Сингармонизм фонологиясының терминдер қоры

Мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес бүгінде қазақ тілінің қоғамдық қызметін жан – жақты жетілдіру – бүгінгі күннің өзекті мәселерінің бірі. Осыған байланысты ұлттық тілдегі терминдік жүйенің қоғам алдындағы маңызы бұл салада көптеген міндеттерді жаңаша шешуді көздейді.Атап айтқанда, ол мемлекеттік тілдің жан –жақты қоғамдық қызметіне «жан беретін» терминдер табиғатын танумен байланысты.

Соңғы жарты ғасырда жалпы тіл білімінің, қазақ тіл білімінің қарқынды дамуына байланысты тілдік ұғымдардың, оларды білдіретін терминдердің мол қоры қалыптасып қолданысқа түсті.

Ұлттық тіл білімінде ана тілінің негізінде жасалынған термин интернационалдық терминнен де кейін пайда болуы мүмкін. Мысалы, 1924 жылы Х.Досмұхмамедұлы қазақ тілінің дыбыс жүйесін зерттегенде сингармонизм терминін пайдаланған, одан соң осы ұғымды атайтын аударма терминдер тіркестері пайда болды ( дауыстылар гармониясы, дауыстылар үндестігі – гармония гласных); одан соң (ХХ ғасырдың соңында) осы ұғымды атайтын үндестік, үндесім терминдері пайда болды.(3)

Сингармонизм мәселелері ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап бүгінге дейін зерттелініп келеді. Сингармонизм – тілдің дыбыс қорының сингармофонологиялық бағытта зерттелуінің, фонетиканы және әдеби дыбыстану нормаларын оқытудың салыстырмалы ізденістерінің негізі болып табылады.

Сингармониялық (сингармонологиялық) теорияның бір топ аталымдары мен ұғымдары, принциптерін қазақ тіл білімінде ғылыми айналымға ендірген Ә. Жүнісбеков сингармонизм фонологиясының терминологиясын күрделі зерттеп, 32 термин жасаған. (6.11б)

Ә.Жүнісбеков ұсынған сингармофонолиялық терминдер көп ғылыми ұғымдарды қамтыды, дыбыс қорының сингармониялық тұрғыдан зерттелуіне сингармониялық терминологияның ілгері дамуына негіз болды.

Ә.Жүнісбеков қазақ тілінің ең кішкене сегментті тіл құралына «фонема» терминінің орнына сингармема терминін қолдануды ұсынған.(2.4-5 б) Ал М.Жүсіпұлы дыбыс қорын зерттеу ғылымында бірінші орында фон «дыбыс», сонан соң сингармонизм, екпін,интонация т.б тұратындықтан «сингармофонема»терминін қолдануды ұсынды.

Сингармонологиялық фонологиялық терминдер қорының жасалу процестерінде тек түркі тілдерінің фонологиялық жетістіктеріне ғана емес, сонымен қатар тіл білім әлемінде белгілі фонологиялық теориялардың термин жасау жетістіктеріне сүйене отырып, М.Жүсіпұлы Москва фонологиялық мектебінің кейбір теориялық қағидаларын модификациялындырып, сингармонизм заңының принциптерімен синтездендірудің нәтижесінде қазақ тілі дыбыс жүйесінің мәселелерін түсіндіреді. Ғалым екі фонологиялық теорияның кейбір қағидаларын біріктіруінің негізінде тіл біліміне жаңа аталымдар қосты: Сингармотеория, сингармотермин, сингармофонема, сингармофонология, сингармодыбыстип, сингармофонологиялық позиция, сингармоинвариант, сингармовариация, сингармовариант, сингармотембр т.б. Оның алғашқы бөлігі сингармониялық аталымнан тұрса, екінші бөлігі МФМ-нің терминін қамтиды.(2. 97-98б).

Ә.Жүнісбеков «сингармовариант» терминін сингармофонеманың барлық позициялық сингармотүрлерін атау үшін қолданып, ағылшын фонологиясының «аллафон» (сингармоаллафон) терминінің мағынасымен теңестірді.

