Бағаға әсер ететін факторлардың негізгілері мыналар:
- Өндіріс шығындары. Өндіріс шығындары көбінесе мемлекеттің экономикалық жағдайына және орта салалық өзіндік құнды бейнелейтін өндірістің қоғамдық шығындарына байланысты.
Бағаның негізгі элементі — өзіндік құн, ал оның құрылымының маңызды бөлігін материалды шығындар құрайды. Мысалы, кондитерлік өнімнің өзіндік құнының үлес салмағын өсу тенденциясы бар шикізат пен материалдық шығындар алады. Мысалы, «Рахат» ААҚ-тың мәліметтері бойынша материалдық шығындардың, тауардың өзіндік құнындағы үлесі 1996 ж. — 48%, 1997 ж. — 64%, 1999 ж. -70%, 2002 ж. — 71%-ы құраған.
Өзіндік құнды азайту үшін факторлық талдау жүрізіп, жаңа технологияларды енгізу, өндірісті ұйымдастыруды, еңбек өнімділігі мен басқаруды жақсарту есебінен оны түсіру жолдарын анықтау қажет. Өнімнің өзіндік құнының азаюы пайда мен рентабельділіктің артуына едәуір әсер етеді. Өнім бағасына кіретін рентабельдіктің деңгейі кеңейтілген ұдайы өндірісті қамтамасыз ету, шығындарды жабу және бюджетке салық пен төлемдерді төлеу үшін жеткілікті болуға тиіс.
Шығындардың өзгермелі және тұрақты деген екі түрі болады:
Тұрақты шығындар өндіріс пен өткізу көлеміне қатыссыз қосымша шығындар екені белгілі. Компания өндіріс көлеміне қарамастан, ай сайын жалға алғаны үшін ақыны, несие үшін процентті, жылу ақысын, жалақыны және т.б. төлеуге міндетті. Бұлар тұрақты шығындарға жатады.
Өзгермелі шығындар — өндіріс көлеміне тікелей байланысты болатын шығындар. Өнімнің әрбір бірлігі үшін шығындар тұрақты болып қалады, бірақ олардың жиынтық көлемі өндіріс көлеміне байланысты өзгереді. Бұлар — шикізат, материалдар, құрал-жабдықтар және т.б.
Жиынтық шығындар — бұл белгілі бір өндіріс көлемі кезінде болатын тұрақты және өзгермелі шығындардың жиынтық сомасы.
Тауар бағасы шығындар жиынтығы мен пайдадан тұрады:
мұндағы:
Б — баға;
Жш — жиынтық шығындар;
П — пайда.
- Сұраныс. Нарықтық экономика жағдайында сұраныс -нарықтық бағаның өзгеруіне әсер ететін негізгі фактор.
Баға мен нарықтық сұраныс арасында тығыз тәуелділік бар, олар бір-бірімен кері пропорционал байланыста болады. Бұл өзара байланыс сұраныс заңы мен баға икемділігі арқылы түсіндіріледі, оны нарықтық сұраныс қисығы түрінде көрсетуге болады.
Сұраныс қисығы
Бұл қисық баға мен сатылатын өнім көлемі арасындағы кері байланысты көрсетеді, яғни, басқадай өзгерістер болмаған жағдайда тауар бағасы өссе, онда осы тауарға деген сұраныс төмендейді.Керісінше тауар бағасы төмендесе, сұраныс жоғарылайды.Бұл құбылыс — сұраныс заңы деп аталады.
Егер тауар массасының салыстырмалы өзгерісі бағалардың салыстырмалы өзгерісінен көп болса, ондай сұраныс икемдіболады. Мысалы, шоколадқа, кофеге, алкогольге және т.б деген сұраныс осы сипатта болады.
Егер баға өзгерген кезде сұраныс іс жүзінде өзгермесе, оны — икемсіз сұраныс деп атаймыз.
Сұраныстың бағалық икемділігі (эластичность) (Эс) мына формуламен анықталады:
Мысалы, егер баға 2%-ға өссе, сұраныс 10%-ға азайса, сұраныстың бағалық икемділігі — 5-ті құрайды, бұл сұраныс пен баға арасындағы кері байланысты көрсетеді. Егер баға 2%-ға өскенде сұраныс 1%-ға азайса, сұраныс икемділігі 0,5-ке тең, яғни, бұл икемсіз сұранысты көрсетеді.
Мұндай жағдайда сатушы бағаның өсуін қалайды. Егер сұраныс икемді болса, сатушы бағаны төмендетеді. Икемді сұраныс жағдайында мұндай саясат сату көлемі мен жалпы табыстың өсуіне әкеледі.
