Мінез-құлықтың этнопсихологиялық ерекшеліктері

Адамдардың бір-бірін этностық қабылдауы және түсінуінің психологиялық мазмұны мен өзгешелігі тұлғаның бағыт-бағдары мен қоғамдық белсенділігінің деңгейіне байланысты. Сондай-ақ оның күрделілігі және тұтастығы тұлғаның жас ерекшеліктері мен этностық ортамен шартталған. Л. С. Выготскийдің мәдени-тарихи бағыты мен А. Н. Леонтьевтің іс-әрекет теориясының дәстүрлері тұлғаны қоғамның этноәлеуметтік және этномәдени тарихының жемісі ретінде этносаралық қатынастар контекстінде зерттеуді алдын ала анықтады десе де болады. Этносаралық қатынастар − этностар арасында орнаған қатынастар ғана емес, ең алдымен, түрлі этнос өкілдері ретінде адамдар арасындағы қатынастың субъективті қобалжулары. Сондықтан да әлеуметтік психология тәрізді, бүгінде этнопсихологияда этносаралық қатынастардың тұлғалық және топтық − екі деңгейін айқындау қабылданғанына назар аудару қажет. Тұлғалық деңгейдегі қатынас адамдардың қайсыбір этностық қауымдастықтың жеке өкілі ретінде оның индивидуалды − психологиялық ерекшеліктеріне тәуелді болады және өзара әрекеттесудің түрлі сфераларындағы этносаралық байланыстардың бағдары мен этностық таптаурындарда байқалады. Тұлға аралық механизмдер мүлдем басқа функцияларды орындайды. Олар бірлескен топтық іс – әрекетте жеке дара әрекеттердің интеграциясы қамтамасыз етілетін құрал болып табылады. Осыған байланысты этносаралық қатынастар психологиясының құрамдас бөлігі жеке тұлға психологиясы болуы шарт. Сондықтан да этностық топтар мен этносаралық қатынастарға этнопсихологиялық және кросс мәдени зерттеулер жүргізу, өз кезегінде, этностық тұлға ретінде қарастыратын жеке тұлғаны зерттеу арқылы жүзеге асырылады. Айта кететін жайт, этносаралық қатынастардың тұлғалық деңгейінде тұлға аталған нақты этномәдени ортаның өкілі ретінде зерттелуі керек. Тұлға – бұл тұтас жүйе, өзара байланысты психикалық құбылыстардың ажырамас бірлігі. Тұлғаның барлық сапасының ажырамас өзара байланысы әрбір сапаның мазмұнының, құрылысы мен көрінісінің басқа сапаларға тәуелділігін қамтамасыз етеді. Тұлғаның мінез – құлқы, оның белсенділігінің деңгейі әртүрлі жүйелердің көптеген заңдылықтарының үйлесіп, қиылысуының нәтижесінде қалыптасады. Жеке тұлғаның дамуында іс-әрекеттің жүйесі және қарым – қатынас жүйесі күрделене түседі. Сонымен қатар, бұл жүйедегі субъектінің дәрежесі мен белсенділігі өзгереді. Субъектінің бұл екі жүйесінің байланысы өте күрделі болуы мүмкін. Олардың қарым-қатынасы бірін-бірі толықтырудан, қарама қайшылықтан құрылуы мүмкін. Алайда этностық даралық ұғымы психология ғылымында әлі де толық ашылмаған болып есептелінеді. Этностық ішкі ыңғайлануды позитивті этнос аралық қатынастар контекстінде қарастырған эмпирикалық зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, олардың тіректеріне дәстүрлі этностық түсініктер жатады. Антропологтар нәсілдік деп санаған айырмашылықтар, шындығында этностық негізге ие екендігі анықталды.

Мінез-құлықтың этнопсихологиялық ерекшеліктері өзінің функционалды рөлді көріністерінде тұлғаның этномәдени дүниеге қосылу (араласу) салдары, ал өзінің қасиеттерінде этномәдени индивидтің табиғи жаңартылуының болып табылады. Осылайша, тұлға мінез-құлқының этнопсихологиялық ерекшеліктері идеалды формада (мәдениетте) сол аталған мәдени бірлестікке тән мінез – құлық үлгілерінде объектіленуі мүмкін және сонымен қатар, олар өздерін шынайы форма – адамның этностық даралығында көрсете отырып, субъективтілігін жоғалтпайды. Сонымен қатар, кейбір зерттеулер қорытындысы көрсеткендей, этностардың ғасырлар бойы бірлесіп өмір сүруі, бірлескен іс – әрекет, мәдени аралық байланыстар мен аралас некелер ықпалынан психикалық қалыптардың өзіндік реттелу амалдарының біркелкі болуы байқалған.

Дұрысында, мәдениеттің этностық функциясы маңызды мақсатқа – әлеммен өзара қатынаста оған тән тәсілдерге сай тұрғыда этностық даралыққа психологиялық қорғаныш ретінде қызмет етеді.

Осылайша, адам жеке индивидуалды – психологиялық қасиеттер, сапалар, қабілеттер жиынтығындағы автономды жүйе емес болып табылмайды. Әлеуметтік ақиқат оның қалыптасуының негізгі алғышарты бола отырып, мәдени универсумның белгілі бір формаларында көрінеді. Этнология аумағында белгілі ғалымдардың бірі Р. Джексонның көрсетуінше, этностық ұйым этностық топ мүшелерінің өзара түсінісетін және әрекеттесуші ассоциациясы.

Жоғарыда айтылғандарға орай этнопсихологиялық зерттеулердің нақты міндеттерін төмендегідей белгілеуге болады:

  • адам санасы мен мінез – құлқын реттеудің айрықша мәдени механизмдерін анықтау;
  • әр түрлі ұлттардың мінез − құлық стиліндегі өзгешеліктерді зерттеу
  • халық дәстүрі мен шығармашылығына байланысты этностардың құндылықтар жүйесін зерттеу;
  • этностық толеранттылықты топтық және тұлғалық деңгейде қалыптастырудың психологиялық механизмдерін зерттеу;
  • этностық сана-сезім мен оның компоненттерінің байланысын «тұлға және этнос» контекстінде қарастыру.
  • ұлт аралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және дамыту;
  • бірлескен іс-әрекет жағдайында өзара түсінісу мен мәдени аралық бейімделудің әлеуметтік-психологиялық мәселелерін шешу;
  • тұлға бағыттылығының адамдардың тұлғалық қасиеттерінің этнос аралық қабылдау мен түсінуінің психологиялық сипатына әсерін зерттеу;
  • аралас неке мен жанұялық қарым-қатынастардың этнопсихологиялық аспектілеріне зерттеу жүргізу.

Этнопсихологиялық зерттеулердің тағы бір бағыты этно аралық қарым − қатынас процесінде туындайтын әлеуметтік − психологиялық құбылыстарды зерттеумен байланысты. Ал мәселенің келесі бір тобы, этногенез, ұлттық − этностық бірлестіктер дамуының әлеуметтік-психологиялық заңдылықтарын зерттеуді қамтиды.