтаның егіс көлемі 178 мың гектар, өнімділік гектарына 19,8 центнерді, ал барлық өнім көлемі 354 мың тоннаны құрады. Өндірілген өнім көлемі 1990 жылғы көрсеткішке қарағанда 110 % ға артқанымен өнімділік гектарына 35 % ға төмендеген. Өндірілген өнім көлемі мақта егісінің көлемін арттырумен қол жеткізілген.

Егіс көлемі 1990 жылы 116 мың гектарды құраса ал 2008 жылы бұл көрсеткіш 178 мың гектарға жеткен. Ауыспалы егіс тізбектері сақталмай бұрынғы көп жылдық шөптердің орнына мақта қозасы түгелдей егілуіне байланысты жерлердің агромелиоративтік жағдайы нашарлаған.

Мақта қозасын өсіретін шаруа қожалықтарының ғылыми түрде негізделіп жасап шығарылған қоза баптаудың технологияларын қолданбауы жағдайды одан әрі қиындатуда. Технология негізінде жасап шығарылған ауыспалы егіс тізбектерін, өсімдіктің қоректену және тиімді суару жүйелерін, қоза баптаудың агротехникалық әдістерін дер кезінде және сапалы жүргізбеу мақта егіс жерлерінің мелиоративтік жағдайын одан сайын нашарлатуда. Мақта өнімділігіне тигізетін көптеген факторлардың ішінде ең негізгі факторлардың бірі бұл тиімді суару жүйелерін қолдана отырып, мақта қозасын сумен қамтамасыз ету болып есептелінеді.

Мақта қозасы өзіне керекті заттарды топырақтан және ауадан алып тұрады. Қоректі заттарды тамырлары арқылы топырақтан алу үшін судың қажеттілігі өте күшті.

Су – мақта қозасының тіршілік етуіне қажетті ең негізгі факторлардың бірі. Өйткені мақта қозасының қоректенуіне қолайлы заттар топырақта көбінесе тұз күйінде болады. Оны мақта қозасы сол күйінде пайдалана алмау себебті, оларды ыдыратып сұйық қалыпқа келтіру қажет. Сонда ғана мақта қозасы оларды тамырлары арқылы алып, өзінің өсіп, даму тіршілігіне жаратады. Бұндай қызмет су арқылы іске асады. Бұл судың негізгі қасиеттерінің бірі. Сонымен қатар, жерге түскен органикалық заттарды шірітіп, мақта қозасы үшін қоректік күйге айналдырушы көзге көрінбейтін микроорганизмдердің көпшілігі жердің беткі қабатында болады. Өсімдік сияқты, олар көбінесе сусыз тіршілік ете алмайды. Демек, жерді суару арқылы мақта қозасына пайдалы микроорганизмдердің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызады.

Қозаның сумен қамтамасыз етілуі вегетациялық кезеңінде өсуі мен дамып жетілуіне орасан ықпалын тігізеді. Су мақта қозасының барлық бөліктерінің құрамында болып, оның жалпы массасының 60 пайыздан 90 пайызға дейінін құрайды. Су қозаның жас өскіндерінде – жапырақтарында, гүл қауызында, салған түйнектерінде көп болады, ал, пісе бастаған шиті мен талшығында едәуір азырақ болады. Мақта қозасы суға әбден қанған кезде ғана ондағы маңызды тіршілік процестері толық әрі ойдағыдай жүреді. Топырақта ылғалдың жетіспеуі салдарынан қозаның клеткаларының құрғай бастауы мақта өнімінің азаюына әрі талшықтың сапасының төмендеуіне әкеліп соғады.

