Тарихи процестердің барлығын таптық, формациялық шеңберде ұсынуға тырысқан маркстік-лениндік ұғым ежелгі түріктердің қазақ халқының тарихындағы рөліне шынайы баға берудегі негізгі кедергі болды. Кеңес үкіметі орнап бекінген соң, 1920-1930 жылдары тарих ғылымының бірізділік дамуы орнығады. В.И.Ленин мен И.Сталиннің ұстанымдары догмаға айналды. Коммунисттік партия ұйымдарының шешімдері тарихи құбылыстарды, оның ішінде ежелгі түріктердің даму үрдісін де бағалаудың негізі болып есептелді. Қазақ интеллигенциясының маркстік ілімге қайшы келетін өзіндік ойларына шыдамсыздық атмосферасы қалыптасты. К.Маркстің формациялық ілімінің Кеңестік дәуірде тарихтың ғылыми салаларында қандай рөл атқарғанына келмес бұрын, формациялық тұрғы ұғымына тоқталайық.
Маркстік ілім тарихи материализмге – қоғамның дамуының жалпылама теориясына негізделеді. Тарихи материализмнің негізгі постулаттары:
- қоғамдық-экономикалық формациялар теориясы;
- қоғамға прогресс әкелуші таптар арасындағы қайшылықтар идеясы;
- өндіруші күштер деңгейі мен өндіруші қатынастардың сәйкестік заңдылығы;
- прогрестің бірізділік теориясы;
- базистің – біріншілік, қондырманың – екіншілік рөлі.
Формациялық тұрғының қатаң конструкциясы (құрылымы) бар:
1.қоғамның материалдық базисі — өндіруші күштер мен өндіріс қатынастарынан өндіріс әдістері қалыптасады;
- қондырма қалыптасады. Оған саяси, құқықтық, мәдени факторлар жатады.
Қарапайым тілмен айтсақ, маркстік ілім тарихи үрдісті формацияларға (алғашқы қауымдық құрылыс, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, коммунистік) немесе кезеңдерге бөліп қарады. Мұнда экономикалық фактор басты рөл атқарады. Яғни, әр формация қоғамы шаруашылық түрімен ажыратылды. Даму қанаушы және қаналушы таптардың күресінің нәтижесінде ғана келеді. Дағдарысты реформалар емес, революциялармен жеңу керек деген идея догмаға айналды. Кеңестік тарих ғылымының позициялары экономикалық детерминизм шеңберінде анықталды. 1930 жылдың екінші жартысынан бастап, тарих ғылымын саясиландыру орын алды. Ол әкімшіл-әміршіл жүйенің жоспарына сәйкес зерттелуі керек мәселелерді ғана қарастырды. Сонда қазақ халқы мен ежелгі түріктер арсында тарихи сабақтастық жүргізу мәселесі партия ұйымдарының нұсқауларынан тыс қалып отырды. Сондықтан да ежелгі түріктердің қазақ ұлтын қалыптастырудағы рөліне шолу жүргізген қазақ зиялыларына (М.Тынышбаев, Ш.Құдайбердіұлы т.б.) қазақтың ерте орта ғасырлардағы тарихына тереңдеп баруларына мүмкіндік бермеді.
