Қазақстанның сыртқы нарыққа шығуындағы ортақ көлік жүйесін құру мәселесі

Қазақстанның қазіргі әлем нарығында алатын орны зор. Өз тәуелсіздігін алғаннан кейін Қазақстан Республикасы, қоғамдық өмірдің барлық салалары бойынша халықаралық ынтымақтастықтарға белсене араласуда. Бүгінде ол халықаралық ынтымақтамтықтың әртүрлі одақтары мен ұйымдарының (БҰҰ, ТМД, ШЫҰ, ЕЫҚҰ т.б.) мүшесі болып, өзінің дербес дипломатиясын қалыптастыруға мүмкіндік алды.

Осы тұрғыда Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі — Орталық Азия аймағында интеграциялық үдерісті дамыту, әлемнің көптеген еледімен экономикалық интеграцияны қалыптастыру үшін Ұлы Жібек жолындағы дәстүрлі коммуникацияларды қайта жандандыру және мұнай — газ құбырларындағы қазіргі заманғы коммуникацияларды дамыту болмақ. Бұл коммуникацияларды игеруде Қытай, Жапония сияқты әріптестердің үлесі басым.

Қазіргі таңда Орталық Азия аймағындағы экономикалық интеграцияның мынадай жетістіктерін атап айтуға болады: мемлекетаралық автомобиль жолдары мен теміржол көлігін бірлесе пайдалануда; үшінші елдер нарығына шығу үшін жүк транзитін қамтамасыз етуде; Транс – Азия – Еуропа (ТАЕ) байланысының талшықты – оптикалық желісінің ұлттық сегменттерін жобалау мен тұрғызуда; жердің жасанды серіктерін (ЖЖС) телевизиялық және радио бағдарламалармен алмасу үшін бірлесе пайдаланудың техникалық – экономикалық негізделген (ТЭН) жобаларын жасауда және жерді, автожолдарды, мемлекетаралық жалға беру туралы, фармацевтика өнеркәсібі мен денсаулық сақтау саласындағы келісімдер де іске асуда.

Сонымен қатар ТРАСЕКА шеңберінде көлік тасымалы саласындағы үйлестіру мемлекеттер арасындағы шекаралардан өтуді ресми рәсімдеуді аяқтау, жалпы инфрақұрылым, ең алдымен бірлескен көлік және энергетикалық жүйелерді сыртқы нарыққа шығу мақсатында құру бойынша өзара іс – қимыл, су-энергетикалық және су шаруашылықтарын бірлесе пайдалану мәселелері негізгі орынға қойылды.

ТРАСЕКА (Еуропа — Кавказ — Азия көлік дәлізі) 2009 жылдың қаңтарында «Орталық Азия елдері үшін халықаралық логистикалық орталық» ретінде құрылды. Жобаның ортақ міндеті логистикалық мүмкіндіктерді, желілердің өзара іс-қимылдары мен мультимодальды көлікті жетілдіру арқылы ТРАСЕКА дәлізі бойынша халықаралық саудаға және тауарлардың қозғалысына ықпалдасу болып табылады. Бұл жоба қаржылық, техникалық, экологиялық және институционалдық жағдайларды құрумен және ТРАСЕКА дәлізі бойынша логистикалық орталықтар желілерін құруға бағытталған зерттеулер жүргізумен айналысады. Орталық Азия — ТРАСЕКА дәлізіне Орталық Азияның төрт елі Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді. Орталық Азия – ТРАСЕКА көлік дәлізін дамытудың негізгі алғышарттары:

— халықаралық теңіз порттарын бірлесіп құру және пайдалану;

— халықаралық темір жол торабын дамыту;

— Eуропа-Азия авто магистралын құру, авто магистралдарды бірге дамыту және пайдалану;

— Орталық Азия территориясы арқылы өтетін Еуропа-Азия әуе жолдарын бірлесіп пайдалану;

— құбырлар магистралын құру болып табылады.

Қазақстан көптеген өркениеттер, этностар және діндер тоғысына орналасқан. Сондықтанда оған интеграциялық үдерістерді дамыту, саяси тұрактылық, ұлтаралық келісім және аймақтағы қауіпсіздік өте қажет. Сонымен қатар, еліміздің экономикалық потенциалы да мол. Қазақстан табиғи ресурстарға әсіресе, табиғи газ, мұнай, түсті металдар және басқа да пайдалы қазбаларға өте бай. Ауылшаруашылығы саласында мақта, астық, көкөніс және басқа да экономикалық дақылдарды дамытудағы мүмкіндіктері мол.

Қазіргі таңда дүниежүзілік экономикалық интеграциялану жағдайында көліктік қызмет көрсету нарығының да маңызы зор. Дүниежүзілік шаруашылықтың дамуы өнеркәсіптік өндіріс пен көлік қызметі шеңберіндегі көптеген мемлекеттердің біртұтастығымен және интеграциялануымен сипатталады.

Қазақстанның халықаралық тауарлық және қаржылық нарықтарға шығу жағдайында елдің көлік торабын дамыту маңызды мәселелердің бірі болып отыр.

Еуразиялық құрылықтың ортасында орналасқан Қазақстанның Оңтүстік – Шығыс және Шығыс Азия – Еуропа бағыттары бойынша транзиттік ағымдардағы мүмкіндіктері мол. Сондықтан да осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып экономика салаларының жедел дамуын ынталандырады. Экономика мен көлік кешенінің диалектикалық бірлікте дамуы Қазақстанның дүниежүзілік көлік жүйесіне қосылуы жолында мемлекеттің көліктік стратегиясын жетілдіруі қазіргі таңда алдыңғы қатарлы міндеттердің бірі болуда.

