2002-2004 жылдар ішінде жүргізілген мемлекеттік басқару деңгейлерінің арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің ара жігін ажырату шеңберінде маңызды шешімдер қабылданды.
Соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалған мемлекеттік шығыстар көлемінің, медициналық білім беруді қоса алғанда, өсу қарқынының елеулі болуына қарамастан, абсолютті есептеумен ғана ұлғайып қойған жоқ (2001 жылы – 63,9 млрд. теңге, 2002 жылы – 73,0 млрд. теңге, 2003 жылы – 92,4 млрд. теңге, 2004 жылы – 133,7 млрд. теңге), сондай-ақ мұның өзі ІЖӨ-ге қатысты шаққанда проценттер жағынан да маңызды (2001 жылы – 1,97%, 2002 жылы – 1,93%, 2003 жылы – 2, 08%, 2004 жылы – 2,63%). Бұл ретте ІЖӨ-ге қатысты шаққандағы ең төменгі процент 2002 жылы – 1,93% болды. ДДҰ-ның ұсынысы бойынша денсаулық сақтауға жұмсалған мемлекеттік шығыстар ІЖӨ-нің кемінде 4%-і болуға тиіс.
Жан басына шаққандағы шығыстардың соңғы жылдардағы серпінінде белгілі бір өсім бар (2001 жылы – 4308 теңге (29 USD), 2002 жылы – 4911 теңге (32 USD), 2003 жылы – 6201 теңге (41 USD), 2004 жылы – 8797 теңге (63,6 USD).
2002-2003 жылдардағы қаржыландыруды ұлғайтудың, станционарларда емделген аурулар санының жылына 5-7% өсуінен басқа, күтілгендей нәтижелер бермегенін атап өткен жөн. Медициналық қызметкерлер жалақысының бірнеше рет ұлғайтылғанына қарамастан (2004 жылы ғана – 20%-ке), саладағы ресми орташа айлық жалақы республика бойынша орташа жалақыдан екі есе аз.
Азаматтарға медициналық көмектің тегін кепілді көлемін ұсыну жөніндегі мемлекеттің өзіне алған міндеттемелерінің барабар қаржылық қамтамасыз етілмей отырғандығы проблема болып қалып отыр. Медициналық тегін көмекті ақылы қызмет көрсетулермен ауыстыру кездеседі. Кепілді көлемдер мен ақылы негізде көрсетілетін медициналық қызмет көрсетулердің ара жігінің айқын ажыратылмауына байланысты медицина қызметкерлерінің пайдасына халықтың тарапынан бейресми төлемдердің жоғары деңгейі сақталып отыр. Медициналық көмектің тегін кепілді көлемін ұсыну, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ұсынылатын медициналық көмекті тұтынуды есепке алу тиісті түрде жолға қойылмаған, мұның өзі көлеңкелі экономиканың өсуіне ықпалын тигізеді.
Ресурсты үнемдеудің кешенді салалық саясаты жоқ.
Бүгінгі күні медициналық қызметтерді сатып алушылар мен жеткізушілерге бөлу – шартты нәрсе, өйткені іс жүзінде барлық жеткізушілер денсаулық сақтау органына әкімшілік және экономикалық бағыныстағы мемлекеттік ұйымдар болып табылады. Өңірлерде денсаулық сақтауды дамыту әлеуметтік-экономикалық саясаттағы басымдық болып табылмайды.
Осылайша, салада басқарушылық шешімдерді қабылдауды талап ететін бірқатар қолайсыз үрдістерді бөліп көрсетуге болады.
Біріншіден, денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастырудың аса маңызды принципі – медициналық көмек көрсетудің кезеңділігі бұзылады.
Екіншіден, медициналық көмек көрсетудің көлемі мен сапасы, тұтастай алғанда денсаулық сақтауды дамыту көрсеткіштері бойынша облыстар шегінде аумақтар арасындағы теңсіздік байқалады.
Үшіншіден, басқару жүйесінің міндетті құрамдас бөліктері – тұтастай алғанда денсаулық сақтау ұйымдары мен жүйесі қызметтерінің мониторингі және оларды бағалау жеткіліксіз қалыптасқан. Денсаулық сақтауды ақпараттық қамтамасыз ету саласында үйлестірілген саясаттың болмауы салада жинақталатын ақпарат анықтығының төмен болуына, жергілікті жерлерден облыстық және республикалық деңгейге ақпараттардың уақытында түспеуіне, жекелеген кіші жүйелерден келіп түсетін деректерді салыстырудың мүмкін болмауына әкеп соқтырады. Бұл, сайып келгенде, осы ақпараттардың негізінде қабылданатын шешімдер тиімділігінің төмен болуына және денсаулық сақтау ресурстарын ұтымсыз пайдалануға әкеп соғады.
Төртіншіден, дәрілік заттарды сатып алу кезіндегі бірыңғай әдістер мен стандарттардың болмауы сатып алынатын өнімдердің қымбаттауына және оның сапасына байланысты проблемаларға әкеп соқтырады.
Бесіншіден, денсаулық сақтауды басқару органдарының қызметін халық денсаулығының жай-күйі деңгейіне тікелей және жанама әсер ететін басқа да мемлекеттік басқару субъектілерімен (еңбек және әлеуметтік қорғау, экология, білім беру, мәдениет және басқа органдармен) үйлестіру әлсіздігі. Бұл үйлестіру салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды құралы болып табылады және сайып келгенде, медициналық қызметтер көрсетуге қажеттіліктердің төмендеуіне әкеп соқтырады.
Алтыншыдан, БМСК денсаулық сақтау жүйесінің орталық буыны бола отырып, халық денсаулығының көрсеткіштерін сапалы түрде жақсартудың басты функциясын жүзеге асыруға тиіс. Денсаулық сақтаудың бүкіл жүйесінің қызметінің тиімділігі мен сапасы, елдің еңбек әлеуетін сақтау, сондай-ақ отбасы деңгейінде және халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары: балалар, мүгедектер және егде жастағы адамдардағы туындаған медициналық-әлеуметтік проблемалардың көпшілігін шешу оның жай-күйіне байланысты. Бүгін БМСК дәрігерінде «диспетчерлік функциялар» басым бола бастады: амбулаториялық науқастарды тар аядағы мамандарға консультацияға жіберу жиілігі тым жоғары.