Қылмыстың субъектісі болып қылмыстық заңмен көзделген қоғамдық қауіпті әрекетті кінәлі жасаған белгілі бір жасқа толған есі дұрыс жеке тұлға боп табылады. Қылмыстың субъектісінің бұл анықтамасынан оның келесідей белгілері туындайды:
- жеке тұлға болуы;
- есі дұрыстық;
- белгілі жасқа толуы;
Қазақстан Республикасының қылмыстық заңына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тек қана жеке тұлғалар ғана тартылады. Біздің қылмыстық заңмен заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы көзделмеген. Өйткені қылмыстың субъектісі ретінде заңды тұлға жеке тұлға сияқты оған өз мінез – құлқын және оның әлеуметтік маңызын ұғына және бағалай алуға мүмкіндік беретін белгілер мен қасиеттерге ие емес. Әсіресе заңды тұлғаға есі дұрыстық белгісі табиғатынан тән емес, ал жеке тұлғаға бұл белгі тән. Сондықтан, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексіне сәйкес денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа тек қана жеке тұлға тартылады. Әрине, бұл мәселе қылмыстық құқық саласындағы ғалымдар арасында пікір талас туғызуда.
Денсаулыққа қасақана ауыр қиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа басқа қылмыстар үшін сияқты тек қана есі дұрыс тұлғалар ғана тартылады.
Есі дұрыстық дегеніміз – тұлғаның қылмыстық заңмен көзделген қоғамдық қауіпті әрекет жасау кезінде өз іс-әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғыну немесе оларды басқара алу мүмкіндігі. Ал, есі дұрыс еместік дегеніміз – тұлғаның қылмыстық заңмен көзделген қоғамдық қауіпті әрекет жасау кезінде өз іс-әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмауы немесе психикасының науқасты күйінің салдарынан оларды басқара алмауы. Қылмыстық заң есі дұрыс еместіктің анықтамасын анықтай отырып, есі дұрыс еместіктің 2 критериін қолданады.
- медициналық (биологиялық)
- құқықтық (психологиялық).
Есі дұрыс еместіктің медициналық критериі ҚР ҚК 16-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтің науқасты бұзылу түрлерінің біреуінің болуын талап етеді:
А) созылмалы психикалық ауруы
Б) психикасының уақытша бұзылуы
В) кемақылдылығы
Г) псхикасының өзге де дертке ұшырауы
Интеллектуалдық белгі тұлғаның өзінің іс- әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмауынан тұрады.
Еріктілік белгісі тұлғаның өз іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) ие бола алмауынан тұрады.
Психикалық есі дұрыс тұлғалар әр кезде өз іс-әрекеттеріне есеп береді, олар жасаған қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған немесе оған ие бола алмаған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті емес.
Бірақ есі дұрыс емес тұлға мен есі дұрыстығы шектелген тұлғаны, яғни есінің дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасы бұзылған адамды айыра білген жөн. Өйткені ҚР ҚК 17-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыс жасаған кезде психикасының бұзылуы салдарынан өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипатымен қоғамдық қауіптілігін толық көлемде ұғына алмаған не оған ие бола алмаған есі дұрыс адам қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс.
Қылмыстың субъектісі кез-келген есі дұрыс жеке тұлға бола бермейді, тек қана белгілі бір жасқа жеткен, яғни қылмыстық заңда белгіленген қылмыстық жауаптылық жасына жеткен тұлға бола алады. Балалардың психикалық дамуы кәмелеттік жасқа толған сәтке толып аяқталады. Сондықтан жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар әр уақытта өз мінез-құлқын дұрыс бағалай бермейді және олардың қоғамдық қауіптілігін ұғына бермейді. Сондықтан ҚР ҚК 15-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапқа қылшмыс жасаған кезде он алты жасқа толған адам ғана тартылады. Бірақ ҚР ҚК 15-бабының 2-бөлігіне сәйкес денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылық басталатын жас он төрт жастан басталады.
Адам денсаулығына қасақана зиян келтірудің қоғам үшін ерекше қоғамдық қауіптілік болып келеді және осындай қылмыстарды жасайтын кәмелетке толмаған тұлғалар олардың қауіптілігін ұғынбауы мүмкін емес, сондықтан заң шығарушы осы жасты төмендетіп, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа он төрт жастан жол беріп отыр ( ҚР ҚК 15-бабының 2-бөлігі). Бұл белгі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің субъектісінің арнайы субъекті болып отырғандығын көрсетеді. Өйткені қылмыстың арнайы субъектісі деп субъектінің жалпы белгілерімен қатар солардың бар болғаны кезінде ғана ҚР ҚК-ң белгілі бабы немесе бабының бөлігі бойынша жауаптылық басталатын заңда көрсетілген қосымша белгілерге ие тұлғалар аталады.
Кәмелетке толмау фактісінің өзі ҚР ҚК 53-бабының 1-бөлігінің «б» тармағына сәйкес қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай болып табылады және ҚР ҚК 52-бабының 3-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмағанды қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесін шешу кезінде де, жазалау шарасын таңдау кезінде де ескерілуі тиіс. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кәмелетке толмағандар кейбір жағдайларда нақты қылмыстық істің мән-жайларын ескере отырып, қылмыстық жазадан босатылуы мүмкін және оларға тәрбиелеу шараларындағы мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.