Оңтүстік қазақстан облысы тұрғындарының күнделікті өміріндегі әлеуметтік өзгерістер (1991-2009 жж.)

Енді ғана іргесін көтеріп, әлемдік аренада өзіндік орын алып отырған Қазақстан Республикасының орнығуына басты себеп – тәуелсіздігіміз. Сол тәуелсіздіктің нығая түсуіне бүкіл еліміздің халқы, оның негізгі аймақтарының тұрғындары күнделікті өмірінде өз үлестерін қоса түсуде. Егеменді еліміздің Оңтүстік аймағында орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінгі таңда да территориялық орналасуынан, халқының саны мен оның әлеуметтік-экономикалық, демографиялық дамуы және табиғи жағдайымен ерекше орын алады. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында өткінші әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақталмады. Себебі, Кеңес үкіметі дәуірінде социалистік жүйеге негізделген еліміздің экономикасы бірден нарықтық қатынасқа орныға алмады. Сондықтан да, тәуелсіздік жағдайындағы Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының күнделікті өмір тарихы, соның ішіндегі әлеуметтік-демографиялық өзгерістер қазіргі заман тарих ғылымында өзекті де, жас ғылыми бағыттағы проблемаларының бірі болып табылады.

Осы уақытқа дейін күнделікті өмір тарихы (ағылш. everyday life history) микротарих негізінде Батыс Еуропа мемлекеттері мен Ресейде өркен жайса, ал біздің Отан тарих ғылымында соңғы он жылдықта ғана ғылыми бағыт алған жас саласы балып табылады. Тәуелсіздік үшін күрескен Алаш көсемі Ә. Бөкейхановтың: «Туғаннан бастап өлгенше адамның өмірінің әр күні, әр сағаты, минуты айрым-айрым суреттер болады: адам өседі, сақал-мұрт шығады, ағарады, еңбектейді, жүреді, қартаяды, жүдейді, қатын алып, балалы болады. Олардың тау қанатын тартады, қуанады, қайғырады, күледі, жылайды. Бұл өзгерістердің барлығы себепке байлаулы болады», — деуі, адамдардың әдеттегі өмір тарихына ерекше назар аударғанын көрсетеді.

Осы ғылыми бағытты теориялық-методологиялық зерттеуде Отандық, Батыс және Ресей тарихшыларының еңбектеріне сүйенеміз. Қазіргі Отан тарихында аталмыш бағытта Абай атындағы ҚазҰПУ-ң магистратура және PhD докторантура институтында, докторанттар мен магистранттарды зерттеуге жұмылдырып жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор ғалым М.Қ. Қойгелдиевті атап өтуімізге болады. Алғаш рет күнделікті өмір тарихы тұрғысынан арнайы түрде зерттеген Қ.Қ. Абдрахманованың «Орталық Қазақстандағы қаланың күнделікті өмірі 1945-1953 жж.» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. С.Ф. Мажитов «Күнделікті өмір және ауызша тарихтың мәні мен әдістері» атты ғылыми мақаласында күнделікті өмір тарихының әдіснамалық мәселелеріне тоқталып өткен. Ал Отандық зерттеушілер Б.С. Сулейменов, А.Н. Нүсіпбеков, Г.Ф. Дахшлейгер, М.Х. Асылбеков В.В. Козина, Ж.Б. Абылхожин, С.Ж. Жүсіпбеков, Е.

Дүйсенов, Ф.Н. Базанова, Н.Ф. Галиковтардың т.б. әлеуметтік және демографиялық аспектіде зерттеулер жүргізді. Олар өздерінің ғылыми еңбектерінде күнделікті өмір тарихы контексінде Кеңестік және Отандық тарих ғылымындағы әлеуметтік-демографиялық кезеңдерге тоқталып өткен. Тәуелсіздікке дейінгі уақытта тұрғындардың күнделікті өміріндегі үлкен әлеуметтік өзгерістер болғанын нақтылы тарихи кезеңдер шеңберінде көрініс тапты. 1990 жылы 30 наурызда Оңтүстік Қазақстан облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы деп аталды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі сол жылы еңбек жағдайларын сараптау қызметін ашу жөнінде қаулы қабылдады. Осыған сәйкес Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1991 жылғы 18 қаңтардағы шешімімен Еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі облыстық бөлімнің құрамында Еңбек жағдайларын мемлекеттік сараптау қызметі құрылды.

