Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің қылмыстық-құқықтық сипаттамасы Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің объектісі

Жасалатын кез-келген қылмыс тікелей немесе жанама қоғамдық қатынастарға қол сұғады. Сондықтан, ол бүкіл қоғам үшін қауіпті боп келеді. Қылмыстық құқық саласындағы көпшілік ғалымдар мен криминалистер таныған жалпы ережеге сәйкес қылмыстың жалпы объектісі болып, соның ішінде Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 103-бабымен көзделген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің де, қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар табылады. Қоғамдық қатынастар- бұл кез-келген қоғамдағы адамдар арасындағы қатынастар, ал адам осы қатынастардың иегері болып табылады. Сондықтан, қылмыскер адамның жеке басына, оның өміріне, денсаулығына, ар-намысы мен қадір қасиетіне және т.б. игіліктеріне қол сұға отырып, сонымен бір уақытта қоғамдық қатынастарға да қол сұғады.

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру жеке тұлғаға қарсы, оның ішінде денсаулыққа қарсы қылмыс болып табылады. Ал, денсаулыққа қарсы қылмыстар дегеніміз адам денсаулығының қауіпсіздігіне тікелей қол сұғатын және қылмыстық заңмен көзделген қоғамға қауіпті әрекеттер. Бұдан денсаулыққа қарсы қылмыстардың, соның ішінде ҚР ҚК 103-бабымен көзделген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің тектік (топтық) объектісі болып адамның өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар табылады.

Қылмыстың жалпы объектісінен оның тікелей объектісін ажырата білген жөн. Көп жағдайда қылмыстық заңда кез-келген қылмыс құрамының белгілерін сипаттау кезінде объект ретінде қоғамдық қатынастар көрсетілмей, олардың материалдық көрінісі немесе кез-келген қылмыс құрамының тікелей объектісі болып табылатын қоғамдық қатынастарға қатысушыларының нақты игіліктері көрсетіледі. Қылмыстың тікелей объектісі нақты қылмыс құрамын ұғыну, түсіну, бұзылған қоғамдық қатынастардың мәнін ашу қылмыстық әрекеттің қоғамдық қауіптілік дәрежесін ұғыну үшін маңызды және осы қылмыс құрамын оған ұқсас қылмыстардан ажыратуға мүмкіндік береді.

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруде қылмыс тікелей басқа адамның денсаулығына зиян келтіруге бағытталады. Сондықтан, адамның денсаулығы ҚР ҚК 103-бабында көзделген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің тікелей объектісі болып табылады. Бұл көзқарас қылмыстық құқық ғылымында көпшілікпен танылған болып келеді. Қылмыстың тікелей және жалпы объектісі арасында ажырамас өзара байланыс бар. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру кезінде адам денсаулығына қол сұға отырып, қылмыскер белгілі бір қоғамдық қатынастарға қол сұғады. Өйткені осының нәтижесінде адам дұрыс өмір сүре алмайды, дені сау бола алмайды, тиісінше еңбек қабілеттігінен толық немесе ішінара айырылады. Медициналық тұрғыдан денсаулық деп — адам организімі органдарының немесе тіндерінің дұрыс қызмет етуін түсінген жөн. Қанау, дене жарақатын келтіретін соққылар, тырнақ іздері және т.б. кез-келген түйіршіктің немесе органдардың дұрыс қызмет етуін бұзады және адам денсаулығына белгілі бір дәрежеде зиян келтіреді. Сондықтан, адам тіндері мен органдарының дұрыс қызмет етуін бұзуға бағытталған барлық іс-әрекеттердің тікелей объектісі болып адам табылады.

А.С. Никифировтың көзқарасы бойынша адам денсаулығы деп-адам организімінің тұтас алғандағы қалыпты жәй-күйін түсінген жөн дейді. Бірақ адам денсаулығы деген бұл түсінік тар мағыналы болып келеді. Адам организімінің кез-келген түйіршігі белгілі қызметтерді атқарады, сондықтан түйіршіктердің дұрыс қызмет етуін бұзу адам денсаулығына зиян келтіреді және адам организмінің тұтас алғандағы қалыпты жай күйінің бұзылуына соқтырады.

