Қарым-қатынас ерекшеліктерінің баланың оқу үлгеріміне әсері

Қазіргі таңда психология ғылымының өзекті де, өткір мәселелерінің бірі оқушылардың білім сапасын арттыру, оқыту мәселесін жақсарту. Бүгінгі таңда мектептің басты мақсаты: білімді, мәдениетті, шығармашыл, белсенді және азаматтық құндылықтары толысқан тұлға қалыптастыру болып табылады. Бүгінде оқушыларға әлемдік деңгейде өркениетті негізде білім мен тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды жастар бойына сіңіру ғаламдық мәні бар проблемаға айналып отыр. Оқу-тәрбие жұмысының жаңару заманында ағарту саласының кіші мектеп кезеңінде тәрбиелеу, білім беру буынында шешуін күткен бірқатар мәселелер тұр. Осы мәселеге орай балалардың жеке басын дамытып, психикалық дамуын, даралық ерекшеліктерін, ішкі потенциалын анықтап, жан-жақты зерттеу негізінде оқушылардың оқу әрекетіне деген көзқарасын өзгертіп, қатынасын жақсарту мақсатында оқу-тәрбие жұмысын баланың жақын арадағы дұрыс даму аймағына бағыттау үлкен маңызға ие. Бала тәрбиесіне, дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына мектеп жасына дейінгі және кіші мектеп кезеңінің ықпалы зор.

Балалардың тұлғааралық қатынастарының қалыптасу және даму мәселесі көптеген психологтар мен педагогтардың назарын аудартуда. Бұл тақырыпта біздің елімізде де, шет елдерде де көптеген эксперименттік және теориялық зерттеулер белгілі. ХХ ғасырдың ортасында дүниенің әр түкпірінде қарым-қатынас мәселесіне арналған зерттеулер шамамен бір уақытта пайда болып, тарала бастады.

Мұндай зерттеулердің ішінде баланың қарым-қатынас сферасына қатысты еңбектер ерекше орын алады. Әлеуметтік зерттеулер негізінде тұлғааралық қатынастар өзі қатарлас құрбысына эмоционалды және іскери баға берудің пәні ретінде қарастырылады.

Ғылымда кіші мектеп жасындағы балалардың психикалық дамуындағы қарым-қатынас аса маңызды фактор ретінде қарастырылған.

Психология ғылымындағы негізгі ұғымдардың бірі – қарым-қатынас мәселесі. Қарым-қатынас адамдардың өзара әрекеттестік және өзара қатынас жасауының ерекше формасы. Қарым-қатынас өте маңызды, әрі күрделі де ұзақ мерзімді қажет ететін көкейтесті мәселелердің бірі. Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы өте күрделі және нәзік процесс. Қарым-қатынас – адамның эмоционалды күйінің маңызды детерминанты. Адамдағы барлық эмоциялар қарым-қатынас шарттарында туындап дамып отырады. Адамның қарым-қатынас мәдениеті оның мінез-құлқын реттейді. Қарым-қатынас әрекеттері адамның сөйлеген сөзінен, сәлемдесуінен, сабырлылық сақтаудан, аманатқа қиянат жасамау т.б көрінеді. Қарым-қатынасқа түспей тұрып жеке адамды толық түсіну, оның адами қасиеттерін, дамып жетілуін талдау мүмкін емес. Сондықтан тұлғаның дамуында қарым-қатынас орны ерекше. Индивидтің дамуы ол тікелей және жанама қарым-қатынасқа түсетін басқа да индивидтердің дамуымен шартталған. Яғни, бала дүниеге келгеннен кейін адам болуға кандидат қана бола алады, ол қоғамнан оқшау өмір сүре отырып адам бола алмайды, сол себепті адамдармен қарым-қатынасқа түсу арқылы адам болуға үйренуі керек.

Бүгін де ғылым дәлелдегендей, қарым-қатынас адамның тек қана интеллектуалды сферасына ғана емес, сондай-ақ, эмоционалды, әлеуметтік және физикалық дамуына үлкен әсерін тигізеді.

