Кеңестік тарихнамада түркілердің мәдени дамуын зерттеудің мол тәжірибесі жинақталған. Бұл даму бірнеше бағыттар бойынша : тарихи – археологиялық, лингвистикалық және т.б. тұрғыдан зерттелген. Отырықшы өркениет пен көшпелі мәдениеттің өзара түйіскен аймағында орналасқан түріктер елі әлеммен тығыз қарым-қатынаста болған. Әр кезеңде бұл байланыстар әр түрлі сипат алды. Қазақстан аумағының өзінде жергілікті негізі бар қалалық мәдениет пен егіншіліктің дамығандығын, яғни, «таза көшпенділік» ұғымының жоққа шығарылғанын назарымызды ұстай отырып, түріктердің мәдени байланыстарын талдау кезінде осы ерекшеліктердің зерттеу еңбектерінде қандай тұрғыдан талданғанына баса көңіл бөлуіміз керек.
Кеңес тарихшы-археологтары, этнографтары мен лингвисттері түріктердің материалдық және рухани мәдениетінің қалыптасуында көрші халықтардың ықпалы зор болды деген тұжырымды берік ұстанып келді. VI-VIII ғасырлардағы түріктердің оңтүстік аумақтардағы отырықшы бөлігі иран тектес соғдылармен мәдени байланысқа тартылған. Кеңес ғалымдары соғдылардың Жетісудағы рөлін асыр бағалап, олардың отарлары туралы сөз қозғайды. Мәселен А.Н.Бернштам соғдылардың Жетісуды отарлауының екі кезеңін көрсетеді. Бірінші кезеңде (III-VIғғ.) соғдылар жергілікті халықпен ассимиляцияға түсе қойған жоқ. Бұл кезеңде соғдылықтардың көшпелілер тайпалары арасындағы рөлі саудамен ғана шектеліп, олар бір-бірімен араласу барысында органикалық қосынды дәрежесіне жете қоймаған қарым-қатынастармен ғана шектелді. Екінші кезеңі VI ғасырдың аяғынан басталып, соғдылықтардың түркілермен бірте-бірте ассимиляциялануымен, олардың мәдениетінің көшпелілер арасында толық сіңіп кетуімен аяқталады. Бұл кезеңнің аяқталуы IX ғасырдың соңына сәйкес келеді [24,115].
Зерттеуші бұған дейін ғылыми әдебиетте таралған соғды отарлауының басталу датасы ретінде көрсетілген б.з.I ғасыры деген датаның Жетісу аймағы үшін сәйкес келмейтінін дәлелдеп шығады. Көптеген археологиялық материалдар мен жазба деректерге сүйеніп кей зерттеушілер бұл екінші кезеңді соғдылықтармен қатар христиан-сириялықтардың да болғаны туралы жаза отырып, олардың да аталған аймақтағы мәдени процестерге тигізген әсері туралы ой қорытады.
Христиан-сириялықтардың бұл кездегі рөлі Византия мәдениеті үлгілері мен христиан дінінің таралуымен сипатталды. Көптеген зерттеушілер түркілердің бұл мәдени үлгілерді «жабайы» көшіру жолымен қабылдағандары туралы тезисті қалыптастырды. Тарихнамалық ой-пікірлердің бұдан әрі даму барысын қарастыра отырып, кейінгі ғылыми зерттеулерде бұл пікірдің де уақыт сынына шыдамай өз позицияларынан айырыла бастағанын байқаймыз.
