Антропогендік әсердің салдарынан соңғы жылдары облыс территориясының топырақ жамылғысы қатты өзгерді. Қазақстандағы белсенді суландыру нәтижесінде Орталық Азиядан ағып шығатын Сырдария және Амудария өзендерінің сулары 1960 ж бері азая бастады. Соның салдарынан Арал теңізінің деңгейі төмендеді. Бұл өзен атырауларының шөлденуіне және Арал маңының экожүйесі мен әлеуметтік-экологиялық жағдайының нашарлануына әкеп соқты.
Жоғарғы қабатта ылғалдылықтың азаюынан өсімдік жамылғысы бұзылып, эолды процестер орын алды. Арал теңізінің кеуіп қалған бөлігінде (қазіргі уақытта оның ауданы 23 мың км) аридті зонаның сор топырақтарымен эолды процестер қарқынды жүруде. Шөлдену процесінің қарқынды дамуы нәтижесінде 2000 га жайылымдық жерлер мен 7,1 мың га шабындық жерлер қолданыстан шығып қалған [9].
Қызылорда облысы территориясы Қазақстанның табиғи-ауылшаруашылық жер қорларын аудандастыру схемасы бойынша 5-ші зонада орналасқан [19].
Територияның солтүстік және солтүстік-батыс бөліктерінің топырақтары сұр-қоңыр және тақыр тектес субтропикалық шөл зонасы. Ал батыс бөлігінің топырақтары шабындық және сазды қоңыр топырақ және құмдар. Солтүстік-шығыс бөлігінің топырағы ашық сұр және сұр-қоңыр топырақ.
Тоғайлы жайылымдық топырақтар Сырдария өзенінің арна алды жайылымдарында аллювийлі шөгінділерде кездеседі. Жерасты суларының тереңдігі 2,4 м, жыл бойы оның деңгейі өзгеріп тұрады. Жоғарғы қабаттағы гумус мөлшері 0,9-9,5 %. Тоғайлы-жайылымды топырақтар арасында сор және тұзды сортаң топырақтар кездеседі.
Жайылымды қоңыр және шымды-қатпарлы топырақтар. Аймақтың территориясында кең тараған және атыраулы-аллювийлі жазықтарының жоғарғы қабаттарында құралған. Жерасты суларының тереңдігі 3,5-6 м, сулары негізінен сульфатты, натрийлі, кальцийлі, магнийлі болып келеді, минерализациясы 1,1-4,5 г/л. Топырақ қимасында қатпарлы, жұқа қабаттар жиі кездеседі, механикалық құрамы жеңіл. Жоғарғы қабаттағы гумус мөлшері 1,5 пайыз, жайылымдық қоңыр және шымды қатпарлы топырақтарды суармалы егістіктерде қолдануға болады.
Жайылымдық-шабындық қоңыр топырақтар. Тегістелген суайрық бетінде кездеседі. Олар соңғы төрттік және қазіргі тұзды аллювийлі шөгінділерден құралған. Жерасты суы 2,5-4,5 м тереңдікте. Су минерализациясы 1-5 г/л дейін өзгереді. Мұнда сульфатты-натрийлі немесе магнийлі-кальцийлі сулар, егістіктерде жайылымды шабындық қоңыр топырақтар бөлінеді. Олар суарудың арқасында гумус мөлшері ұлғайған ірі гумус қабаты пайда болған. Топырақтың гумусталуының мөлшері 0,4-3,4 пайыз, топырақтардың арасында кәдімгі сор, сортаң топырақтар кездеседі.
Жайылымдық-шабындық қоңыр және бос топырақтар. Атыраулық-аллювийлік жазықтықтың жоғарғы қабаттарында құралған. Мұндағы жерасты суларының деңгейі 3-4 м-ге дейін тереңдейді. Соның нәтижесінде жерасты суының жоғарғы қабаттағы топырақтармен байланысы бұзылып, топырақ құрғайды. Жайылымдық-шабындық қоңыр және бос топырақтарды суармалы егістікте қолдануға болады. Ал тұзданған топырақтар мелиоративтік жұмыстарды қажет етеді.
