Мәтін құрастыру мен шығарма жаздыру әдістемесі

«Білім» — көп мағыналы және күрделі ұғым екендігі баршамызға аян. Ол адамның жүйеленген білім, білік, машықтарды меңгеру үрдісі мен нәтижесі екендігі шындық. Білім мазмұнына тек оқыту нәтижесі ретіндегі білімдік дағдылар ғана кірмейді, әрбір оқиғаға немесе іс әрекетке сыни ойлай отырып ой елегінен өткізу, шығармашылықпен жұмыс істеу болып табылады. Өйткені бүгінгі күн талабы сындарлы оқыту нәтижесінде білім ала отырып өз әрекетіне есеп беріп, алған білімін болашақта қажетінше пайдалана алатын, өзіндік «мені» қалыптасқан тұлға даярлауды талап етуде. Бүгінгі қарқынды өзгеріп жатқан әлемде адамзат дамуының жаңа жүйесіне білім беру мен оқытудың жаңа модельдері сәйкес келуі қажет.

Оқыту мәселесі туралы сөз қозғар болсақ, ол әрине алғаш ағартушы-ғалым Ы.Алтынсариннен бастау алатыны сөзсіз. Сонымен қатарғалымА.Байтұрсынұлы алдыңғы қатарлы әдістемені тек оқулық жазуда ғана емес, жалпы қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша ғылыми негізде еңбек жазуда қолданғаны белгілі. Еңбектерін оқи отырып ой түйетініміз бүгінгі талаппен барабар тұстарын және сол еңбектерден бастау алатындығында.Ендігі кезекте зерттеуімізге арқау болған мәтін құрастыру мен шығарма жаздыру әдістемесіне қатысты мәселе көтерілуде. Ең маңыздысы болып табылатын зерттеу мәселелерінің шығуы мен зертеу тарихына көз салсақ.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «мәтін – белгілі бір жазылған шығарма немесе соның үзіндісі, әңгіме»деп анықтама береді. Ал тіл білімі сөздігінде мәтін теориясы(грек. treoria – зерттеу) – филологияның мәтінтану саласы деп көрсетеді. Мәтін дегеніміз — бұл жалпы (бір) тақырып төңірігіндегі біріккен, сабақтастық пен тұтастық тән, ақпаратты жеткізетін мазмұнды (мәнді) сөйлемдердің тізбегі. Мәтін сөзінің этимологиясы семантикалық құрылымдардан тұрады; адамның жасаған нәрсесі, осы істелген нәрсе элементтерінің ішкі байланыстылығы, істелген нәрсенің шеберлігі және осы аталған үш семантикалық құрылымдарға сай оны үш пән — мәтінтану, герменевтика және поэтика зерттейді деп көрсетеді.

Мәтін дүниежүзі лингвистерінің назарына іліккен кезде, қазақ тіл білімі ғалымдары да бұл мәселеге қатысты өзіндік ой-пікірлерін білдірді. Қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салушылар – А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов еңбектеріндегі мәтін туралы алғашқы ойлар соның дәлелі. А.Байтұрсынов мәтінді «шығарма сөз» деп атап, сөйлеудің бірлігі ретінде қарастырады. «Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты – шығарма сөз, ол аты қысқартылып, көбінесе шығарма деп айтылады» деген анықтамасын береді.

Ал ғалым Қ.Жұбанов еңбектерінде, мәтінді «сөз»және де «жүйелілік сипаты бар құбылыс»деп қарастырғандығын көруге болады. Жоғарыда көрсетілген мәліметтер көрсетіп отырғандай тақырып төңірегінде ғалымдарымыздың еңбектерінің орны шексіздігін ұғыну қиын емес.

Филолог ғалымдар Б.Шалабай, М.Ахметова «Мәтін лингвистикасының негізгі мәселелері» атты мақаласында: «Мәтін лингвистикасы – мәтіннің мағыналық әрі құрылымдық жақтарын зерттеумен айналысатын тіл білімінің іргелі саласы. Жалпы тіл білімінде осы жаңа ғылыми саланың тез қарқынмен дамуы лингвистикалық зерттеулер ауқымының кеңеюімен, тіл біліміндегі функционалдық бағыттың дамуымен тікелей байланысты» деп көрсетеді. Қазіргі таңда лингвистикада мәтін әр тараптан жан-жақты зерттеліп, анықталып келеді. Олар:

  • Онтологиялықтұрғыда – мәтіннің болмысы, алатын орны, ауызекі тілден айырмашылығы;
  • Гнасеологиялық тұрғыда – мәтіндегі обьективтішындықтың бейнесі, егер көркем мәтін болса, ақиқат әлемнің эстетикалық болмыстағы(идеалды әлемде) бейнеленуі;
  • Лингвистикалық тұрғыда – мәтіннің тілдік ұйымдасуы;
  • Психологиялық тұрғыда – мәтіннің қабылдануы;
  • Прагматикалық тұрғыда – мәтін авторының обьективті болмысқа және мазмұнға деген қатынасы сипатталады.