Кеңестік кезеңде орнаған тоталитарлық жүйе гуманитарлық ғылымдарды өзіне идеологиялық құрал есебінде пайдаланды. Ғылымға араласу, онв көпе — көрнеу бұрмалау бел алды. Кеңестік кезеңдегі зерттеулердің теориялық – методологиялық негізін құраған маркстік – лениндік ілім өзінің негізінен айырылып, догмаға айналдырылды. В.А.Шнирельман кеңестік ғылымда догмалық «марксизациялану» үрдісі өткен ғасырдың 30-80 жылдары қарқынды жүргендігін атап өтеді. Ал марксизация өз кезегінде славянофилизммен үндесіп жатты. Сондықтан да ғылымның қай саласында болмасын славян – орыс халқы ерекше дәріптеліп, түркі тектес халықтар екінші кезекке ығыстырылды. Бұл жағдай түркі халықтарының тарихын зерттеуде ауыр зардаптарға әкеліп соқтырды. 1930 жылдардың басында біршама көрнекті түрколог ғалымдар Е.Э.Бертельс, В.А.Забиров, М.Қосаев, А.Н.Самойлович, Н.Хаким, Б.М.Чобан-Заде т.б. репрессия құрбанына ұшырады. Соғыстан кейінгі жылдарда түркі дүниесіне назар аударып, ресми тарихнама тарих бетінде айшықталған түркілердің славян халқына тигізген саяси, мәдени ықпалын мүлде мойындамайтын үрдіске қарсы пікір айтушыларды бірден жазаға тартып отырды. Сондықтан да жоғарыда аталған таза ғылыми зерттеулердің өзінде де түркілердің сан-салалы мәдениеті мен олардың көрші халықтармен өзара мәдени байланыстар мәселесі ашық айтыла бермеді. Ғылыми ортада ашылған жаңалықтар акдемиялық ортадан әрі аспады.
Қазақстанның ортағасырлық тарихы саласында кеңестік кезеңде В.В.Бартольдтың ісін тікелей жалғастырушылардың бірі, кең ауқымдағы зерттеуші, күрделі теориялық проблемалардың шешімін қарастырған А.Н.Бернштам болды. Оның археолог, этнограф және тарихшы ретінде жан-жақты қызметінің қазақ халқы тарихының алдыңғы кезеңін, оның ішінде көне түріктер тарихының көптеген бөлімдерін зерттеудегі маңызы зор. Жазбаша (көне түрік және қытай) деректеріне жүгіне отырып А.Н.Бернштам ежелгі түрік мемлекетінің әлеуметтік құрылымын зерттеп, әскери – демократиялық қоғамның ерте феодалдық қатынастар жүйесіне ұласуын айқындады [14]. Оның «VI-VIII ғасырлардағы Орхон – Енисейлік түріктердің әлеуметтік – экономикалық құрылымы» атты еңбегі жоғарыда аталған маркстік – лениндік философия сарынында жазылған зерттеулердің айқын көрінісі.
А.Н.Бернштам соғысқа дейінгі кезеңде Жетісу мен Тянь – Шанның ертедегі және орта ғасырлардағы тарихы дамуының негізгі нобайларын белгіледі. Сондай – ақ V-VII ғасырлардағы соғды қоныстанушылығының рөлі мен маңызы және оның Түрік қағанатымен өзара қатынасын анықтады. Жетісудағы ғылымның археологиялық зерттеулерінің нәтижесі болған еңбектері келесі бөлімде толығырақ қарастырылады.
50-ші жылдар мен 60-шы жылдардың басында ертедегі және ортағасырлық Қазастанның этно – саяси тарихының проблемалары бойынша зерттеулер неғұрлым кең өрістетілді. Олар негізгі екі бағытта, Шығыс деректерінің аудармаларын жариялау және маңызды тарихнамалық проблемаларды зерттеу бағыттарында жүргізілді.
Н.Бичуриннің жақсы дәстүрін жалғастыра отырып, Н.В.Кюнер Орталық Азия халықтары туралы қытайдың құнды хабарларының үлкен топтамасын жариялады. Түріктер туралы тарихи мәліметтердің қытай тілінде екі томдық жинағы (Чэнь Чжун – мянь) шығарылып, әулеттік тарихи деректердің (Бэй шу (304-436), Чжоу шу (556 – 581), Бэй Ци Шу (550 – 577), Суй шу (589 – 619)) ежелгі түріктер жөніндегі маңызды үзінділері, Сюань Цзанның (596 – 664) «Ұлы Таң әулеті кезіндегі Батыс өлкелер туралы жазбалары» («Да Тан Сиюйцзи») орыс тіліне аударылып, ғылыми айналымға енгізілді.
