Байқоңыр ғарыш аймағы Қызылорда облысының территориясында орналасқандықтан, біз, жалпы геологиялық құрылымы мен тектоникасын осы облыс көлемінде қарастырамыз.
Жалпы Қызылорда облысы Тұран ойпатының солтүстігін қамтиды. Мұнда жер бедері негізінен аккумулятивті және денудациялық жазықтар, сонымен қатар таулы үстіртті болып келеді. Батыста – оған Арал теңізінің солтүстік және шығыс бөлігі, оңтүстікте – Қызылқұм шөлінің солтүстік бөлігі, солтүстікте – Қарақұм, Арысқұм және оңтүстік батыстың қатпарлы шөлді үстірттері кіреді.
Мұнда аккумулятивті жазықтар – аллювиальды, эолды, аллювиальды-проллювиальды, көлдік және терраса жайылмалы сипатта болып келеді. Ал, денудациялық жазықтар мен үстірттер қабатты жазықтар мен құрылымды үстірттерді біріктіреді; мұнда таулар Қаратау жотасы түрінде берілген. Геологиялық еңбектерден [4]. Аралдың Қазақстандық бөлігі геологиялық-құрылымдық жағынан Тұран плитасының орталық және оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатқанын білеміз. Бұл территорияның күрделілігін анықтайды, әсіресе оңтүстік-шығыс және солтүстік бассейндерде. Мұнда, теңіз акваториясында палеозой фундаменттері 3 км тереңдікте, ал бассейн шекарасы бойынша таулы құрылымдар жер бетіне шығады.
Арал теңізі бассейнінің әртүрлі бөліктерінде платформалы қатпардың су тұтқыш шөгінділері әртүрлі тереңдікте жатады. Батыстан шығысқа қарай платформалық қатарда құмды-батпақты және карбонатты шөгінділер үш ірі жүйелерге бөлінеді. Олар: бірінші ретті артезиан бассейн жүйелері – Шалқар – Солтүстік – Үстірт (қарастырылып отырған территорияға оның тек қиыр оңтүстік-шығыс бөлігі кіреді); мегантиклиналь және мегасинклинальдық солтүстік – Аралмаңы жүйесі; Шығыс – Арал – Сырдария жүйелері кіреді.
Бұл жүйелердің құрылуында артезиан бассейндерінде әртүрлі жастағы шөгінділер бар. Қиманың негізінде палеозой және протерозой шөгінділері жатыр. Жоғарғы бөлігі бор, палеоген, неоген және төрттік дәуірдің борпылдақ құмды-батпақты шөгінділерімен жабылған. Осы ауданға қимада құмды және батпақты қабаттар және бірнеше су тұтқыш шөгінділер ауысып отыруы тән.
Облыс территориясының гипсометрлік жағдайы жер бедерінің әртүрлі абсолюттік биіктіктеріне байланысты. Олар оңтүстік-шығыстан батысқа, , солтүстік-батысқа қарай жайлап төмендей береді. Арал теңізіне жанаса жатқан облыстың батыс бөлігінде абсолюттік биіктік 37 м-ден 100 м-ге дейін, оңтүстік және шығыс бөлігі 100 м-ден 200 м-ге дейін, тауалды жазығы 200 м-ден 300 м-ге дейін, ал Қаратау жотасында 500 м-ден 700 м-ге дейін жетеді.
Облыс көлемінде геоморфологиялық қатынаста үш негізгі бедерді бөлуге болады: аллювиальды-атыраулы жазық, палеоген-бор үстірті және Қаратау жотасының тізбектері.
Сырдария өзенінің аллювиальды-атыраулы жазығы облыстың орталық бөлігін алып жатыр. Бұған бедердің шығыстан батысқа қарай әлсіз еңістелген (140 м-ден 150 м-ге дейінгі Тартоғай станциясынан 37 м Арал теңізіне дейінгі бөлігі), солтүстік және оңтүстікте палеоген және бор дәуірінің үстірттерімен көмкеріліп жатқан Сарналан және Қарақұм, шығысында – тауалды Қаратау жотасының құрылымы тән.
Атыраулы облыс Қаратау жотасы мен Қарақұм шөлі арасында басталады. Бұл облыс өзеннен еңіс тауалды аллювиальды-пролювиальды жазыққа қарай аз таралған және таулардан өзенге қарай сәл қисайған.
Тауларға қарай уақытша ағын сулардың әсерінен әлсіз жырымдалып, ирелеңдей аққан жылғаларда осы атыраулы облысты қамтиды.
