Адам бойындағы бар игі қасиет — мектеп қабырғасында қаланады. Сондықтан, еліміздің ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне мән беру — біздің негізгі мақсатымыз. Осыған орай мектептегі тәрбие ұлттық қағидалармен толықтыру өте қажеттілікті талап етеді. Бүгінгі таңда мектептер балаларға жекеленген ғылыми пәндерді терең оқытуға тырысса, адамгершілік құндылықтар арқылы тәрбиеленуге мән бермей келеді. Соның салдарынан жастарымыз жағымсыз қылықтарға бой алдырып, имандылық дегеннің не екенін білмей өсуіне әкеліп соғуда. Ендеше рухани – адами салауаттылық жолын қалыптастыру уақыты жеткен тәрізді.
Егер бұрын базалық білім беру ұғымы аясында жас ұрпақтың сауат ашу мен оларға ғылым негізін игеру әрекетін түсіндіріліп келсе, қазіргі бұл ұғым оқушылардың бойындағы адами құндыдықтарды, қайырымдылықты, сүйіспеншілікті дамытуды, сондай-ақ әділдікке зорлық-зомбылық жасамауға, бақытты бағалай білуге тәрбиелей отырып талап етеді.
Білім беру жүйесінің негізін оқушылардың рухани-адамгершілік тұрғысынан кемелденуге назар аудару керек. Жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның айналасындағыларға көрсетер үлгісі берер тәлім-тәрбиесі мол болмақ.. Ал оның бәрі адамның бойында жас кезінен бастап қаланса тұрақты қалыптаспақ. Сонда ғана дұрыс бағыт алып, бағдарды ерте айқындаған баланың бойында бұл құндылықтардың қатары көбейіп саны арта түседі.
Тәлім-тәрбие баланың даму кезеңдерінде адамның рухани өзін қоректеуші болып, білімнен бұрын жеткізілуі тиіс. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі» деген Аль-Фараби. Оқушылардың рухани – адамгершілігн дамыта отырып тәрбиелеу — адам бойындағы жағымды қасиеттер мен жағымсыз ойлар бала мен ішкі сезімдік байланыс орнатқанда ғана бір-біріне ауысады. Нәтижесінде өзіндік түсіндік пайда болып, қимастық сезім туатындай жағдай туындауы мүмкін. Ондай кезде оқушы сабақтың тез аяқталуын күтпейді, керісінше жағымды қатынас мерзімін ұзартуға тырысады. Мұндай қатынас білім мазмұнын игеруге ең қолайлы сәттердің бірі болып табылады.
Көп бағыттағы әр салалы ұлттық тәрбиенің бір маңызды ұшы экологиялық туған жер табиғатын ойлауға келіп тіреледі. Міне, бала бойына адамгершілік құндылықтарын осындай пәндерді оқыту барысында қалыптастыру қажет. Ұлттық тәрбиенің өркенді мақсатының бірі – Қазақстандық патриотизм. Бұл жалпы өмірде сана – сезім, идеология, саясат пен тәрбие үрдісі мен астарлас құбылыс. Жас жеткіншектерге ұлт қаһармандарының бейнесі мен тіршілік әрекеттері қашанда үлгі. Олар еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, айтқан құндылықтарының көрінісін сіңіру — мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
Бүгінгі таңда білімнің өзінің шынайы міндетіне жауап беруден қалғанына бүкіл дүние жүзінің педагогтары алаңдатушылық танытуды. Оқушылардың ғылым негіздері туралы білімдер мен шектен тыс «жұмысбасты» етумен білімнің мақсаты айтарлықтай кеміп кетті. Үлгерімнің жоғары процентіне қол жеткізу бірінші кезектегі маңызды міндет болып санала бастады. Сол үшін де оқытудың барлық үрдісі әр түрлі тестілер мен емтихандарды жаттап алуға және тапсыруға алып келді.
Қазіргі кездегі білімнің мәні материя заңдары үстемдік ететін үлкендердің әлеміне «сәттілікпен» кіруге мүмкіндік беретін білімдердің белгілі бір көлемін игеруге жағдай туғызатын құрал ретінде түсіндіріледі.
Рас, материалдық қажеттіліктер өте маңызды, оған ешкімнің таласы жоқ. Күн сайын жеу, ішу, киіну қажет, басында бастаған болу керек. Сол себепті де кейбір ата-аналар бала тәрбиелеу ісіне өзінің қатысын, тек «материалдық» қамқорлық жасау: киіндіру, ішіндіру… деп түсініп жүр.
Алайда адам – тек қана тән емес, сонымен қатар үлкен қажеттігі бар жан да. Нақты өз аттарымен атайтын болсақ, жан деп отырғанымыз — рух, ал тән — нәпсі. Қазақта мынадай фразеологиялық сөз тіркестері көп кездеседі: рухани бай адам, адамның рухы, рухы жоқ, рухы жоғары, рухтанып кетті, рухани байлық, ұлттық рух, рухани ұстаз, т.с.с . Осы тіркестерге мұқият зер сала отырып, «рух» деген нәрсенің адам денесіндегі бір қуат екендігіне көз жеткізуге болады. Оның адам бойында кездесетін барлық жақсы қасиеттері мен жасайтын барлық игі істерінің қайнар көзі екендігін аңғару қиын емес.