Қытай деректеріне Түрік қғанаты кезіндегі түріктер, түргештер, қарлұқтар жөнінде Ю.А.Зуев жасаған талдау жемісті болды. Оның «Суяб туралы қытай деректері» және «Көне түрік шежірелік аңыздары түріктердің ежелгі тарихының дерек көзі ретінде» атты еңбектерінде аудармалардың келтіріліп, әлеуметтік хроникалардың мәліметтерін ежелгі түрік ескерткіштері мен генеалогиялық аңыздардың материалдарымен, сол сияқты антик дәстүрімен салыстыру ертедегі Қазақстанның этникалық үрдістерінің, саяси оқиғалары мен тарихи географиясының кейбір жақтарын жаңаша түсінуге мүмкіндік берді [20].
Көне түрік жазуын зерттеу ісінде С.Е.Маловтың еңбектерінің маңызы ерекше [11]. Ғалымның ежелгі түрік ескерткіштерінің материалдарына негізделген зерттеулерінің нәтижелері түрік қағанаттары шеңберінде болған этногенетикалық үрдістердің Орталық Азия мен Сібірдің түркі тілдес халықтарының қалыптасу тарихына өте елеулі ықпал жасағанын көрсетті.
К.Цегледи мен О.Прицак Қазақстанның ертедегі және орта ғасырлардағы тарихы зерттелген егжей – тегжейлі ғылыми жариялымдардың авторлары болды. Сенімді деректерге (мұсылман деректері тобына, қытай шежірелерін, ежелгі түріктердің руналық ескерткіштері мен византиялық шығармаларға) сүйене отырып, К.Цегледи деректану, текстологиялық және тарихнамалық сипаттағы мәселелерді кең ауқымды қарастырды. Оның зерттеулері ғұндардың, ертедегі түріктердің, печенегтердің, қарлұқтардың, кумандардың тарихымен байланысты. Оның ішінде Орталық Азияның тарихи географиясы, ежелгі түрік қоғамының әлеуметтік құрылымы саласында ғылыми – тарихи шолу жүргізеді.
1957 жылы «Қазақ ССР тарихының» жаңа басылымы шықты. Мұнда тарихты жазу тоталитарлық жүйенің идеологиялық құралына айналып бара жатқандығы бұрынғы шығарылымдардың «қателіктері мен олқылықтарының жөнделуінен» байқалды. Формациялық тұрғыға сәйкес кезеңдерге бөлудің көптеген мәселелері жаңаша зерттелді.
Бұл уақыттың бұрынғы жылдардан айырмашылығы – Қазақстан тарихшы ғалымдары халықаралық форумдарының жұмыстарына қатыса бастады. Атап айтқанда, шығыстанушылардың XXV халықаралық конгресіне (Мәскеу,1960), этнографтар мен антропологтардың VII және VIII-ші халықаралық конгрестеріне (Мәскеу,1964; Токио,1968) қатысты.
XX ғасырдың 20-30 жылдары орыс эммигранттарының арасында қалыптасқан еуразиялықтар мектебі көшпелі халықтардың мәдениеті мен олардың әлемдік өркениетте алатын орны туралы қалыптасқан пікірлерге жаңа леп берді. Жалпы көшпелі халықтардың әлемдік тарихтағы рөлі прогрессивті жағынан бағалана бастады. Алайда еуразиялық бағыттағы зерттеушілердің еңектеріне кеңестік кезеңде тыйым салынып, біраз уақытқа дейін тоқырауға ұшырағаны белгілі болды. 1960 жылдардан бастап бұл бағыт белгілі зерттеуші, ғалым Л.Н.Гумилевтің еңбектерінің жарыққа шыға бастауымен қайта жанданды. Л.Н.Гумилев шын мәнінде Шығыс пен Батысты қосатын, мемлекеттілік пен мәдениеттің ерекше үлгісін жасаған тұтас Түркі қағанаты деп аталған Ұлы империяны өзінің пассионарлық теориясына негіздеп алды [5,103].
