Қай тілдің болмасын синтаксистік құрылымының даму жолы өте күрделі. Тіл де басқа құбылыстар секілді өз бастауын, даму арнасын сонау көне дәуір қойнауларынан алады да, сол кездегі, сол дәуірге тән сөздік қор мен грамматикалық құрылымдар негізінде бірте-бірте дамып, жетіліп, мүмкіндігінше жоғары деңгейге көтеріледі.
Тіл жүйесі өзінің даму барысында сан алуан өзгерістерді басынан кешірді. Кез келген құбылыстың өз тарихы, даму кезеңі бар. Сол сияқты тіліміздің, оның синтаксистік құрылымындағы сан алуан процестердің де өзіне тән даму заңы бары анық. Профессор Қ.Жұбанов: «Тіліміздің синтаксистік жүйесіндегі өзгеріс, даму, ең алдымен, сөздердің, яғни, сөз таптарының бір-бірімен тіркесімпаздық қасиетіндегі құбылыстардан, синтаксистік элементтерді бір-бірімен қарым-қатынасқа келтіретін амал-тәсілдердегі, формалардағы құбылыстардан, грамматикалық формалардың мағыналары мен функцияларындағы құбылыстардан байқалады», дейді. [1,97]
Әрине, біз тіліміздің қазіргі даму барысында ішінара кездесетін, синтаксистік нормаға сай келе бермейтін кейбір құбылыстарды анықтауда тарихи тілдік фактілерге сүйенеміз. Өткен дәуірдің тілдік құрылымына шолу жасай отырып, оның қазіргі тілдің дамуымен сабақтас жағдайларын анықтауға болады. Өткенге талдау жасамай, қазіргіні анықтау мүмкін емес. Біз бұл кезекте тілдік тарихи факті ретінде Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанын алдық.
Сөздер тіркесіміндегі орын тәртібіне қатысты Қ.Жұбанов: «Қазіргі қазақ сөйлемінде сөйлем мүшелерін орналастырудың барлық түркі тілдеріне ортақ, бұлжымас заңы – сөздердің қатаң орын тәртібі сақталатыны бәрімізге мәлім. Оның сипаты төмендегідей: анықтауыш анықтаушы мүшеден бұрын, толықтауыш толықталушы мүшеден бұрын және басқа сөйлем мүшелерінің бәрі баяндауыштан бұрын тұрады. Бірақ орналасудың мұндай тәртібі, шамасы, алғашқы жүйе емес секілді. Өйткені қазіргі қазақ тілінде кездесетін көптеген фактілер, яғни синтаксис нормаларының бұзылуы, бізге ертеден үстемдік еткен, кейін жаңа үлгілердің пайда болуымен байланысты ығыстырылып шығарылған көне нормалардың да болғандығынан хабар береді», — дейді. [2,83]
Жалпы анықтауыш пен анықталушы мүшелердің орын тәртібі мәселесін тілдік материалдар негізінде талдар болсақ, онда тарихи тілдік фактілерде атрибуттардың постпозитивті орында тұратындығын да жоққа шығаруға болмайды. Түркі тілдеріндегі сөздердің орын тәртібін сөз ететін еңбектер аз емес. Ол ізденістер, зерттеулер бір-бірімен үндесіп жатыр.
Қ.Жұбанов өзінің лекциясында: «Бұрын бастауыш баяндауыштан соң, анықтауыш анықталғыштан соң орналасқан», — дейді. «Осы күнгі «оқыдым» сөзі бұрын «оқып тұр мен» болып айтылған. Монғол тілінде қызды «кеукін» дейді екен, мұндағы -кін ботақандағы -қан, демек «кішкене». Кішкене – сын есім, яғни сын есімнен болған анықтауыш», деп түсіндіреді. [1,115]
Тілдің синтаксистік жүйесіндегі оның ішінде сөздер тіркесіміндегі постпозитивті құрылымдар Ж.Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінде де кездеседі.
Тілдің нормалану процесі ескінің негізінде жаңа тілдік элементтердің пайда болып, жаңа құбылыс ішінде ескінің қалдықтары қабаттаса өмір сүру түрінде жүзеге асатыны белгілі. Мәселен, қазіргі тіліміздегі қыз мінезді деген тіркес «Құтты білікте»:
- Бу ирсәл йайығ қылқы қуртқа ажун
Қылынчы қыз ол көрсә йашы узун
(Қызметі тұрақсыз, баянсыз қары дүниенің
Мінезі қыз, қарасаң жасы шексіз).
