Халық педагогикасы — қазақ халқының сан ғасырдан бері ата-бабадан
ұрпақтан-ұрпаққа өлмес мирас, өшпес өнеге, өмірлік мұра болып келе жатқан,
баланы бағып-қағу, өсіру, азамат етіп шығару мәселесі тұрғысынан
жинақталған тәрбие жөніндегі іс-тәжірибесі, терең мағынасына үңілсек, ол
адамды зерттеу, жан-жақты білу, адамдық болмысын анықтау.
Халық педагогакасы халықтың ауыз әдебиетінде ақын-жыраулардың шығармаларыңда, халықтың тәрбие дәстүрлерінде, отбасындағы тәрбие, халық ойындары мен шығармаларында тәрбиелік мәнде көрініс тапқан. Осының бәрі баланың дұрыс өсуіне, тәрбиелі адам болуына бағытталған. Халық педагогикасының негізгі мақсаты-ең алдымен нағыз адамды тәрбиелеу болып табылады. Яғни, баланы Отанын, елін, жерін сүйетін, бауырмашыл, жолдастыққа адал, ата-анасын құрметтейтін сыпайы азамат етіп тәрбелеу.
Бұгінгі тәрбие проблемасындағы ең зәру тәрбие-қазақ азаматының мінезін
қалыптастыру, өркениет әлеміне қазақ құбылысы болып енуге тиісті адамзатты тәрбиелеу.
Тәрбиенің түпкі мақсаты-шәкірттің рухани өсуіне жол ашу, ал рухани өсу дегеніміз-кісілік қасиетін дамыту, дүниетанымын кеңейту, саналы өмірге араласу сезімдерін қалыптастыру, себебі «Ел салтанатымен танылады, ұрпағымен жалғасады». Міне, осы тұрғыда қазақ даналығы-тәрбие көзі деуге болады.
«Алтынның — қолда барда қадірі жоқ» дегендей адам тәрбиесінің, адам
болуының жолдарын даналарымыз, би-шешендеріміз, ақын-жазушыларымыз
Ыбырай мен Абайдай, Ғұмар Қараш пен Шәкәрімдей, Мұзафардай
ұстаздарымыз жан-жақты көрсеткен.
Қазақ философиясындағы тәрбие мәселесі сан түрлі ерекшеліктер мен ұлттық құндылықтарға толы ұлы мұра. Қазақ даналарының кез-келген туындысы шешендіктің түбірлі тілдің, даналықтың куәсі екенін әрбір жеткіншек біледі. [3.38]
Тәлім-тәрбие адамзат тарихымен бірге жасап келе жатқан, көне дәстүрге айналып кеткен нәрсе. Бүкіл адамзатқа ортақ тәрбие талабы — адамзатты адамгершілікке, қайырымдылыққа баулу. Ал, адам болудың жолдары әр халықтың ұлттық дәстүріне, салтына байланысты. Қазақгың өмір салтында адам болу жолдарына үңілсек: үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ар-намысты, ұятты бетке ұстаумен өнер — білімге ұмтылумен анықталады.
Мораль дегеніміз — адамдардың қоғамдағы мінез-құлқына қойылатын талаптар мен ережелер нормаларының жиынтығы.
Ал, негізгі моральдық категориялар: шарапат, кесапат, ар-ождан, міндет (парыз), абырой, әділеттілік, адамгершілік, адалдық, әдептілік, өмір мақсаты.
Оқушылар мораль жөнінде ғылыми емес, діни және идеялистік көзқарастар бар екенін білуі керек. Дін мысалы, мораль адамгершілік, мінез құлық нормалары құдайдан, дінсіз құдайсыз мораль жоқ, сондықтан дінге, құдайға қарсы шыққан адам сонымен қатар моральға да қарсы шығады деп үйретеді. [5.300]
Адамгершілік сезімі моральдық сезім депте аталады. Мораль — француз тілінен аударғанда мағынасы — адамгершілікті білдіреді. Адамгершілік сезім қоғамның тарихи дамуына байланысты.
