«Өзім» саяси концептісінің тілдік табиғаты

Саяси коммуникацияда билік концептісінің айналасына «президент», «үкімет», «оппозиция», «халық» лексамалары жинақталатыны белгілі. Концептілердің семантикалық табиғаты, құрылымы саяси дискурстағы жағдаяттарды айқындайды. Ол жағдаяттар концептілерді «өзім» және «өзге» топтарына жіктеуге мүмкіндік береді.

Ғылыми зерттеулерде «Өзім» концептісі – оппозиция, «Өзге» — билік жақтастары деген ұғымды білдіреді» деп тұжырымдалған [1, 19]. Саяси дискурста оппозиция деп танылатын «өзім» бинарын зерттеушілер әр қырынан қарастырған.

Лингвосаясаттануда «өзім-өзге» концептісі антилексикалық, яғни «дос-дұшпан» тізбегін құрай отырып, саяси әлемнің ерекшелігін, кез келген моральдық, экономикалық, этникалық т.б. немесе ішкі саяси қарама-қарсылықтарды белгілейді. Егер бұл жүйе саяси принциптиерге сәйкес келген жағдайда адамдар тобын шартты түрде «дос-дұшпанға» ажыратады. Бұл екі топтың айырмашылығын К. Шмит былайша түсіндіреді: «смысл различения друга и врага состоит в том, чтобы обозначить высшую степень интенсивности соединения или разделения, ассоциации или диассоциации. Не нужно, чтобы политический враг был морально зол, не должен он непременно оказаться хозяйственным конкурентом, а, можеть быть, даже окажется и выгодно вести с ним дела. Он и есть именно иной, чужой» [2, 40].

Саяси лингвистикада «өзім» концептісі оппозицияның билікке деген көзқарасы, бағалауы деп түсіндіріледі. Дегенмен баспасөз мәтінінен жинақталған деректерге қарап, бір ғана оппозицияны «өзім» деу көп жағдайларға сәйкес келе бермейді. Саяси әлемде оппозицияның, биліктегінің де өзіндік «мені» және «өзгені» бағалау пайымы біркелкі емес. Ендеше «өзім» концептісіне концептуалдық талдау жасап, ондағы концептілердің жасалу жолдарына тоқталайық.

«Өзім» лексемасына тіл білімінің түсіндірме сөздігінде мынадай анықтама берілген: «1. Өз қара басының ғана қамын көздейтiн, өз мүддесiн қоғам мүддесiнен жоғары санайтын. Бастық өзiмшiл болса коллективтiң соры (Сағанаев). 2. ауыс. Өр көкiрек, менмен, тәкаппар. Аудан басшысы өр көкiрек өзiмшiл жiгiт (Досжанов). ӨЗІМШІЛДІК. 1. Жеке басының мүддесiн көздеушiлiк, өз пайдасын ойлаушылық. Құрсын-ай, өзiмшiлдiк деген қандай жаман едi (Салғарин). 2. Өр көкiректiк, менмендiк, тәкаппарлық. Өзiмшiлдiк, мансапқорлық — қоғамға жат мiнез. ӨЗІМШІЛДЕУ. Өр көкiректеу, менмендеу, тәкаппарлау. Бәтес өзiмшiлдеу, өкпешiлдеу (С.Мұқанов)» [3, 342].

Кез келген тіл элементтері белгілі бір деңгейдегі тұратыны секілді, «өзім» концептісінің де жасалу, берілу, сипатталу жүйесі, формалары бар.

  1. Өзім тізбегін құраушы элементтер газет тілінде заттанған сын есім, сан есім, есімше, етістіктер арқылы беріліп, бағалаушының адресантқа деген лебізін анықтайды. Мысалы, Әлем экономикасын қамтыған ауыр дағдарыстан да біздің еліміз осы Ата Заңның әділдігі, Елбасымыздың көрегенділігі мен даналығы арқасында өтіп келеді («Егемен Қазақстан», 17.10.11). Нұрсұлтан Әбішұлы бір елдің ғана қорғаушысы, жақтаушысы болып қана қойған жоқ («Егемен Қазақстан», 26.01.11). Қоғам белсенділері Ақжанат Жиенов, Естай Қарашев халықтың жоғын жоқтаймыз деп, қанша зардап шекті?! («Дат», 25.10.12) т.б. Сөйлемдердегі қорғаушы, жинақтаушысы деген лексемалар биліктегілердің «өзім» сипатын танытса, қоғам белсенділері оппозиция өкілдері іс-әрекетінің нәтижесі. Мәтін авторы құндылықтар межесін сақтай отырып, өзінің жақтастары туралы баяндағанда, оң, жағымды мәндегі бірліктерді молынан қолданады.