А.А. Жижиленко мен В.В. Ореховтың көзқарастары бойынша денсаулыққа ауыр зиян келтірудің объектісі болып адам денсаулығы емес, оның дене қол сұғылмаушылығы табылады екен. Бұл көзқарасты П.А. Дубовец былай терістейді: «Іс жүзінде адамның дене қол сұғылмаушылығы денсаулыққа ешқандай зиян келтірмей-ақ та бұзылуы мүмкін. Мысалы, қорлау іс-әрекеттері кезінде. Кейбір жағдайларда дене қол сұғылмаушылығының бұзылу фактісінде, тіпті, қылмыс құрамы да болмайды. Мысалы, жеке тұлғаның өзге игіліктеріне қол сұғу белгілерінсіз бір адамның басқа адамның денесіне оның еркіне қарсы қол тигізуі. Сонымен бірге, дене жарақаты дене қол сұғылмаушылығын бұзбай-ақ келтірілуі мүмкін. Мысалы, қорқудың нәтижесіндегі психикалық ауру».

Сонымен, қылмыстық заң қылмыстық қол сұғушылықтан дене қол сұғушылығын қорғамайды, керісінше тұлғаның өмір, денсаулық, ар-намыс, қадір-қасиет және т.б. сияқты белгілі бір игіліктерін ғана қорғайды.

Қылмыстық заң адамның денсаулығын оның туған сәтінен бастап өлген сәтіне дейін, яғни оның бүкіл өмір бойы денсаулығын қорғайды. Адам өмірі нәрестенің туған сәтінен, яғни анасының денесінен бөлініп шығып, алғаш тыныс алуы арқылы оның өкпесінің жұмыс істеген уақытынан басталады. Бұл құбылыс нәрестенің алғашқы айқайынан, дыбыс беруінен басталады. Өлім клиникалық және биологиялық болып екіге бөлінеді. Тыныс алуы мен қанның айналысы тоқтағаннан кейін 5-6 минут шамасында клиникалық өлім сатысы басталады. Адам денесінің салқындауына байланысты бұл кезең 10 немесе одан да көп минутқа созылады. Өлудің соңғы кезеңі – биологиялық өлім орталық нерв жүйесі қызметінің істен шығуына байланысты мидың өлуі басталады. Адамның басқа органдары мен тіндерінің өміршендік белгілері біразға жалғасқанымен мидың өлуі адам өмірінің соңғы сәті болып табылады. Яғни, адам өмірінің соңғы сәті биологиялық өлім.

ҚР ҚК 103-бабы 2-бөлігінің «в» тармағында көзделген кінәліге дәрменсіз күйде екені белгілі, сонымен бірдей адамды ұрлауға немесе кепілге алуға ұштасқан адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірудің тікелей объектісі болып кінәліге дәрменсіз күйде екені белгілі, сонымен бірдей адамды ұрлауға немесе кепілге алуға ұштасқан адамның денсаулығы табылады. Бұндағы адамның дәрменсіз жағдайы дегеніміз – оның физиологиялық немесе басқадай себептермен (жастығына, кәрілігіне, науқастығына, соқырлығына, кереңдігіне, ақсақтығына, есінен тануына, қатты мастығына, терең ұйқыда ұйықтап жатуына т.с. байланысты) қылмыскерге қарсылық көрсете алиауы. Дәрменсіздікке ұрланған және кепілге алынған жағдай да кіреді. Өйткені бұл жағдайларда да жәбірленушінің қылмыскерге өз денсаулығына ауыр зиян келтіруге қарсылық көрсету мүмкіндігігі шектеулі.

Жәбірленушінің дәрменсіз күйде екені қылмыскерге мәлім болуы керек. Әйтпесе, дәрменсіз күйде екені қылмыскерге мәлім емес адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру ҚР ҚК 103-бабының 2-бөлігінің «в» тармағымен емес, ҚР ҚК 103-бабының 1-бөлігімен сараланады.

Денсаулыққа ауыр зиян өзге де қылмыстарды жасау кезінде де келтірілуі мүмкін. Бұнда қол сұғушылық бір жағдайда денсаулыққа емес, өзге объектіге бағытталса, ал басқа жағдайларда – адам денсаулығына және кез – келген өзге объектіге бір уақытта бағытталады. Бұлай денсаулыққа ауыр зиян ҚР ҚК 179-бабымен көзделген қарақшылық кезінде де келтірілуі мүмкін. Бұл жағдайда қол сұғушылық бір уақытта адам денсаулығына және меншігіне жасалады. Бұндай әрекет тиісінше ҚР ҚК 179-бабы 2-бөлігінің «д» тармағымен сараланады. ҚР ҚК 233-бабымен көзделген терроризм актісін жасау кезінде де зиян келтірілуі мүмкін, бірақ бұнда қол сұғушылық тікелей қоғамның қауіпсіздігіне бағытталған. Бұл қоғамға қауіпті әрекет 233-баптың 3-бөлігінің «б» тармағымен сараланады.