Адамгершіліктің жоғарғы деңгейдегі сезімі қалыптасып, дамып отыруы ең алдымен оның өз басының мейірімділігіне, қайырымдылығына, ізгілігіне байланысты. [6.220]
Қайырымдылық-адамның асыл қасиеттерінің бірі. Қайырымдылық кісінің адамға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым- қатынасын білдіреді.
Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар. Бірі — рухани жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау).
Екіншісі- іс-тәжірибе жағы (іс-жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу).
Сондай-ақ қайырымдылық екіге бөлінеді.
1) этикалық
2) интеллектуальдық
Этикалық қайырымдылыққа — батырлық, жомарттық, әділдік жатады. Ал, интеллектуальдық қайырымдылыққа — даналық, парасат, ақыл-ой тапқырлығы мен өткірлігі сезімталдық жатады. Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа қамқорлық жасау — қайырымдылықтың белгісі ( көрінісі).
Рахымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді. Ал, ешкімге жаны ашымайтын, жүрегінің жылуы жоқ, қатыгез адамды қайырымсыз деп атайды.
Қайырымдылықты-мүсіркеушілік және жарылқаушылық деп те түсінуге болады. Ол кейде кедей — жарлы жандарға көмектесетін, қайыр-садақа берумен көрініс табады.
Ал, мейірімділік пен ізгілік егіз қозыдай екі қасиет басқаларға (әке-шеше, ағайын, туыс, таныс т.б) көңіл бөлу, олардың сеніміне ие болу, айналасындағылармен өзара дұрыс қарым-қатынас жасау, адамға эмоциялық жағынан тиімді. Кісінің шат-шадымын тіршілігі үшін маңызды. «Мейірімділік», — деп жазды К. Бови- «Мылқаулар сөйлей алатын, кереңдер ести алатын тіл» — өте тауып айтылған сөз. Әрине, бізде ылғи адамға көмектесуге жағдай бола бермейді, уақытта жетпейді. Ал, айналаңдағы адамдар, әсіресе егде адамдар өзіне көңіл аударғанды ерекше бағалайды. «Ең үлкен сән-салтанат» -деп жазды Экзюпери-адамдардың қарым-қатынасының салтанаты», «Адамда қалайда болса пайда келтіретін ой мен іс-ізгілік деп аталады. Ізгілікке ұмтылу, жауыздықтан безу — адамның жаратылысының өзінде бар нәрсе»
Үйде де, түзде де кісіге ізгілік, имандылықпен қарау, оның қамын ойлау, оған мейірімділік пен мейірбандық білдіру, жан ашырлық пен қамқорлық жасай білу кісіліктің, ұнамды мінездің көрінісі. Ізгілік-адам біткенді сүйе беру секілді күйректік, көңілшек сезіммен ешбір тоқайласпайды. Адалдық пен шыншылдық бар жерде кісі әділетті де, кішіпейілділік, қайырымдылық етіп жүреді. Бұлар кісінің аты мен абыройына дақ түсірмейді. Бала санасына жастай тәрбиелік ерекше ықпал етуде ертегілер үлкен орын алады.
Ертегі — фольклордың негізгі жанраларының бірі. Ертегі жанры — халық прозасының дамыған көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза. Оның мақсаты — тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең. Ол тәрбиелік, әрі көркемдік эстетикалық роль атқарады. Ертегінің осы бүкіл жанрлық ерекшеліктері екі қызметтен шығады. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті-сюжетті барынша тартымды етіп көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек, ертегіні шындыққа бағыттамайды, ал ертекші әңгемесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды. Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Оның түп-төркіні-алғашқы қауымда туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар, әртүрлі ырымдар мен аңыздар. Өзінің қалыптасу барысында ертегі осы жанрлық белгілерін бойына сіңірген. Бұл жанрлардың кейбірі өз бетімен мүлде жоғалып, толық ертегілерге айналған. Ертегі деген не? Оның мифтен, аңыз-әңгімелерден айырмашылығы неде? Солардың бірі — миф жанры. Мифтің ертегіге айналу процесі бірнеше кезеңнен өткен.