Мақтадан гектарынан 40 центнер өнім алу үшін транспирацияға қажетті 5000 м3/га суды талап етеді. Ол алғашқы өсу фазаларында тәулігіне 10-12 м3/га суды жұмсайды. Жапырақтарының саны мен көлемінің ұлғаюына және температураның қызуына байланысты өсе келе шанақтау кезінде тәулігіне 30-40 м3/га суды қажеттейді. Гүлдеу мен көсектеу кезеңінде тәулігіне 90-100 м3/га және пісу кезеңінде төмендеп 30-40 м3/га талап етеді. Мақта қозасын суару үшін жұмсалған жалпы су көлемінің 30-35%-ы топырақтан буланса, қалған 65-70%-ы өнімді құрауға жұмсалады.

Судан кейінгі орындалатын агротехникалық шаралардың өз уақтысында орындалмауының арқасында пайдаланылған су көлемінің 50%-ы булану арқылы ұшып кетеді. Мақтаның орташа өніп-өсуіне керекті топырақтың ылғал сыйымдылығы 70%-дан төмен болмауы керек. Топырақтың 0-50 см қабатында оның ылғал сыйымдылығы 70%-дан төмендей бастаған кезде, мақта қозасын суару қажет. Сонда ғана мақта қозасы сабағы жуан, тамыр жүйесі жақсы дамып, өнімділіктің жоғарылауына үлкен әсерін тигізеді

Мақтаның тамыр жүйесі негізгі тамырдан және оның айналасындағы бұтақ тамырлардан құралады. Негізгі тамырдан бірінші, екінші, үшінші жанама бұтақ тамырлар тарайды. Тамыр топырақтан мақтаға керекті ылғал, қоректік заттарды жеткізіп тұрады. Топырақтан ылғалды тартып тұратын жас тамырлар, олардың түстері ақ болады. Ал ескі тамырлар қатайып, қабығы қалыңдап, басқа тамырлардың алған ылғалын тек өздері арқылы өткізіп тұрады. Сорғыш тамырлар көп жасамайақ шіріп, олардың орындарына жаңа жас тамырлар шығады, тек кейбіреулері ғана сау қалып, өткізгіш ескі тамырларға айналады.

Тамырлар шиттен өне бастағаннан көсектердің пісіп болған кезіне дейін өсе береді. Мақта жер бетіне көктеп шығарда негізгі тамырының ұзындығы 8 — 10 сантиметр болып, оның ұсақ бұтақ тамырлары болады. Мақта бойы 6 — 7 сантиметр болып, нағыз жапырақ шыға бастаған кезде негізгі тамыр 25 — 30 сантиметр, оның бұтақтары 12 — 15 сантиметрден келеді. Мақта қозасы гүлдеген кезде оның тамырының ұзындығы бір метрге дейін, ал күзде мақтаның сортына, бойына қарай 1,5 метр және одан да көбірек болады. Бұтақ тамырлардың көпшілігі 5 — 7 сантиметрден 12 — 15 сантиметрге дейін тереңдікте жатады. Мақта тамырлары жас кезінде, өсімдіктің күшті өсе бастаған кезінде өсу жағдайына тез бейімделгіш келеді. Топырақтың қай жерінде ылғал, қорек, ауа жеткілікті болып, өсуге қолайлы келсе, олар да сол жаққа қарай бейім өседі. Тамыр зақымданса, сол жерден жаңа тамыр шығады немесе басқа тамырлар күшейеді. Мысалы, мақтаның негізгі тамыры зақымдалса немесе жөнді өспесе, оның орнына бұтақ тамырларының мықты біреуі яки бірнешеулері төмен қарай өсе бастайды.

Ылғал жеткілікті топырақтарда мақта қозасының шанақтау кезеңінде бірінші жанама тамырлардың саны 50-ге дейін, ал гүлдеу кезеңінде 80-ге дейін, пісіп жетілу алдында 120-ға дейін жетеді.

Су жетіспеген жағдайларда мақта қозасының түп тамырлары топырақтың төменгі қабаттарына тереңдей түседі (2м), ал жанама тамырлар өте әлсіз дамыйды.

