Автомобильдендіру деңгейінің күрт өсуімен сипатталатын қазіргі заманда тасымалдау мен көліктік процесстердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың деңгейін арттыру мәселелері аса өзекті сипат алып отыр. Жол-көлік оқиғалары тек қана көлік құралдарының бүлінуімен, азаматтардың жарақат алуы немесе қайтыс болуымен байланысты шығындармен ғана емес, сонымен бірге аса қауіпті жүктерді тасымалдаушы көліктердің апаты жағдайларында орын алуы мүмкін, төтенше жағдайлармен де байланысты болады.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының экономикалық тиімділігін анықтау кезінде белгілі бір уақыт аралығы үшін, белгілі бір шаралар қабылданғанға дейінгі және олар қабылданғаннан кейінгі жол-көлік оқиғаларының санының, қайтыс болғандардың, жараланғандардың санының, әлеуметтік және материалдық шығындардың көлемінің өзгеруін салыстырмалы талдау әдісі қолданылады және жоғарыда аталған шаралар нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының санының қысқару шамасының орташа көрсеткіші Δk есептеледі. Бұл ретте жол қозғалысының орташа қарқындылығының өзгерісі де ескеріледі.
Белгіленген шараларды іске асыру арқылы орын алуы тоқтатылатын жол-көлік оқиғаларының саны ΔА келесі формула бойынша анықталады
ΔА = ΔkΒ,
мұндағы Δk – жол-көлік оқиғаларының санының қысқаруы;
В – жол-көлік оқиғаларының белгіленген шаралар енгізілгенге дейінгі саны.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында бір емес бірнеше іс-шараларды енгізу жоспарланған жағдайларда жол-көлік оқиғаларының санының қысқаруы келесі формула бойынша анықталады
Δk = 1 — (1-Δk1) (1-Δk2) (1-Δk3) … (1-Δkп),
мұндағы Δk1, Δk2, Δk3 …, Δkп – тиісінше 1,2,3, …n шараларын іске асыру нәтижесінде орын алатын жол-көлік оқиғаларының сандарының қысқаруы;
Жобаланып отырған іс-шаралардың экономикалық тиімділігін негіздеу барысында жол-көлік оқиғаларының салдарынан орын алатын шығындардың мүмкін болатын қысқаруы есептеледі
ΔС = Сд – Сп,
мұндағы Сд және Сп – тиісінше белгіленген іс-шаралар енгізілгенге дейінгі және олар енгізілгеннен кейінгі, жол-көлік оқиғаларының жылдық шығындары.
Жобаланып отырған іс-шаралардың экономикалық тиімділік коэффициенті келесі тәртіппен анықталады
kэ = ΔС / Sм,
мұндағы Sм— іс шараларды іске асыруға қажетті пайдалану шығындарын ескере отырып анықталған, келтірілген шығындар көлемі, теңге.
Жобаланып отырған іс-шаралардың экономикалық тиімділік коэффициентіне кері шама нақты шараларға жұмсалған қаржылардың өтелу мерзімін көрсетеді:
Төм = Sм / ΔС
Апаттылық көрсеткіштерін қысқартуға бағытталған типтік шараларды енгізу барысында мүмкін болатын жол-көлік оқиғаларының қысқару көрсеткіштерінің орташа шамалары 1-кестеде келтірілген.