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өлкесін археологиялық жағынан кешенді түрде зерттеуді жүргізген А.Бернштам Жетісудың матералдық мәдениетіндегі Қытай, Соғды, Византия, Иран мәдениеттерінің әсерлерін археологиялық жағынан зерттей отырып, аталған елдердің мәдени әсерлерін талдауда біржақтылыққа бой алдырды. Ол аймақтың материалдық мәдениетіндегі көшпелілердің ескерткіштері – түркілерге, отырықшы мәдениет ескерткіштері – соғдыларға тән деп есептеді. Дегенмен А.Бернштам Жетісу жерінде жүргізілген археологиялық зерттеулердің нақты нәтижелеріне орай, жергілікті түркі мәдениетінің дамуындағы аймақтағы әр түрлі мәдени байланыстардың ықпалдарын нақты көрсетіп берді. Түркі – соғды мәдени байланыстарын тек материалдық мәдениет саласында ғана емес, рухани әсерлер тұрғысынан да қарастырды. Археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған олжалар бойынша Жетісу халқының дүниетанымы мен көзқарастарындағы соғдылықтардың әсері туралы былай деп жазды: «Үндістандағы парсылар сияқты, Жетісудағы соғдылықтар зороастризм идеялары мен иран мәдениетін таратушылар бола отырып, Авеста қағидаларын түріктердің шамандық танымдарымен ұштастырды. Осылайша туындаған шамандық – зороастралық отқа табыну белгілері біз зерттеген Сұқұлұқ археологиялық ескерткішінен табылған. Заттар арасынан сақ қалаларына ұқсайтын жануарлардың фантастикалық мүсіндерін кездестіреміз: жарқыраған мәңгілік алауды қорғап тұрған олар шырақ жалынының үстіндегі қақпағын ұстағандай. Бұл қақпақтар әдеттегі ит пен құстар бейнесімен емес, қой мен таутекенің бейнелерімен безендірілген. Бұл семантикасы анық және бай ою-өрнек кешені Авестаның, Айық-наме сияқты ерте пехлевейлік шығармалардың түсіндіруі бойынша, ит пен құс мәңгілік алауды қорғап, Сраош кейінкерге түн патшаларымен күресуге көмектеседі. Ал қой мен таутеке бұл Авестаның наным-сенімдерінің жетісулық нұсқасы болса керек» [24,113-114].
Зерттеуші соғдылар арқылы түркілер арасына таралған зороастризм идеясының жергілікті жердегі ерекшеліктерге бейімделуі арқылы түрлі халықтардың рухани жақындасуы мен оның халықтар мәдениетіндегі орнын көрсетіп берген. Осылайша мәдени байланыстар арқылы кей зерттеушілер бір-біріне қарама-қарсы мәңгілік қайшылықты қоғам ретінде көрсетуге ұмтылған көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара тығыз байланыстылығына тағы да көз жеткіземіз.
А.Бернштам өз зерттеулерінде мәдени синтездің үлгісіне айналған Жетісу жерін «Шығыс Византиясы» деп атады. Егер зерттеушінің өз сөзін толық келтірсек: «түріктер арасындағы мәдени құбылыстарға олар шектескен аймақтардың мәдениеті ықпал етті. Жетісуға Византия, Үндістан мен Иран,Соғды, Ферғана мен Шаш,Оңтүстік Сібір, Шығыс Түркістан мен Қытай әсер етті.
Осының барлығының өңделуінің нәтижесінде ерекше типті мәдениет қалыптасты. Сондықтан да Жетісу – «Шығыс Византиясы» ,-деп жазды [24,115-116]. Осылайша интеграциялық үрдістердің маңыздылығына баса назар аударады.
Ғалым соғды отарлауының екінші кезеңінде Соғдиана мен Жетісудың мәдени байланыстарының сипаты мен көлемі үлкен өзгерістерге ұшырады дей келе, Жетісуда осы кезден бастап соғдылықтар сәулет өнерінде грек-бактрия мәдениетімен байланысты элементтермен қатар сасанидтік мотивтерді кеңінен таратты деп атап өтеді. Осылайша Соғды мәдениетінің өзі IX ғасырдан бастап тек отарларында ғана емес, метрополияда да соңғы күндерін бастан кешіп, Жетісудағы соғды отарлауы жергілікті мәдениет пен соғды мәдениетінің органикалық бірлікке айналып кетуімен аяқталды деп қорытады.