Мифология (гректің mifos — аңыз, ергегі және logos — ілім, ұғым деген сөздерінен шыққан) қоғам дамуының бастапақы сатыларына тән қоғамдық сананың формасы. Мифтер барлық халықтарда болады. Алғашқы қауымдық қоғамның рухани өмірінде мифология қоғамдық сананың әмбебап формасы ретінде үстем болды, өйткені мифологияда сыртқы дүние мен адам, ой мен сана, сезім, білім мен көркем бейне, зат пен идея, обьективтік және субьективтік дүниелер арасында айқын шекара болмады. Ол шекаралар кейін болды.
Мифологияда олардың бәрі тұтасып жатты. Ол дүние жайындағы біртұтас дүние болып табылады.
Сонымен, мифология — адамзаттың рухани мәдениетінің ең көне формасы. Онда білімнің бастамасы, өнер мен адамгершілік қатынастар бейнеленді. Миф (аңыз, ертегілер) сананың әлі жетілмеген біртұтас формасы екен. Ал, мифтің мағынасын анығырақ ашсақ — ол алғашқы рулық қауымдық қасиетті деп саналған құпия әңгімесі мен шежіресі. Оны ол кезде әркімге және әр жерде айта бермеген. Мифте қоршаған ортаның, дүниенің жаратылуы мен аспан әлемі жайында, рудың төтемдік бабасы, ілкі атасы мен жасампаз қаһармандар туралы олардың іс-әрекеттері жөнінде фантастикалық түрде баяндалған. Алайда ол заманда осының бәрі ақиқат деп қабылданған, мифке жүрт мәлім сенген. Бірақ уақыт өтіп, адам санасы мен мүмкіндігі жетілген сайын миф өзгеріске ұшырап бірте-бірте қасиетті сипатынан «құпия» болудан қалған. Соның салдарынан іс-әрекеттердің де нәтижесі баяғы мифтік сипатынан айырылған. Бірте-бірте мифтің масштабы тарылып хикаяға, сонан соң ертегіге айналады. Осындай аңшы, мергендер жайындағы әңгімелер қазақ ертегілерінің құрамында аз емес. Әрине, ол біздің ертегілерде сол ежелгі заманғы күйінде емес, көркем фольклорға айналған формада көрінеді. Ал, ертегінің көркем баяндалуында сюжеттен гөрі композицияның ролі артығырақ. Ертегінің композициясы бас қаһарманды дәріптеуге бағындырылады. Сөйтіп, ол белгілі бір схема бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық-мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқашада композиция мен эстетикалық мұраттылықтың бірлігі әрі тұрақтылығы, уақыттың тұйық болуы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауыз екі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестің қолданылуы т.б кіреді.
Ертегілер мен аңыздар — біздің сенімді серіктеріміз. Ерте кезден ертегілер адам баласының арман мүддесі, ой санасы, арманы мен қиялынан, салт-дәстүрі мен тұрмысынынан болашаққа күтетін үмітінен туған.
Ертегі-адам баласының ой-қиялынан туған таңғажайып дүние. Ол адамды қуантады, шарықтатады, болашағына сенімін арттырады, мүмкін емес жетістіктерге жетуге еліктіреді.
Ертегі-қай халықтың болмасын сүйіктісі. Ертеде қазақ ауылдарында ертегілерді той жиындарда, алтыбақан бастарында немесе үлкендері сол ауылдың жас бүлдіршіндерін жинап айтатын болған. Әрбір ауылдың ертегі- аңызшылары болған. Ертегілер ата-бабамыздан мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Ертегі айтуға жас балаларды ән айтуға үйреткендей ерте жастан баулыған.
Ертегіге деген осыншама сүйіспеншілік қайдан келді? Олар осы заманға дейін қалай сақталып келген? Өйткені ертегі — халықтың ақылы мен арманының тілегі. Өте ертеде пайда болған ертегілер осы күнге дейін өзінің жеңіл сиқырымен кейіпкерлерімен бірге ерлік жасап, әртүрлі қызықты оқиғаларымен таңқалдыруда. Ертегі өз Отанын сүюге, оны қорғауға, қиыншылықтан қорықпауға, қайырымды, бауырмашыл, қиындықта бір-біріне қол ұшын беруге даяр, бақытсыздыққа ұшыраған әлсіздерге көмек беруге, ата-анасын құрметтеуге, иманды да ибалы болуға үйретеді.
Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде
Қырғауыл жүні қызылда
Балақ жүні ұзында
Атақты бір бай бопты
Төрт түлігі сай бопты
Көңілі баста жай бопты
Бір перзентке зар бопты
Бара-бара баласыз
Кең дүние тар болыпты, —
деп басталатын ежелгі ертектердің құлақ күйінде барлық байлық, жан-дүниесі сыйлық, алдамшы көңіл жайлық түптің түбінде ұрпақ игілігінің қасында түкке тұрғысыз екендігін бабаларымыз бастан-ақ өсиет етіп ескерткендей.
Ертегіде адамды мұратқа жеткізетін ең басты адамдық қасиеттердің бірі ақылдылык, қайырымдылық, кішіпейілділік болатын болса, енді сол ақылдылықтың өзі неге байланысты, ақылды болу үшін не істеу керек? — деген сұраққа жауап іздеп көрсе, оған жауапты да сол ертегінің өзінен табуға болады. Сен ақылды ғана емес, қайырымды, кішіпейіл болсаң онда сен барлық жамандық атаулының барлығын жеңе аласың.
Қазақ халқы «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» деп қайырымдылық қасиеті жоқ басшының қадірі де болмайтынын кесіп айтады.
Адамгершілікке тәрбиелеу кезінде халық жеке адамдардың мінез-құлқында болатын қайырымдылық пен мейірімділікке жат кейбір қолайсыз қасиеттерге сөз құдыреті мен ертегілердің соңында бір мағына мен яғни мақал-мәтелмен аяқтапта отырған. Жалқаулыққа қарсы:
«Жалқауға жан жуымас»
«Еріншектің ерні жібімес»
Өтірікшіге қарсы:
«Өтірік өрге баспайды»
«Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді»
Бақталастыққа қарсы:
«Бақталастың бас жоқ,
Бағы жанбас, қасы көп»
Дүниеқорлыққа қарсы:
«Дүниеде дүние жолдас емес, адам жолдас»
деп халық педагогикасы адамгершілікке жат мінездерді әшкерлеп, әдептілікті, қайырымдылықты адамгершіліктің биік шыңына көтереді.
Қайырымдылық-мүдделі, кіріптар көмекке құштар адамдарға, табиғатқа, жан-жануарларға іс-жүзінде жақсылық жасау.
Қазақ ертегілерін ең алғаш зерттеп, жинақтаған Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин, Н.Березин, В.В.Радлов, А.Е.Алектров, А.Ивновский, Л.Исаков, О.Әлжанова, Р.Дүйсенбаев, М.Көпеевтер болса кейін М.Әуезов, С.Сейфуллин, М.Ғабдулиндер зерттеп жинақтай бастады.
Бұл зерттеушілердің барлығы да ертегілерді адам баласының арман мүддесі, болашақтан күтетін үмітінен, қиялынан туған деп қарастырады. Бірақ, ертегілердің тәрбиелік жақтарын, адамның не бір сапалық жақтарын қалыптастырудағы оның ерекше ықпалы туралы пікір кездесе бермейді.
А.Бисенбаева «қазіргі кезде адамгершілік қасиеттер азайған, тұрақсыздық жағдай қалыптасқан қоғамда өсіп келе жатқан жас өспірімнің бойына жоғары азаматтық, адамгершілік қасиетгерді қалыптастыруда ғаламдастыру, интеграция және гуманизация сияқты алдын ала анықталған тенденцияларды ескеру қажет» деп көрсетеді.
Ертегілерге үлкен мән беріп зерттеген М.Горький «Ертегі деген нәрсе маған басқа бір өмірдің сәулесін ашқандай, сондай жақсы өмірді ойлаған, сол үшін қорықпай , еркін күресетін бір күш барлығын көрсеткендей болды» деді.