Мәтін термині латын сөзінен шыққан, берер мағынасы «байланысу, бірігу». Негізінен мәтіннің ерекшелігі тілдік таңбалардың мағыналық және тұлғалық байланыстығы негізінде түзілуінде жатыр.

Мәтін туралы А.Аркин «Мәтін – білімді дара тұлғаға бағдарлап оқытудың ұтымды құралы» десе, С.И.Львова «Мәтінмен жұмыс – тілдің барлық пәндермен байланысуын қамтамасыз етудің кепілі», ал Ф.Ш.Оразбаева «Тілдік қатынаста өзіндік орны мен маңызы бар қатысымдық тұлғалар: сөз, фразеологиялық тіркестер, сөйлем және мәтін. Мәтін, яғни текст – қатысымдық тұлғалардың ішіндегі мазмұндық тұтастығымен ерекшеленетін бүтін жүйе» деп көрсеткен.

Мәтінді талдау әдісі мен тәсілдерін зерттеу тарихына келер болсақ, мәтінді ХХ ғасырдың 60-шы жылдары дәстүрлі лингвистика аумағында зерттеліп, ол негізінен жазу кезіндегі нақты талданған кейбір сөйлемдерден шыққан.Мұнда мәтін авторы нақты бір оқырманға икемделмейді, бірақ ол оқырманға өзінің ойлау-танымындағы суреттемесі арқылы әсер етуге ұмтылатындығы рас.Мәтіннің мазмұны мен оны талдау мақсатына тоқталар болсақ, мәтін теориясы(мәтін лингвистикасы, мәтін грамматикасы, герменевтика) автордың нақты бір ойы бойынша құрылған мәтіннің бүтін, білімнің семантикалық байланысын қарастырады. Автор ойының қабылдауы тек қана таза тілдік ортамен ғана емес, сонымен қатар оқырманның жалпы әлем танымы мен пәндегі мәтіннің мазмұнының білім қорымен қамтамасыз етіледі. Мәтінді игеру келесі мақсаттардан тұрады:

  • Мәтін түрлерін анықтау;
  • Мәтін құрылымын зерттеу;
  • Мәтін ішіндегі байланыстардың ерекшеліктерін құру;
  • Мәтіндегі семантика-прагматикалық ерекшеліктердің анықтамасы.

Мәтін «жоғарыдан төмен», «төменнен жоғары» қадамына негізделіп талданады. Сонымен қатар мәтінді таза лингвистикалық тұрғыда қарастыру төмендегідей бағыттарда жүзеге асады. Олар:

  • басты белгілері тұтастық пен жүйелілік болып табылатын мәтінді ең ірі тілдік жүйе деп есептеу;
  • қатысымдық параметрлер мен соған қатысты лингвистикалық белгілер негізінде ұйымдасқан мәтіннің типологиялық құрылымын тану;
  • мәтінді құраушы тұлға-бірліктерді айқындау;
  • мәтіннің негізгі категорияларын сипаттау;
  • әр түрлі деңгейдегі тілдік бірліктердің мәтін бойындағы ерекшеліктерін анықтау.
  • Тұлға-бірліктер, бөлшектер құрамындағы фразалық(сөйлем) қатынастарды, байланыстарды зерттеу.