Зерттеуші С.Кляшторный тіпті Жетісудағы соғды қалаларының федерациясының болғандығы туралы жазды. Оның ойынша Сюань Цзань Суй-е мен Гешуен (Кушан) шекарасындағы Сули (Соғды) елінің халқымен Жетісу халқының арасынан ешқандай этникалық айырмашылық кездестірмеген [16,123-135]. Жалпы алғанда С.Кляшторный Түрік, Батыс Түрік қағанаттарындағы соғдылықтардың рөлін жоғары бағалайды. Бұдан кейінгі еңбектерінде де зерттеуші Батыс Түрік қағанатының ерте ортағасырлық қалалық отырықшы мәдениетін қоныс аударған соғдылықтар қалыптастырды деген кесімді пікірін қайталайды.
Ежелгі түріктер мәдениетінің соғдылардың қатысуымен қалыптасқандығы туралы пікірін Я.А.Шер де ұстанады. Көне түрік тас мүсіндері мен балбал тастарын қамтыған алғаш арнаулы зерттеу болып саналатын, оның «Көне түріктердің Жетісудағы тас мүсіндері» атты монографиясында түп дерек ретінде алынған тас мүсіндер арқылы түріктердің дүниетанымы зерттеледі.
Ол кіріспе ретінде Орта Азияның тас мүсіндерін зерттеудің XIX ғасырдың 70-ші жылдарынан басталғанын атай келе, тарихнамалық щолу жүргізеді. Мұнда ол Түркістан әуесқой археологтар үйымының басшысы болған В.В.Бартольдтың, А.А.Спицынның (1898), Н.Н.Пантусовтың, И.А.Кастаньенің (1910), Н.И.Веселовскийдің (1915) әрқайсысының әр түрлі деңгейде тас мүсіндерге тоқталғандығын айтады. Кеңес үкіметі кезінде А.Бернштамның балбал тастарды зерттей бастағанын жоғары бағалайды. Тарихнамалық шолуын қорытындылай келе, тас мүсіндерді толық, жүйелі зерттеу үшін әлі де белгісіз ескерткіштер туралы мәлімет жинауды аяқтап, жариялау қажеттігін алға қояды.
Я.Шер Жетісу тас мүсіндері туралы мәлімет жинауда, оларды ғылыми жүйелеуді бірінші кезектегі міндеті етіп алды. Тас мүсіндерді сыныптау тарихи-мәдени сипаттағы мәселелерге алып келді, ал оларды зерттеуден белгілі бір қорытындылар шығарды. Автор монументті ескерткіштердің стиліндегі өзіндік ерекшеліктерін көшпенділер мен Орта Азия, Шығыс Түркістанның отырықшы оазистерінің тұрғындарының бейнелеу өнерлерінің өзара әсерінің жемісі тұрғысынан қарастырады.
Бірінші тарауда, Я.Шер А.Д.Грач, Л.Р.Кызласов, Л.Йисл сияқты археологтардың бақылауларын жүйелеп, тас мүсіндердің жалпы сипаттамасын, таралуы мен сыныпталуын қарастырады. Нәтижесінде мынандай қорытындыларға келеді. Орхон кешендерінің құрылысы төмендегідей элементтерден тұрады:
1) орталық бөлігі – алтарь орналасқан храм;
2) ескерткіштің құрылуына себепші адамның мүсіні (храм ішінде орналасқан);
3) алтарьді айналдыра қоршаған мүсіндер галереясы және шығысқа қарай созылған балбал тастар тізбегі, арасында сүйкімсіз стелалар да кездеседі.
Енді осы құрылыспен ұқсас түрік мүсіндерінің қоршауларындағы құрылыс элементтерін келтіреді. Қоршау орталығында күйдірілген сүйектер және керамика сынықтары бар күлге толы шұңқыр түріндегі өзіндік алтарь, құрбандық шалу орны орналасады. Бұл орыннан қоршауға дейінгі аралығы өткел болып келеді. Қоршаудың шығыс қабырғасы бойында мүсін орналасады, одан шығысқа қарай балбал тастар тізбегі созылады.