М.Х. Асылбеков мен Ж.М. Асылбекова ғылыми зерттеулерінде кеңес дәуіріндегі Қазақстан халқының бірыңғай, социалистік меншікке негізделген әлеуметтік құрамы бойынша, 1989 ж. 63,0% жұмысшылар мен 4,6% ұжымшар шаруалар таптары мен 33,3% қызметкерлер (интеллигенция) тобы болды. Тәуелсіздік жағдайында көп меншік түрлері, мемлекеттік меншіктен басқа жеке меншік және шетелдік меншік пайда болды, жеке меншіктің өзі үшке бөлінеді: 1) азаматтардың меншігі; 2) мемлекет қатысқан меншігі (шетелдің қатысы жоқ); 3) біріккен кәсіпорындар (шетелдің қатысуымен); Осы меншіктердің негізінде жаңа әлеуметтік таптар мен топтар қалыптасып үлгерді. Қазіргі кезде мемлекеттің меншігі бар болғаны 12,1%, жеке меншік – 83,1%, шетел меншігі – 4,72% осылардың қалыптасу сатысын алғаш рет өздерінің талдауларында көрсетті.

Тәуелсіздік жағдайында тұрғындардың күнделікті өмірінде әлеуметтік деңгей қалыптасатыны белгілі. Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы 1997 жылдың бірінші жартысында тұрғындардың тұтынатын тауарлар бағасы өндірістік өнімдері шығарылуы (әкелінуі) деңгейіне негізделді, ал жұмыссыздық бойынша тіркелгендер төмендеді. 1996 жылы қаңтар-маусым айларында азық-түлік өндіру 18,5%-ға төмендеді. Сол уақыттағы 11 ауданда өндіріс орындары жұмысы төмендегені байқалды. Тек Бәйдібек ауданында 86,6%, Отырарда – 76,1%, ал Арыста – 1,7% және Созақ ауданында – 1,3% құрады.

Облыстағы әлеуметтік қамсыздандыру бойынша халықтың саны 1997 жылы – (100%) 2043,2 мың адам, соның ішіндегі қала халқы – (42,8%) 175,5 мың, ауылда – (62,0%) 1267,8 мыңды құрап, еңбек ресурсы бойынша – (4,9%) 1019 мың адам, экономикалық бөліміндегі жұмысшылар – (30,5%) 622,9 мың адам болды. 1997 жылдың бірінші жарты жылдықта жұмысшылар (0,9%) 18,6 мың адам, соның ішіндегі ауылда – (0,3%) 6,1 мың адам болды. Өткен жылмен салыстырғанда, 39,6 мың адамнан 20,9 мың адамға төмендеген. Жұмыспен қамтылғандар 2763 мың адам (14,8%), соның ішінде квотамен орналасқандар 1453 адамды құрады.

2009 жылдың қаңтар-ақпанында халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы (бағалау бойынша) 42824 теңгені құрап, 2008 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы ақшалай табысы –27,1% өсті. 2009 жылдың 1 сәуіріне зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың 3,4%-ға, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, тағайындалған зейнетақының мөлшері 28,3%-ға өсті және 14700 теңгені құрады. Төленген мемлекеттік жәрдемақының орташа мөлшері өткен жылдың ара салмағынан 7,4%-ға асты.

Әлеуметтік жағдайды зерттеу үшін тұрғындардың жеке тұтыну үшін сатып алған тауарлары мен қызметтері деңгейін (қолданудағы бағалар арқылы) анықтауда маңызы күшті.

