Ерте заманнан – ақ адам өзін қоршаған ортаның тылсым тіршілігін тануға әрекет жасаған. Ал айнала дүниені танып – білудің, белсенді іс — әрекеттің алғашқы түрі заттық іс — әрекет болып табылады. Нәресте заттық іс — әрекеттен бірте – бірте ойын әрекетіне ауысады. Барлық адам өзінің тұлға ретінде даму ерекшелігінде ойын іс — әрекетін бастап кешіреді. Сәбилік кезеңнен бастап бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы заттар мен құбылыстарды ойын арқылы түсініп ұғынады. Тек көру, сипап – сезу, байқап – тану арқылы емес, тікелей араласып, іс — әрекетке көшуін нақты қарым-қатынас барысында беріледі. Осылайша ойын адамның өмір танымында шешуші мәнге ие болады. Баланың таным-түсінігі, іс-әрекеті ойыннан басталып, оның негізі болашақ өмірінде оқу, еңбек іс-әрекетімен жалғастырылады. Жеке тұлғаның дамуындағы ойынның әсерін ерте заманның өзінде – ақ атақты ғұлама ойшылдар, философтер, педагог, психолог ғалымдар көріп, байқап, оны іске асыру жолдарын ұсынған.
Оның көп ғасырлық тарихына үңілсек, ол туралы алғашқы пікірлер ежелгі грек философтері Платон мен Аристотель еңбектерінен бастау алатынын көруге болады. Ертедегі ұлы ойшылдар Я.Каменский, Ж.Руссо, Дж.Локк, И.Пестолоцци, т.б. ойын арқылы балаларды болашақ өмірге бейімдеу керек деп түсіндірген.
Я.Каменский ойынды баланың қозғалуына табиғи қажеттілік ретінде қарастырды. Ол балаларға ойнау үшін кмектесіп отыру қажеттігін, олардың іс-әрекетін бақылау керектігін ерекше атап көрсетеді. «Бала неғұрлым көп әрекет етсе, жүгірсе, жұмыс істесе, соғұрлым ол жақсы ұйықтайды, жақсы тамақтанады, тез өседі, денсаулығы мықты болып, дене, ой дамуы жақсы жүреді, бірақ ол үшін баланы үнемі қорғап отыру қажет».
Я.Каменский «Ұлы дидактика» еңбегінде 6 жастан 12 жасқа дейінгі жас кезеңінен өнерлі және қамқорлы тәрбие мектебі деп атады. Бұл шақта балаларға өздеріне түсінікті ана тілінде білім беру керек, ал білім олардың есінде жақсы сақталатындай болуы тиіс. Бұл кезеңінде балалар қиындықты сезінбейді, сол себептен оларға оқу әрекеті жеңіл болып көрінеді.
Дж.Локк балалардың еркіндікке, бостандыққа ынталы келетіндігімен санасуды талап етеді. Бұл мәселеде ол кейін Ж.Руссо дамытқан еркіндік тәрбие ұғымының негізін сала бастады. Оқытудың әдістері мен құралдары жөнінде мәселелерді қарастырған Дж.Локк та, ең бірінші орынға баланың дамуын, білім алып тәрбиеленуін ойын арқылы жүзеге асыруын қойған Ж.Руссо.
Неміс педагогикасының көрнекті өкілі Ф.Фребель дидактикалық ойындардың негізін салушы болып есептелінеді, ол қимыл-қозғалыс ойындарының, құрылыс дағдылары мен еңбек ету қабілеттерін дамытуға бағытталған дидактикалық жаттығулардың жүйесін жасады. Бірақ, Ф.Фребель ойындарының мазмұны баланың ой-өрісі мен қиялын дамытуды шектеді.
