Күмәнді дебиторлық берешектер есебі

Сатып алушылар мен тапсырыс беруші заңды және жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін анықтау жүйесін қаншалықты арттырғанмен, оларға несиеге сатылған тауарлар немесе қызмет үшін уақытылы есеп айырыспай немесе алынуға тиісті сомалардың бір бөлігі ғана өтеліп, қалған бөлігінің алынбай қалуы іс-тәжірбиеде әрдайым кездесіп отырады. Мұндай жағдайлардың алғашқы нысандары болып борышкер кәсіпорындар мен ұйымдардың банкрот болып қалуы немесе ол кәсіпорындар мен ұйымдардың таратылуы, сондай-ақ берешекті талап ету мерзімінің өтіп кетуі табылады.

Әрбір кәсіпорын тек төлеуге қабілетті сатып алушының болғанын қалар еді. Алайда, өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, ол әрқашанда барлығына бірдей табыла бермейді. Сондықтан тауарларды несиеге сатқан кәсіпорындарда белгіленген мерзімдерде төлемейтін клиенттер әрқашанда болып табылады.

Сатып алушылардың келісімшартқа сәйкес белгіленген мерзімде төлемеген шоттары – 31 «Күмәнді қарыздар» деп аталады. Күмәнді қарыздарға-уақытында төленбеген, жабылмаған және де тиісті кепілдікпен қамтамасыз етілмеген дебиторлық берешектер жатады. Қазақстан Республикасының заңына сәйкес талап ету мерзімі өтіп кеткен дебиторлық берешек күмәнді қарыз болып саналады. Өтелу-өтелмеуі белгісіз, күмән тудыратын берешектерді есептен шығарудың екі тәсілі бар.

  1. Тікелей есептен шығару әдісі, мұнда шығындар нақты шоттарды үмітсіз деп танығаннан кейін ғана тікелей есптен шығарылады.
  2. Резервтік әдіс, бұл жағдайда шығындар алдын ала қарастырылған тәсілмен есептеледі. Мұндай берешекке болжам жасалынады.

Тікелей есептен шығару әдісі бухгалтерлік есеп тұрғысынан қолайлы болып саналмайды. Өйткені ол кірістер мен шығындарды сәйкестілікке келтіре алмайды, яғни күмәнді берешектерді тауарлар жеткізіліп түсірілген немесе қызметтер көрсетілген сәтінде емес, оның күдікті деп танылған есептік мезетінде ғана шығындарға жатқызады. Сонымен, 5-БЕС-ке сәйкес күмәнді берешек бойынша резервті құру тәртібі бұрынғы мәмілелерге байланысы болған кірістер мен шығындар жағдайларынан шығып бір жолғы болып танылады.

Кәсіпорындар мен ұйымдар күмәнді қарыздарға шығындардың есебіне резерв жасай алады. Күмәнді қарыздар бойынша резервтердің есебі «Күмәнді қарыздар бойынша резервтер» шотында жүргізіледі. Күмәнді қарыздар бойынша резервтер есеп беретін жылдың соңында жабдықтаушылар мен сатып алушылар арасында дебиторлық берешекке түгендеу жүргізу нәтижесіне сүйене отырып жасалынады. Азаматтық кодекстің бірінші бөліміндегі 178 бабына сәйкес берешектің өтелу мерзімінің жалпы уақыты 3 жыл болып белгіленеді. Үш жыл аралығында өтелмеген берешек күмәнді қарыздарғы жасалған резерв сомасының есебінен есептен шығарылады.

Қазақстан Республикасының заңына сәйкес талап ету мерзімі өтіп кеткен дебиторлық борыштар «үмітсіз қарыз» – деп танылады. Ал үмітсіз қарыздар сомасы құрылған күмәнді қарыз бойынша резерв есебінен есептен шығарылады. Егер кәсіпорындар мен ұйымдар күдікті қарыз бойынша резерв құрмаса және үмітсіз қарыздың айқындалу жағдайы пайда болса, онда бұл сома кезең шығындарына жатқызылып есептен шығарылады. Сондай-ақ бұл сома қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижесі туралы есеп беруде көрсетілуі тиіс.