Орхон ескерткіштері мен Жетісу қоршаулары көркемдігі жағынан әр түрлі деңгейде болғанымен, бір құрылымдық жоба бойынша салынып, балбал тастар қатары сынды бірдей құрамдас бөліктерден тұрады [15,20]. Я Шер осындай салыстыру нәтижелерінде түрік қоршаулары мен Орхон ескерткіштерінің функционалды бірлігі жөніндегі тұжырымын растайды. Осылайша ғалым түрік ескерткіштерінің аналогиясын келтіріп, өзара интеграциялану құбылысының мәдениетке де әсерінің болғандығын көрсеткісі келеді. Демек, көне түрік тас мүсіндерінің таралу аймағын Оңтүстік Орал бойынан Шығыс Моңғолияға дейін деп белгілейді.
Енді ескерткіштерді сыныптау мәселесіне келгенде Я.Шер өзіне дейін сәтсіз болса да, жүргізілген сыныптауға тоқталады. Тянь-Шаньды қамтыған А.Бернштамның, Оңтүстік Сібірдегі Л.А.Евтюхованың, Алтайдағы С.В.Киселевтің сыныптауларының даярлау техникасына байланыстылығын қарастыра келіп, оның мәселені толық шешпейтіндігін анықтайды. Я.Шердің пікірі бойынша, бұл сыныптау сыртқы белгілерге негізделгендіктен, хронология мәселесін шеше алмайды, мүсіндердің семантикасын да анықтай алмайды. Ол негіз етіп алынған тастың әр түрлі техникаға әсер ететін құрал-сайманның әрқилы жетілдірілуі шеберліктің әр деңгейде болуы мүмкіндігін ескереді. Сонымен де даярлау техникасын сыныптау етіп алудың қателігін түсіндіреді.
Я.Шер сыныптауға иконографиялық элементтерден (мүсіннің кеңістіктегі орналасуы, атрибуттары) құралған бейнелену сюжетін негіз етіп алу керектігін ұсынады. Солайша, ол алты топқа бөледі:
- оң қолына ыдыс ұстаған, қарулы ер адам мүсіні;
- оң қолына ыдыс ұстаған, қарусыз ер немесе жынысы белгісіз адам мүсіні;
- адамның бет-әлпеті мен басы ғана салынған мүсін;
- құс ұстаған адам мүсіні;
- ыдысты екі қолымен ұстаған ер адам мүсіні;
- ыдысты екі қолымен ұстаған әйел адам мүсіні.
Автор мүсіндердің осындай бейнелеу сюжеттеріне мән беру, түріктердің мүсінді салуда нені көрсеткісі келгенін, олардың дүниетанымын, жалпы алғанда рухани мәдениетін түсінуге мүмкіндік береді деп тұжырымдады.
Я.Шер сондай-ақ екі белгі ( ыдыс формасы мен стильдік ерекшеліктері) бойынша корреляциялық кесте құрды. Ыдыстың формасы, басқа заттарға қарағанда мүсіннің хронологиясын анықтауға өте қолайлы. Зерттеушінің таңдап алған сыныптау үлгісі өте жемісті болды деп айта аламыз. Себебі, топтаудың мұндай жемісі таралу аймағына қатыссыз барлық белгілі мүсіндерді қамтыған. Оның жұмысында кең ауқымды материалдардың қарастырылуы, болашақта ескерткіштердің жаңа түрлерінің табылған жағдайында бұл сыныптауға елеусіз ғана өзгерістердің енгізілу мүмкіндігін анықтады. Оның сыныптауы Қазақстан, Оңтүстік Сібір, Моңғолияның тас мүсіндерінің бір иконографиялық сюжеттермен сипатталатынын көрсетті. Бұл өз алдына түріктердің кең алқапты қамтыған мәдениетінің болғанын көрсетеді.
