Шоқан Уалиханов (дұрыс есімі – Мұхаммед Қанапия, ал Шоқан – анасының еркелеп қойған аты) 1835 жылы қараша айында Құсмұрын бекінісінде туған, әкесі Шыңғыс Уалиханов атақты аға сұлтан (бүгінде алғашқы этногрофшы ретінде де танылуда), арғы атасы орта жүздің ханы Абылай болған. Шоқанның балалық шағы әуелі Құсмұрында, содан кейін өзінің ата мекені – Сырымбетте өтеді. Бала Шоқанның сана сезімі ерте оянып, рухани өсіп жетіле беруіне әжесі айғаным үлкен әсер еткен.
Шоқан әуелі Құсмұрындағы қазақ мектебінде оқиды. Мұнда ол араб жазуының негіздерін меңгереді және қарындашпен сурет салып үйренеді. Сонымен қатар араб тілін кейіннен ұйғыр тілін жақсы меңгереді. Шоқан осы уақытта халық поэзиясына да құмартады. Ол «Қозы көрпеш – Баян сұлу», «Еркөкше» халық дастандарын жазып алады және шығыстың халық поэзиясына қызығушылық танытқан. Н.М.Ядринцевтің айтуынша «Шоқан ақын жанды … алам еді. Оған араб өлеңдері қатты ұнайтын және ол өзінің ұстазы Костылецкиймен бірге сол өлеңдерге рахаттанып, мәз болып отыратын» дейді.
1847 жылдың күзінде он екі жасар Шоқан туған елінен тұңғыш рет ұзақ сапар шегіп, әкесімен бірге Омбыға оқуға келеді, Мұнда Шыңғыс өз баласын Сібір кадет корпусына оқуға түсіреді. Осында Шоқан Уалиханов білім нәрімен сусындалып ғана қоймай орыстың мәдениеті мен демократиялық көзқарастарымен танысады. Ол Г.Н.Потанин, Н.Ф.Анненский, ұстаздары Н.Ф.Костылецкиймен достық қатынастарын орнатады. Шоқан Уалиханов корпуста жүріп-ақ көп кітап оқып үлгереді. С.Ф.Дуров, П.П.Семеов-Тяншанский, Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев Уалихановтың көп білетіндігін, әсіресе шығыс әдебиетінен көп мағлұматы бар екенін жоғары бағалаған.
Шоқан кадет корпусын 1853 жылы он сегіз жасында бітіріп, армиялық атты әскердің корнеті деген офицерлік атақ алып шығады.
Ресми жағынан Сібірдің казак әскерінің алтыншы әскер полькінің офицері болып тағайындалғанымен, шынында, Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторының жанында қалдырылады да, бір жыл өткеннен соң Батыс Сібір мен Қазақстанның Солтүстік аудандарын басқарып отырған генерал Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Сонымен қатар өлкенің бас басқармасы бойынша Шоқан Уалихановқа төтенше тапсырмаларды орындайтын офицер қызметі де жүктеледі.
1854-1857 жылдары Шоқан Ұлы жүз қазақтарының және қырғыздардан бұғы, сарыбағыш және солту руларының Россияға бейбіт жолмен қосылуы туралы мәселені шешуге жігерлі түрде қатысады.
1855 жылы Шоқан генерал Гасфорттың сапарына қатысады. Орталық Қазақстанды, Жетісуды және Тарбағатайды аралады. Оның маршруты Омбыдан Семейге дейін, одан Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін болды. Ал қайтар жолда Шоқан Алтын Емел жотасына дейін ғана Гасфортмен бірге болып, осы жерден Жоңғар қақпасына дейін барады. Алакөл ауданы мен Тарбағатайға сапар шекті, содан кейін Орталық Қазақсстанға беттеп Қарқаралы, Баянауыл және Көкшетау арқылы жүрді, Күзде Омбыға оралды.
1856 жылдың басында Уалихановқа поручик шені берілді. 1856 жылы Уалихановтың ғылыми еңбегінің дамып өркендей беруіне кең өріс ашылады. Ол Коментовский деген білімді офицердің басшылығымен ұйымдастырылған үлкен әскери-ғылыми экспедицияға қатысты. «Экспедиция мақсаты қырғыз халқымен танысу және Ыстықкөл алабын картаға түсіріп алу еді».
