Кәсіпорынның қаржы жағдайының болжамдық моделін жасау кәсіпорынды қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету бойынша бас қаржылық стратегия жасау үшін, оның болашақтағы мүмкіндіктерін бағалау үшін қажет. Ол кәсіпорынның шынайы қаржылық мүмкіндіктерін, ішкі және сыртқы факторларды зерттеу негізінде жасалуы қажет және негізгі, айналым қорларын, меншікті және қарыздық капиталды, пайданы бөлістіру, инвестициялық және баға саясатын тиімділеу сияқты мәселелерді қамтиды. Бұл жерде негізгі назар ақша табыстарын өсірудің ішкі резервтерін анықтау және мобилизациялау, өнім және қызмет көрсетудің өзіндік құнын ең жоғары деңгейде төмендету, пайданы бөлістірудің дұрыс саясатын таңдап алу, кәсіпорын капиталын оның барлық айналымында тиімді пайдалануға аударылады.
Шаруашылық субъектінің қаржылық тұрақтылығын болжаудың негізгі 4 әдісін бөлім көрсетуге болады: экстрополяция, айналым мерзімі әдісі, бюджеттеу әдісі, алдын-ала (болжау) баланс әдісі.
Бірінші әдісті пайдалану кезінде жай коэффициент (таза айналым капиталының сату көлеміне қатынасы) немесе байланыс теңдеуінің көмегімен бейнеленуі мүмкін айналым капиталы мен сату көлемі арасындағы тікелей байланыс мүмкіндігі есепке алынады:
Y=a+bx,
Бұл жерде, a – таза айналым капиталының тұрақты шамасы;
b- айналым капиталының сату көлеміне тәуелділік деңгейін бейнелейтін регрессия коэффициенті;
Бұл коэффициенттің мәнін және болжамдық сату көлемін білу арқылы таза айналым капиталына қажеттілікті анықтауға болады.
Таза айналым капиталын анықтаудың екінші әдісі өндірістік-коммерциялық циклдың ұзақтығын зерттеуге негізделген: қорлардың айналымдылық кезеңі + дебиторлық қарыздардың айналымдылық кезеңі – сату бойынша бір күндік айналымға көбейтілген кредиторлық қарыздардың айналымдылық кезеңі.
Мысалы, жоспарланған өнім сату көлемі – 150 млн. тг, қорларды қоймада сақтау мерзімі – 80 күн, жабдықтаушылардың несие мерзімі – 30 күн, дебиторлық қарыздарды өтеу мерзімі – 35 күн. Қорытындысында меншікті айналым капиталына қажеттілік: (80+35-30) х 150/360 = 35,4 млн. тг.
Бірақ бұл әдістің де кемшілігі бар. Өйткені айналымдылық мерзімі нормативтік болып табылмайды, ол әр түрлі факторлардың әсерінен өзгереді, сондықтан болжауды және дәлдікті қажет етеді.