- Ара қылқы қыз тег қылынчы силиг
Сәвитүр сунуб тутса бермәз емег. [4,94]
Мұндағы қылынчы қыз (мінезі қыз сияқты) қазіргі тілімізде қыз мінезді деп қолданылып жүргені анық.
Сол сияқты жаман қылық деген тіркес аталған еңбекте қылқы қыртуч болып (будун тілі йавлақ сені сөзлагай, кіші қылғы қыртуч этіңізні егай), яғни анықталушы сөз анықтауыштан бұрын қолданылып тұр. [5,70]
Бұл ретте Қ.Жұбановтың мына бір ойын ескерген жөн: «Ендеше, қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің орын тәртібі ауысу дәуірін, дұрысырақ айтқанда, қазақ тілін қалыптастыруда шешуші рол атқарған тілдердің орын тәртібін өте ерте дәуірге жатқызуға тура келеді».[1,148]
Жалпы ғалымдардың көпшілігі түркі тілдерінде сөйлем мүшелерінің орын тәртібі көне дәуірде тұрақты болып, кейінгі кезде арагідік инверсияға ұшыраған деп есептейді. Бұл ретте Ж.Тектіғұл: «Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібіне қатысты мәселені қазақ тіл білімінде Қ.Жұбанов қана бірінші болып қолға алғаны белгілі. Ал Н.Сауранбаев, М.Балақаев, А.Ақбердина сөздердің сөйлемдегі орын тәртібінің қалыптасуын тіл дамуының кейінгі сатысында ғана орын алған құбылыс ретінде қарастырып, көне дәуірдің тілдік құрылымынан хабардар ететін жазба ескерткіштер сырына жете үңілмейтіндігі байқалады»,-деген пікір айтады.[9,89]
Қазіргі тіліміздегі сөздер тіркесімінің көне дәуірден бастау алатынын дәлелдейтін фактілер аз емес. Яғни «Құтты білік» дастанындағы анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестерін талдау барысында олардың қазіргі қолданысқа өте жақын екеніне көз жеткізе аламыз. Мәселен, туынды сын есім мен зат есімнің тіркесі қазіргі тіліміздегі қолданысқа өте ұқсас.
- Билигсиз киши барча иглиг болур.
Игиг емләмаса киши тәрк өлүр
- Амуллуқ силиглиг уқуш қылқы ол
Уқушсыз кишиләр қалуғ йылқы ол
- Бағырсақ қадашым сен өг сә йақын
Кеңәш бер өтәгил қадашылық хақын … [4,98], т.б.
Мұндағы билигсиз киши (білімсіз кісі), уқушсыз кишиләр (ақылсыз кісілер), қадашылық хақын (бауырлық ақыңды) деген тіркестерден көруімізге болады.
Сонымен қатар анықтауыштық қатынастағы қабыса байланысқан басқа да сөз тіркестері кең қолданысқа ие: өкүш сөзда артуқ асығ көрмәдим (көп сөзден артық пайда көрмедім). Мұндағы өкүш сөз (көп сөз), артуқ асығ (артық пайда) деген тіркестер, сонымен бірге:
- Ажунда не йаңлығ еран туғды көр
Бир анча йурыды йана өлди көр.
- Негү тер ешитгил киши едгүси
Иорыб тын тоқығлы ахир өлгүси
- Сеңа келдим оғраб узун йол йүрүб
Тиләккә бу күн тегдим арзум қаныб
- Йер өпти көр өгдүлмиш айды елиг
Узун кеч йашағыл ашайу елиг [4,96], –
деген жолдардағы йаңлығ ер (жайсаң ер), ешитгил киши (ізгі кісі), узун йол (ұзақ жол), узун кеч (ұзақ өмір), тағысын тағылар қазіргі тілімізде қолданылып жүрген көптеген тіркестердің негізі сонау ерте дәуірде жатқандығынан сыр шертеді.