Топырақ ылғалдығы жеткілікті жағдайда, мақта қозасының түп тамырлары 1-1,2 м дейін тереңдеп, жанама тамырлары өте жақсы дамыйды. Олардың көп мөлшері топырақтың жоғарғы қабатында (50 см дейін) түзіледі. Мақта қозасының түп тамырларының бұлай түзілуі келешекте өсімдіктің өсіп — өнуіне және жоғарғы өнім беруіне үлкен әсерін тигізеді.

Әр түрлі суару жүйелерінің мақта қозасының түп тамырларының өсіп дамуына және өнімділікке тигізетін әсерін білу үшін, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе алқабында, ғылыми-зерттеу тәжірибе жұмыстары жүргізілді. Тәжірибе мақта қозасының ПА-3044 сортына төрт түрлі (0-1-0, 0-2-0, 0-1-1, 0-2-1) суару жүйесі бойынша 5 нұсқада, аумағы 1,19 га алқапта мақта қозасының алқаптық және вегетациялық тәжірибе әдісі бойынша (акад. А.И. Имамалиев, Союз НИХИ, 1981) жүргізілді. Тәжірибе, барлық нұсқаларда мақта қозасының қатар арасы 90 см етіп, минералды тыңайтқыштар әсерлі зат есебінен 180кг/га (N-100, P-80 кг/га) мөлшерінде беру арқылы жүргізілді.

Тәжірибеде байқағанымыздай, мақта қозасының түп тамырларының орналасуы және салмағы суару жүйелеріне және мөлшерлеріне байланысты болды. Түп тамырдың орналасу тәртібі және салмағы, топырақты абайлап жуа отырып анықталды. Суарылмаған бірінші нұсқада мақта қозасының түп тамырлары тереңге бойлап, салмағы басқа нұсқаларға қарағанда 1,5-2 есе (12,3 г) аз болды, себебі бұл нұсқада ешқандай минералды тыңайтқыш және су берілмеген. Суды дер кезінде және жеткілікті мөлшерде берілген төртінші нұсқада түп тамырлардың салмағы 23,5 г болып, олар топырақтың жоғарғы, құнарлы қабатында орналасты. Соған қарай өнімділігіде өте жоғары (32,4 ц/га) болды. 0-1-0 суару жүйесімен 800 м3/га мөлшерінде суарылған екінші нұсқада, мақта қозасының түп тамырларының салмағы 15,2 г болып, негізгі бөлігі топырақтың төменгі 70 cм дейінгі қабатында орналасып, 3,4,5 нұсқаларға қарағанда өнімділігі төмен, гектарына 20,5 центнерді құрады.

Жүргізілген тәжірибе жұмыстарының нәтижелері төменгі кестеде келтірілген.

Кесте — Суару жүйелерінің мақта қозасы түп тамырының өсіп дамуына және өнімділігіне тигізетін әсері.