Оңтүстік Қазақстан облысында 1994 жылы 1 шілдесінде тіркелген азық-түліктің бағасы (кг. теңгемен) ұн – 6 теңге, 2009 жылы ұн – 90 теңгеге жетіп, 15 жылдың ішінде 84 теңгеге көтерілген, 1994 жылы нан — 0,75 тиын, 2009 жылы нан – 69 теңгеге жетіп, 68,25 теңгеге көтерілді. 1994 жылы вермишель – 12 теңге, күріш – 3,11 теңге, ұнтақ жармасы – 1,20 теңге, сүт, литр – 4 теңге, сүзбе – 17,50 теңге, өсімдік майы – 30 теңге, картоп – 23 теңге, қант – 25 теңге, ақ қауанды қырыққабат – 4 теңге, сәбіз – 35 теңге, қызанақ – 12 теңге, қияр – 12 теңге болды 2009 жылы вермишель – 130 теңге, күріш – 200 теңге, ұнтақ жармасы – 110 теңге, сүт, литр – 85 теңге, сүзбе – 390 теңге, өсімдік майы – 235 теңге, картоп – 54 теңге, қант – 173 теңге, ақ қауанды қырыққабат – 42 теңге, сәбіз – 50 теңге, қызанақ – 190 теңге, қияр – 205 теңге құраса, бағаны бұрынғы деңгеймен салыстырсақ, вермишель – 118 теңгеге, күріш 196,89 теңгеге, ұнтақ жармасы – 108,8 теңгеге, сүт, литр – 81 теңгеге, сүзбе – 372,5 теңгеге, өсімдік майы – 205 теңгеге, картоп – 24 теңгеге, қант – 148 теңгеге, ақ қауанды қырыққабат – 38 теңгеге, сәбіз – 15 теңгеге, қызанақ – 178 теңгеге, қияр – 193 теңгеге көтерілді.

Жоғарыда көріп отырғанымыздай, тәуелсіздік жағдайында жалақының көтерілуімен қатар бағаның да көтерілуінен көрінді. Себебі, әлемдік дағдарыс пен ақшаның инфляцияға (құнсыздану) ұшырауы, еліміздің оның ішіндегі облыс тұрғындарының күнделікті тұрмыстық өміріне өз әсерін тигізді. Бағаның күнделікті өмірдегі әлеуметтік саланы анықтауда орын алатын көрсеткіш және еліміздегі әлеуметтік тұрақтылық пен тұрмыстық қарапайым өмірді көреміз.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2009 жылы меншік бойынша: жеке меншік иелері – 87,3% (21519), мемлекеттік меншік – 10,5% (2587), шетелдік – 2,3% (557) құрады. Тіркелген заңды кәсіпкерлердің саны Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын артып отыр. Ең көп тіркелген заңды тұлғалардың саны – сауда. Бұдан біз нені көреміз? Көршілес отырған Өзбекстан мемлекетімен шекаралас облыс тұрғындарының саудаға дәстүрлі түрде машықтанғаны байқалады. Ал салыстырмалы түрде қарасақ, тұрғындардың тұрмыстық, не болмаса өмірлік жолында белгілі қасиеттерді бойына сіңіретіні анық. Сондықтан сауда, оның ішінен автомобильдерді, тұрмыстық бұйымдарды және жеке пайдаланатын заттарды жөндеу қызметі тұрса. Оның үлесі 2009 жылдың мамырында 26,7% құрады. Ауыл шаруашылығы, аң аулау және орман шаруашылығы – 16,2%, Құрылыс –9,2%. Осы қызмет түрлерінен кейін қалған (жылжымайтын мүлікпен операциялар, өнеркәсіп, коммуналдық, әлеуметтік және дербес қызметтер көрсету, білім беру саласы, мемлекеттік басқару және қаржы қызметі, көлік және байланыс, денсаулық сақтау, қонақ үйлер мен мейрамханалар, балық аулау, балық өсіру) барлық тіркелген заңды тұлғалар 47,9% құрады.