Газет мәтініндегі концептілер мазмұны мәтін субьектісінің оқиғаға, құбылысқа, іс-әрекетке деген бағалаушылық, дәйектеушілік, эмоционалдылық категориясынан туындайды. Бұл ретте ғалымдар бағалауды қарым-қатынасқа тән публицистикалық универсалий қатарына жатқызады. Е. М. Вольф субъектінің объектіге бағытталған бағалауыштық қатынас белгілерін эмотивтік, эмоционалдық, рационалдық, аффектілік [4] деп бөліп көрсетеді. «Эмоционалды бағалау субъектінің объектіден алған әсерінен туындайды да, әртүрлі эмотивтер (одағайлар, көңіл күй одағайлары) арқылы көрініс табады. Ал рационалды бағалау субъектінің назарына түскен объектіге жағымды, жағымсыз, орынды-орынсыз, қолайлы-қолайсыз, икемді-икемсіз т.б. деп сипаттай баға беруінен көрінеді» [5, 172].

«Өзім» концептісі табиғатына негіз болатын бірліктер қабыса байланысқан тіркестерде көрініс табады. Мәселен, Бәрін жергілікті мердігерлер атқарды («Егемен Қазақстан», 21.10.11). Осындай баға жеткісіз еңбек сіңірген Нұрсұлтан Әбішұлы тәжірибелі капитан тәрізді өзінің кемесін жарқын мақсатқа, бейбітшілікке, тұрақтылық пен өркендеуге қарай бастай беруі тиіс деп есептеймін. Нұрсұлтан Назарбаев – Ұлы Даланың ұлы реформаторларының теңдессіз рухани мұрагері («Егемен Қазақстан», 06.01.11). Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған, аумалы-төкпелі кезеңде Президент Нұрсұлтан Назарбаев – аса көрнекті реформатор және әлемдік ауқымдағы ірі саясаткер ретінде бүкіл әлемге танымал болды («Егемен Қазақстан», 07.01.11). Жергілікті мердігерлер, тәжірибелі капитан, ухани мұрагер, көрнекті реформатор концепті мазмұнын ашудағы негізгі сөз тіркестері автордың саяси тұлғаның қасиетін көрсетудегі лингвистикалық тәсілі және оқырманның, автордың бағалау категориясы. Бағалау категориясы түрлі жағдайда жүзеге асады. Медиалингвист Қ.Есенова субъекті тарапынан берілетін имплицитті түрде бағалаудың үш түрін дәйектеген. Олар:

  1. Газет мәтінінде баяндалып отырған оқиғаға субъектінің қатысы жоқтығын көрсету мақсатында ол, олар есімдіктері қолданылады (санайды, қарастырады). Мысалы, Қазақстан ұлттық және рухани лидер бар. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев («Егемен Қазақстан», 26.01.11).
  2. Газет материалына арқау болған оқиғаға субъектінің мүлдем қатыссыздығын көрсету үшін жақсыз конструкциялар қолданылады (өкінішке орай, шын мәнінде, солай деп тану керек). Мысалы, Оның мәртебелі ауыр жүгін Ғалымжан тектес арлы азаматтар ғана көтере алса керек («Жас Алаш», З1.03.0).
  3. Бағалауды жүргізіп отырған субъектіні тасада қалдырып, тек бағаның өзін беруді мақсат еткенде ырықсыз етіс формасының қатысуымен жасалған конструкциялар қолданылады (жасалады, назардан тыс қалдырылады, іс-әрекет тоқтатылады [5, 176]. Мысалы, Билік құрамында жүріп құлтемірше бас шұлғудан жалыққан Жармахан Тұяқбай, Әміржан Қосанов, Болат Әбілов сынды қайраткерлер кәріне мінгенде шенеуніктер былай тұрсын, Елбасының өзін есін шығаратын сындарды айтып салады («Қазақстан Заман», 12.01.12)