Ал есімдіктер мен зат есімдердің тіркесі қазіргіге өте жақын: Бу дүнийа өзин кед севитмиш сеңа (Бұл дүние сені өзіне қатты қызықтырады); бу сөз ишкә тутғыл (бұл сөзді іске асыр); күнингә көтүрди бу қылқы аны (бұл қылығы [оның абыройын] күннен-күнге арттырды); аңар сорды барча не сөз билмишиг (одан қандай сөз білетінін түгел сұрады); бутун елкә йадты көр аты үни (көрмейсің бе, бүкіл елге атағы-даңқы жайылды), т.б.
Сонымен қатар ілік септігі мен тәуелдік жалғауы арқылы матаса байланысқан сөз тіркестері де кездеседі:
- Билиг ма’ниси бил некү тәр билиг
(Білім мәнісін біл. Білімді не деп айтады?)
- Айа тил идиси көдәзгил башығ
(Ей, тілдің иесі, басыңды күзет)
- Билигсиз сөзи өз башыны йейур
(Білімсіздің сөзі өзінің басын жейді)
- Түмән сөз түгүнин бу бир сөзда йаз
(Мың сөздің түйінін бір сөзбен шеш)
- Йайығ дүнийа қылқын сеңар уқтурур
(Баянсыз дүние қылығын саған ұқтырады)
- Ачылды елиг көңли ол көз йаруб
(Еліктің көңілі толды, көзі жайнап)
- Тапунса өтәр бег тапуғчы хақын
(Қызмет етсе, бек қызметшінің еңбегін өтейді)
- Бу Айтолды йасын кечүрди елиг
(Елік Айтолды қайғысын [басынан] кешірді)
- Билиг ордусы ей кишиләрдә йег
(Білім ордасы, ей кісілердің игісі).
Мұндай матаса байланысқан сөз тіркестерінде де жоғарыда атап өткеніміздей көп айырмашылықтар байқалмайды. Бұған қарап қазіргі тіліміздің синтаксистік жүйесіндегі атрибуттар позициясының қалыптасуы көне дәуірлерден бастау алғандығына көз жеткіземіз. Бұл сайып келгенде, тіл тарихының, оның қалыптасу кезеңінің тым әріден басталатынын айғақтайды.
Ал сан есім мен зат есімнің тіркесі «Құтты білікте» былайша қолданыс тапқан: қазіргі тіліміздегі «мың сөз» деген тіркес «түмән сөз» түрінде қолданылады. Яғни «түмән» сөзі «мың» сөзінің орнына жұмсалғанын білеміз. Бұл бізге әскер жасақтарында мыңдықтарды «түмен» деп атау негізінде белгілі. Еңбекте: Түмән сөз түгүнин бу бир сөзда йаз (Мың сөздің түйінін бір сөзбен шеш) деп қолданылады. Сонымен бірге кишикә тосулмаз түкәл үч нәң (кісіге өте пайдасыз үш нәрсе [бар]); беги бирлә тутмаз түгәл үч айығ (бегіменен толық үш ай тұра алмайды); еки ев йаратты бу халққа қалуғ (барша халыққа арнап екі үй жаратты); байат берди қулқа еки көз қулақ (Құдай құлына екі көз, құлақ берді), т.б. тіркестер бар.
Тіл біліміндегі маңызды проблемалардың ішінде біздің бүгінгі баяндамамызға арқау етіп отырғанымыз – сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі мәселесі.
Сөйлем – синтаксистік жүйенің, тіпті бүкіл тілдік қызметтің ең құнарлы жемісі ғана емес, сонымен бірге сөздердің бір-бірімен заңды және мақсатты түрдегі тіркесуінің нәтижесі де. Атап айтқанда, сөйлемнің дұрыс ұйымдастырылуы, яғни сөйлем мүшелерінің дұрыс орналасуы оның коммуникативті бағыттағы нақтылығымен өзара шарттас.
Сөйлем сөздердің кездейсоқ тобынан құралмайды, оның өзіндік құрылымдық, мазмұндық сипаттары болады. Сөздер тіркесінің құрамы да өзіндік маңызға ие. Бұл белгілі бір мағыналық қарым-қатынастың көрінісі ретінде сипат алады.