Е.С. Абдрамановтың ғылыми зерттеуінде ауылдың әлеуметтік-кәсіби топтары арасында мерзімді басылымдардың ең белсенді оқырмандарын білімі (жоғары және арнаулы) деңгейін анықтайтын этносоциологиялық зерттеу жүргізіп, оған талдау жасаған. Түркістан ауданы тұрғындарының әлеуметтік-кәсіби дәрежесіне қарай мерзімді басылымдарды пайдалануы, қазақтар арасында жоғары және орта буындағы басшылар мен мамандардың күнделікті оқуы – 57,6%, сирек оқуы – 39,4%, мүлдем оқымайды – 3,0%, қызметкерлердің күнделікті оқуы – 52,6%, сирек – 43,7%, оқымайды – 3,7%. Зиялы қауым өкілдері (интелегенция) – 30,0% күнделікті оқитындар болса, сирек – 38,0%, мүлдем оқымайтындар – 1,1%. Маманданған жұмысшылардың күнделікті оқитындары – 30,0%, сирек – 58,0%, мүлдем оқымайды – 12,0%. Маманданбаған жұмысшылар күнделікті оқитындар – 21,3%, сирек – 58,5%, мүлдем оқымайтындар – 20,2%. Өзбектер арасында: жоғары және орта буындағы басшылар мен мамандардың күнделікті оқуы – 41,1%, сирек оқитындар – 44,8%, мүлдем оқымайтындар – 13,8% құрады. Қызметкерлердің күнделікті оқуы – 40,0%, сирек оқитындар – 44,0%, мүлдем оқымайтындар – 16,0% көрсетті. Зиялы қауым өкілдері (интелегенция): күнделікті оқуы – 46,0%, сирек оқуы – 46,0%, мүлдем оқымайды – 8,0%. Маманданған жұмысшылар: күнделікті оқуы – 23,0%, сирек оқуы – 55,0%, оқымайтындары – 22,0% құраса, маманданбаған жұмысшылардың күнделікті оқуы – 20,0%, сирек оқитындар – 56,5%, мүлдем оқымайтындар – 23,5% көрсетіп отыр [11, 99 б.]. Жоғарыдағы көрсеткіштердің нәтижесінде қазақтар мен өзбектерді салыстырсақ, қазақтардың мерзімді басылымдарды көбірек оқитынын көреміз.

Облыс тұрғындарының әлеуметтік деңгейін аша түсу үшін сұхбат арқылы күнделікті өмірдегі әлеуметтік өзгерістерді анықтауға тырыстық.

Біз күнделікті өмір тарихы мен ауызша тарихтың сабақтастығы негізінде, Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл және қала тұрғындары: Тұрабаев Тұрдымбет, Сатынбекұлы Балқыбек, Қалдаров Әбдіразақ, Тәуешұлы Мансұр, Әбдісаттар Әліп, Қалдыбекова Аидадан облыстың күнделікті өміріндегі өзгерістерін анықтауда сұхбатты алдық.

Тұрабаев Тұрдымбет 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданында, шаруаның отбасында дүниеге келген. Ол уақытта Бостандық ауданы Қазақстанға қарап тұрған. 1956 жылдары Өзбекстанға өткен. Содан Өзбекстандық болып қалған отандасымыз. 2007 жылы квота алып, елге келген. Жан басына 120000 теңгеден алған. Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Көкбұлақ ауылына түрып жатыр. Тарихи отанына келген Тұрабаев Тұрдымбет: «Әзір Абайды оқып жатырмын. Анда-санда газеттерді оқимын. Газет-журнал оқудан зерікпеймін. Теледидарды қараймыз. Әзірге президентіміздің жолдаулары өте орынды, жақсы. Теледидарда айтылып жатыр. Ол қара халыққа жетіп келуі қиын. Соның жетіп барып орындалуын жақсылап қадағаласа. Теледидардан көреміз, мәдени орындарға бара алмаймыз. Жаңағы өзі алатынымыз 24 мың пенсия. Үйді асырау керек, тамақ керек, киім-кешек дегендей. Ол жаңағы тамашалап жүруге жетпейді. Балдардың жаздың күндері ғана істейді, қыста бос, тиянақты жұмыс жоқ. Жол жорығын түсінбедік, телевизорлардан естіп жатамыз. Біреулерден сұрасаң оның өзіне де жету қиын, — дейді. Сондай көші-қонда бар, — дейді. Жұмыспен қамту, тұрар жер құдайға шүкір өзіміз үй сап алдық», — деді.