Қазіргі кезде ойын мәселесі бірқатар ауқымды зерттеулерде қомақты орын алып, оның баланы дамытудағы мәні анықталды. Зерттеушілер ойын арқылы оқу міндеттерін тиімді шешуге болатынын дәлелдеді. Ойын теориясы мен маңыздылығы туралы К.Ученский мен Ф.Лесгафты, тәрбие және оқыту барысында ойынның алатын орны туралы В.Сухомлинский, С.Шащкий және Н.Крупская өз пікірлерін білдірген.
К.Ученский сабаққа ойын элементтерін енгізу оқушылардың білім алу үрдісін жеңілдететінін атап көрсетсе, Н.Крупская «Бала жас болғандықтан ғана ойнамайды, балалықтың өзі оған ойнау үшін, яғни жаттығу арқылы өмірде қажетті дағдыларды игеру үшін берілген» деген пікір айтады.
Ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді, жеңіл келеді. Сондықтан ойынды іріктеп алуға нақтылы сабақтың мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескеруге ерекше назар аударған жөн.
«Ой – ойыннан басталады» десек, баланың ойын жетілдіріп сабаққа қызығуын, белсенділігін артыру үшін бастауыш сынып мұғалмінің қолданатын басты әдісі ойын болуы керек.
Н.Крупская өзінің көптеген еңбектерінде ойынның бала өміріндегі маңызына үлкен мән берген. Қандай ойын болсын, әйтеуір бір нәрсеге үйретеді, ең бастысы, баланы мұқияттылыққа, еңбекке, жолдасымен ынтымақта болуға баулиды.
Ойын – балар үшін оқу да, еңбек те. Ойын – айналадағы дүниені танудың тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймай, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады.
В.Сухомлинский «Ойынсыз ақыл – ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз – ұшқын білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты» деген ой айтады.
Ойын екі түрлі уақыттық бағытты қамтиды: қазіргі және болашақ. Бір жағынан бала бірден, осы мезетте қуанышқа бөленеді, екінші жағынан ойын әрқашан болашаққа бағытталған, өйткені ойын барысында тұлғаның келешек өміріне ықпал ететін сапалы қасиеттері мен іскерлік дағдыларды қалыптасады.
А.Макаренконың айтуы бойынша, ойынға бір жақты көзқарас қате. Педагогикалық үрдісте ойынды дұрыс пайдалану сабақтың тиімділігін арттырады, балаларға қуаныш сыйлайды. Ойын бала үшін жаңа ортаға тезірек бейімделуге мүмкіндік береді. Жаңа ортаға, оқу үрдісіне қту үйреншікті өмір сүру әдістерін өзгертуді қажет етеді. Ал Ю.Бабанский ойынды бастауыш сынып оқушыларының барлық әрекеттерін ынталандыруыдың әдісі деп қараған.
Оқушы ойын қызметіне талпынады, ойын олар үшін өмірдің мәні болып табылады. Ойын дегеніміз не және оған балалар неліктен ынтығады? Кейбір психологиялық теориялар ойынның мәнін баланың артық әл-қуатын шығындап жоғалтқысы талабы мен түсіндіреді. Алайда, мұндай көзқарас бала бойындағы осы бір артық әл-қуат қайдан келеді деген сұраққа сәулесін түсіре алмайды.
Сонымен бірге ойындар мен ойыншықтар арқылы баланың адамға тән іс-әрекеттің көптеген элементтері мен түрлерін ойдағыдай меңгере алатындығы айқын болады. Егер серпінді қимыл мен интерфункционалдық күштердің дамуы мен қалыптасуына қарай ойынға деген құштарлық бәсеңсіп, қызметтің басқадай түрлеріне (көңіл көтеру, оқу, еңбек ету) орын беріледі. Көптеген функциялар 7-9 жасқа жеткенінше мейлінше жеделдете дамиды да, ойынға деген құштарлық осы кезеңде күшейе түседі, ал ойын дамуды басқаратын іс-әрекеттің түріне айналады. Осындай сәтте баланың өзіндік саналары, оның шындыққа, адамдарға қарым-қатынасы қалыптасады.