«Құтты біліктегі»: Тилин емгәмиш ер некү тер ешит, Бу сөз ишкә тутғыл өзүңгә иш ет (Тілін тақылдатқан кісі не дейді, тыңда, Бұл сөзді іске асыр, өзіңе үлгі ет) деген жолдардағы тилин емгәмиш ер (тілін тақылдатқан кісі) деген көп құрамды тіркес сөйлем құрамындағы белгілі мағыналық байланыс, мазмұндық сипат негізінде тіркескен. Ескерткіш тіліндегі анықтауыштық қарым-қатынаста қолданылып тұрған «емгәмиш» сөзінің құрамындағы —миш есімше тұлғасы қазіргі қазақ тілінде -ған (-қан, -кен, -ген) грамматикалық тұлғасы ауыстырған. Мұндай анықтауыштық қатынастағы есімше мен зат есімнен тұратын көп құрамды тіркестер еңбекте жиі кездеседі: евә қылмыш ишләр өкүнчи йарын (асығып істеген іс ертең — өкініш), некү тер ешит бу қутун қумыш ер (бақытын тапқан ер не дейді, тыңда), т.б.
Жалпы біз сөз етіп отырған «Құтты білік» дастаны — өлең түрінде жазылған шығарма. Ал өлең тіліндегі шығармаларда сөйлем мүшелерінің орын тәртібі өзгере береді. Ол — өлеңнің синтаксистік құрылысына тән заңдылық, синтаксистік қажеттілік. Н.К.Дмитриев: «Инверсия оқушының ерекше логикалық немесе психологиялық жағдайларын бейнелеудің: ең алдымен, инверсия фразалық екпінді немесе логикалық акцентті күшейтудің құралы», — деп түсіндіреді. Мәселен, «Құтты біліктегі» мына өлең жолына назар аударалық:
Мен игдиш қулуңмән тапуғчы мениң
Йулуғ болсу жаным елигкә мениң
(Мен өзің өсірген құлыңмын, сенің қызметшіңмін
Менің жаным Елікке пида болсын)
Мұндағы тапуғчы мениң (менің қызметім), жаным мениң (менің жаным) деген инверсиялық өзгерістер өз кезегінде өлең құрылысының өзіндік ұйқасын анықтайды. Яғни сөздердің орын тәртібі сөйлемнің логикалық жүйесіне қарай құрылымын өзгертіп отырады.
Жалпы келтірілген мысалдардан анықталушы анықтауыш құрылымды сөйлем мүшелерінің орын тәртібі түркі тілдерінің жеке-жеке арнаға бөлінбей тұрған жалпы көне түркілік дәуірін қамтитындығын аңғарамыз. Тіл жүйесі, оның нормалану процесі даму тарихында сан алуан өзгерістерді басынан кешіргені анық. Өз кезегінде сөйлем құрылымындағы сөздердің орын тәртібі де осы процесті басынан кешірді. Олай болса, 85 тараудан тұратын дастанның синтаксистік құрылымындағы сөздер тіркесімдерінің ерекшеліктерін әлі де егжей-тегжейлі, нақтырақ, тереңірек талдау жұмысы алғы күндердің еншісінде.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Жұбанов Қ.Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер Алматы, 1999
- Қажыбеков Е.З. Глагольно-именная корреляция гомогенных корней в тюрских языках. Алматы: Наука, 1986
- Исаев С.М. Қазақ тілінің тарихы мен тарихи грамматика мәселелері // Қ.Жұбанов және қазақ совет тіл білімі. Алматы, 1990
- Ежелгі дәуір әдебиеті. Хрестоматиялық оқу құралы. Құрастырған Қыраубаева А., Алматы: Ана тілі, 1991
- Ескі әдебиет нұсқалары. Құрастырғандар Кенжебаев Б., Сүйіншәлиев Х., Жолдасбеков М., Мағауин М., Сыдиқов Қ., Алматы: Мектеп, 1967
- Сауранбаев Н.Т. Қазақ тіл білімінің проблемалары. Алматы, 1982
- Балақаев М.Б. Изофеттік құрылыстағы анықтауыштар // Халық мұғалімі 1948 №11
- Ақбердина А.Қ. Инверсия в простом предложении // Қазақ тілі мен әдебиеті. 4-шығарылым Алматы, 1974
- Тектіғұл Ж.О. Тарихи грамматика танымдары. Алматы, 1999