Жайылымдық-шабындық сазды қоңыр топырақтар аймақта кеңінен таралған. Топырақ түзуші жыныстар аллювийлі шөгінділер болып табылады. Жерасты суларының тереңдігі 1-3 м-ге дейін, минерализациясы 1-9 г/л-ге дейіе өзгереді. Жайылымдық-шабындық сазды топырақтардың арасында көбінесе сор және сортаң топырақтар таралған, суармалы егістікте қолданылады.
Жайылымдық-шабындық сазды қоңыр және жайылымдық-сазды қоңыр топырақтар таралған, сондықтан сирек кездеседі. Жерасты суы 0,5-0,6 м-ден 2,5-3,5 м-ге дейінгі тереңдікте орналасқан. Жоғары қабаттағы гумус мөлшері 0,6-3,6 пайызды құрайды. Аталған топырақтардың арасында тұзданбаған түрлері бар және сор топырақтар аз таралған.
Тақырлы топырақтар тегіс суайрықтарда, өзен аңғарының бос бөліктерінде, атыраулы-аллювийлі жазықтарда, тауалды жазықтарда таралған. Жерасты суы 6 м-ден терең. Топырақ түзуші жыныстары аллювийлі шөгінділер болып табылады. Бұл топырақтың ерекшелігі сол, жоғарғы қабаты кеуекпен жабылған. Оның төменінде ашық-сұр қабыршақты қабат орналасқан (5-15 см).
Тақырлы топырақтың көп бөлігі тұзданған және сор, сортаң түрлерімен көрінеді. Тақырлы топырақтар гумусқа кедей, ондағы гумус мөлшері 0,7-1,2 пайыз. Аталған топырақтардың көбі суармалы егістерде қолданылады.
Күрішті топырақтар. Жайылымдық-шабындық немесе шабындық-сазды қоңыр топырақтардан құралған.
Топырақ қимасында гумус қабаты қара түсті болып жиі кездеседі. Топырақтың тұздануы шайылудың арқасында екі-үш есе азайған. Гумус құрамы 0,6-2,2 пайызға дейін өзгереді. Күрішті топырақтардың арасында тұзданбаған сияқты сор және сортаң түрлері де кездеседі [20,21].
Оңтүстіктің ашық сұр топырақтары. Территорияның солтүстік-шығыс, аласа таулардың 300-400 м-ден төмен бөліктерінде кездеседі. Топырақ түзуші жыныстары делювий-пролювийлі шөгінділер болып табылады. Жерасты суы 8 м тереңдікте жатыр. Минерализациясы жағынан әртүрлі. Оңтүстік ашық сұр топырағының қимасы қабаттарда сәл дифференциацияланған. Түсі қабат ұзындығында өзгермейді деуге болады. Құрылымы осал жұмырланған. Гумус мөлшері 0,4-1,7 пайыз. Оңтүстік ашық сұр топырақтың арасында кәдімгі сортаң аз дамыған және дамымаған түрлері бар.
Оңтүстік шабындық-ашық сұр топырақтар. Төмендеген жер бедерлерінде, уақытша су арна аңғарларында ежелгі аллювийлі сазды шөгінділерде тараған. Жерасты суының тереңдігі 3,5-6 м шамасында. Ылғалдылық аз, бірақ топырақ қимасы бұрын да жоғары гидроморфтық белгілерінің сақталып қалғанын көрсетеді. Топырағының морфологиялық белгілеріне қарап, топырақтың ашық-сұр топырақтарға жақын екендігін көруге болады. Жоғары қабаттағы гумус мөлшері 0,4-2,4 пайыз. Оңтүстіктің шабындық-ашық сұр топырақтарының арасында кәдімгі сор, сортаң топырақтардың сәл дамыған түрлері кездеседі.
Шабындық-қоңыр топырақтар. Бұлар сұр-қоңыр топырақтардың арасында құрылған, яғни, арнаалды төмендеуде, жыраларда, ағыстарда, сайлар түбінде, өзен аңғарларында атмосфералық жауын-шашын әсерінен пайда болған. Жерасты суларының тереңдігі 3-6 м. Топырақ қимасының құрылымы бойынша шабындық-қоңыр топырақтар, ашық-қоңыр топырақтарға жақын.
Сортаң-қоңыр топырақтар. Сұр-қоңыр топырақтар көп кездеседі. Тауалды жазығының төменгі бөлігіндегі микрорельефтерде кездеседі. Топырақ түзуші жыныстары тұзданған пролювий-делювий шөгінділері болып табылады.