1-кесте
Жол-көлік оқиғаларының санының қысқару көрсеткіші Δk
Апаттылықты қысқарту шаралары | Көлік қозғалысы үшін | Жаяу жүргіншілер үшін |
1 | 2 | 3 |
Көше қиылысында бағдаршамдық реттеуді енгізу | 0,3 | 0,3 |
Қосылу орындарында бағдаршамдық реттеуді енгізу | 0,1 | 0,1 |
Жаяу жүргіншілер өткелінде бағадаршамдық реттеуді енгізу | 0,05 | 0,25 |
Х-тәріздес қиылысты айналмалы қозғалысқа ауыстыру | 0,3 | 0,15 |
Басты жолда орталық бөлу жолағын салу | 0,2 | 0,1 |
1-кестенің жалғасы
|
||
1 | 2 | 3 |
Жер астылық жаяу жүргіншілер өткелін салу | 0,3 | 0,4 |
Жаяу жүргіншілер өткелінде қауіпсіздік аралшасын қарастыру | 1,0 | 0,2 |
Бағыттаушы аралшалар көмегімен көлік құралдары ағындарының қозғалысын арналау | 0,1 | 0,1 |
Көлік құралдары мен жаяу жүргіншілер үшін екі деңгейдегі жол айырығын салу | 1,0 | 0,5 |
Қозғалыс жылдамдығын физикалық жолмен шектеу:
60 км/сағаттан 50 км/сағатқа дейін 50 км/сағаттан 40 км/сағатқа дейін -40 км/сағаттан 30 км/сағатқа дейін |
0,09 0,09 0,09 |
0,09 0,09 0,09 |
Қиылысқа «STOP» белгісін орнату | 0,15 | 0,15 |
Көше қиылысына «STOP» белгісін орнату | 0,05 | 0,05 |
Жол-көлік оқиғаларының салдарынан орын алатын шығындар көрсеткіштері, жол қозғалысының қауіпсіздігін артыруға бағытталған шараларды енгізудің тиімділігі туралы шешімдерді қабылдау кезіндегі экономикалық есептеулер құрамына енгізіледі.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің басымдылығын, мемлекеттік маңызға дейін көтере отырып, жол-көлік оқиғаларының шығындарын бағалау, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру шараларын енгізуге бағытталған.
Жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде орын алатын әлеуметтік-экономикалық шығындардың нормативтерін есептеу мен бағалау әдістемесіне сәйкес жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде орын алатын әлеуметтік-экономикалық шығындардың көлемі тура және жанама шығындарды есептеу негізінде бағаланады (1-сурет).
Жол-көлік оқиғаларының тура шығындары:
автомобиль жолдарын пайдалану қызметтерінің жол-көлік оқиғаларының зардаптарын жою шығындары;
жүк жөнелтушілердің шығындары;
жол полициясы қызметінің және басқа да қызметтердің жол-көлік оқиғаларының себептерін тергеумен байланысты шығындары;
емдеу мекемелерінің, зардап шеккендерді емдеуге кеткен, шығындары;
жол-көлік оқиғалары кезінде қызметкерлері зардап шеккен мекемелердің шығындары;
әлеуметтік қамсыздандыру органдарының әртүрлі төлемдерге жұмсаған шығындары;
1-сурет. Жол-көлік оқиғаларының әлеуметтік-экономикалық зардаптары
Жол-көлік оқиғаларының жанама шығындары:
азаматтың материалдық өндіріс саласынан тысқары қалуымен байланысты экономикалық шығындар;
өндірістік байланыстардың үзілуімен байланысты шығындар, моралдық шығындар.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кейбір шаралар, мысалы, қозғалыс жылдамдығын шектеу, қозғалыс уақытын ұзартады, сондықтан уақыт шығындарының құндық баламасын да ескеру керек.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралардың экономикалық тиімділігін бағалау әдістемесі келесі кезеңдерден тұрады:
жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірнеше шаралар түрлерін жасау;
жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандардың, белгілі бір шараларды енгізген жағдайларда алдын алуға болатындарының санын анықтау;
жол-көлік оқиғаларының алдын алу салдарынан үнемделетін қаржылар көлемі;
жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды іске асыруға жұмсалатын қаржылар;
жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралардың өтелу мерзімі.
Жалпы алғанда, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы белгіленген іс-шараларды енгізу немесе енгізбеу мәселесі сол шараларды енгізуге жұмсалатын қаржылар көлемін, сол шараларды енгізгеннен соң алынатын пайдаларды салыстыру арқылы шешіледі.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу жүйесі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік стандарттардың, ережелер мен тәртіптердің, нормативтік құжаттардың талаптарын бұлжытпай орындауға негізделуі тиіс. Сонымен қатар, автокөлік жүргізушілерімен жүйелі түрде жұмыстар жүргізу, автокөлік құралдарының техникалық жағдайына күнделікті бақылау жасау, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын тиімді пайдалану тиісті нәтижелер береді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Клинковштейн Г.И. Организация дорожного движения: учебник для вузов/ — М.: Транспорт, 2001. – 247 с.
Автомобиль транспортындағы қозғалыс қауіпсіздігі қызметі және жол-транспорт оқиғаларын талдау: оқу құралы/ А.М.Достияров, А.Т.Төленов, С.Ж.Сақиев, С.С.Пернебеков — Шымкент: М.Әуезов атындағы ОҚМУ, 2001. – 130 бет.