М.Жүсіпұлы «сингармовариант» терминінің мағынасын дәлірек былай деп түсіндіреді: “сингармовариант (үндесвариант) – сингармофонеманың құрамына енеді, әлсіз позицияда кездеседі, артикуляциялық және акустикалық жағынан басқа сингармофонемаларға ұқсайды. Мысалы: сингармовариант [ м] екі сингармофонеманың құрамына енеді: /м / — мал; /н /- нан ба? [нам ба] (1. 102б)”.

Термин жасаушы маманға жаңа терминді дүниеге келтіру бір мағынада қолданылып жүрген бірнеше синоним – терминдердің арасынан ең қажеттісін таңдап алу көп уақытты, көп ізденісті қажет етеді. Көп жағдайда мамандар өзінің білімі мен сезімталдығына, халықаралық ғылыми тәжірибеге терминнің ғылыми қолданыстағы жиілігіне, басқа сөздіктердегі, оқу құралдарындағы орнына, сипатталуына көңіл бөледі. М.Жүсіпұлы сингармофонема, сингармовариант, сингармовариация терминдерін жасағанда жалпы тіл біліміндегі фонография, фонометрия, фоностилистика сияқты терминдердің сөзжасамдық үлгісіне сүйенген(. 4. 72-81б)

Қорыта айтар болсақ, М.Жүсіпұлы сингармонизм фонологиясының терминдер қорын жасау процесінде мынайдай шарттарды сақтау қажет екендігін атап көрсетті:

-алдымен «фон» (дыбыс) сонан соң «сингармонизм»;

— сингармониялық тілдердің просодиялық доминантасы деп сингармонизмді анықтау;

-қазақ тілінің дыбыс жүйесін сингармонизм ұғымының негізінде зерттеп жазу;

— сингармонизмді түркі (қазақ) тілінің просодиялық доминантасы ретінде акцент пен тонға қарама –қарсы ұғымда пайдалану;

— қазақ тілінің дыбыс қорын акцентті – фонемалық теориялардың негізінде зерттеген процесте сингармофонологиялықтерминдерді пайдалану;

— акцентті – фонологиялық теориялардың кейбір терминдерін, жаңа мағыналық интерпретациядан өткізіп, сингармофонологиялық ғылыми ізденістер процесінде де пайдалану;

— акцентті – фонологиялық теориялардың (МФМ,ЛФМ) кейбір принциптерін сингармофонологиялық теорияның кейбір принциптерімен синтездендіріп, семантикалық интерпретациядан өткізу;

— сингармофонология теориясының терминдер қорын жасағанда алдымен, сингармонизм теориясының төл мүмкіндіктерін пайдалану, содан кейін акцентті және тоналды фонологиялық теориялардың да термин жасау мүмкіншіліктерін пайдалану; (1.103б)

Белгілі фонолог Л.Р.Зиндер жалпы ғылым туралы былай деген:

«… Задача всякой науки состоит не только в описании ее обьекта, но и в обьяснении наблюдаемых в ней явлений. В меру существующих возможностей наука обязана сказать не только как устроен изучаемый ею обьект, но и почему он так устроен» [5. 5 б].

Резюме

Научное открытия, представленные учеными А.Жунисбекова и М.Жусупулы в сингармофонологической терминологии казахского языкознания, найдут свое продолжение в будущем и определяет пути далнейшего развития фонологических исследований.

The ideas in the sphere of the Kazakh Synharmonological terminology will be followed in the future and thus define the main tendencies of the development of phonological research.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. М.Жүсіпұлы . Ахмет Байтұрсынов және қазіргі қазақ тілі фонологиясы . Алматы «Ғылым» 1998 –216 б
  2. Ерғалиев Қ. І.Кеңесбаевтың фонетикалық еңбектеріндегі ғылыми негізі. Канд.дис.авторефераты. Алматы -1998ж
  3. Досмұхамедұлы Х. Қазақ – қырғыз тілінің сингармонизм заңы Аламан –Алматы : Ана тілі 1991 81-99 б
  4. Джусупов М. Фонемография А.Байтурсынова и фонология сингармонизма. Ташкент: Узбекистан, 1995 – 176 с
  5. Л.Р.Зиндер Общая фонетика. 2-ое изд… доп. и прераб. М. 1979 – 312с
  6. Джунисбеков А. Проблемы тюркской словесной просодии и сингармонизм казахского слова: Автореф.дис…д-ра филолог.наук. Алма –Ата, 1988 -60с