Қызылорда облысының негізгі мәселелерінің бірі – суармалы жерлер мен мелиоративті жүйелердің қанағаттанарлықсыз жағдайы. 65 мың га жер қолданудан шығып қалған, яғни жарамсыз жерлер, оның ішінде 28 мың га тұздануға ұшыраған, 37 мың га жер коллекторлы жүйенің дұрысталмауынан.
Облыстың шабындық аумақтары жылдан-жылға қысқарып, азаюда: 1960 жылы 424 мың га болса, 1980 жылы 115 мың га ғана қалған, яғни 3,7 есеге азайған. Ал, 1960 жылдан 1990 жылға дейін 4,5 есеге азайған. Әсіресе шабындық аймақтар Арал ауданында (10-12 есеге) белсенді түрде кішірейген, Сырдарияда – 5-6 есеге, Қазалы ауданында 3-4 есеге дейін кішірейген.
Ауылшаруашылығында бірінші кезектегі мәселе топырақты мәденилендіруге бағытталған. Бұл мақсатта минералды және органикалық тыңайтқыштар, өсімдіктердің өсуіне қажетті биостимуляторлар және осы өсімдіктерді неше түрлі аурулардан сақтайтын тыңайтқыштар қолданылып жатыр. Мұның барлығы агроландшафттағы қоректену балансының байланысын өзгертеді.
Аса мол химиялық заттардың топыраққа төгілуі – бұл жердің топырағының қышқылдануына, тотығуына әкеп соғады, осыған байланысты топырақтың гумус қабаты жойылады.
Қазіргі ауылшаруашылығының химикатты заттарды мөлшерден тыс пайдалануының салдарынан топырақ грунттарында – нитраттар, нитриттер, фтор және ауыр металдар көбейіп кеткен. Ауылшаруашылығында минералдық және органикалық тыңайтқыштарды белсенді түрде қолдану 1999 жылға дейін созылған. Осы мерзім ішінде олардың көлемі 0,6 есеге төмендеген.
1999 жылы облыста ауылшаруашылығында шегірткеге қарсы Фацент және Базарган препараттары қолданылған.
Топырақтың ластануы ауылшаруашылығында тек қана химикалық заттардан ғана емес, сонымен қатар өндірістен шығатын қалдықтармен де ластанған.
Соңғы жылдары антропогенді әсердің салдарынан облыстың топырақ жамылғысы адам айтқысыздай өзгерді. 1960 жылға дейін аллювиальды-шалғынды топырақтар 568 мың га болған болса, 1978 жылы 397 мың га, 1990 жылы 390-нан 286 мың га-ға азайған. Шалғынды-батпақты топырақ 1960 жылы 520 мың га болған болса, қазір 169 мың га ғана қалған. Батпақты топырақтар қазір кеуіп қалған және шөлденудің әсерінен топырақтың басқа түріне айналып кеткен. Олар 564 мың га жерді құрайды.
Топырақ грунттарының жоғары қабатындағы ылғалдылықтың азаюынан және өсімдіктердің сиреуінен эолды процестер күшейген. Арал теңізінің құрғап қалған бөлігінде (қазіргі кезде оның ауданы 23 мың км2) осы эолды және аридті зонаның тұзды-шөлді процестері қарқынды жүруде.
Байқоңыр ғарыш аймағы орналасқан Қармақшы ауданының топырағына келетін болсақ, ауданның солтүстік бөлігінде сұр-құба шалғынды-батпақты және батпақты топырақтар таралған. Бұл жердің топырағында, әсіресе аллювиальды топырақтар гумусы 6 пайыз.
Ал, ауданның оңтүстік бөлігінде құмды топырақтар таралған. Оның ішінде сортаңды, сазды, тақыр тектес топырақтар кеңінен таралған. Құнарлылырақ топырақтар Жаңадария және Іңкәрдария өзендерінің құрғап қалған арналарында кездеседі. Ол топырақтар құрамында гумус мөлшері 2 пайызға дейін, егістікке жарамды деп есептеледі. Ауданның оңтүстік бөлігі жайылымдық және шабындық болып келеді.
Ал, нақты Байқоңыр аймағының топырағына келетін болсақ, мұнда құмдар, тақыр тектес және тақырлар, сұр-құба, құба және Сырдария өзені маңында жайылмалы шалғынды топырақтар кездеседі.