Өмір ағымы талап етіп отырған жаңа қоғамға лайықты саналы, білімді, үйлесімді жетілген жеке тұлғаны дайындау бүгінгі мектеп алдында негізгі міндт. Осыған байланысты, мектептің бастауыш оқыту сатысндағы оқу-тәрбие жұмыстарын жан-жақты толықтырып, халықтыңтәлім-тәрбиенің озық үлгілерімен сабақтастырып қайта шығу, бойында еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімі дамыған азамат тәрбиелеу бүгінгі күн талабының өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.
Өсіп келе жатқан жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу қашанда толастамаған. Сонау төңкеріс жылдарынан бастау алатын «советтік патриотизм» Ұлы Отан соғысында жеңіске жаткізді. Одан кейінгі жылдары патриотизмге баулу, жан-жақты үйлесімді дамыған адам, тұлға тәрбиелеу, коммунистиік мораль қалыптастыру аясында жүргізілді. Отаншылдыққа, туған жерін қорғауға баулу мектептің тәрбиелік жұмыстарының аса маңызды бөлігін құрайтындықтан, өмірде болып жатқан бетбұрыстар, қоғамдағы саяси көзқарастар, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер – еліміздің тарихына, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүріне құрметпен қараумен қатар, оны бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне пайдалануға жол ашып отыр. Мектеп жеке тұлғаның рухани жан дүниесі мен адамгершілік қасиетінің қалыптасуына жүйелі жолға қойылған тәрбие беру негізінде қол жеткізеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» Жолдауында: «Оқушыларды қазақстандық патриотизмге, шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлыұ, биік тағампаздылық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек», — делінген.
Отан сүю, патриотизм деген ұғымдар мектепке, үйге, жақынына, туған қаласына деген сүйіспеншіліктен басталады.
Әр бір халық ел мен жерін қадірін, ата-баба дәстүрін ұрпағының құлағына кішкентайынан құюға тырысады. Бұл тұрғыда, қазақ халқының жаңа туған жас нәрестені бесікке салып, шілдехана тойынан басталып, тұсау кесу, қыз ұзату, үйлену тойы, тіпті адамды соңғы ақтық сапарға шығарып салу секілді сан-қилы ырымдар мен кәделерге толы салт-дәстүрлерінің маңызы ерекше. Ұрпақты ата-салтымызбен ұлтжанды етіп тәрбиелеу ұстаз қаумына үлкен талап қоюда. Себебі бала мектеп табалдырығынан көрсем-білсем деген алып-ұшпа сезіммен келеді. Осы сәтті ұтымды пайдаланып, ұлттық білім тәрбиемен ұштастыра білген мұғалім ғана жемісті жетістіктерге қол жеткізеді. Жас ұрпақты халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасымен сусындату ел ертеңін ойлайтын саналы азамат қалыптасуының бірден-бір кепілі.
Мектепке келген баланың отбасында бойына сіңірген мейірімділік, сүйіспеншілік, бауырмалдық секілді қасиеттерін одан әрі шыңдап, соның негізінде патриоттық сезімді оята білу үшін әрбір мұғалім жүйе бойынша белгіленген нақты іс-шараларды аса шеберлікпен үйлестіріп жүргізуі тиіс.
«Елдің елдігін оның тарихы, әдебиеті, салт-дәстүрі сақтайды» деген ұғымды бастау етіп алатын болсақ, патриотизмге тәрбиелеу үрдісін шартты түрде мынандай іс-шараларға бөлуге болады:
- тілді құрметтеу;
- ұлттық салт-дәстүрді зерделеу;
- елдің тарихы мен мәдениетін оқып зерттеу;
- ата-бабалар өсиетін орындау;
- жер байлығы мен табиғатын қастерлеу.
Демек, патриоттық тәрбие беруде ең алдымен әдебиет, тарих, география сияқты пәндер едәуір үлес қосады. Тарихты оқып үйрену, әсіресе Отанымыздың тарихын оқу барысында, еліміздің қаһармандық өткені мен теңдік алған қазіргі күніне сүйіспеншілік сезімдері нығаяды. Халқымыздың әдебиеті мен тіл өнері – бабаларымыздың бізге қалдырған бай мұрасы. Ана тілі мен Отан деген ұғымдар – бір-бірінен ажыратуға келмейтін түсініктер. Ана тілінің бүгіні мен болашағына немқұрайлы қарайтын кісі өз Отанының мүддесіне де дәл солай салғырт қарамақ.
Дүниетану, география сабақтары еліміздің жер байлығы мен әсем табиғаты туралы түсінік беріп қана қоймай, оқушылардың елі үшін мақтаныш сезімін оятып- мұндай байлықты қорғау қажеттігін көрсетуі тиіс.
«Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып үлгілері мен өнегелері соның айғағы. Елін сүйген адам сол елдің салт-санасын, мәдени мұрасын қастерлеп, өнеге тұтуы тиіс.
Оқушыларды өз елін, туған жерін қорғауға және оны сүюге баулып, оларға сонау Абылай бабамыздан бастап кешегі желтоқсанға дейінгі азаттық үшін алысқан ұлы тұлғалардың ел тәуелсіздігі жолындағы ерлік істерін ұғындыру мақсатында елтану материалдарын, белгілі қоғам қайраткерлерінің өмір деректерін көптеп қолдану елжандылық сезімдерін тереңдететіні сөзсіз.
Қандай мемлекеттің де ертеңі еңселі, бала-шағаның баянды болуы жастардың тағдыр-тәлейінің қалай қалыптасқанына байланысты. Сондықтан мектептер мен өзге де оқу орындарының басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтарды игеруге қабілеті, ғылым мен тәжірибе жүзінде терең білім ала отырып, жеке тұлға болып қалыптасуға дайын ұрпақ тәрбиелеу.
Жастарымыздың бойында елжандылық, азаматтық, жоары ізгілік пен адамгершілік сезімдері жан-жақты жетілгенде ғана Қазақстандық патриотизм сезімі асқақтай түседі.