Елестетуге психологиялық сипаттама

Адамда елестің болуы біздің қабылдауларымыздың ми қыртысында қандай да бір іздердің қалдыратынын, олардың бірсыпыра уақыт сақталатындығын көрсетеді. Біздің ойларымыз бен сезімдеріміз туралы да осыны айтуға болады. Есге сақтау және кейін оны жаңғырту немесе біздің бұрынғы тәжірибемізде болғанды білу — елес деп аталады.

Егер адамдар бұрынғы тәжірибені есте сақтамаса және өткен тәжірибесін жаңғырта алмаса, олардың ақылы ешқандай ілгері дамымас еді, білім жинақтай алмас еді, әрқашан да жаңа туған баланың интеллектуалдық дәрежесінде болар еді. Сондықтан әрбір адамның міндеті өзінің ой-өрісін байыта түсу болып табылады. В. И. Ленин: «Адам баласы жасап шығарған байлықтың бәрін білумен ой-өрісіңді байытқанда ғана коммунист болуға болады»,— деп тектен-текке айтпаған.

Есте қалдыру процесінде әдетте бір заттың немесе құбылыстың екінші бір заттармен немесе құбылыстармен байланысы жасалады. Мысалы, біздің жаңа танысқан адамымыздың атын есте сақтау үшін, біз белгілі бір атты ол адаммен, оның сыртқы келбетімен және басқа ерекшеліктерімен байланыстырамыз. Белгілі бір тарихи фактіні меңгере отырып, біз оны тарихтың басқа уақиғаларымен байланыстырамыз, оны белгілі бір кезеңге жатқызамыз т. с. с. Шетел сөзін, мысалы dаs Наus — деген сөзді есте сақтау үшін, бұл сөзді «үй» деген ұғыммен байланыс-тырамыз. Сөйтіп есте сақтау дегеніміз — жаңаны адамның санасында бұрыннан бар нәрсемен байланыстыру.

Ежелгі гректер елестің мәні заттар мен құбылыстардың арасында байланыстар жасауда екенін білген. Бұл байланыстар ассоциациялар деп аталатын болды. Ассоциацияның үш түрі айырып көрсетіледі: а) шектестігіне (немесе уақытына) қарай; мысалы, туған үйім туралы ойлағанда, мен онымен көршілес бау-бақшаны есіме түсіремін; белгілі бір уақиғаны еске түсіргенде сол кезде болған басқа бір фактілер ойыңа түсе кетеді; б) ұқсастығына қарай (таныс адамның суретін көргенде мен оның өзін есіме түсіремін) және в)контрастылығына қарай (у-шуы мол қалаға барғанда мен деревня өмірінің тыныштығын есіме түсіремін). Бұлай етіп жіктеуді ежелгі грек философы Аристотель (біздің жыл санауымыздан бұрынғы 384—322 жылдар) көрсеткен болатын.

Бұл байланыстардан басқа, психологияда мағына байланысы дейтінге үлкен мән береді. Бұлар ассоциацияны тек неғұрлым күрделі (комплексті) ассоциация деп ұғады. Олардың негізінде бір құбылыстардың екінші құбылыстарға тәуелділігін түсіну (себептес-нәтижелестік байланысын түсіну) жатады. Мысалы, оқушы теореманы білмесе, геометрия есебін шеше алмайтындығын біледі. Бұл байланыс (теорема мен есептің арасындағы) мағыналық себептес-нәтижелес байланыс болып табылады. Мұндай ассоциациялардың адам өмірінде үлкен маңызы бар.