Оның еңбектері хунну державасы мен ежелгі түріктердің мемлекетіне арналған [21;3]. Сол әлеуметтік – саяси көшпелі қауымдастықтардың пайда болу, даму және жойылу заңдылықтары зерттеледі. Автор кең көлемді тарихи проблемаларға (хуннулар мен түріктердің саяси өміріне, олардың тұрмысына, дініне, мәдениетіне), сондай — ақ екі дәуір – ертедегі дәуір мен орта ғасырлар шебіндегі Ішкі және Орталық Азия көшпелілерінің географиялық орналасуына зор көңіл бөлген.
Оның «Көне түріктер» атты монографиясында түрік руналық ескерткіштері тарихи көзқараспен қарастырылған.
«Көне түріктер өздері туралы» тарауында ескерткіштерге талдау жүргізіліп, мемлекеттік құрылымның ерекшеліктері, қаған мен қолбасшылардың рөлі, қоғамның өмір сүру салты, тіпті ежелгі қоғамның көп бөлігінің сауатты болуы мүмкін деген ойы түсіндіріледі. Л.Н.Гумилевтің бұл ойы бірнеше мәрте археологиялық қазбалар нәтижесінде дәлелденген. Оның өз еңбегінде «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» ескерткіштерінің ақпараттарын пайдалануы және талдауы тек тарих ғылымы үшін ғана емес, қоғамның мәдени сана – сезімі үшін де елеулі оқиға болды. Бұл бұрын еліміздегі идеологияға сай тыйым салынған және Батыста кемсітушілікпен түсіндірілген түрік тарихының көптеген фактілерін ашты.
«Көне түріктердің» екінші бөлімі көне автор – Йоллығ тегін суреттеген Күлтегіннің қызметін тарихи анализден өткізді. Ғалым түрік басшыларының тарихының маңыздылығын ғана анықтап қоймай, әлемдік – тарихи міндеткерліктерді орындауға әсер еткен психологиялық – саяси портретін де көрсетеді. Екінші түрік қағанатының құрылуы, Л.Гумилевтің пікірі бойынша, түрік қоғамында пассионарлық тұлғалар болып саналатын нақ осы қолбасшылармен және даналармен байланысты. «Көне түріктер өздері туралы» бөлімі бізге әдеби шығарманың тарихи шындықты қалай жеткізгендігін көруге мүмкіндік береді. Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк аз уақыт ішінде өз міндеттерін атқара білген пассионарлық тұлғалар ретінде қарастырылған.
Л.Гумилевтің бұл еңбегі Орталық Азия аумағындағы ежелгі кезеңдердегі мемлекеттердің дамуын қарастыратан көптеген ғылыми танымал басылымдарға негіз болады.
Н.Тажмұханованың пікірі бойынша, Л.Гумилевтің Орхон-Енисей ескерткіштерді тарихи анализдеуінде жаңа ой бар, ол жазбалардың тек эпитафия ғана болып қоймай, жанры бойынша публицистикаға жақындығы туралы ойы [8,15]. «Үш жазба да түрік қоғамына арнау болып табылады. Оның мақсаттары бүркелмеген, халықты көндіруге бағытталған. Ендеше жазбалар – агитация, ал тарихи мәліметтер мұнда таңдаулы түрде беріледі. Осындай жанрдың болуының өзі түріктерде арнау сөздің шынайы күш болғанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде қоғамның дамығандығын және қоғамдық ойдың қалыптасқандығын нақтылайды»,- деген Л.Гумилевтің ойын оң бағалау қажет. Себебі, жазбаларды мұқият оқудың өзі осы ойға алып келеді. Мысалы, өзі жайында Тоныкөктің баяндауы мақтану болып емес, шежіресінің сауатты саяси түрде берілуі болып қабылдануы тиіс. Халыққа арнау сол замандағы идеологиялық құжат санатында қабылдануы керек. Осы тұста Л. Гумилев екі маңызды түйін айтады, ол : «түріктердің қытай мәдениетін мойындамауы және көршілерінен өздерінің жоғары екендігін сезінулері» [3,336].
