Диалогтың проза тіліндегі қолданысы

Қазақ көркем әдебиеті тілін зерттеуге қомақты үлес қосқан ғалымдардың бірі Р.Сыздықова жазушы тілінің көркемдігі шебелігі туралы мәселені оның мәнері (стилі) деген ұғыммен байланысты алып қарайды. Ал “жазушының тілі дегенге келсек, ол – қаламгердің жалпыға ортақ қазынасынан алып көпшілікше қоданған, көптеген жазушыға тән сөздік байлық пен грамматикалық тұлға – тәсілдер, орысша айтқанда первоэлемент, яғни жазушының тілінің сүйегі” [1, 139]. Расымен де, әрбір жазушының өзіндік ерекшелігі де тілі арқылы көрінеді. Әрбір жазушының тіл қолданысы, тілдік тәсілдері, ойды жеткізе білуі әртүрлі.

Көркем проза тілін зерттеуде басты нысанаға алынатын мәселелердің бірі – кейіпкерлерді сөйлету принциптері. Кейіпкер сөзі диалог пен монолог арқылы беріледі. Диалог жазушының тіл көркемдігін айқындайтын тілдік тәсіл. Себебі, диалог арқылы адам мінездерін, қимыл- әрекеттін, кейіпкердің ішкі сезімін ашуға болады. Х.Кәрімов те диалогтың адам образын жасаудағы қызметін оның басты қызметі ретінде бағалайды. “. . . диалог арқылы адамдар арасында, өмірде кездесетін сан-қилы қарым-қатынасты бейнелеп, кейіпкерлер репликалары арқылы бір-біріне әсер етіп, адам мінезінің нақты түрде, нанымды түрде ашылады. Соың тілдік амалына айналады” – дейді [2, 289].

Шығармадағы әрбір кейіпкер сөйлесу сипаты жағынан бір-біріне ұқсамайды. Олардың өзінше сөйлесу дағдысы мәнері бар. Әр жазушы диалог арқылы кейіпкер мінез-құлқын танытушы амал ретінде қоданған. Себебі “. . . диалогтың кейіпкер болмысын, мінез-құлқын таныту қызметі ерекше. Әр жазушының диалогты қолдану шеберлігі әр басқа. Кейінгі прозалық шығармаларда диалогтық қолданыс сан түрлі бояу алып құрылымдық-стильдік жағынан толыға түскен” [3, 57]. Диалог арқылы әр кейіпкердің сөз қолданысын байқауға болады. С.Мұратбеков бұл тұрғыдан қарағанда, тілге ұқыппен қарайтын қаламгер екендігі көрінеді.

  • Ұзақ, ұйықтадың ба?
  • Жоқ, ұйықтай алмай жатырмын.
  • Менің де ұйқым келер емес. . . Кейде осы ойлап-ойлап басым қатады.
  • Нені?
  • Өмірді де. . . Неліктен бұлай екен? Адам өскен сайын қайғы-қасіреті, мұңы көбейе беретін сияқты ғой. [4, 82].

Автор бұл диалог арқылы ерлі-зайыптылардың өмір сүру заңдылығын қиынсынып, әлі де отбасылық өмірге үйренісе алмай әр нәрсені ойлап жүргенін аңғартады.

Автор көбінесе кейіпкердің сөз қоданысы арқылы олардың мінез-құлқын да ашуға тырысады.

  • Бұл жерге мен қойымды жаямын, — деді.
  • Е, сенікі қой болғанда, немене, біздің бағып жүргеніміз қояншық па? Өзің қалай-қалай сөйлесесің?! – деп Күсен атын тебініп таяна берген.

— Жақындама! – деп Тұрғали оның атын басынан тартып-тартып жібереді.

— Ұрма аттың басына! — деп ақырып қалды. Тұрғали сазарған қалпы.

— Сақалыңа қарамаймын: мен сенің өзіңді де итше тепкілеймін, — деді тістеніп.

— Әй, сенен келген тепкіні көріп алдым. Келші кәне!-деп күйіп кеткен Күсен атын тебіне ұмтылған: Тұрғали қамшымен жасқап маңайлатпады:

— Айтпады деме, енді бір сағатта кетпесең сазайыңды тартқызамыз! — деп ескертті де, кілт бұрылып шаба жөнелді [4,127].

Диалогтан Тұрғали мен Күсеннің бір-бірімен тәжікелескенін байқаймыз. Бірақ қанша өштескенімен де Күсеннің адамгершілік қасиеті жоқ еместігін де көруге болады.