Сатынбекұлы Балқыбек 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Көкбұлақ ауылында туылған. Қазір 81 жаста. Мамандығы агроном болған. 1992 жылы зейнеткерлікке шыққан. Бала-шағасының тілегін тілеп отырады. Сатынбекұлы Балқыбек: «Мен бос уақытымда кітапты өмірі үзген емеспін. Мынау «ақын туа болады, шешен жүре болады», — дейді. Мен кітапты, газетті өмірі үзген емеспін, 20 экземпляр жазып алатынмын. Одақ кезінде, содан кейін небір ақындардың сөйлеген сөздері, соның небір сөздерін миыма тоқып аламын. Сөйтіп оны өміріме пайдаланамын. Батаның неше түрін білемін. Көп жерде маған бата бергізеді. Тек ғана жаңалық телевизордан «Қазақстан-Шымкенттен» хабарды тыңдаймын, содан соң спортты жақсы көремін, бір канал нұқыл бокс пен төбелес, айтысты көремін, киноны жақсы көрмеймін. Әлі айтыс болып тұрады, кешкі сағат 5-тен кейін береді. Қазір облыс-аймақ оңтүстік-шығыс-батыс болып айтысып жатыр», — дейді.

Қалдаров Әбдіразақ 1937 жылы Ташкент облысы Жаңажол ауданында туылған. Өзбекстанда 40 жыл ұстаз болып қызмет атқарған. 2005 жылы Қазақстанға көшіп келген. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Көкбұлақ ауылында тұрады. Бұл жаққа келіп ардагерлікке өткен. Қалдаров Әбдіразақ: «Әзір 30 мың пенсия аламын, тыл ардагерімін. Мен әр күні азанда 7-де тұрып, жаңағы телевизор көремін, намаз оқимын таң намазын, обедте бесін намазын оқимын, таң намазы сағат 7-де мысалыға 8-де оқылар еді. Қазір жетіге жетпестен оқылады. Ал бесін намазы 2-ге жақындағанда оқылады. Шам намазы бар кейін, шам намазы күн батқаннан кейін оқылады. Әзір сағат 19:30-да батқанда оқимыз, 19:30-да қараңғы болып қалады. Ең ақырғы құптан намазы мен бітір намазы болады. Бұл екеуін қалаған уақытта оқисың, жатқанға шейін. Зейнетке 2000 жылы шықтым. Ол менің пенсиям 200 атырабында. Әзір ол жақта жасағанымда 300-350 сом алатын едім. Бұл жақта минималды зейнетақы аламын. Минималды пенсия 26 жарым мың аламын. Ардагерлігіме 3 мың теңге қосып береді. Былайша 30 мың пенсия аламын. Бос уақытымда газет, кітап оқымаймын. Жас уақытымда оқыдым. Әзір жалғыз телевизордан жаңалықтарды көремін, киноны көрмеймін, қызықпаймын», — дейді.

Тәуешов Мәнсүр 1928 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Көкбұлақ ауылында дүниеге келген. Мамандығы механизатор. Жасы қазір 85-те. 1988 жылы пенсияға шыққан. Тәуешов Мәнсүр: «Егемендікті алғаннан кейін 28 мыңға жуық алушы едім, қазір 43-44 алам ғой. 20:30, 21:00 де жатамын, азанда 8:00-де тұрамын. Азанғыны 8:00-де, 9:00 аралығында, кешкіні 20:00-де 21:00 аралығында ішеміз. Мен қазір Лениннің томдарын оқып жатырмын. «Аңыз адам» журналы, Абайдікін, билердікін, қазір оқып жатқаным «Бес ғасыр жырлайды» деген 1-ші, 2-ші томын оқып жатырмын. Бұдан бұрын «Абай жолы», Абайдың қара сөздері енді есімнен шығып отыр, бір кітап оқыдым. Жиылған жұртқа Абай ата осылай деген екен, өңшең насихат деп, — айтып жүремін. Толық адамның бойында 8 қасиет бар, сол 8 қасиеттің ішіндегі ең күшті ғылым мен құдірет. Осы екеуін қосып Абай ақыл деп атады дейді. Бос уақытымда айтысқа бармаймын, тыл игергенмін. Телевизор хоккей, футбол көремін. Москвадан «Жди меня», «Бармысың баруырым» қазақша оның бәрін көремін. Оралмандармен де жақсымыз, олар келгендеріне қуанып отыр. Үкіметтен жәрдем алып жатыр. Ағайыннан қайта жақын болып отырмыз. Жастардан бұзақылық көп шығып жатыр ғой. Осыларға қалай тиым саламыз күніге программалардан айтады. Онымен жиылып жатқан жоқ. Қазір жұмыс істемейді. Немерем келеді ауқатын ішкеннен кейін шаршап келдім деп, түнде кетеді. Қайда кеттің пәленшенің үйіне кеттім. Тәртіп жағы сол болып жатыр. Қатаң тәртіп керек», — деп аяқтады.