Біз концепт деп танитын тілдік тізбектер, олардың семантикалық қабаты түрлі форамада көрініс табады. Тіл біліміндегі көпшілікке белгілі форма – тілдік перифразалар. «Перифраз дегеніміз – затқа, ұғымға анықтама, түсінік беру емес, оған ат, атау беру (номинация). Ат бергенде жай ғана ат емес, бейнелі атау; заттың, құбылыстың басты белгісін немесе оған тән ерекше қасиетін суреттеп, бейнелеп беретін тіркесті атау (сөз орамы немесе тұрақты сөз тіркесі)» [6, 25]. Осы анықтаманың негізінде ғалымдар қоғам тақырыбына қатысты тілдік перифразаларды лексика-семантикалық топтарға бөледі: ел, мемлекет, республика, жер, су, құрылық, қала, уақыт, мезгіл, тарихи оқиғалар [6, 105-110]. Баспасөз мәтінінен жинақталған материалдарда «президент», «билік», «оппозиция» т.б. концептілердің табиғатын аша түсетін тілдік перифразаларды кездестіреміз. Мысалы, Нұрсұлтан ел тірегі, ел намысы. («Егемен Қазақстан», 22.01.11). Нұрсұлтан Әбішұлы шын мәнісінде ұлттың Көшбасшысы, елдің үмітін ақтаған, арманын алға апарған қайраткер («Егемен Қазақстан», 07.01.11). Алтынбек – қазақ тарихында алтын әріппен жазылып қалған тұлға («Дат», 23.02.11). Ел тірегі, ел намысы, қайраткер, алтын әріппен жазылып қалған тұлға тілдік перифразалары танымдық мағыналардың ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді. Автор саяси тұлғалардың қасиетін бейнелеуде тіркесті атауларды тиімді пайдаланып тұр. Алғашқы сөйлемдегі сөз тіркестері билік тобындағы «өзім» болса, екіншісі қарсыластардың өзіндік «мені». Бұл тұста ақпаратты беруші автор саяси жағдайды уақыт мерзіміне сәйкестендірген. Ел тірегі, ел намысы деген ойды жеткізуші сөйлем осы шақ формасында берілуі, іс-әрекеттің әлі күнге жаслғасып келе жатқанын білдірсе, екінші сөйлемдегі әрекет өткен шақ формасында қолданылып, саяси қоғамда өзіндік із қалдырған, өмірден озған тұлғаның сапалық қасиеті, оның келешектегілер үшін үлгі болатынын баядап тұр. Оқиғаның өтуіне байланысты икемделетін сөйлемдер журналист тарапынан орынды қолданылған.

Саяси таным құрылымын аудиторияға бейнелі жеткізуде қолданылатын ең ұтымды тәсілдердің бірі – метафора. Когнитивтік феномен ретінде танылған метафораның аталымжасалуындағы маңызы туралы Б.Қасым: «Метафора аталым тұрғысынан бейнелілік қасиетінен өтіп тек ұғымға атау беру қызметіне көшеді» [7] — деп тұжырымдайды. Ал А.С. Сыбанбаева «Қазақ тіліндегі концептуалдық метафораның қызметі» деген зерттеу еңбегінде: «Танымдағы әрбір жаңалық тілдің қорын кеңейтіп, оның қорына жаңа метафораларды қосады. Тіл өзінің даму жолында әрдайым үнемді және нәтижелі тәсіл – метафоралану арқылы дамиды» – дей келе, «Адамның ақыл-ойы салыстыруға келе бермейтін семантикалық концептілерді (ұғымдарды) салыстырудың нәтижесінде метафора туындайды. Сондықтан метафораның жасалу механизмін зерттеу – адамның ойлау процесін зерттеу деген сөз» – деп, ой түйеді [8,16-21].

