Асқардың жырлаған тақырыбы, жанрлық ерекшеліктері, көркемдік стилі жағынан әр алуан. Оның бер жағында Асқар творчествосы, оның өзіндік ерекшеліктері, көркемдігі мен идеясы жайлы жазылған зерттеу сын мақалалары аз емес. Ақын туралы сын мақалаларға көз жіберер болсақ, оның әр кезде жазған жеке-жеке шығармаларындағы сәтті, сәтсіз жайлар кезінде көрсетілді, жазылды. С.Мұқановтың, Ә.Тәжібаевтың әдебиеттің дамуына байланысты Асқар творчествосы жөнінде айтқан пікірлері мен сындарынан басқа, оның поэзиясына айрықша тоқталып, талдау жасап, түйінді пікірлер айтқан талантты жазушы С.Ерубаев болды. Ақын шығармалары туралы І.Жансүгіров, Қ.Бекқожин, Т.Нұртазин, Е.Исмайылов, С.Төлешев, Ә.Тәжібаев, Т.Әлімқұлов, С.Қирабаев, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Р.Бердібаев және М.Бәйділдаев тағы басқа да ақын-жазушылар ақын Асқар творчествосына пікір айтудан шет қалған жоқ.
Асқар творчествосы туралы ең алғаш жазылған сындардың ішіндегі көлемді де мазмұндысы С.Ерубаевтың сыны болғандықтан, соның төңірегінде сөз қозғасақ, С.Ерубаев ақын поэзиясының күделікті өмір тынысымен тығыз байланысып жататынын жоғары бағалады.
“Асқар пролетариат әдебиетіне қандай жолмен келді? Асқар коммунистер партиясы бастап отырған пролетариаттың социалистік құрылысына қалай қатынасты? Асқар пролетариат ақыны ма?”-деген сұраулар қойылып, соларға өзінше жауап береді.
“Қазан революциясы болғанда завод, фабрика қожайындары мен жұмысшылар тартыста болып, аштық, өлім, апат болды. Орыс пролетариаты басқа ұлттық бауырластарымен бірігіп бостандық алды. Осы төмен құлдыраған шаруашылықты кемеліне келтіру дәуірінде Қазақстан пролетариат жазушыларының екінші буыны болып Асқар туды. Асқар басынан екі дәуірді өткізді. Ол әдебиет майданында комсомол ортасынан тәрбиеленіп, шынығып келіп кірісті. Ол әдбиеттің әр түрінде (өлең, әңгіме, очерк, сықақ, фельетон) жазды. Тап майданында өзінің өткір қаламын тап дұшпандарына, жат адамдарға, тап жауына түйрей білді. Оларды ұлы тілімен сықақтап, бет пердесін аша білді. Жаңа өсіп келе жатқан пролетариат кадрын, завод тұрмысын, құрылыстың шегесін, тетігін шамасы келгенше суреттеуге кірісті. ¤мірдің түйінді мәселелерін, дәуірдің кезеңді жылдарындағы саяси істерімізді көре, көрсете білді”.
Асқар қазақ даласындағы социализм идеясын, бүгінгі заман тақырыбын жырлады. Теңдік алған кедейлердің азат өмірі, байларға қарсы таптық күресі, әйелдердің теңдік алуы, халық ішіндегі оқу-ағарту мәселесі, кедейлердің коллективтік шаруашылыққа бірігуі – ақынның алғашқы өлеңдерінің өзекті тақырыптары бола отырып, жаңа идеяны насихаттаушы ақын ретінде танытты.
Жаңа заман тақырыбын игеру Асқар лирикасында Қазан төңкерісінің маңызын, ол әкелген бостандықты, революция көсемі Ленинді жырлаудан басталды (“Мәңгі таң”, “Ленин ескерткішіне”, “¤зі өлді, жолы тірі”, “Он үш жыл”).
“Егінші”, “Мойын қос”, “Бізде алайық трактор”, “Наурыз” өлеңдерінен жаңа өмірге қадам басқан шаруалардың зор талабын, “Мұғалім”, “Жас дәрігер”, “Біздің әскер”, “Шойынқараның ойын қара” өлеңдерінен ізденіп, өсіп келе жатқан жаңа адамдардың бейнесін танимыз.
Бұл жылдардағы Асқар лирикасының басты тақырыптарының бірі –әйел теңдігі мәселесі. “Азаттық күн”, “Фатиманың хаты”, “Ағасының жауабы”, “Сәуле”, “Ажаркүл” атты өлеңдері азат әйелдердің өмір жолын бейнелейді. Асқар поэзиясының өмірмен байланысты сырларын С.Ерубаев міне осылайша сипаттады. Сыншы Асқар өлеңдерінің алуан тақырыпты, кең тынысты патриоттық пафосқа толы сыр-сипатын дұрыс ашып, көрсете білді. Осындай жетістікті жақтарын көрсетумен қатар сыншы Асқар творчествосындағы кемшіліктерге де тоқталып өтті. Асқар өмір туғызып отырған өзгерістердің мәнін түгелдей дұрыс түсініп, сезіне алмады. “Былтырғы көктем”, “Биылғы көктем”, “Маяк” өлеңдерінде Асқар мазмұнына қарамай, ұйқасты қуып кеткен-деді сыншы.*
Саттар қазақ поэзиясына және Асқар поэзиясына мынадай талаптар қойды: Жазушы жазам деп алған тақырыбын жете түсінуі керек. Күндегі ұранды жаттап алып, оны құрғақ тақпақтап қоймай, диалектика жолымен мәселенің шын маңызын түсіну, жұртқа түсіндіру керек.
1934 жылы және 1937 жылы жарық көрген Ғ.Тоғжановтың, Қ.Бекқожиннің сын мақалаларында Асқардың поэмаларындағы кемшіліктері баса айтылады.
З.Шашкиннің, Қ.¤теповтің, Б.Кенжебаевтің, Е.Исмайыловтың сол тұста жазған сын мақалаларында да Асқардың күнделікті өмір тақырыбын игерудегі табыстары мен кемшіліктері сөз болды. Профессор Е.Исмайылов “Сен мен шығарма” деген еңбегінде Асқардың шығармаларын үш салаға бөледі: лирика, поэма, сатира.
Егер XX ғасырдың басындағы және қазақ әдебиетінің алғашқы дәуіріндегі поэзиямызда фельетон, сатиралық өлеңдер жазуда С.Дөнентаевтың алатын орны ерекше десек, Асқар қазақ әдебиетінде бұл дәстүрді әлдеқайда дамытып тереңдете түсті. Асқардың сатиралық поэзияны дамытуына сөз жоқ орыстың классикалық әдебиеті, әсіресе В,Маяковский, Д.Бедный тағы басқа солар сияқты орыстың көрнекті ақындарының сатиралық поэзиясы үнемі әсер етіп отырғандығы даусыз.
Қазақ әдебиетінде әлі дамып жетілмеген сатиралық поэзияның әр алуан үлгілерін (фельетон, эпиграмма, мысал т.б.) дамыту жолында Асқар жемісті еңбек етті. Асқар қазақ әдебиетінде фельетон, сықақ, мысал жанрын дамытушы, әрі осы жанр арқылы кейінгі жастарға үлгі көсетуші десек қателеспейміз.