Әбдісаттар Әліп 1957 жылы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ұлты қазақ. Мамандығы «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі. Азанда жетіде тұрамын, он сағат жұмысқа кетеді, газет, журнал, кітап оқимын. Негізгісі тарихи, саяси, мәдениет тақырыбында «Халық сөзі», «Жас Алаш» газеттерін оқимын. Кейде күнделікті тамақ ішу режимі сақталмай жатады. Заманауи тұрмыстық техникалардан, теледидар, радио қолданамын. Оның ішінде «31», «7», «КТК» каналдарын қараймын. Бос уақытымда театрға барамын, саябақтарды аралаймын», — деді.

Қалдыбекова Аида Маратқызы 1989 жылы Украина Республикасында дүниеге келген. Ұлты қазақ. Шымкентте 23 мектепте оқыған. М.Әуезов атындағы университетте оқиды. 4 жыл бакалавриатта, неміс-ағылшын тілін бітірген. 2010 жылы магистратураға түскен. Қосымша жұмыс істейді. Қалдыбекова Аида: «Азанда сағат 7:00-де тұрамын, жуынып-киініп, 9:00 жұмыста болу керек. 9 дан 13:00 ге дейін жұмыста отырасың.13:00-ден 14:00-ге дейін түскі ас уақыты. Кешке үйге қайтасың, кешкісін қыздармен бір жаққа шықсаң шықтың, шықпасаң отырасың. Қазір ақшаң болса бәрі бар. Радио үнемі қосылып тұрады, теледидар көремін үйде. Кір жуғыш машина бәрі бар, интернет компьютер, ноутбук, айфон телефон бәрі бар. Бос уақытымда Мұз сарайына барамын. Үстел теннисінде ойнаймын. Интернет болды. Кітап, газет оқымаймын», — деді.

Қорытындылай келе облыстың әлеуметтік деңгейі көтерілуіне әсер еткен басты-басты факторлардың бірі тұрғындардың өзге облыстарға қарағанда менталитеттік (ділдік) жағынан ерекшелігі көп. Аталмыш жылдары денсаулық сақтау саласының бұрынғы деңгейге қарағанда, халыққа қызмет көрсетуі тәуелсіздіктің 15-20 жылынан кейін жақсарды. Қазақстан тұрғындарының тәуелсіздік жағдайында жаңа әлеуметтік құрылымы қалыптасты. Республиканың ішінде облыстың демографиялық өсімі, білім деңгейі мен әлеуметтік қамсыздандыруда (жұмыспен қамту, жұмыссыздық мәселелерін) шешілу жолдары қарастырылды. Облыс тұрғындарының күнделікті өмір сүру жағдайы түзелді. Тұрғындардың жалақысының жоғарылауымен қатар азық-түлік бағасының көтерілуі тұрғындардың күнделікті өмір сүруінде орын алды. Әлі де, мемлекет тарапынан жасалу керек әлеуметтік шешілмеген мәселелер де баршылық. Дана халқымызда мынандай сөз бар ғой «ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Сондықтанда елінің әрбір азаматы өз үлесін қосуы тиіс.