Л.Н.Гумилев VI ғасырдың аяғында батыста Византиямен, оңтүстікте Персиямен, ал шығыста Қытаймен тұйықталған Түрік қағанатының Жерортатеңізді мәдениеті мен Қиыр Шығыс мәдениетін ұштастырушы дәнекер рөлін жоғары бағалап, түріктердің өзіндік мәдениетін қалыптастырғанын жазады. Оның: « ежелгі түріктердің өндірістік тәсілі – көшпелі шаруашылықты шынында да жетілдіруге келмейтін ең бір тұрақты түрі болғанымен, солардың бәрі бір-бірін тек қайталай береді деп есептеу қателік болар еді. Хундар мен түріктердің тағдыр-талайы қандай әрқилы болса, олардың тұрмыс түрі де, мекемелері де саясаты мен әлем тарихынан алатын орны да әрқилы болған»,- деген тұжырымнан екі қорытынды шығады [3,4]. Біріншісі – Л.Гумилев көшпелі шаруашылықты өндірісрік тәсіл деп қарастыра отырып, еңбегін таза формациялық тұрғыға сәйкес жазғандығы. Екіншісі – зерттеушінің ежелгі түріктердің әлем өркениетіндегі зор үлесін паш етіп, мойындатуға ұмтылысы болған. Автор ежелгі түріктер қандай биік шыңдарға көтерілсе де, олардың қоғамы түскен жол – құрып бітудің жолы болатын пікіріне тоқталады. Оның: «сын-сынақ сағаттарында түз халқының көпшілігі хандарын қолдап-қостамай қойған, міне бұл 604 жылы қағанаттың Батыс және Шығыс қағанаттары болып бөлінуіне, 630 және 659 жылдары оның дербестігін жоюға (бірақ ол 679 жылы қайта орнатылды), ал 745 жылы халықтың құрып кетуіне әкеліп соқты»,- деген тұжырымы бар.
Мұнда Л.Гумилевтің өзі де халықты құраған адамардың түгелдей қырылып қалмағандығын мойындайды. Бірақ, оларды ұйғырларға, қытайларға бағынып, сіңіп кеткенін ғана айтып, ежелгі түріктердің түргеш, қарлұқ, қыпшақ т.б. тайпалардың құрамында сақталып, кейіннен қазақ халқының қалыптасуына қатысқандығын атамайды. Түріктердің тек тілі сақталып, тіл ұясының атауына айналғанын ескеріп, «VI-VII ғғ. Ұлы қағанаттың құрамына ешқашанда кірмеген көптеген халықтар «түрік» болып кетті»,- деп олардың түрік тілін сіңіргендігі туралы пікірін ұсынады.
Бұл қазақтардың терең тамырлы тарихын жоққа шығаруға бағытталған шовинистік көзқарастағы ұстаным. Түріктер мен қазақтар арасындағы тарихи сабақтастықтың үзілмегендігін қазіргі беделді ғалымдарымыз Х.М.Әбжанов, Т.Омарбеков, А.Махаева, К.Аманжолов т.б. дәлелдеп отыр. Алайда оның еңбегі негізгі зерттеу объектісі – саяси тарихты синхронды баяндай отырып, түріктердің өз заманында прогреске жетелеген қоғам құра алғанын дәйектеуі жағынан позитивті болып табылады. А.Тойнбидің өркениетті таза мәдениет деп ғана танып, көшпенділерді «тарихы жоқ халықтар» қатарына жатқызған пайымдауларына қарсы Л.Н.Гумилев өз еңбектерінде көшпелі қоғамда техникалық прогресс болуы мүмкін емес деп ойлаудың өзінің қате екендігін, жалпы көшпелілер, оның ішінде әсіресе ғұндар мен түріктер, адам тіршілігінің ажырағысы бөлігі ретінде, қазір барша адамзаттың күнделікті тұрмысында қолданылатын көп бұйымдарын ойлап тапқанын баса айтады.