Тауар бірегей (уникалды), жоғары сапалы, айрықша қасиеттерге ие болса, оған айырбас табу қиын немесе тұтынушының оны алуға кететін бюджетіне оншалықты әсер етпейтін жағдайларда сатып алушылар бағаның өсуіне онша сезімтал болмайды. Мысалы, ет өнімдеріне қарағанда, еттің белгілі бір сорттарына деген сұраныс икемді, ал тұзға деген сұраныс икемсіз, себебі, оны ауыстыратын алмастырғыштар немесе субститут тауарлар жоқ.
- Тұрғындардың сатып алу қабілеті — олардың ақшалай табысына байланысты. Қазақстанда соңғы жылдары орташа жалақы өсіп келеді. Мысалы, 1997 ж. республикадағы орташа жалақы — 17300 теңгені құраса, 2002 ж. — 20305 теңгені құрады, бұл тұрғындардың сатып алу қабілетінің біршама өскендігін айғақтайды.
- Ақша өрісінің жағдайы. Бұған кіретіндер: тұтынушыларда бар ақша көлемі, инфляция деңгейі, оның серпіні, ұлттық ақша бірліктерінің, валюталық бағамдардың қозғалысы және тағы басқалары.
- Бәсеке. Ол бағалық және бағасыз болады. Бағалық бәсеке — тауардың бағасын өзгерту арқылы бәсекелестік күрес жүргізу. Бағалық бәсекенің тетігі мынада, фирма өз тауарына нарықтық бағадан төмен бағаны белгілейді, сол кезде бағаларды төмендетуге мүмкіндігі жоқ бәсекелестер нарықтан кетуге мәжбүр бодады.
Бағасыз бәсеке ~ тауар сапасын, оның ерекше қасиеттерін, қауіпсіздігін, сервисін, әсемділігі мен дизайнын және тағы басқа сипаттамаларын жақсарту арқылы жүргізетін бәсекелестік күрес.
- Бағаларды мемлекеттік реттеу. Шаруашылық субъектілердің баға саясаты көбінесе мемлекеттің бағаларды реттеу саясатына байланысты болады. Бұл реттеу тікелей (табиғи монополия бағасын реттеу және келісімді бағалар белгілеу) және жанама түрде жүргізілуі мүмкін. Табиғи монополияға: құбыр арқылы газ және мұнай тасымалдайтын, газ өңдейтін, көмір өндіретін, теміржол және байланыс, электр қуаты кәсіпорындары, су шаруашылығы жүйелері және коммуналды шаруашылық саласында қызмет ететін кәсіпорындар жатады. Қазақстанда оларға «Казтрансгаз» ЖАҚ, «Қазақстан темір жолы» ЖАҚ, «Қазтелеком», «Водоканал» РМК, әуежай және т.б. жатады.
Табиғи монополия бағаларын қалыптастырған кезде монополияға қарсы органдар өнімнің бірлігін шығаруға кететін шикізаттың, материалдың және энергия шығындарының бекітілген мөлшерінің бар-жоғы, олардың дұрыс қолданылуын, пайданың және бөліну тәртібін тексереді.Реттелетін бағалардың шегін тиісті мемлекеттік орган пайда сомасының мөлшері мен тауар немесе қызмет өндірушілер ұсынатын смета бойынша белгілейді.
Жанама (экономикалық) реттеуге салық нормасын, міндетті төлемдер мен айыппүлдар мөлшерін белгілеу арқылы мемлекеттің бағаның белгілі бір элементтеріне әсер етуі, сонымен қатар ақша-несие саясатын реттеу жатады.
- Тауар сапасы. Жоғары сапа тауарларға жоғары баға қоюға мүмкіндік береді. Төмен сапалы тауарлар фирма беделін түсіріп, клиенттерді жоғалтуға, сату көлемінің азаюына әкеледі, сондықтан бұндай тауарларға төмен баға тағайындалуы мүмкін.
- Тасымалдау көлемі. Тасымалдау көлемі неғұрлым жоғары болса, тауардың әрбір данасына кететін шығындар соғұрлым аз болады да, бағаны төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл үшін көлік құралдарын (вагондық, контейнерлік және т.б.) неғұрлым толтыра тиеп, оларды тиімді қолдану қажет.
- Сатушы мен сатып алушы арасындағы өзара қарым-қатынас арқылы бағаның нақты мөлшері, белгілеген кезде қолданылатын жеңілдіктер үстеме баға деңгейі мен түрлері айқындалады.
- Жеткізу шарттары. Транзиттік жеткізу — кезінде тауарды жабдықтаушыдан тұтынушыға тікелей жеткізеді. Қоймалық жабдықтау дегеніміз — тауарды делдалдар мен алыпсатарлар желісі арқылы, яғни, ірі көтерме саудагерлерден ұсақ көтерме саудагерлерге дейін жеткізгенде жүзеге асады. Әрбір делдал тауар өндірушінің бағасына өзінің шығындарын қосады, осылайша тауар бағасының елеулі түрде өсуіне әсер етеді.
Барлық факторларды бағалау, тауардың түпкілікті бағасы мен оның түрін анықтайды.