Мәтін қатысымдық қызметке негізделгендіктен, оқу арқылы қабылданатын ақпараттардың көзі ретінде жүзеге асады. Мәтінді құрастыру барысында құрылымы, мағынасы маңызды рөл атқарады. Мәтіннің тұтастық, толықтық, қисындық, реттілік, аяқталғандық сияқты ерекшеліктері мәтінді құрау барысында автор қарым-қатынасқа түсуші серіктесінің мәтінді түсінуі ескеруге көмек береді. Автордың көзқарасы тұрғысынан мәтінге тұтастық, мағыналық жағынан аяқталғандық тән. Мәтіндегі жаңа немесе белгілі бір ақпараттың арасындағы байланыс тығыз орнағаны жөн. Себебі, ол табысты қарым-қатынастың шарты негізінде қабылданады. Мәтіннің реттілігі ең басты ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Ойдың толық жеткізіліп мәтінге айналуы коммуникативтік міндетті іске асырушы құралдардың бірі ретінде нақты реттілік арқылы іске асады. Мәтінде білдірілуі тиіс мазмұн ойдағымен бірдей бола алмайды. Мәтін композициясы мазмұн элементтерінің жалғасу вариативтілігіне(түрлі болуына) жол береді. Мәтін композициясын талдауда мәтін типологиясының рөлі айрықша. Ол арқылы ауызекі сөз бен жазба мәтіннің өзара ерекшеліктері ғана емес, жасалу жолдары, байланыстары мен қатынастары да айқындалады. Мәтіннің көпқабаттылығы біріншіден, мәтіннің тілдік қабатын анықтау, яғни сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдерді талдауда көрінсе, екіншіден, мәтіннің тұтастықты қалай құрып тұрғаны, яғни құрылымдық-композициялық ерекшеліктерін анықтау арқылы көрінеді. Мәтінніңтағы бір ерекшеліктерінің бірі – оның байланыстылығы. Оның негізгі қызметі ұйымдасуының әртүрлі деңгейлерінде, яғни сөз, сөйлемнің, мәтіннің жеке бөліктері деңгейінде іске асады. Қолданылатын байланыс құралдары сыртқы және ішкі болып бөлінеді. Байланыстардың сыртқы түріне грамматикалық және лексикалық құралдармен берілетін формальдық көрсеткіштері бар байланыс жатады. Сөйлемдегі сөздерді байланыстыратын грамматикалық және сөйлемдер мен мәтін бөліктері деңгейінде қызмет ететін мәтін осы грамматикалық байланысты білдіреді. Ішкі байланыс ұғымы «интеграция» (Галперин, 1980) және «тұтастық» (Леонтьев 1979) сияқты ұғымдарға жақын. Ол жеке бөліктердің бір тұтастыққа бірігіуінің байланыстылық жағдайын, сол жағдайға жеткізетін процесті білдіреді. Интеграция мәтін тұтастығына жету мақсатында барлық мәтін бөліктерін біріктіретіндіктен мәтіннің ақпараттылығымен, құрылымымен тығыз байланысты болады. Интеграция мәтінді оқу процесінде емес, оны түсіну тұтастықты құрайтын жеке бөліктердің арақатынасын аналитикалық жағынан қарастыру арқылы іске асады. Мәтін тұтастығын анықтау оны бөліктерге даралау арқылы жүргізілгендіктен, мәтін тұтастығын құраушы элементтердің арасындағы тұтастықты қамтамасыз ететін құралдар ғана мәтін құрауға мүмкіндік береді. Тілдік құралдар арқылы сомдалған ой, бейне, пікірдің құрылымын анықтау жүргізіледі. Сөз жеке тұрғанда заттың, қимылдың және т.б. атауы болып номинативтік қызмет атқарса, тіл қарым-қатынаста белгілі жағдайдағы ортаға байланысты қолданып қарым-қатынастық қызмет атқарады. Тілдік қарым-қатынаста қолданылып, қатысымдық байланысқа түскен сөз айтылатын ойға қатысты нақтылы мағынаны білдіреді және басқа тұлғалармен біртұтастықта қолдана келіп тиянақты ой мен мазмұнды көрсетеді. Мәтін құрастыру барысында жоғарыда берілген талаптар мен ережелердің әдістемесін ұстанған жағдайда жұмыс нәтижелі әрі табысты болары анық.

Шығарма жаздыру әдістемесіне келер болсақ, оны да жан-жақты, кең көлемде қарастыру қажет екендігін аңғарамыз. Жалпы алғанда, шығарма жұмысы – оқушылардың көркем туындыға деген қызығушылығын арттырып, логикалық ойлауын дамытатын, шғармашылық қиялдауға және ойын көркемдеп сауатты жаза білуге бағыттайтын маңызды жұмыстың бірі.Шығарма жаздыру барысында оқушы өз қабілеті мен адамдық болмысын танытуға ұмтылады, жазба жұмысы шәкірттің жеке интеллектісі мен рухани дамуын, танымдық белсенділігін байқататын білімдік, тәрбиелік көрсеткіш болып табылады. Демек, шығарма жазуға үйрету әдістемесінің оқу-тәрбие үрдісіндегі мәні оқушылар білімінің жан-жақты молаюына тигізер ықпалымен ерекшеленеді.

