Еншілес (тәуелді) серіктестіктердің қарыздарын есепке алу үшін Бас шоттар тізбегінде 32 «Еншілес, тәуелді серіктестіктердің дебиторлық қарыздары» бөлімшесі қарастырылған.
Бұл бөлімшеге мына шоттар кіреді:
321 «Еншілес серіктестіктердің қарыздары»;
322 «Тәуелді серіктестіктердің қарыздары»;
323 «Бірлесіп-бақыланатын заңды тұлғалардың қарыздары».
Аталмыш бөлімшенің шоттарында еншілес, тәуелді және бірлесіп бақыланатын заңды тұлғалардың ағымдағы дебиторлық қарыздары жинақталып көрсетіледі. Соңғы жылдары көптеген еншілес кәсіпорындар пайда болды. Кәсіпорындардың мұндай нысандарының пайда болуы Бас кәсіпорындарға капиталды өте икемді пайдалануға, шаруашылық есеп бастамаларын шалафабрикаттармен, жинақтаушы бұйымдармен қамтамасыз етуге, кәсіпорын ұжымдарын ауыл шаруашылық өнімдерімен және тағы басқа жабдықтауға мүмкіндік береді.
«Шаруашылық серіетестіктері» дегеніміз пайда табу мақсатына негізделген және жарғылық қоры құрылтайшылардың салған салымдарының үлесімен анықталатын коммерциялық ұйымдар немесе заңды тұлғалар болып табылады. Қазақстан Республикасындағы шаруашылық серіктестіктер: толық
серіктестік, сенім серіктестігі, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қосымша
жауапкершілікті серіктестік және акционерлік қоғамдар нысандарында болуы мүмкін. Осы жоғарыда айтылған еншілес серіктестік дегеніміз, басқа (негізгі) шаруашылық серіктестік оның жарғылық қорына үлесін қоса алатын
серіктестік болып табылады. Еншілес шаруашылық серіктестігі өзінің негізгі шаруашылық серіктестігінің қарыздарына жауап бермейді. Тәуелді серіктестіктердің еншілес серіктестіктерден айырмашылығы, олар филиал боп табылады және ондай серіктестіктердің өз алдына жарғылық қорлары болмайды, ал олардың балансы ішкі қолдануға ғана арналады. Сонымен қатар, тәуелді серіктестіктер өздерінің қаржы-шаруашылық қызметінің бухгалтерлік есебін өздері жүргізіп, есеп тіркелімдерін, бас кітапты толтырады және баланстарын жасайды.
Еншілес кәсіпорын бас кәсіпорынға қатысты, ал немерелес – еншілес кәсіпорынға қатысты заңды дербестігін сақтайды және еншілес және немерелес кәсіпорындардың банкротқа ұшырағаны, зиян тартқаны үшін бас кәсіпорынның жауап бермейтіні секілді, бас кәсіпорын зиян тартып, банкротқа ұшыраған жағдайда олар да ол үшін жауап бермейді. Өз табыстарының бөлігін олардың пайдасына қайта бөліске салатын еншілес кәсіпорындардың қызметін бас кәсіпорын, ал немерелес кәсіпорынның қызметін еншілес кәсіпорын бақылауға алады.
321,322 және 323 шоттарда еншілес, тәуелді және бірлесіп бақыланатын кәсіпорындармен ағымдағы есеп айырысудың барлық түрлері жөніндегі ақпараттар жинақталып қорытылады (балансаралық есеп айырысу).
Бұл шоттар-негізгі, активті, күрделі; әрбір еншілес, тәуелді және бірлесіп-бақыланатын кәсіпорындар бойынша талдамалық есеп осы шоттардың көмегімен тізімдемелерде немесе машинограммада жүргізіледі.
Бас кәсіпорын еншілес (тәуелді) серіктестіктердің дебиторлық қарыздары көрсетілген 321-323 шоттарынан басқа 64, «Еншілес (тәуелді) серіктестіктерге кредиторлық қарыздар» бөлімшесінің шоттарында да (641-643 шоттар) есеп айырысу жүргізетінін ескеру керек. 641-643 шоттарда еншілес (тәуелді) серіктестіктерден алынған шикізат, дайын өнім, атқарылған жұмыс, көрсетілген қызмет бойынша есеп айырысу көрсетіледі.
Бас және еншілес (тәуелді) серіктестіктердің арасында жасалған 641-643 және 321-323 шоттары бойынша есеп айырысуды салыстырып тексеру актісінің негізінде дебиторлық және кредиторлық қарыздар жабылуы мүмкін:
— 641-643-шоттар дебеті;
— 321-323-шоттар кредиті — өтелген дебиторлық қарыздар сомасына.
Есеп айырысу шоттары (321-323 және 641-643) арқылы бас кәсіпорынның және еншілес (тәуелді) серіктестіктердің есеп айырысуы жүргізіліп қана қоймайды сонымен қатар бір еншілес (тәуелді) серіктестіктің екінші бір серіктестікпен есеп айырысуы жүргізіледі.