Визуалды ақпарат әлеміндегі саяси метафоралар жоғарыдағы дәйектемелерге сәйкес беріледі. Оны баспасөз материалдарындағы мысалдардан анық байқай аламыз. Мысалы, Біздің Елбасымыз – адамзаттың Тәурат заманынан көкірегінде аялап келе жатқан сол асыл арманын жүзеге асыруды бастаған адам. Семсерден соқа соққан саясаткер («Егемен Қазақстан», 23.10.11). Нұрсұлтан ӘбішұлыҰлт көшбасшысы. Көріпкелі. Ұлт намысының қамшыгеріН. Назарбаев – адамзат тарихын терең білетін, замана ағымын жіті ойлайтын, әлемнің озық тәжірибесін ұтымды пайдаланып, ата-бабадан қалған асыл өнегені әдемі ұштастырып келе жатқан стратег, тәуелсіздік заманының бірнеше ұрпағын өсіріп келе жатқан тәлімгер деген сөздері еріксіз ойға оралады. («Айқын», 1.12.12). Демек, Қазақстандағы демократияның беломыртқасықазақтілділер («Жас Алаш», 29.03.05). Әзірге «Ұлы дала» қозғалысының алдына түсіп «Қырандар» қырағылық танытты («Жас Алаш», 18.10.11).

«Өзім» концептісін тізбектейтін лингвистикалық белгілердің бірі – фразеологизмдік тіркестер. Фразеологизмдер оқиғаны, саяси құбылысты, тұлғаны бейнелеп жеткізудегі ең ұтымды тәсіл. Сондай-ақ мәтінге эмоционалдық реңк тудыратын, халық тілінде дүние танумен қалыптасқан негізгі тілдік белгілер. Еркін тіркесті сөз оралымдарына нақты материалдар арқылы көз жеткізелік. Мысалы, Сол дәйектерді тағы бір жаңғыртып өтсек, жаңа Қазақстанның жаңа тарихындағы жасампаз тұлға жарқырап шыға келдіЕгемен Қазақстан», 07.01.11). Ол – біздің жоспарларымыздың іске асуының, мемлекетіміздің нығаюының, тұрақтылығының, бейбіт өміріміздің, отбасымыздың бейбітшілігінің кепілі, еліміздің дамуының басты идеялық демеушісі («Егемен Қазақстан», 07.01.11). ЕХРО – 2017 көрмесін Қазақстанда өткізу туралы шешім – бұл тарихи оқиға, Елбасының әлемдік тұлға екендігінің тағы бір айшықты дәлелі («Егемен Қазақстан, 1.12.12). Өзі кетсе де артында алтындай сөзі, халқы үшін жасаған еңбегі қалды. Алтыекең – біздің рухани темірқазығымыз («Дат», 23.02. 11). Жасампаз тұлға, идеялық демеуші, рухани темірқазық сынды фразалар автор тілдегі дайын сөз тіркестері қабатынан алып, өз мақсатына жеткен. Сонымен бірге тұрақты сөз тіркестері де жиі көрініс тапқан. Өзіңіз бас-көз болып тәрбиелеген, ел десе, жер десе басын бәйгеге тігетін мемлекетшіл тұлғалар, шәкірттеріңіз бар («Жас Алаш», 11.01.11). Өйткені үкіметті, Назарбаевты мақтайтын жазушылар үшін жыл – жұмақ, ел саясатындағы әсіре бояуға жаны төзбейтін тәуелсіз ойлы азаматтар үшін қай жылдың да әуре-сарсаңы мол болатыны – қалыпты жағдай («Дат», 12.01.11). Ал біз оны іске асыра алдық, себебі біздің көшбасшымыз – алысты болжай білетін данышпан. («Дат», 09.03.11).

Қоғам дамуындағы өзгерістер тілге әсер ететітні дәлелденген аксиома. Әрбір сөз өз кезегінде актив қолданыста немесе керісінше болатыны белгілі. Мәтіндегі ақпараттың әсерлілігі, бейнелігігі ондағы сөз қолдану тәсілдерімен тікелей байланысты. Кез келген ақпараттық мәтіннің энергетикалық сипаты сөз ойнату, логоэпистемалар, антонимдік конструкциялар т.б. интенсификаторлардың қасуымен ерекшеленді.

Логоэпистемалар реципиентке бұрыннан таныс мәтіндерден алынып, өзгеріссіз немесе трансформацияланған дәйексөздер мәтінде белгілі бір астарлы мән тудырып, онда баяндалатын оқиғаға қандай да бір баға береді Әсіресе, әдеби шығармалардан алынған логоэпистемалар қазіргі қазақ газеттерінде жиі қолданады деуге болады. Мысалы, Қабдеш, «қайда барасың»? («Жас Алаш», 03.08.06). Астарлы мәндегі логоэпистемалар көбіне тырнақшада беріліп, оқырманның назарын, пайымын жасырын астарға мән беруге бағдар береді. Жоғарыда келтіріген мысал көркем әдебиеттегі «Керей, қайда барасың?» деген толғаумен сәйкестендіріліп, трансформацияланған. Оқырманға бұрыннан таныс ұғымдардың күтпеген жерден өзгеріп кетуі, газет мәтінінің қабылдану қарқындылығын күшейте түседі.