Шындығында да еуропалықтар үстінен тастамайтын шалбарды көшпелілер сонау ежелгі заманның өзінде-ақ ойлап тапқан. Үзеңгі 200-400 жылдар аралығында алғаш рет Орта Азияда пайда болған. Алғашқы ағаш дөңгелекті арбаны, үлкен дөңгелекті әсем күймелерді, қайқы қылыштарды да ойлап тапқан осы көшпелілер. Олай болса көшпелілер мәдениеті өз арнасынан асып-тасып басқаларға да әсерін тигізген сан-салалы мәдениет болған. Осы бағыттағы ойын жалғастыра отырып, Л.Н.Гумилев былай деп пайымдайды: «Көшпелілер тек материалдық мәдениетте ғана емес, сол сияқты рухани мәдениетте де өздерінің отырықшы көршілерінен артта қалып көрген емес» [3,5]. Л.Гумилевтің еңбектері алғаш жарыққа шыға бастағанда-ақ ғылыми ортада бірден лайықты бағасын ала қойған жоқ. Бірнеше зерттеу жұмыстары арқылы тарихнамада қайталанбас қарама-қайшы пікірлер де қалыптасты. Бірақ, оның ғылыми көзқарасы мен мұрасы туралы пікір қарама-қайшылығы біздің уақытымызда да бір ізге түсе қойған жоқ. Мәселен оның «Этногенез және жер биосферасы» атты кітабының кіріспесіне алғысөз жазған белгілі ғалым, орыс мәдениетінің білгір зерттеушісі Д.Лихачев «Мен талантты тарихшы – фантаст еуразияшы Л.Гумилевтің қолжазбаларына жағымды пікірлер, кітаптарына алғысөздер жаздым, диссертациясын қорғауға көмектестім. Алайда бұл менің оның пікірлерімен келісетіндігімді білдірмейді. Керісінше мен оны елдер оқу үшін, оған өз пікірін айтуға мүмкіндік беру үшін ғана оған көмектестім»,- деп жазды.
Л.Гумилев мәдени байланыстар тарихында қалыптасқан көшпелілердің дамуы жағынан төмен тұрған халықтар ретінде өздерінен біршама өркениетті халықтардың мәдени жетістіктерін жай ғана қабылдаушылар, сондай-ақ әлемдік өркениетке ешбір елеулі үлес қоспаған халықтар ретіндегі пікірге түбегейлі қарсы шықты. Ол көшпелілер мәдениеті туралы тарихнамада қалыптасқан кереғар пікірлердің мәнін былайша түсіндіреді: «Осынау дала мәдениетінің сүйексіңді дәстүрлері мен терең тамырлары бартұғын, бірақ біз онымен, отырықшы халықтар мәдениетіне қарағанда, болмашы дәрежеде ған таныспыз. Мұның себебі, әлбетте, түріктердің, басқа да көшпелі халықтардың, көршілерімен салыстырғанда дарын-қабілетіне кемдігінде емес, олардың материалдық мәдениеті жәдігерлерінің – киіз, тері, ағаш пен ұлпан-тастан гөрі нашар сақталатыны да, міне сондықтан да батыс еуропалық ғалымдар арсында көшпелілер «адамзаттың арамтамағы» деген пікір пайда болған»,- деп атап өтті [3,5]. Әрине бұл пікірлерді бұрынғы қалыптасқан стереотиптерді негіздеген ғалымдардың бірден қабылдай қоюының өзі екіталай еді. Бұған жоғарыда келтірілген пікір де дәлел бола алады. Белгілі зерттеуші М.Қ.Қозыбаев «Л.Н.Гумилев дүниенің төрт жағын бірдей жайлаған жер кіндігі Орта Азия, одан қалды Византия, Персияны, Үндістан мен Қытайды қосатын, шын мәнінде Шығыс пен Батыс тоғысатын түркі әлеміне тәнті болды. Ол әлемнің Еуропа мен Шығыстың өмір салтымен бәсеке болуға мүмкіндігі барды. Барша мемлекетті «ел» – деп атап, баспалдақты — бағынышты жүйе жасаған, шен-шекпенді билеуші топқа орынды кигізген, әскери тәртіп пен дипломатия арқылы Түрік еліне баршаны игізген, өмірге деген көзқарасы арқылы өмір-салтын әлемге білгізген ұлы империя Л.Гумилевтің теориясына негіз бола алды»,- деп баға берді [22,20].