Бірақ, М. Горький әрі қарай бір күштің не екенін түсіндірмейді. Біздің түсінігімізше, бала ертегіні тыңдай отырып, өмірді түрлендіре алатын күш адаммен ғана байланысты, адамның өзінде, қолында екенін сезе алады. Адам құдыретті күштің иесі. Қазақ ертегілері жанрлық әрі сюжеттік құралы жағынан әрі алуан. Олар бірнеше топқа яғни жанрға бөлінеді. Сюжеттері тек қазақтың өзіне тән ертегілермен қатар басқа елдермен ортақ сюжетке құрылған. Біразы тарихи-генетикалық яғни туыс халықтарға ортақ болып табылады. Сол себепті халық ертегілері де таза ұлттықта, халықаралықта көшпелі сюжеттері бар. Қазақ ертегілерінің жиналуы мен жариялануы, зерттелуі XVIII ғасырдың II жартысынан басталады. Ертегінің көбірек жиналып жарық көрген тұсы XIX ғасырдың II жартысы. Бұл шақта ертегілерді қазақ оқығандары да, ақындары да жинастырып, «Дала уалаяты» газетінде жекеленген мәтіндері жарыққа шықты. Әсіресе Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы-ертегілерді арнайы түрде жарияланып отырды. Ш.Уалиханов бастаған зерттеу ісі Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Бөкейханов жалғастырды.
Ертегілерді ғылыми әрі ағартушылық мақсатта жинап жария ету, зерттеу жұмысы XX ғасырда кең жолға қойылды. XX ғасырдың 40-50 жылдарына дейін ертегілер көбінесе оқу-ағарту мәселесі жағынан жарияланып тұрған. Осы тұста А.Байтұрсыновтың, X.Досмғамедовтың, Е.Ысмайловтың, М.Әуезовтың, С.Сейфуллиннің мақалалары мен еңбектері ертегі жанрына арнайы көңіл бөлгенін анықтайды. [ 14.115]
Сонымен қатар, қазақ ертегілерінің адамды тәрбиелеуге қатысты ерекшеліктерін қарастырайық.
Ата-бабаларымыз үшін өмір мұраты не? Адамдық идеял қандай еді? Бала
бойына қандай сапаларды қалыптастыруды мұрат етті? дейтін болсақ, оны
ертегілердің өзінен айқын көруімізге болады. Ертегілер өз кейіпкерлерін өмір
мұратына, адам бақытының ең биік шыңына адалдықтың, қайырымдылықтың ,
еңбектің арқасына жетумен аяқталады.
Олар: «ақ киізге салып, хан көтерілуі», «Аяз би!», «бай болып», хан болып дүниеден өту (Қарамерген) баланың патша болуы (Алтын айдары) т.б
Демек, бай, уәзір, хан болу, хан қызына үйлену — өмір мұраты, ең жоғарғы адамдық идеял. Ертедегі ең басты идеял немесе орын, сол өтмір мұратына қалай жетуге болады, оған керекті адамдық қасиеттерді қандай деген сауалға жауап беруге ең үлкен орын беріледі. Ең алдымен өмір мұратына жетуге қазақтың даналықта бірінші кезекте келетін, ең басты сапа — ақылдылық, қайырымдылық.
Балаларды қайырымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу мақсатында халықтың ауыз әдебиетінің асыл мұралары-ертегі, аңыз, әңгімелер, мақал-мәтелдерді ел арасында әділдігімен, батылдығымен аты аңызға айналған «от ауызды, орақ тілді» шешен билер мен елі үшін жанын қиған батырларды күнделікті тәрбие жұмыстарында өнімді пайдалануы тиіс.
Оқушыларды қайырымдылыққа тәрбиелеу үшін мынадай міндеттерді жүзеге асыру тиіс:
— баланың мінез-құлқын, тәртібін, жақсы әдеті мен дағдысын адамгершілік дәрежесіне сай қалыптастыруда халық ауыз-әдебиетінің жанрларын қолдану — баланың отбасында Отанға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында өтілетін ертегілерді іріктеу.
— Халықтың ауыз әдебиеті жанрларымен таныстырудың тиімді жолдарын қарастыру. [15.12]
Осы қайырымдылыққа, ізгілікке, мейірімділікке тәрбиелеу негізінен адамгершілік тәрбиесімен ұштасып жатыр. Ұлықпан Хакімнің көрсетуінше, қайырымдылықтың мынадай жеті сипаты бар:
- Ізгілікке құштарлық .