Қазіргі таңда газет мәтінінде «өзім» концептісін танытатын саяси клишелерден бағамдауымызға болады. Саяси клише — мәтінде саяси құбылысты, оқиғаны немесе саяси тұлғаны танудан, бағалаудан туындаған номинативті тіркестер. Саяси клише аз сөзге көп мағынаны үстейді, яғни ақпараттың қысқа да, нұсқа түрін береді. Саяси клишені ұғыну үшін мәтіндегі контекст мазмұнын бағамдау қажет. Кей тұста саяси клишелер контексте қолданулыуына байланысты түрлі мағыналық қабаттарға ие. «Өзім» концептісіндегі саяси клишелер көшбасшы, тұғыр, лидер т.б. сөздердің байланысы негізінде құралады. Мысалы, Тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, еліміздің даму жолын айқындап берген Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатын бүкіл әлем мойындады («Егемен Қазақстан», 17.10.11). Шенеуніктердің қазіргі екпіні мен шабысына қарасақ, биылғы жылдың ең басты тақырыбы – «Тәуелсіздіктің тұғыры – Н. Назарбаев» деген қағидаға тірелетін секілді («Жас Алаш», 11.01.11). Ол Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрушы, барлық қазақстандықтарды дініне, діліне, тіліне қарамастан бір тудың астына топтастыра білген нағыз ұлт лидері («Егемен Қазақстан», 22.01.11). Қазақстан ұлттық және рухани лидер бар. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев («Егемен Қазақстан», 26.01.11). Қазақстан Патриоттары партиясының серкесі, сенатор Ғани Қасымов та Алматыда жиі болып, осындағы көптеген іс-шараларға қатысып жүр («Егемен Қазақстан», 05.01.12)

«Өзім» концептісін жинақтай келген мынадай қорытынды тұжырымдар жасуға болады:

  • Газет мәтініндегі «өзім» саяси концептісі өзіндік «менді» бағалау негізінде қалыптасады және «өзгеге» қарама қарсы позицияны ұстанады;
  • Бүгінгі газет мәтіндеріндегі «өзім» концептісі түрлі тілдік тәсілдер арқылы беріліп, саяси ақпараттық әлемнің тілдік бейнесін анықтайды;
  • «Өзім» концептісі күрделі тілдік элемент болғандықтан, лексика-семантикалық белгісін бір ғана сөздің формасымен нақтылау қиын. Сондықтан оның семантикалық элемнеттері сөйлемде, мәтінде тұтас немесе жекелік күйде анықталады.

«Өзім» тілдік бірлігін концептуализациялау белгілі бір тілдік ұстанымдарға сүйеніп жасалады, сондай-ақ, адамзат санасында бейнеленген, өңделген саяси ақпараттардың тілдік кешенді жасауда маңызды рол атқарады.

Резюме

В данной статье рассматриваются когнитивное содержание политических концептов и их особенности и использования в газетных статьях.

Summary

In the article the cognitive content of political concepts and the peculiarities of their use are considered.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Уәли Н. Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы. Алматы, 2004. — 198 б

  1. 2. Шмитт К. Понятие политического // Вопросы социологии. 1992, №1. С. 35-67

3.Қазақ тіл білімінің түсіндірме сөздігі. — Алматы: Ғылым, 1976. — 673 б.

  1. 4. Вольф Е. М. Функциональная семантика оценки. М, 2002. – 280 с.
  2. Есенова Қ.Ө. Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы. Алматы, 2007.- 450

6.Қалиев Б. Қ, Жеребаева Л. Р Қазақ тіліндегі тілдік перифраздар. Алматы, 2011. – 138 б.

7.Қасым Б. Күрделі аталым жасалымы: когнитивтік-дискурстық ұстаным (Зерттеулер) – Алматы, 2010. – 383 б.

8.Сыбанбаева А. С. Қазақ тіліндегі концептуалдық метафораның қызметі. Алматы, 2004.