«Күсен-Күсеке» әңгімесінде:

— Күсеке, мен аман-есен құтылдым, бұл соның тойы, — дейді Бисұлтан.

— Ой, бәрекелді, құтылғаның жақсы болған, азаматым, — деді Күсен қуанып.

— Сіздердің арқаларыңызда машинам да өзімде қалды.

— Бәлі шіркін! Бұл күндер ер қанаты осы ғой. Дұрыс болған екен [4,61].

Бұл дүкенші Бисұлтан мен Күсен арасындағы диалог. Елді жеп содан мойнына ақша мінген Бисұлтанның «сіздердің арқаларыңызда машинам да өзіме қалды» деген сөзіне оның «елдің арқасында күн көрем» деген қылығы көрінеді. Күсеннің аңғал да аңқау әрі елдің қуанышымен қуана білетіндігі сезіліп тұр.

Кейіпкерлер сөзі көбіне сөйлеу стиліне құрылады. Мысалы:

— Міне енді көп –көрім келіншек боп қалдың. – деген Торттай әзіліне қайта басып.

— Бетіңді ептеп опалап алсаң тіпті әдемі болар едің.

— Қағынды келгір со, шешеңмен ойна енді.

— Ойнағаным емес, рас айтамын, опаланып алшы. Құдаларың шалқасынан түссін. Сөйлеме әрі. . .[4,247].

Көріп отырғанымыздай, диалог ауызекі сөйлеу тіліне жататын қарапайым сөздердің қатысуымен жасалған. Кейіпкерлер тілінде эмоцияны білдіретін одағай сөздердің қолданылуы да ауызша тілдің үлгісін нақтылай түседі. Диалогтағы сөздер де көркемдік шындықты беру үшін стильдік мақсатта жұмсалған.

— Сізді Самат көндірген екен .

— Е, көнбегенде ше. «Тоқпақ мықты болса, киіз қазық кірер» деген емес пе, — деп қойды Бекең [4, 487] және

— Қызық екен, оны кім айтты? — деді күліп.

— «Естіген құлақта жазық жоқ» деген естідік. . .

— Кімнен естідің?

— Естідім, — деді Жанай тағы қайталап.

Берілген диалогтардан қаламгердің кейіпкер тілінде белгілі бір мақсатпен мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді пайдаланғанын аңғаруға болады.

Сондай-ақ жазушы кейіпкерлердің санасының деңгейін көрсету үшін түрлі кірме сөздермен және басқа тілді сөздермен сөйлетеді. Мысалы,

— Міне, құдай біледі. Өтірік болса табан астында жан тапсырайын. Әуелі қызық қылғанда қалың мал төлейтін көрінеді. Так что, комсорг жолдас, айналдыр дегенде тіл алмаймын деп жүріп айрылдың ол қыздан.

— Қой. Бақыт ондайға көне қоймас. . . Жарайды, ол жағын әлі анықтап біліп, ақылдасармыз [4, 261].

Диалогтардың арасында кейде көлемі жағынан қысқа әрі бірнеше беттен тұратын диалогтар да кездеседі. Олардың бәрі үйлесімді, орынды қолданылған. Диалог әр сөйлеушінің мінез-құлқын ашатындай ерекше, өткір қиыстырылған болуы қажет. Қаламгер кейіпкерлерді сөйлете отырып, олардың қай ортадан шыққандығын және кімдермен, қандай адамдармен қарым-қатынаста болатынын әр қырынан көрсетуге тырысады. Мысалы,

  • Сіз Әсет ағасыз ба?
  • Иә.
  • Сәлеметсіз бе. Мен сізге келдім.
  • Сен кімсің?
  • Әбдібаймын.
  • Кімнің баласысың?
  • Шұбардың.
  • Өй, үлкен жігіт болып кетіпсің ғой немесе
  • Үй іштерің аман ба?
  • Аман.
  • Сен кімнің машинасын айдап жүрсің?
  • Парторгтың.
  • Әпкемнің үйі тойға әзірленіп жатыр ма?
  • Иә.
  • Өзі, тойлары қашан, бүгін кешкісін бе?
  • Бүгін. [4, 149].

Осылай кете береді. Бұл жерде диалогтың келте-келте сөйлемдермен беріліп тұрғанын, яғни сұраққа тек нақты жауаптың ғана берілгенін аңғаруға болады..