Қазақстан тікелей теңізге шыға алмайтын құрлық ортасындағы мемлекет ретінде әлемдік нарыққа тек көрші мемлекеттер арқылы ғана шыға алатындықтан көршілес елдермен көліктік интеграциялық байланыс орнатудың маңызы зор.

Көлік нарығы – қызмет көрсету нарығының маңызды бір саласы. Көлік бір жағынан тауарлар айырбасын іске асырушы болса, екінші жағынан ол – нарық субъектсі ретінде тауарлар мен жүргіншілерді тасымалдай орырып өз қызметін сатушы болып табылады.

Көлік кешені құрамын – темір жол, автомобиьл, әуе, өткізгіш құбырлар, теңіз және өзен жолдарының қатынастары енетін экономика инфрақұрылымын қалыптастыратын салалар құрайды.

Қазақстан көлік жүйесі бүгінде еуразиялық көлік жүйесімен интеграцияланып қызмет етуде. Мысалы, Қазақстан территориясын басып өтетін Транс Азия теміржол магистралі Азия тынық мұхит елдерінің Орталық азия мен таяу Шығыс елдерімен экономикалық байланыстары үшін маңызды рөл атқаруда. Транс Азия теміржол магистралінің солтүстік дәлізі Қытай, Қазақстан, Ресей, Белорусия, Польша мен Германия территориялары арқылы өтетін болса, орталық дәлізі Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Иран және Түркия территориялары арқылы өтеді.

Дүниежүзілік қоғамдастыққа ене бастаған Қазақстанның алғашқы қадамдарын, оның ұлғайып келе жатқан экономикалық байланыстарынан анық көруге болады. Мемлекетаралық қоғамдық еңбек бөлінісі, дамыған дүниежүзілік сыртқы сауда, көлік қатынастарының, ғылым мен техниканың өркендеуі сыртқы қарым-қатынасты одан әрі нығайтады. Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуында сыртқы экономикалық қарым-қатынастардың негізгі бағыттарына — ТМД елдерімен байланыстарды нығайту, алыстағы шетелдермен қатынастарды дамытуға назар аудару жатады. Атап айтқанда: Азия-Тынық мұхиты аймағының Пекин-Сеул-Токио арқылы Оңтүстік Шығыс Азияның басқа елдеріне шығуы. Бұл бағыттың алдыңғы қатарлы технологияларды, ірі көлемде инвестициялар көзін, болашақта біздің өнімді өткізу және Қазақстанда бірқатар жобаларды іске асыру үшін үлкен мәні бар. Сонымен қатар ежелгі Жібек Жолын қалпына келтіруде де маңызы зор. Сыртқы байланыстардың келесі бір бағыты «Азия» деп аталады. Мұнда өткізу нарығы және нарықтық экономиканы дамыту үлгілерінің бірі ретінде Түркияға басты назар аударылады. Шетелдермен экономикалық байланыстың үшінші бір бағыты «Еуропа», мұнда әсіресе ГФР-ға басты назар аудару қажет, себебі ол ТМД-ға басқа дамыған елдермен салыстырғанда мол қаржы жұмсауға әзір.

Қазақстанның экспорт мүмкіндіктерін ұлғайту үшін, интенсивті ауыл шаруашылығын, жеңіл және тамақ өнеркәсібін жан-жақты дамыту жөніндегі іс-шараларды батыл қолға алу міндеттері тұр. Аталған салалар мен өндірістерді шұғыл дамыту мемлекеттің экспорттық потенциялын ұлғайтып қана қоймай, жұмыспен толық қамту мәселесіне де қолайлы жағдай жасайды.

Қазақстанның халықаралық саудадағы рөлін күшейту үшін оған тән ерекшеліктерге сай бағдарлау қажет. Қазақстанның қазіргі кездегі басты ерекшелігі – оның дамыған, сондай-ақ дамушы елдер қатарында бірдей болуын айтуға болады. Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосатын факторларға халқының жаппай сауаттылығы, ғылыми зерттеу мекемелерінің кең жүйесі, ғарыштық зерттеулерге қатысу мүмкіндіктері жатады. Ал, экономиканың, шикізаттың бағыты, шетел инвестициялары мен жаңа технологияларға деген қажеттілік, инфрақұрылымның төмен дәрежесі, республиканың дамушы ел екендігінің дәлелдері.

Сондықтан, Қазақстан дербес сыртқы экономикалық байланыстарды жүзеге асыруда халықаралық саудада қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, өз бағыт-бағдарын соларға сәйкестендіре анықтауы қажет. Халықаралық экономикадағы өз орнын тұрақтандырып, рөлін мейлінше арттыру бағыттарында экспорттағы шикізат бағытын жеңу үшін сыртқы экономикалық байланыстар саласын республика экономикасын құрылымдық қайта құру бағдарламасына сәйкестендіру міндеті тұр. Бұл ретте дайын өнім өндіретін аяқталған технологиялық кешендер құрып, өндіру салаларды экстенсивті дамуға көшіріп, дүниежүзілік деңгейдегі жаңа технологияларды пайдалануды мақсат тұтуда. Сонымен қатар Қазақстанның көптеген дамыған не дамушы мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынасқа түсуі, олармен одақтасуы, бірге іс-шаралар ұйымдастыруы кейін экономикамыздың дұрыс жолға түсуіне өз септігін тигізетіні сөзсіз.