Автор өзінің қателігі деп кестенің тұрақтылығын атайды. Онда ежелгі түрік мүсіндерінің даму динамиакасы көрсетілмеген. Оған автор тас мүсіндерді қою салтының шығуы мен дамуы туралы мәліметтердің аздығын себеп етеді. Дегенмен, ол оны сақ дәуірімен байланыстырады.
Ежелгі түріктердің тас мүсіндерінің шығу тегін анықтауға арналған екінші тарауда Я.Шер А.Бернштамның Минусин өлкесі, Л.Р.Кызласовтың Таштық жерлеу маскалары деген пікірлеріне шолу жүргізе отырып, түрік мүсіндерінің генезисін қоршауымен бірге кешен түрінде қарастыруды алға қояды.Сонымен қатар, ол мүсін қоюдың семантикасын сақ кезінен бастау алған ата-баба аруағына табыну дәстүрімен байланыстырады. Ал, мүсіннің айналасындағы тас қоршаудың қола дәуірінен басталатындығын айтады. Оның көне түрік мүсіндерінің шығу тегін жалпылама қарастыруға ұмтылысы түрік дүниетанымының көне сақ заманында қалыптасқандығы туралы қорытындысына алып келді. Бұл тұжырымын өте құнды деп бағалаймыз, себебі, қазіргі ғалымдар А.Төлеубаев, З.Самашев, К.Байпаков және т.б. бұл гипотезаны растайды.
Тас мүсіндері мен балбал тастарынан құралған қоршаулардың пайда болуын археологиялық мәліметтерге және «Суй шу», Сюань-Цзан, Н.Бичуриннің – қытай жазба деректеріне сүйеніп, VI ғасырға жатқызады. Жоғарғы шегін XII ғасырмен белгілейді.
Тас мүсіндердің семантикасын түсіндіруде Я.Шер алғашқы кезде тас мүсіндер мен балбал тастарының ажыратылмағандығын және лоардың салынуының екі түрлі гипотезасы барлығын айтып өтеді.
Бірінші гипотеза бойынша мүсін-балбалдар даңқты түрік көсемдері жеңіп өлтірген жауларының бейнесі. Бұл гипотезаны В.В.Бартольд, Н.И.Веселовский, А.Д.Грач ұстанады.
Екінші гипотезаға сай тас мүсіндер түріктердің өздерін бейнелеп, өлген адамның күлі қойылған жерде орнатылған. Бұл тұжырымды А.Н.Бернштам, С.В.Киселев, Л.А.Евтюхова, Л.Р.Кызласов, Л.Н.Гумилев ұстанады.
Көне түрік ескерткіштерінің стильдік ерекшеліктерін қарастыра отырып, «стильдік ерекшеліктерді талау, Алтай мен Моңғолиядан Орта Азияға келген, көне түріктердің мәдени өмірінің сипатын, Соғдының отырықшы халқымен қаншалықты байланыстылығын анықтауға көмектеседі»,- дейді Я.Шер [15,65]. Жоғарыда өзі атап өткен ғалымдардың стильдік анализдерге тек бір-екі ауыз сөзбен ғана тоқталғанын атап өтіп, Я.Шер А.Бернштамның бұл мәселемен толығырақ айналысқанын жоғары бағалайды. Бағалай отырып, А.Бернштамның түріктердің әдемі мүсіндерін жасаған көркемдік талғамы жоғары мүсіншінің адам саусағын салуда шығыс – түркістандық немесе соғдылық әдістің ықпалында болғандығы туралы пікіріне қосылады. Тас мүсіндердің көркемделуінде негізінен саусақтың және қастың иіліп әдеміленіп берілуі назар аудартады. Я.Шер қастардың толқынды болып бейнеленуі басқа еш жерде кезеспейді дей келе, қас салудың мұндай әдісін тек түрітерге ғана тән түріктік стиль деп бағалайды. Шынымен де сақ-скиф, таштық, қыпшақ мүсіндерінде қас салудың мүлдем басқаша формасы көрінеді. Қасты толқындатып әдемілеп салу түріктердің салт-дәстүрінен туындаған. Ол туралы Бейши хроникасында былай делінеді: «түріктердің әдет-ғұрпы бойынша шашты кесіп, қастарын тегістейді, содан оларды май жағып жылтыратады» [15,67]. Я.Шердің тас мүсіндердегі қастың өрнектеліп салынуын осы салтпен байланыстыруын құнды, әрі дұрыс тәсіл деп санаймыз.
