Әдебиеттерде қарым-қатынастың пәні, қарым-қатынасты жүзеге асыруды қажетсіну, қарым-қатынас құрудағы мотивтер, қарым-қатынас әрекеті, міндеттері, құралдары мен нәтижесі де қарым-қатынас элементтері ретінде қарастырылды.
Мұнда М.П.Шульц бойынша қарым-қатынастың пәні – қарым-қатынаста субъект рөлінде болатын басқа адам, яғни қарым-қатынас жасаудағы жұптас адам болады.
Қарым-қатынасты зерттеу мәселесімен айналысушы ғалымдардың көпшілігі (А.Г.Ковалев, М.И.Лисина, А.В.Петровский, К.Обуховский, В.С.Мусина) адамдардың қарым-қатынасты жүзеге асыруын қажетсіну, басқа адамдарды танып-білуге ұмтылу, ниет білдіру ерекшеліктерін тағайындаған.
М.И.Лисина, А.Г.Рузская, С.Д.Мещерякова және т.б еңбектерінде қарым-қатынас мотиві «затталған қажеттілік» деген А.Н.Леонтьев түсіндірмесіне негізделіп, адамдардың қарым-қатынаста танымдық іскерлік және бас мотивтері болатындығы, баланың коммуникативтілік мотивтерінің топтары мен генезисі сипатталады.
Психология мен оған салалас ғылымдарда қарым-қатынас құралдарының сипаттамалары, жүйелері келтіріледі (А.Н.Леонтьев).
М.И.Лисинаның қарым-қатынас құралдарының 3 тобын экспрессивті-мимикалық, заттық-әрекеттік және тілдік құралдарына бөліп қарастыруы біздің зерттеуіміз үшін де маңызды.
Қарым-қатынас құралдарын қолданып, жалпы нәтиже алу тәсіліне де талдау жасалық. Қарым-қатынас тәсілі оның бірлігі деп танылады (М.И.Лисина, Д.А.Исмаилова). Әдебиеттерде қарым-қатынас тәсілі әрекеттік формада «коммуникациялық біліктілік» (Г.В.Антонова) әсер ету, реттеу, байланыс жасау, ақпарат беру тәсілдері (Е.Г.Макарова), жалпы нәтиже алуды қамтамасыз етуге бағытталған әсерлер жүйесі, әдіс пен амалдар жиынтығы (Д.А.Исмаилова, Ж.С.Әбішева) ретінде анықталады. Ал, А.А.Бодалев қарым-қатынас әсер ету тәсілдерін интеллектуалдық, эмоционалдық және еріктік деп 3-ке бөлді. Біздің зерттеу аспектімізде қарым-қатынас тәсілдерін жетілдіру – ең негізгі мәселе болып табылады.
Қарым-қатынас анықтамасындағы (М.И.Лисина бойынша) оның жалпы нәтижесі ретінде қарым-қатынастан шығатын материалдық және рухани сипаттағы құрылым алынды. Нақтыласақ, жалпы нәтиже — өзара қатынас (Я.Л.Коломинский), таңдамалы бауырластық (С.В.Корницкая, Р.А.Смирнова), қарым-қатынас субъектілерінің бейнесі (А.А.Бодалев, Н.Н.Авдеева, А.Н.Силвестру) деп қарастырды.
Әдебиеттерге талдау жасай отырып қарым-қатынас механизмдерін, қарым-қатынастың тиімділігін анықтайтын, өзара түсіністік сипаттайтын күрделі психологиялық құрылым деп түсінеміз. Осы орайда В.С.Агеев, А.А.Бодалев сынды ғалымдар топ ішіндегі және өзара қарым-қатынас механизмдерін көрсетіп, оларға эмпатия, идентификация, децентрация, рефлексия, стереотипизация, каузалды атрибуция, ореол эффектісін жатқызады.
Қарым-қатынас компоненттерінің дамуы, өзгерісі нәтижесінде интегралды, тұтас құрылым пайда болады. Ол коммуникативті іс-әрекеттің даму деңгейін анықтайды. А.В.Запорожец, М.И.Лисина бұл ерекше құрылымдарды «қарым-қатынас онтогенезінің сатылары», «қарым-қатынас формалары» деп атаған.
М.И.Бобнева қарым-қатынас барысында жеке адамның ішкі жан-дүниесі қалыптасатындығын қарым-қатынас формаларын зерттеу арқылы көз жеткізген.
Көп ретте қарым-қатынас жайлы қарастырғанда «қарым-қатынас стилі» деген басқа адамдардың байланыс жасау тактикасын, не болмаса позициясын айтады (Х.Т.Шерьязданова, Т.Н.Суркова).