Нұсқа-лар Суару

ереже

лері

Суару

мөлшері

м3/га

Топырақтың

0-70 см қабатында

1 өсімдіктегі

түп тамырлардың

салмағы, г

Қабаттар бойынша түп

тамырлардың орналасуы

% есебімен

Өнім-ділік,

ц/га

0-30

см

30-50

см

50-70

см

1 12,3 53,4 12,9 33,7 15,9
2 0-1-0 800

1200

15,2

15,7

61,2

62,1

14,3

15,8

24,5

22,1

20,5

21,5

3 0-2-0 800

1200

16,6

17,3

68,7

69,5

15,7

16,0

15,6

14,5

24,7

26,4

4 0-1-1 800

1200

21,4

23,5

72,7

74,1

16,2

16,4

11,1

9,5

29,2

32,4

5 0-2-1 800

1200

20,1

20,8

71,3

72,7

16,1

16,3

12,6

11,0

29,6

31,1

Ал 0-2-0 суару жүйесімен 1200 м3/га суару мөлшерімен жүргізілген 3-ші нұсқада түп тамырлардың салмағы 17,3 г болып, өнімділік гектарына 26,4 центнерге жетті. Суаруды 0-2-1 жүйесімен, 1200 м3/га суару мөлшерімен жүргізілген бесінші нұсқада, түп тамырлардың салмағы 20,8 г және орналасу тәртібі тиімді болып, өнімділігі гектарына 31,1 центнерді құрағанымен төртінші нұсқаға қарағанда гектарына 1,3 центнерге аз болды. Осыдан байқағанымыз, жоғары ылғалдылық мақта қозасының түп тамырларын тек қана қорекке бай жоғарғы қабаттарында түзілуіне әсерін тигізіп қоймай, олардың салмағын көбейтумен бірге, жапырақтардың көлемімен санын да көбейтеді. Бұл жағдай 5-ші нұсқадағыдай мақта қозасының көсектерінің ашылуын кешіктіріп, өнімділігін 4-ші нұсқаға қарағанда гектарына 1,3 центнерге азайтты. Ал су берілмеген бірінші нұсқамен, су аз берілген екінші нұсқада мақта қозасының түп тамырлары су іздеп топырақтың төменгі, қорекпен аз қамтамасыз етілген қабаттарына тереңдеп кетіп, өнімнің аз құрылуына әсер етті.

Сонымен бірге суару ережелеріне сәйкес тамырлардың топырақ қабаттарында орналасу тәртібі де әр түрлі болды. Су берілмеген 1 – нұсқада мақта қозасының тамырларының орналасуы топырақтың 0-30 см қабатында 53,4 % — ды, 30-50 – 12,9 % — ды, 50-70 см 33,7 % — ды құраса, ал төртінші нұсқада бұл көрсеткіштер тиішінше 74,1 %, 16,4 %, 9,5 % — ды құрады. Ал бір ғана вегетациялық су берілген 2 – нұсқада бұл көрсеткіштер топырақтың 0-30 см қабатында 61,2 %, 30-50 см қабатында 14,3 % — ды, ал 50-70 см қабатында 24,5 % — ды көрсетті. Бұл көрсеткіштерден су берілмеген немесе аз мөлшерде берілген нұсқаларда тамырлардың орналасуы топырақтың жоғарғы қабатында аз болып, ал төменгі қабатында көп мөлшерде болатыны байқалды. Тамырлардың бұлай орнасу себебі судың жетіспеу себебінен, өсімдіктің тамырлары су іздеп топырақтың төменгі қабаттарына бойлап кететіні анықталды.

Ал су керекті мөлшерде берілген 4 ші және 5 ші нұсқаларда тамырлардың көп мөлшерде топырақтың жоғарғы, яғни құнарлы қабатында орналасуы байқалды. Тәжірибе нәтижесінде суару ережелерінің мақта қозасының тамырларының орналасуына, соның есебінен өнімділікке тигізетін әсері үлкен екені анықталды.

Жүргізілген тәжірибені саралай келе біріншіден, судың мақта қозасының түп тамырларының құрылуына, екіншіден мақтаның өнімділігіне тигізетін әсері өте жоғары екені байқалды. Жоғары өнім алу үшін, мақта қозасының сумен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілген (төртінші нұсқадағыдай) ең тиімді суару ережелерімен жүргізілгені дұрыс деп табылды.

Айтылған суару ережесі мақта қозасының түп тамырларының негізгі бөлігін топырақтың жоғарғы, қорекке мол қабатына жайып, келешекте мол өнім беретін мақта қозасының шақтары мен көсектерінің қалыптасуына және жақсы жетілуіне тигізетін әсері мол екені байқалды.

Мақта қозасының түп тамырларының жақсы өсіп дамуына 0-1-1 суару жүйесімен, яғни бірінші су гектарына 1200 метр мөлшерінде гүлдеу кезеңінде, ал екінші су қозаның өнімге отыру кезеңінде гектарына 800 метр мөлшерінде суару арқылы жүзеге асырылады.

Қорыта келе, бұл суару ережесі оңтүстіктегі мақта егетін дихан шаруаларға, отандық аудандастырылған ПА-3044 мақта сортына ең тиімді суару жүйесі есебінде ұсынылады.