Жеке адамның дамуы «адами қоғамда, тілмен қарым-қатынаста» жетіледі. Қоғам дамуындағы әлеуметтік жүйеде жеке тұлғаның қарқынды дамуы қарым-қатынас мәселесімен байланысты. Тұлғааралық қарым-қатынас – бұл әр адамның тұлға болып қалыптасуының шешуші жағдайы. А.В.Мудрик өз еңбегінде: «Оқушылар қарым-қатынасы бұл рухани құндылықтар алмасуының қоршаған адамдармен және әр түрлі серіктерімен ойша диалогтық формадағы біріккен әрекет процесі»,- деп тұжырымдайды.

Адам өмір сүруі мен қимыл-қозғалысы арқылы өзінің әрекетін бағалауға үйренеді, адамгершілік нормаларын меңгереді. Қазақтың көрнекті ғалымы, профессор С.М.Жақыпов: «Оқыту процесіндегі субъектілердің қарым-қатынасындағы мағыналардың өзгеруі біріккен іс-әрекеттің мотивтері мен мақсатының заңды құрылуына мүмкіндік береді және оларды оқыту процесінде ескеру, біріккен танымдық іс-әрекетті қалыптастыру үшін қажетті шартты жасайды»,- деген. Сондықтан қарым-қатынастың нақтылы, бірізділігі болашақ тұлғаның дамуына орасан зор ықпал етеді.

Қарым-қатынас танымдық қызығушылықтың өсуіне, өзіндік білім алуға, белсенділікке итермелейді. «Адам өміріндегі ең тамаша қасиет – оның басқа адамдармен қарым-қатынасы»,-деп А.В.Петровский айтқандай бала ересектермен, өзі қатарлас балалармен қарым-қатынасқа түсу арқылы дамып, ой-өрісі толысып, кеңейіп отырады, сөздік қоры молайа түседі. С.И.Ожегов сөздігінде қарым-қатынас ұғымы өзара келісім, іскерлік және достық байланыс арқылы анықталады. Нақты әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық зерттеулерде қарым-қатынас ұғымы өзара әрекеттестік, байланыс ұғымдарымен жақын мағынада қолданылады.

Сонымен қатар, қарым-қатынас контекстінде өзара әрекеттесуді, қатынасты тиімді жүзеге асыру тәсілдері, дағдылары, құралдары, адамның қабілеті мен қасиеттері жүйесінде қарастырады. Қазіргі кезде қатынас мәселесін философия, психология, әлеуметтану, этика, психолингвистика – осы сияқты, әр саладағы ғылымдар әр жақты зерттейді. Мысалы, Л.П.Буева іс-әрекет пен қарым-қатынас өзара байланысты, сонымен қатар өзбетті деп тұжырымдайды. М.С.Каган қарым-қатынасты адамның іс-әрекетінің бір түрі, құрылым мен атрибутына тән деп қарастырады. Г.А. Жук адамның қарым-қатынасын коммуникативті іс-әрекет, қатынас өзара түсіну және өзара әсер ретінде қарастырады.

Қарым-қатынас мәселесін психологиялық, педагогикалық тұрғыдан зерттеу әлемдік ғылымда екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде өзекті мәселе болып көтерілді. Осы уақыттан бастап қарым-қатынас ұғымына анықтамалар беріліп, оны зерттеуде бағыттар пайда болды.