В.С.Мухина қарым-қатынас стилін психологиялық әсер етудің дара типологиялық ерекшелігі деп түсіндірді. 1930 жылдары Н.Левин қарым-қатынас стилінің 3 түрін ұсынғанды. Осыдан соң Р.Липрит, К.Уйтд қарым-қатынас стиілінің авторитарлық, демократиялық және либералды-босаң деген классификациясын жасаған еді.
Біздің зерттеу жұмысымызда кіші мектеп жасындағы, яғни бастауыш сынып оқушыларының қарым-қатынас сферасындағы стиль ұғымын, ересектердің, ата-аналардың, педагогтардың балаға психологиялық әсері туралы деп тағайындаймыз.
Қарым-қатынас қажеттіліктері, мотивтері, тәсілдері, құралдары, формалары, стильдері кіші мектеп жасындағы баланың қарым-қатынасын жетілдіру, коррекциялау мәселелері үшін аса мәнді. Қарым-қатынастың топтық жағдайдағы әлеуметтік-психологиялық эффектілерін, механизмдерін талдау мақсатымен В.С.Агеев теориялық және эмпирикалық зерттеу жүргізген.
Педагог ғалымдардың қарым-қатынасты зерттеулерінде өзіндік бағыт бар. Мұнда баланың психикалық дамуы, жетілуі, нақты бір білім, дағды және біліктілікті игеруі қарым-қатынас арқылы іс-әрекет барысында жүзеге асатындығы аксиома ретінде саналады. Осы мәселеге кезінде А.В.Луначарский, Н.К.Крупская, С.Т.Шацкий, А.С.Макаренко және т.б аса көп назар аударған. А.В.Луначарский тәрбиенің терең жолдастық қатынасқа негізделуін бала тәрбиесіндегі басты принцип болу керек деп көрсеткен.
Оқу-тәрбие жұмысының нәтижесі болуын қамтамасыз ететін педагогикалық техникалық құрамдас компонентіне Н.К.Крупская қарым-қатынасты жатқызған.
А.С.Макаренко қарым-қатынасты жеке теориялық мәселе ретінде қарастырған жоқ. Алайда оның еңбектерінде ұжымның қалыптасуындағы қарым-қатынастың рөлі ұжымдағы іскерлік және жеке қатынастар мәселелері балалар ұжымымен өзара әрекет жасау аспектілері айқын сипатталынады. Олай болса, қарым-қатынас біріншіден оқу міндеттерін шешу құралдары, екіншіден тәрбие үрдісін әлеуметтік-психологиялық қамтамасыз ету шарты, үшіншіден, оқу мен тәрбиені нәтижелі ететіндей тәрбиеші мен баланың өзара қатынасын ұйымдастыру тәсілі болады.
В.А.Сухомлинский еңбектерінде оптималды (тиімді) қарым-қатынас оқыту мен тәрбиенің басты мәселесі болып көтеріледі. Ол ұжым мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынас жасауды қажетсінуін жатқызады. Адамның психикалық дамуы басқа индивидтермен қарым-қатынас, байланыс жасау арқылы психологиялық жағынан бағаланып, талданады.
Біздің зерттеулер үшін маңызды жайт, ол қарым-қатынас детерминттілігін (себептілігін), яғни адамның психикалық дамуын дұрыс қалыптастыру, дамуды психикалық коррекциялау және реабилитациялау міндеттерін шешуде қарым-қатынастың әрі құралы, әрі мақсаты болып табылатындығы. Осы бағыт негізінде Э.Фромм, Г.С.Солливен, К. Р.Роджерс, А.Г.Маслоу, Р.Мэй, С.М.Джорард концепциялары, әсіресе оның психокоррекциялық және психотерапиялық жақтары дамып отыр.
Кіші мектеп жасындағы баланың қарым-қатынас сферасы 2 жазықтықты қамтиды: 1) баланың ата-анасымен, мұғалімдермен және басқа ересектермен қарым-қатынас жасауы;
2) баланың басқа балалармен, өзі қатарлас құрбыларымен, өзінен кіші және ересектеу балалармен қарым-қатынас жасауы.
Бұл аспектілер негізіндегі зерттеуді ең алғаш рет 1945-1952 жылдары Дж.Боубли, Рене Спитц, Анна Фрейд жүргізген.
Жалпы алғанда осы секілді жоғарыда айтылған зерттеулер негізінде баланың басқа балалармен бірлескен коммуникативтік іс-әрекетінде эмоциялық-тәжірибелік, жағдайлық-іскерлік және жағдайдан тыс іскерлік қарым-қатынас формалары болатындығы ғылымда белгілі болып отыр.