Кеңес заманында ежелгі түріктер тарихын руналық жазбаларға сүйене отырып, тыңғылықты зерттеген С.Г.Кляшторный болды. Оның монографиясында ежелгі түріктердің руналық мәтіндерінен алынған матералдар талданып, жүйеге келтірілген, олар басқа деректердің материалдарымен салыстырылып, қол жеткен нәтижелер Қазақстан мен Орта Азмя тарихына сәйкес тарихнамалық тұрғыдан да, деректанулық тұрғысынан қорытылған [16]. С.Кляшторный руналық жазудың дамуын үш кезеңге бөледі: 1.VII-VIII ғасырлардағы Жетісу және VI-X ғасырлардағы Енисей ескерткіштерін қамтыған архаикалық;
- классикалық (екінші Шығыс Түрік қағанатының ескерткіштері, VIII ғасырдың екінші жартысы);
- кейінгі – Ұйғыр қағанатының (VIII ғасырдың екінші жартысы — IX ғасыр) және Шығыс Түркістандағы «қағаздағы руналар» кезеңдері. Мұнда ол Жетісу руналық ескерткіштерінің кейінгі датасы туралы мәселенің ашық қалатындығын және руна жазбасының пайда болуының Жетісулық орталықтың нақтыланбағандығын ескертеді [16,23].
Оның «Көне түрік жазба ескерткіштері бірінші кезектегі тамаша дерек болып табылады. Олар көне түріктердің тарихы, этнографиясы, тілі, мемлекеттік және қоғамдық құрылысы, діні, мәдениеті, тұрмысы мен өмір салты жайында шынайы мәліметтер алуға мүмкіндік береді»,- деген қорытындысын ежелгі түріктердің тарихын зерттеуде қамтылатын қытай т.б. деректерден руналық ескерткіштердің еш кем түспейтін сапалылығын, маңыздылығын алға коюы деп түсініп, оң баға береміз.
С.Кляшторный ескерткіштердің тарихи — өмірбаяндық мәтіндер, эпитафиялық лирика, естелік жазбалар, магиялық және діни мәтіндер, қағаздағы заң құжаттары, тұрмыстық заттардағы белгілер сынды түрлерін бөледі [16,48-54].
Жазылу уақытына қарай, алғашқы болып саналатын көне түрік ескерткіші – Бұғұт жазбасы соғды тілінде 582 жылы жазылып, 1956 жылы Моңғолияда табылған жері бойынша аталған. Бұл ескерткіште түріктердің қасқырдан тарайтындығы туралы көне түрік аңызы берілген. Ол бойынша жаулар түіктердің ата – бабасын қырып тастайды. Жаулар қол – аяғын шауып тастаған он жасар бала ғана тірі қалады. Қасқыр мен баладан он бала дүниеге келеді. Солардың бірі Ашина ру көсеміне айналады. Ашина көсемдері өздерінің халқын Алтайға өткізіп, жергілікті тайпаларды түрік атын қабылдай отырып, өздеріне бағындырады [17,77].
Бұғұт жазбасы мазмұнымен ғана емес, архитектуралық композициясымен де қызықты. «Стеланың барельефінде екінші Шығыс Түрік қағанатының белгісі – тау ешкінің емес, төсі тұсында анық болмаса да, күмәнсіз, адам бейнесі салынған қасқырдың суреттелуінің үлкен мәні бар»,- деп жазады С.Кляшторный [23,126].
