Байқоңыр ғарыш аймағы Қазақстанның оңтүстік-батысында, яғни Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының территориясында орналасқан.
Байқоңыр ғарыш аймағының көлемі 6717 шаршы шақырым. Ол солтүстікке қарай 75 шақырым, ал батыстан шығысқа қарай 90 шақырым қашықтыққа созылып жатыр. Байқоңыр космодромын салуға байланысты 20000 га жер шаруашылық айналымынан шығып қалған. Ол жерлер не егін егуге, не бау-бақша өсіруге, не мал жаюға жарамай қалған.
Байқоңыр космодромы 1957 жылы салынған. Оның орталығы – Байқоңыр қаласы. Онда осы кезде 60 мың халық тұрады [1].
Байқоңыр космодромының іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, т.б факторлар ескерілді. Байқоңырдың басты және көмекші объктілері мен қызмет ету орындары кең аймаққа орналасқан, олар бір-бірімен автомобиль жолдары және теміржолдары арқылы байланысқан.
Байқоңырдың негізгі обьектілеріне: техникалық тұғырлар, старттық кешендер мен ұшу трассасының бойындағы өлшеу бекеттері (олардың әрқайсысы жалпы техникалық және арнаулы технологиялық құрал-жабдықтары бар ірі құрылыстар), ғарыш алаңына әртүрлі жүктерді жеткізетін кірме жолдар, т.б; көмекші және қызмет көрсету объектілеріне; отын (жанармай) сақтайтын алаң, сұйық оттегі мен азот өндіретін заттар, энергия және сумен қамтамасыз ететін жүйелер, байланыс жүйесі, телевизия, т.б жатады.
Байқоңырда ракета-тасығыштың (РТ) әрбір түріне сәйкес бір, не бірнеше техникалық тұғырлар және олардың әрқайсысына арналып бір, не бірнеше старттық кешендер салынған. Байқоңырдың ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр[2].
Байқоңыр ғарыш аймағы Қызылорда облысының территориясында орналасқандықтан жер бедерін осы облыс көлемінде де қарастырып шықтым.
Қазақстанның оңтүстігінде 1938 жылы құрылған Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменгі ағысында оның екі жағасын ала орналасқан. Жер көлемі жағынан республикадағы ірі облыстардың бірі болып саналады. Қызылорда облысының байтағы 249 мың шаршы шақырым, халқы – 609,2 мың адам. Мұнда республикадағы халықтың 3,9 пайызы тұрады. 1 шаршы шақырым жерге 2,7 адамнан келеді
Шығысы мен оңтүстік-шығысында Шымкент, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен, солтүстігінде Қарағанды облысымен, солтүстік-батысында Ақтөбе облыстарымен шектеседі, яғни, Азиялық шөл даланың белдеуі орналасқан. Батысында – Арал теңізі. Оның солтүстік және шығыс бөлігі аралдарымен қоса 28,5 шаршы шақырым болатын аумағы Қызылорда облысының құрамына енеді. Бұл облыс байтағының барлық көлемінің 11,8 %. Оңтүстігіне – Қызылқұм шөлінің солтүстік бөлігі, солтүстігінде – Арал теңізінің жиегінде Қарақұм, Арысқұм және Орталық Қазақстанның шет аймағына кіретін шөлейт үстірті кіреді. Тұран ойпатының жазықтау келген кең алқабын алып жатыр. Оның басым көпшілігі Сырдария, Сарысу және Шу өзендерінің ертедегі атырау жазығы болып табылады. Тарихтан мәлім, бұрын арғы дәуірде Сырдарияның атырауы мен Арал теңізінің жерінде біріне-бірі тіркес жатқан екі үлкен қазаншұңқыр болған. Сонау Тянь-Шань тауынан басталып, Ферғана даласында түйісетін кіші-гірім өзендерден басын алып, басқа Қызылорда шұңқырына құйған. Ол заманда Сырдария суы мол, ірі өзен болса керек. Өйткені, ол кезде Шу мен Сарысу өзендері Сырдарияның арнасына құйған екен. Ұзақ шөлде талай жердің қыртысын қақ жарып, екі жиегін опыра құлатып, жұлқына ағатын асау өзен орасан көп құм лайды алады деген.
Ғылыми деректерге жүгінсек, бұл шұңқыр 56 мың жылда сумен келген шөгіндімен толып, осы заманғы геоморфологиялық аймақ қалыптасқан көрінеді [3]. Сол геоморфологиялық аймақ солтүстік-шығысында Қаратау, батысында Қызылқұм биігінің жақын жатқан тар аралығынан басталып, батысқа қарай кең жайылып жатыр. Оны Сырдария ойпаты деп атайды. Ойпаттың ең терең жері Тартоғай станциясының тұсынан басталады да, Қызылорда арқылы Тереңөзекке дейін созылып, одан оңтүстік-батысқа қарай бұрылып, Жаңадарияның арнасын бойлай жатыр. Шұңқырлардың табанынан санағанда жиналған шөгінді үш қабаттан тұрады. Төменгі бірінші қабаттың қалыңдығы – 7 м-ден аспайтын майда тас аралас құм мен саздан тұрады. Қызылорда қаласы мен Тереңөзектің тұрған жеріндегі екінші қабаттың қалыңдығы 60-80 м болатын үрінді құмның қалыңдығы шетке қарай жұқара бастайды.
Байқоңыр ғарыш аймағы Қармақшы ауданында орналасқандықтан, осы ауданның жер бедеріне келетін болсақ, бұл ауданның жер бедері тегіс, жазықты болып келеді. Сырдария өзені осы аймақты екі бөлікке бөледі: солтүстік және оңтүстік. Солтүстік бөлігі жазықты болып келеді, ал оңтүстік бөлігін Қызылқұм алып жатыр. Ауданның аздаған бөлігінде батпақты жазық – Дариялықтақыр орналасқан. Аудан территориясында сирек бұталар кездеседі.