Шығарманы жаздырып үйретудің амал-тәсілдері орыс тілді педагогикада ХҮІІІ ғасырдан бастау алған. Мектеп шығармасының теориясы мен методикасының ертеден келе жатқан тарихы бар. С.А.Смирновтың пікірінше, бұл мәселенің дамуы шешендік өнердің классикалық бастамасын қорғау туралы пікірлерден, әртүрлі тоериялық ой-тұжырымды жоққа шығарудан және оқытудың қажеттілігін мойындаудан өріс алған.Шығарма жазу мәселесін қарастырған әдіскер-ғалымдардың бірі В.П.Рыбаков шығарма мазмұнының оның түріне сәйкес келу керектігін көздей келе шығарманы жазып үйретуде оның мазмұны мен жолдарын көрсетсе, ал әдіскерлер К.Б.Бархин, М.А.Тюкалов, И.К.Грунский шығарма жазу барысында жоспар құру, оның кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімдері болуы керектігіне зер салып,бұларға анықтама берді. Ғалым шығарма жаздырудың әдістемесін толықтай ашуға бағыттағанын көруге болады.

«Оқушылардың жазбаша және ауызша сөзі» еңбегінде зерттеуші Н.М.Соколов шығарма жазу барысында шәкірттердің көргендері мен бақылау нәтижелері бойынша ой түйіндеу мәселесіне ерекше көңіл бөледі. (Устные и письменные слова учащихся. М., 1927). Онда ол жазба жұмыстарына жоспар құру қажеттігін және автордың негізгі рөл атқаратындығы мен өзгеріс енгізе алу мүмкіндігі бар екендігін алға тартады. Бұдан шығатын қорытынды шығармаға жоспар құрудың маңыздылығы анық байқалады.

Әдіскер ғалым В.Б.Голубков ғылыми еңбектерінде сыныпта оқушыларды шығарма жазуға төселдірудің келесі әдістерін ұсынды. Олар:

  • Көркем шығарманың мазмұнын қысқа әңгімемен түсіндіріп, оның бас жағын сыныпта оқыту;
  • Туындының басты проблемаларын оқушыларға алдын ала таныту;
  • Сұраққа жауап боларлық маңызы бар эпизодтарға көңіл бөлу;
  • Шығарма кейіпкерлерін топтау(О преподавание литературы в школе ІІІ ступени. «Вестник просвещение,№7, 1925).

Шығарманың өзін бірнеше топқа бөлуге болады:

  • Оқушының өз тәжірибесіне мен алған әсеріне байланысты;
  • Еркін тақырыпқа жазылған шығарма;
  • Әдеби тақырыпқа жазылған шығарма.

Сонда оқушының өмірден көрген, бақылаған өз тәжірибесі, өз өміріне байланысты, осы негізде жазған шығармалары бірыңғай жүйеленеді.

Қорыта айтқанда, жоғарыда келтірілген білім алушылардың білім, білік, дағдыларын дамытуда мәтін құрастыру мен шығарма жаздырудың тиімді және оңтайлы әдіс екендігіне көз жеткізудеміз. Ғұлама ғалым Альберт Эйнштейн кезінде «Мен шәкірттерімді ешқашанда үйретпеймін, мен тек олардың үйренулеріне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын» деген екен. Бұл біздің де оқушылардың оқуына, үйренуіне, шығарма жазуына, ашық диалогқа түсуіне жағдай жасауымыз қажет екендігіне назар аудартады.

Резюме

В статье рассматривается методика составления текста и приемы написание сочинения.

Summary

In this article has given compose of the text and writing methods of the composition.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ж.Б.Қоянбаев, Р.М.Қоянбаев. Педагогика. Алматы 2002.
  2. Мұхтарова Энипа. Орта мектепте шығарма жаздырудың әдістемесі. Канд.диссертация, Алматы, 2002 жыл.
  3. Әбдікәрім Т.М. «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарында мәтін түзудің ғылыми-әдістемелік негіздері. Докт.диссертация, Алматы, 2007 жыл.
  4. А.Әлімов. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Алматы, 2009 жыл.