Х.Кәрімов кейіпкерлердің әңгімеге қатысу барысына қарай диалогтың үш түрін көрсетеді: таза диалог (екі адамның сөйлесуі), аралас диалог (әңгімеге қатысушы кейіпкер саны екіден көп болса) көп дауысты диалог (бір топ адамның сөзі) [2, 111]. С.Мұратбеков әңгімелерінде кейіпкердің әңгімеге қатысу барысына қарай диалогтың барлық түрі кездеседі. Жоғарыда айтылған үзінділер таза диалог түріне жатады. Сондай-ақ аралас диалогтар да кездеседі. Мысалы,

  • Міне, ауылдарыңның әскерден қайтқан бір азаматын әкеп тұрмын, — деді Жақыпбай шал даңғырлай сөйлеп.
  • Иә, бұл қай бала? – деді Нүсіп шал жүдеу жігітке еңкейіп.
  • Мен ғой.
  • Менің кім? Түсіңді тани алмай отырмын, қарағым, аты-жөніңді айтпасаң?
  • Ысқақтың баласы Көбегенмін.
  • А-а, қарағым-ау, тірі ме едің?! – деп жан дауысы шыққан Нүсіп құшағын жайып кеп, жүдеу адамды бас салды. [4, 128]
  • О, о! Әсет!
  • Әсет келді!
  • Ура-а! … Ура-а!
  • Әсет, бері, мында кел!
  • Жоқ, бері, біз жаққа отыр! [4, 289]

Берілген диалогқа қатысушы кейіпкер саны екіден көп. Аралас диалог та кейіпкерді таныта білу қызметін атқарған. Диалог тек кейіпкер сөзінде кейіпкердің мінез-құлқын, көзқарасын ғана аңғартып қоймай, олардың тілдік ерекшеліктерін де танытады. Қаламгерлер кейіпкер тілінде белгілі бір мақсатпен фразеологиялық тіркестерді де қолданады.

  • Ағатай-ау, жүрші енді… Жүрші, мына тұрған клуб қой. Бес-ақ минутқа ғана, әйтесе, сенсіз болмайды.
  • Не, ол сонша?
  • Өй, бір жартыдай бірдеңе қалып еді. Сол … содан ауыз тисін деп.
  • Жо, ішпеймін [4, 257].
  • Сен қайда барасың?
  • Кілт іздеуге мен де барам.
  • Әлгінде бармай қойып ең ғой.
  • Әй, сен анау машинаны қара. Әрі-бері өткендер бірдеңесін қағып кетіп жүрмесін [4, 218].
  • Бақыт, мына жемді түсіріп алыңдаршы, — деді.
  • Қазір, — Бақыт сауыншыларды шақырып келуге кетті.
  • Әнеукүні сөз құлағыңа кірмеген-ау, ә, — деді Моторбай со сырт беріп тұрған күйінде.
  • Не сөз?
  • Шіріген астық жайында [4, 355].

Берілген мысалдардан кейіпкер тіліндегі фразеологиялық тіркестерді кездестіруге болады. Ауыз тию, қағып кету, құлаққа кірмеу – ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын іс-әрекетті білдіретін етістікті фразеологиялық тіркестер. Диалог – тек кейпкердің сөйлесу ерекшеліктерін танытып қана қоймай, автордың көзқарасын, идеясын да танытатын тілдік амал. Қаламгер кейіпкерлерді сөйлете отырып, олардың аузына түрлі сөз орамдарын салу арқылы, әрқайсысының мінезін, атқаратын қызметін, өскен ортасын және қарым-қатынас жасайтын адамдарын әр қырынан көрсеткен.

Біріншіден, кейбір кейіпкер мінез-құлқын танытушы амал ретінде диалогтың ұтымды қолданылғанын байқаймыз.Екіншіден, диалог тек кейіпкердің сөйлеу ерекшеліктерін ғана танытпайды, автордың көзқарасын, идеясын да танытатын тілдік амал ретінде жұмсалған.Үшіншіден, диалог шыгарманың құрылымдық қызметін ұйымдастырудағы тиімді тілдік тәсіл ретінде берілген.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Р.Сыздық .«Қазақ әдеби тілінің тарихы» Алматы, 1993ж
  2. Х.Кәрімов . «Диалектология және әдеби тіл тарихы мәселелері»Алматы, 2001ж.
  3. Б.Шалабай. «Көркем әдебиет стилистикасы» Алматы, 1999 ж.
  4. С.Мұратбеков .Шығармалары .І-ІІ том Алматы , 1986 ж.