Қарым-қатынас ұғымының көптеген анықтамаларының ішінде біз «коммуникативті іс-әрекет» ұғымымен синоним деп қарастыратын (А.Н.Леонтьев, М.И.Лисина, Х.Т.Шерьязданова, Т.И.Суркова, Д.А.Исмаилова, Ж.А.Абишева және т.б) позицияларына жүгініп, М.И.Лисинаның анықтамасын арқау етеміз. Сонымен, қарым-қатынас деп – екі немесе одан да көп адамдардың қатынас жасап, реттеуі мен ортақ нәтиже алуды мақсат етіп, келісім мен бірлестікке бағытталған өзара әрекеттерін айтамыз. Олай болса, біз зерттеуімізде қарым-қатынастың мазмұнды жағына, іс-әрекет жүйесіндегі қарым-қатынас орнына, кіші мектеп жасындағы баланың, яғни бастауыш сынып оқушысының психикасының дамуының қарым-қатынас байланысын анықтауға, баланың қарым-қатынас қажеттілігі мен мотивтерін анықтауға баса назар аудардық. А.Н.Леонтьев іс-әрекеттің қай түрін болмасын қарым-қатынаспен қабаттас болады деп түсіндірді. Ол іс-әрекетті қарым-қатынастың қажетті шарты ретінде қарастырды. А.Н.Леонтьевтің қарым-қатынасты іс-әрекеттің өзгеше түрі деп талдау концепциясы, Б.Г.Ананьевтің, А.А.Бодалевтің коммуникативтік әрекет жайлы ілімдері біздің зерттеуіміздің әдіснамалық негізі болады.

Ал, отандық ғалым С.М.Жақыпов бүтіндей оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігін анықтайтын факторлардың бірі және оқытушы мен оқушының арасындағы өзара әрекеттестік деп бірлескен диалогтық танымдық іс-әрекетті тиімділік критерийі деп көрсетті. Мұнда өзара әрекеттестік, қарым-қатынас мәселесі шешілгенде танымдық іс-әрекетті қалыптастыру үрдісіне жетекшілік жасау мүмкіндігі пайда болғандығы дәлелденді.

Б.Г.Ананьев, А.А.Бодалев концепциялары қарым-қатынасты «субъект-субъект» жазықтығында қарастыруды негіздейді, басқаша айтқанда, оқу-тәрбие үрдісіндегі ұйымдастырылатын қарым-қатынасты ең позициялы түрде жүргізу басты мәселе болады. Осы тұрғыда қарым-қатынасты жетілдірудің өзі баланы коммуникативті қарым-қатынастың субъектісі ретінде қарау, тану, дамыту болып табылады.

Қарым-қатынас мәселесін талдауда оның құрылымдық компоненттерін анықтап алу зерттеуге арқау болатынын білдік. Бұл мәселені 1977 жылы В.В.Давыдов көтергенді. Г.М.Андреева, П.Яноушек зерттеулерінде қарым-қатынасты мақсат-бағдарлы, индивидтердің бір-бірін қабылдай алуы, түсіне алуы, өзара бірлесіп іс-әрекет жасауы және ақпарат алмасу үрдісі деп қарастырды.

Баланың ересектермен және басқа балалармен қарым-қатынас жасауы әр түрлі ғылыми позициядан түсіндіріледі. Қарым-қатынасты зерттеуде ең алдымен, оның құрылымдық компонеттерін анықтау қажет. Осыған орай зерттеу барысында Г.М.Андрееваның қарым-қатынастың құрылымын талдау нәтижесіне жүгіндік. Ол қарым-қатынасты бір-бірімен өзар байланысты 3 жағынан қарастырды: коммуникативтілік, интерактивтік және перцептивтілік. Коммуникативті жағы мәлімет беру, алмасу, мәселесімен анықталады. Интерактивті жақтың мәні – қарым-қатынас жасаушы жұптастардың өзара әрекеттестігінде болады. Ал, перцептивті компонент – адамның бірін-бірі қабылдауы, өзара түсінісушіліктері. Ғалым бұлай жіктеп, бөлудің шартты ғана екендігін, қарым-қатынас үрдісінде оның 3 жағы да көрінетіндігін дәлелдеді.

Біздің зерттеуде осы позицияны арқалана отырып, баланың ересектермен, басқа балалармен қарым-қатынас жасауын зерттеуде коммуникация, интеракция және перцепция ерекшеліктерін дамытуды алға қойдық. Бұл контексте қарым-қатынастың теориялық негізіне іс-әрекеттің құрылымын анықтайтын коммуникация, интеракция және перцепция коммуникативті іс-әрекет деп қарастырылды.