Жазбада Түрік державасының алғашқы төрт қағаны (Бумын, Мұхан, Таспар, Ниуар) аталады. Ескерткіш Таспар (Тобо) қағанның (572-581) құрметіне орнатылған. Оның ономастикасына, үзінділеріне қарап, С.Кляшторный бірінші Түрік қағанатының әлеуметтік құрылымы жөнінде ой-түйіндер жасайды [23,132].
80-ші жылдардың аяғында тарихшылардың күш-жігері бірқатар бағыттарға: Қазақстанның тарихи географиясына (көне заманнан XVIII ғасырға дейін), қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихына; көшпелі мал шаруашылығының генезисіне, отырықшы егіншілік пен көшпелі мал шаруашылығының арақатынасы мен өзара байланысына қатысты ең маңызды көкейтесті проблемаларға шоғырландырылды. Осыған байланысты С.Кляшторный мен Т.И.Султановтың жазбаша деректер мен археологиялық деректердің бай материалына сүйеніп жазған «Қазақстан. Үш мыңжылдықтың жылнамасы» деген кітабының шығуы Қазақстан тарихнамасында елеулі құбылыс болды [17]. Ғалымдар Қазақстанның шығыстанушы-тарихшылары мен археологтарының халықаралық үлкен қоғамдастығы жетістіктерін қорыту еңбегін өз мойынына алған. Қазақ халқы этногенезінің жалпы үрдісін авторлар екі — үш мың жыл бойы халықтың екі тобының: үнді-еуропалық және орталық-азиялық топтарының өзара әсері мен қосылуы деп көрсетеді.
Л.Гумилев көне түріктер этнос ретінде жойылып кетті деп есептесе, Т.Сұлтанов пен С.Кляшторныйдың еңбегінің үшінші тарауын қарастыру барысында түріктердің дәстүрінің мұрагерлері ретінде түргеш, қарлұқ, қарахан, ұйғыр, қыпшақ, қимақ, оғыз тайпаларының барлығын атағаны көрінеді. Бұл мемлекеттердің қоғамдық және әлеуметтік құрылымы да, діни наным-сенімдері де ұқсас болғандықтан, жеке-жеке емес, барлығына тән ортақ сипаттамасын келтіреді. Оқуға тілі жеңіл С.Кляшторный мен Т.Сұлтановтың еңбегі 90-шы жылдары толықтырылып, қайта өңделіп 2004 жылы Санкт-Петербургте «Еуразия даласының халықтары мен мемлекеттері. Ежелгі заман және орта ғасырлар» деген атаумен С.Кляшторныйдың редакциясымен орыс тілінде жарияланды.
Қазіргі таңда «Қазақстан тарихы ұлттық көзқараспен қайта жазылуы тиіс» деп жүрген ғалымдарымыздың бірі Т.Омарбековтың сөзімен айтқанда, Қазақстан тарихын жалпыадамзаттық тарихтың бір бөлігі ретінде қарастырып, тарихымыздағы ұлттық, этникалық, дәстүрлік ерекшеліктерді екінші қатарға қойып, қазақ қоғамын «жалпыадамзаттық қоғам» деп танушылар қатарына менің ойымша, С.Кляшторныйды жатқызуға болады. Себебі, олардың пікірінше қазақ тарихы түрік-моңғол, үнді-еуропа, угро-фин, син-тибет халықтары мәдениеті тоғысқан еуразиялық тарих, ал Қазақстанда үстемдік еткен ғұн, сақ, түрік тайпалары еуразиялық тайпалар ретінде қарастырылады.
Қорытындылайтын болсақ, Қазақстан тарихы ғылымы, оның ішінде ежелгі түріктер мәселесін зерттеу заманның саяси бағыттары мен идеологиялық ұстанымы шеңберінде жүргізлді. Дегенмен саяси биліктің қандай тапсырмасына сай жазылса да, ол шаралар бүгінде ежелгі түріктердің тарихына қатысты өз құндылығын жойған жоқ.