Жаратылыстың барлығы екі қарама-қарсы нәрседен тұрады: ақ — қара, күн — түн, ыстық — суық, тәтті — ащы, жақсы -жаман... Сол сияқты, адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер рухтан туындайды да, барлық жаман қасиеттер нәпсінің көрінісі болып табылады. Адам денесі бір болғандықтан оның ішінде билік үшін үнемі осы екі қуаттың күресі жүріп жатады. Жақсыны, я жаманды таңдап жататынымыз да осыдан.
Адамның ішінде болмайды аласы,
Оларды бұзатын нәпсінің таласы, — деп уақтында Шәкәрім айтқан.
Бұл екі таңдаудың қалау — қажеттіліктері мен азығы бар. Қайсысы қуаттырақ, қайсысы үстем болса, ақыл соның талабын қанағаттандырады, соған қызмет жасайды. Адамдардың жақсы-жаман болып жіктелуінің себебі де осыған байланысты.
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.
Шәкәрім
Асылында, жаман адам болмайды, бойындағы нәпсісі рухынан үстем болғандықтан, барлық ақылы, білімі, қайрат -жігері мен өнері нәпсінің құлына айналғандықтан, жақсы іс-әрекеттер мен көркем амалдардың табылуы қиын.
Рухтың мекені — адамның жүрегі. Жүректің жылуы, махаббат, ар — намыс, қайрат — жігер деген сезімдердің барлығы да осы рухтан туындайды.
Түсіну үшін мынадай салыстыру келтіруге болады: Күн – адамның рухы болса, сәулесі — оның ақылы. Рухани бай адам ең алдымен әділ, мейірімді және қанағатшыл болады.
Ұлы Абай ақыл мен жан туралы уақытында былай деген:
Ақыл мен жан мен — өзім, тән менікі,
Менімен менікінің мағынасы екі.
Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
Менікі өлсе өлсін, оған бекі
Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ та қайтып келіп, ойнап-күлмес.
Мені мен менікінің айрылғанын,
Өлді деп ат қойыпты өңшең білмес.
Жалпы жаратылыс та адам денесі сияқты екі бөліктен тұрады. Біріншісі – бес сезу мүшелерімізбен сезіп, ақылымызбен ажырататын материалдық дүние. Екіншісі — сезу мүшелеріміз бен сезе алмайтын, бірақ ішкі жанымызбен сезіп, ақылымыз ажырататын рухани дүние. Рух азығын осы рухани әлемнен алады.
Қазір адамдардың барлығының да көздері ашық, ғылыми- техникалық дамудың шарықтап тұрған кезеңі – компьютер дәуірінде өмір сүріп жатыр. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Бүкіл адамзат соны іздеумен әлек. Ол – рух қажеттілігі, рухани азық.
Рухани азықты тауып, дәмін татып мейірін қандырған адам ғана бұл дүниенің қызыл-жасылы мен баянсыз бақыттарына жүрек байламай, алаңсыз толық қанағат кейпіне келіп, өмірден өзінің нақты орнын табады. Сонда ғана ол өзінің адам деген атына заты сай көзі ашық, көкірегі ояу кемел дәрежесіне жетеді.
Әрбір халықтың рухани азығының қайнар бұлағы — оның халықтық педагогикасы мен ұлттық салт-дәстүрлері болып табылады. Тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап, әсіресе, жан азығына басым көңіл бөлген халқымыз өміртануды діттеп, оның пәлсапалық заңдылықтарын терең ұғынған. Жан азығынан мақұрым қалған адамның адамдық қасиеті жойылып, оның хайуанға айналатынын ертеден ұғынған халқымыз жан азығын ең әуелі нәрестеге бесік жыры арқылы әуезді әуенмен беруді бастайды, одан соң жас балдырған жеке сөздерді ұғына бастағанда-ақ, оған жақсы мен жаманды ажыратып түсіндіреді.
Адам өмірінің «алтын бесігі» – мектептің есігін ашқан балдырған жарығы мол жаңаша өмірде адамдық асыл қасиеттерді қастерлеп өмір заңдылықтарын үйренеді.
Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыздың осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін, әрбір тәрбиеші, ұстаз халық педагогикасын сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани-адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез-құлқы жетілген саналы адам қалыптасады.
Білім өзінің шынайы міндетіне жауап беруі үшін балаларда жас кезінен бастап, ең маңызды адамдық саналарды – адамгершілікті: сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірбандықты, шыншылдықты және басқа асыл қасиеттерді дамыту керек.
Қазіргі жағдайларда бұл жүзеге асырудың мынадай мүмкіндіктері бар:
1.Рухани адамгершілік құндылықтарды кез-келген пәнді оқытудың мазмұнына енгізу;
2.Сыныптан тыс сабақтарды баланың адамдық асыл қасиеттерді игеруіне ықпал ететіндей бағытта ұйымдастыру;
3.Жеке пән ретінде жүргізілетін сабақтардың бағдарламасына енгізу;
Рухани тәрбие өзінің қуатын әлемнің әрбір құбылысынан алуы мүмкін. Олай болса, кез-келген оқу пәні балалардың адамгершілігін, жақсы мінез-құлығын қалыптастыру құралы бола алады.
Әдебиеттер тізімі
1.Ш.Уәлиханов. Таңдамалы шығармалары.
2.Ы.Алтынсарин. Мұсылмандықтың тұтқасы.
- Ә.Табылдиев. Халық тағлымы. –Алматы:Қазақ университеті, 1992.
- Ә.Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы. –Алматы: Ана тілі, 1992.