Ежелгі атыраудың солтүстік облысы Сырдария өзенінің оң жағасы, Қараөзек тармағынан Қаратау тау бөктерінің арасында созылып жатқан үлкен жазық – Дариялықтақыр болып саналады. Бұл жердің жер бедері – ол жерлерде құмды массивтердің болуымен ерекшеленеді. Кейбір жерлерінде тақырлардың әртүрлі түрлері кездеседі.
Тақырлар мен жазықтардың байланысы шамамен бірдей. Бұл жерде сонымен қатар ежелгі Сырдария өзенінің тасқынының әсерінен болған құрғаған арналардың орындары бар.
Атыраудың оңтүстік облысы оңтүстігінде Қызылқұмның құмдарымен шекараласатын Сырдария өзенінің сол жағалауындағы үлкен шөл жазығын қамтиды. Жазықта Жаңадария, Қуаңдария, Ескідария, Майлыөзек, Іңкәрдария және т.б кішігірім арналар жақсы сақталған. Арналардың бойын жағалай сексеуілдер өскен.
Жаңадария жазығында шығыстан батысқа қарайғы бағытта құмдар және тақырлы жазықтар мөлшері көбейе түседі. Құмдар арасында тақырлар таралған [4,5].
Сырдария өзенінің қазіргі атырауының территориясы (Қазалы) солтүстік-шығыста палеоген-бор үстірттерімен және Аралмаңы Қарақұмдарымен, ал оңтүстік-шығыста Жуанқұм құмдарымен шектеледі. Оның жер бедеріне өзен арналарының шөгінділері және суы мол болған көлдер мен батпақтар (қазіргі уақытта бұлардың көп бөлігі территорияның тұздануы мен шөлденуінің нәтижесінде құрғап қалған) тән.
Арал теңізі деңгейінің қарқынды төмендеуіне байланысты оның түбі құрғап жатыр. Қазіргі уақытта ол жерде сорлар мен құмдар (сусымалы, жылжымалы құмдар), тұз бен шаңдар көптеп кездеседі.
Облыстың көптеген аудандарын ежелгі атырауда кездесетін құмды массивтер алып жатыр. Жер бедерінің пішіні мен генезисі бойынша құмдардың үш түрін бөліп көрсетуге болады: дөңесті-түйдекті, дөңесті-тізбекті және биік дөңесті-тізбекті.
Қызылқұм шөліне жер бедерінің күрделі бөлінуі тән. Құм тізбектерінің биіктігі солтүстіктен оңтүстікке қарай 10м-ден 30 м-ге дейін көбейеді. Тізбектердің ұзындығы бірнеше шақырым, ал ендігі жүздеген метрден 2-2,5 шақырымға дейін созылған. Солтүстік бөлігінде құмдар аз, құрғаған арналардың тақыртектес аңғарларымен алмасып отырады.
Аралмаңы Қарақұм құмдарына ойпатты дөңесті және адырлы жазықты рельеф тән. Мұнда құмдар құмды жазықтармен ауысып отырады. Геоморфологиялық қатынаста мұнда үш құм түрін бөліп көрсетуге болады: 1) бос дөңесті, кей жерлерінде желдің әсерінен болған бархандар кездеседі; 2) нығыздалған дөңесті және түйдекті; 3) қоршауланған құмды массивтер;
Дөңестердің биіктігі 20-40 м аралығында. Сарналан үстіртінің төменгі шығыс бөлігін алып жатқан Арысқұм шөлдеріне дөңесті және дөңесті ретті рельеф тән.
Облыс территорясында палеоген-бор үстірті – Қызылқұм үстірті түрінде берілген. Сарналан үстіртінің жер бедері күрделі. Мұның орталық бөлігі жалпақ көтеріңкі жазықтар, шығысы төмен жазықты болып келеді (Арыс ойпаты).
Облыс территориясының солтүстік бөлігін қамтып жатқан Қаратау жотасының тау тізбектеріне төмен таулы рельеф және аз таралған тауалды жазықтары тән.
Облыстың оңтүстік-шығыс бөлігінде тығыз шөгінділер орналасқан [6].
Байқоңыр ғарыш аймағы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында орналасқандықтан осы ауданның геологиялық құрылымына кішкене тоқталып кетейік. Бұл ауданның солтүстігінде бор дәуірінің бөлінбейтін, ыдырамайтын шөгінділері таралған. Сырдария өзені аңғары және ауданның оңтүстігінде төрттік жүйенің аллювиальды шөгінділері таралған. Кей жерлерінде үштік жүйенің эоценді ыдырамайтын шөгінділері кездеседі.