Бұл салттың сарқыншақтары Ш.Уәлиханов келтірген қазақ аңызында «Содан кейін қасын керіп, жас жігіт шықты»,- делінген үзіндісінен көреміз. Бұдан түріктердің мәдениетінің қазақ мәдениетімен сабақтастығы айқындала түседі.
Адамның саусақтарының көркемделіп бейнеленуінің аналогтарын Я.Шер буддистік және соғдылық өнер әлемінен табады. Осылайша, А.Бернштамның түркі мәдениеті соғды көркемдік мектебінің әсерімен қалыптасты деген тұжырымына толық қосылады. Қорытындылай келе, ғалым ескерткіштерді қоюды өлген адамды еске алу ғұрпымен және ата-баба аруағына табыну дәстүрімен байланыстырады.
60-шы жылдардың екінші жартысынан бастап алғашқы топты құраушы осы авторлардың түрік мәдениетінің қалыптасуы мен дамуын тікелей соғдылардың рөлімен байланыстыратын пікірлеріне кері әсер іспеттес немесе «автохтонизм» бағытын жақтаушы авторлардың еңбектері жарық көрді. Осы бағыттағы авторлардың бірі Е.И.Агееваның пікірінше, бұл кезеңдегі Оңтістік Қазақстан мен Жетісу өлкесі, Соғды мен Хорезмнің отарлау нысаны емес, керісінше тәуелсіз, ерекше экономикалық және мәдени аймақ болған деп есептеді. Бұл бағыттағы ғалымдар Соғдының қорғанды мазарларындағы тас жабулардың пайда болуын осы күнге дейін түркі халықтарында тас культі сақталып отырғандықтан, III-V ғасырлардан бастап-ақ түрік мәдениетінің соғды мәдениетіне әсерімен түсіндіреді. Барсхан, Мерке, Құлан т.б. қалаларының атаулары түрікше қойылса, түрік мәдениетінің әсері Ферғана, Усуршан, Тохаристан, Соғдының материалдық мәдениетіне айқын біліне бастайды.
Түрік мәдениетінің әсерімен қару-жарақтың, сәндік бұйымдардың, темір ыдыстардың жаңа типтері пайда болды. Бұлар Еуразияның кең байтақ аумағында әскери ақсүйектік ортада кең тарады. Түрік мәдениетінің көрші халықтарға тигізген әсері дегенде ең алдымен қару-жарақ түрлері мен белбеулердің жиынтығы ауызға оралатыны белгілі. Біртұтас Түрік қағанатының (VI-VII ғғ.) саяси жүйесіне еніп, VII-VIII ғасырларда Жетісудағы Батыс түрік қағанатымен тығыз байланыста болған, Соғдыда түрік белбеулерінің жиынтығы таралғаны белгілі еді.
Түрік белбеулер жиынтығының Соғдыда кезінен жаппай таралуы VII ғасыр аяғы – VIII ғасырдың басына жатады. Белбеулер жиынтығының бөліктері Орта Азияның аумақтарынан табылған. Мәселен олар Вахшадағы Кафыр-қаладан, Ферғанадағы Кайнотова елді мекенінің жоғарғы қабатынан, Хорезмдегі Топыраққала, Бүркітқала маңындағы тақырдан табылған.