Кез келген кәсіпорындар мен ұйымдарды алып қарасақ та олардың барлығы да қай шоттардың төленбейтіндігін алдын ала болжап білуі мүмкін емес. Дегенмен де қаржылық есеп беруі кезінде жыл бойы жұмсалған шығындарды жабатын сомаларды анықтау қажет. Бұл уақыттағы бағалаудың салдарынан елеулі айырмашылықтардың пайда болуы ықтимал. Жалпы халықаралық тәжірбиеде күмәнді қарыздарды бағалау үшін мынадай екі әдісі қолданылады:

  • несиге сатудан алынатын таза табыстан есептелінген пейыз әдісі (қаржы-шаруашылық қызметі туралы есеп беруде);
  • дебиторлық қарыздарды өтелу мерзімі бойынша есептеу әдісі (бухгалтерлік баланста).

Бұндағы бірінші аталған әдістің мақсаты күмәнді дебиторлық берешектердің нәтижесінде туындаған шығындарды дұрыс есептеу болса, екінші әдістің мақсаты дебиторлық берешектің таза өзіндік құнын дұрыс есептеу болып табылады. Көптеген кәсіпорындар мен ұйымдарда бұл әдістердің екеуі де кеңінен қолданылады.

Жоғарыда аталған несиеге сатудан алынатын таза табыстан есептелген пайыз әдісіне тоқталатын болсақ, бұл әдіс сәйкестік принципіне бағытталған. Мұнда күмәнді берешектерден шеккен нақты шығындар мен несиеге сатудан алынатын таза табыстан есептелінген пайыз арасындағы қатынастардың орташа пайызы тәжірибеге сүйене отырып есептеледі. Содан кейін бұл пайыз күмәнді қарыздар көлемін анықтау үшін есеп беру кезеңіндегі сатылған нақты өнімге қолданылады.

Негізінен несиеге сатудан алынатын таза табыстан есептелген пайыз әдісі бойынша әрдайым дебиторлық қарыздардың таза өзіндік құнын есептеп отыру мүмкін емес. Бұл әдістің тұжырымдамалық негізі болып сәйкестілік принципі қызмет етеді. Өйткені күдікті қарыз сатылым негізінде туындаған. Әдіс қолданылуы барысында өте қарапайымдылығымен және тиімділігімен ерекшелінеді. Ескеретін жағдай, несиеге сатылған тауарларға қолданылатын пайыз мөлшері әрдайым жаңартылып отыруы тиіс.

Күмәнді қарыздарды бағалау үшін қолданылатын дебиторлық қарыздарды өтелу мерзімі бойынша есептеу әдісі бухгалтерлік баланста таза дебиторлық қалдықтың қалуына негізделген. Бұл әдіс бойынша күдікті борыш пайызын анықтаған уақытта өткен кезең мәліметтері пайдаланылады. Әдістің негізгі мақсаты болып күтіп отырған күдікті дебиторлық борыштың нақты ақшалай өзіндік құнын анықтау есептеледі. Несиеге сатудан алынатын таза табыстан есептелген пайыз әдісіне қарағанда дебиторлық қарыздарды өтелу мерзімі бойынша есептеу әдісі дебиторлық қарыздардың нақты өзіндік құнын өтеуге қажетті күмәнді қарыздарға жасалған резерв сомасының дұрыс жасалуына мүмкіндік береді. Кейіннен күдікті қарыздарға жасалған резерв сомасының ағымдағы қалдығы талап етілген қалдыққа сәйкес түзетіледі. Бұл жағдайда күмәнді қарыз берілген түзетілім сомасына дебиттелінеді. Жалпы күмәнді қарыздар бойынша жасалынған қажетті резерв сомасының мөлшерін анықтау үшін мыналар қолданылады:

  • негізгі дебиторлық берешекке жасалған бірыңғай құрамдастырылған мөлшерлеме;
  • алынуға тиісті шоттың мерзіміне сәйкес әрбір сомасына бөлек негізделген мөлшерлеме.