- Айбатсыз елету
- Міндетсіз иба
- Дуалсыз қорған
- Кешірім сұраудан құтылу
- Періштедей тазалық
- Айыптан адалдық
Демек, ақ көңіл, қарапайым болу, ізгілік жасауға құштарлық, айбат көрсетпей-ақ, елеулі болуға, міндет қылмай-ақ сыйлы болуға қол жеткізеді. Кішіпейілділік туралы ойшылдар көптеген қалам төккен. «Жалған кішіпейілділік те, менмендік сияқты жиіркенішті» — К.Гольдони «Жасанды кішіпейілділік-жақсы қасиет емес» — А.Құнанбаев «Кішіпейілділіктің жетімсіздігі дегеніміз-ақылдың жетімсіздігі»- А.Поп [16.38]
Ал, адамгершіліктің пайда болуы және оның ұғымы жөніндегі мәселелерді ғылыми тұрғыдан алғаш рет шешкен К.Маркс пен Ф.Энгельс болады. Олардың дәлелдеуінше адамгершілік қоғамдық дамуының жемісі. Ол қоғам өміріндегі өзгелерге байланысты дамиды, сондықтан таптық коғамда адамгершілікте таптық сипатта болды.
Олар мынадай сапалармен тәрбиелеуді ұсынды:
- Отанды шын жүректен сүю
- Дүние жүзі еңбектеріне туыстық сезім білдіру болып табылады.
Сонымен қатар чех педагогы Я.А.Коменский «Ұлы дидактика» еңбегінде тәрбие
туралы құнды пікірлерін қалдырды.
Ұлы ойшыл адамдардың аса тамаша ерекшеліктерінің бірі-эгоизмнен арылу, көпшілік ісінің сәттілігі және әділеттілік үшін әрекет ету деп есептеді. Я.А.Каменский балалар мен жастар мінезінде ерлік, өзін-өзі билеу, кішіпейілді сыпайышылық, еңбек сүйгіштік сапаларды тәрбиелеуді талап етті.
Лооктың ойынша адамға қажетті тағы бір сапа – мінез-құлықтағы мәдениеттілік. Дөрекілік, әдепсіздік, кекшілдік мінез-құлық мәдениетіне сыйыспайтын қасиеттер деп есептейді.
Ж.Лоок іріктеп ұсынған тәрбиенің жолдары мен құрылымы:
- үлгі өнеге көрсету
- әдеттердіру
- балалармен пікір алысу
- намыс пен теріс ұғымдарына назар аудару [17.25]
Міне, ұлттық тәрбиенің қозғаушы күші — ұлттық санаға сіңіп қалыптасқан салт-дәстүрлер, ұлттық рух, ұлттық намыс, ұлттық абырой, ар, ұят, кісілік. Бұлар жан жүйеге тәлім-тәрбиелік әсер етеді. Қазақ халқының игі мәдени дәстүрлерінен туындайтын ізгілік, ізеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, қонақжайлық, иманжүзділік тағы басқа қасиеттерді қалыптастыру — ұлттық тәрбиенің құнды мақсаттары болған. Халықтың әдеп-ұрпақ тәрбиесінің түпкі өзекті арқауы.
Тәрбиесі бас-тіл, ұлттық намыс-салт-дәстүр, ел шежіресі — тарих, Отан орналасқан аймағы-атамекен, адами имандылық рухы-дін. Осы бесеуін ұрпақ, бойына сіңіру, санасына құю — ата-ана мектеп, жұртшылық, қоғам парызы.
Сондықтан қазақ ертегілерінде жас ұрпағына өнеге беріп отырған. Қай халықтың ертегісі де ұшан-теңіз қиялымен бейнеленген суреткерлік дүние. Ертегі бізде қазіргі заманда қажет. Ол тыңдаушыларын еліктіріп, қызықтырады. Жеткіншектердің осы ертегілерді оқыту барысында жақсылық пен жамандықты айырып, қайырымды болуға, әдепті де ізетті болуға деген сенімін нығайтуға көмектеседі.