Түрік-соғды мәдени байланыстарын осы қырынан да қарастырған зерттеушілердің бірі В.И.Распопова археология ғылымы көп жағдайда мәдени жетістіктердің кейбір үлгілерін нақты кімдер ойлап тапқандығын дәлелдей алмайды дей келе, түрік белбеулер жиынтығының түркілік тегі туралы кесімді пікір білдіреді. Сондай-ақ зерттешуі көшпенділердің мәдениеті тек өздері жаулап алған жерлерде ғана емес, сонымен қатар, өз заманының ең дамыған мемлекеттері Иран мен Византияға да әсер еткені туралы қорытындыға келеді. А.Бернштам болса, Талас өзені аңғарларындағы археологиялық зерттеулерінен кейін Батыс түрік, кейін Түргеш қағанаттарының билеушілері мен соғды ақсүйектерінің жақындасуы нәтижесінде өзара мәдени алмасу үрдістері орын алған, сондықтан белбеулер жиынтығының дамуын жекелеген халықтардың дәстүрлерімен байланыстыру өте қиын деген бұған қарсы пікірін білдірді [24,91].
Ал, түркі мәдениетінің дамуы мен өзіндік ерекшеліктерін жоғары бағалаған ғалым Б.Г.Гафуров түркі мәдениетінің отырықшы халықтардың мәдени өміріне тигізген сан-қырлы әсерлері туралы былай деп жазды: «Археологиялық материалдардың көрсетуі бойынша түркілерді қолөнер өндірісінің жоғары деңгейі Орта Азияға келместен бұрын дамыған. Өзіндік ерекшеліктерге ие түркі бұйымдары мен түркілік элементтер VII-VIII ғасырларда ортаазиялық қоғамға тереңдеп енген. Нәтижесінде ортаазиялық әскери өнер түркілер әсерімен қарулану мен әскери әдіс-тәсілдер саласында жаңа сапалы өзгерістерді қабылдайды Түркі әсері күнделікті тұрмыста да кең таралды. Сол замандағы шығармаларда көбінесе түркілер бейнеленген. Орта Азияға келген түріктер діни өмірге де белсене араласып, Орта Азия халықтарының ортақ жетістігі болып табылатын мәдениетке тән мәдени құндылықтарды қалыптастырды. Осылайша Орта Азияның түркі тілдес және иран тілдес халықтарының арасында салт-дәстүрлердің, діни наным-сенімдердің және мәдениеттердің синтезделу үрдісі тез қарқынмен дами түскен». Жалпы алғанда зерттеуші аталған кезеңдегі түрік мәдениеті Орта Азия халықтарының өмірінің барлық саласына жағымды әсер етті. Осы кезде түркі тілдес және иран тілдес халықтардың мәдениеті, салт-дәстүрлері, діни нанымдары мен дәстүрлерінің синтезі тез қарқынмен жүрді деген ғылыми тұжырым жасады.
Ежелгі түріктердің даму заңдылықтарының зерттелуін қарастыра отырып, мынадай қорытындылар жасауға болады:
- жалпы тарих ғылымында қалыптасқан түріктердің тарихтағы рөлі туралы жағымсыз пікірлер олардың мәдениетімен, көрші халықтармен байланыстарын талдауда үстем болып келді;
- тарих ғылымының, әсіресе археология, нумизматика ғылымдарының дамуымен түріктердің мәдениетіні тамаша ескетркіштері ашылды. Таза көшпенділік туралы түсінік жоққа шығарылды. Дегенмен алғашқы кезеңде қалалық мәдениет пен оның жетістіктеріндегі ежелгі түріктер рөлін жете бағаламау орын алды. Сондықтан Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағындағы қалалық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуындағы отырықшы халықтардың өкілі болып саналатын соғдылықтардың орны асыра бағаланды;
- мәселені тікелей қарастыру барысында Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағындағы қалалық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуы және осы кезеңдегі соғдылардың рөлі туралы нақты зерттеулер жүргізіліп, дәлелденген кесімді пікірлер айтылғандығына қарамастан кейбір зерттеушілер тарихнамадағы ескірген көзқарастар шеңберінен әлі де болса шыға алмай отырғандығын көреміз.