1856 жылы күзінде Шоқан Семенов-Тяншанскиймен бірлесіп Құлжаға саяхат жасайды. 1856 жылы тамыз айының бас кезінде Шоқан Уалиханов ресми түрде Құлжа құлжа қаласына барады және жолшыбай Батыс Қытайдың бірнеше шекаралық аудандарына соға түседі. Уалиханов Құлжа өлкесінде үш айдай болып содан кейін күздің соңғы айларында Омбы қаласына қайтып оралады. 1857 жылы Шоқан Алатау қырғыздарына тағы да сапар шегеді.
1858-1859 жылдары Шоқан өзін ержүрек саяхатшы даңқына бөлеген атақты Қашқар саяхатына барып қайтады. Бұл кезде Қашқарға бару өте қауіпті еді, Цин әулетінің феодалдық езуіне наразы болған жергілікті халықтардың көтерілісі бүкіл Шығыс Түркістанға тегіс жайылған болатын. Әйтсе де ғылымға мүлдем белгісіз болып отырған ертеде қалыптасқан мәдениеті бар Қашқариядай бай елді зерттеудің маңызы өте зор еді. Шоқан Қашқарияға сапар шегетін керуенге Қарамолада 1958 жылы 28 маусымда қосылады. Осылайша 1958 жылы қыркүйек айында Қытай империясының шекарасынан өтеді. Ал Қашқарияда Уалиханов жарты жылдай болады. “Ш.Уалиханов өзінің Қашқарияға деген саяхатын он ай, он төрт күнде ойдағыдай аяқтап, 1859 жылдың он екінші сәуірінде Верныйға (Алматыға) келеді. Он бір жарым ай дем алып, Омбыға қайтады да, өзінің жинаған материалдарын өңдеуге кіріседі”. Жалпы Қашқар саяхаты Уалихановтың денсаулығына үлкен зиян келтіреді. Қашқарияға сапарын Уалиханов Петербургке баяндамен алып барады. Уалиханов Петербургте әртүрлі салада қызмет атқарады. Ол бірнеше мекемеде бас штабтың әскери-ғылыми комитеті мен Азия департаментінде, Университет пен географиялық қоғамда қызмет істейді. Бас штабтың ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша Орта Азия мен Шығыс Түркістан карталарын құрастырады. Шоқанның редакциясымен “Балқаш көлі мен Алатау жоталарының аралығындағы кеңістіктің картасы”, “Іле сыртындағы өлкенің батыс бөлімін барлау” (1856), “Құлжа қапасының жоспары”, “Ыстықкөл экспедициясының нәтижелері туралы есепті баяндамаға қажетті карта” (1856), “Қытай империясының Батыс өлкесінің картасы” және басқалары жасалынды.
1861 жылдың көктемінде Шоқан Уалиханов қатты ауруға шалдығып, Петербургтен еліне қайтады.
1864 жылы Шоқан Уалиханов генерал Черняевтің әскери экспедициясына шақырылып, Әулиеата бекінісін, олардағы соғыс әрекеттеріне қатысады. Алайда генерал Черняевтың әділетсіз істеріне Шоқан қатты наразы болады, тіпті, жалғыз Шоқан емес, Россияның бүкіл алдыңғы қатарлы адамдары наразылық білдіреді.
Шоқан Уалиханов Черняевпен келісе алмайды. 1864 жылдың июль айында ол Черняевтың әрекеттеріне наразы болған бір топ офицерлермен бірге Верный қаласына қайтады.
Содан соң Шоқан Верныйдан кетіп, албан руының аға сұлтаны Теректің ауылына барады. Сонда тұры ол Терек сұлтанның қарындасына үйленеді.
Ауылда трған кезінде Шоқан Ұлы жүз қазақтарының тарихи аңыздарын зерттеп, Батыс Қытайдағы дүнген көтерілісіне көңіл аударып, Петербургпен және Батыс Сібір әкімшілігімен байланысып отырады .
Бас штаб пенАзия департаменті Шоқан Уалихановты өмірінің ең соңғы күніне дейін орнынан босатпай оны қызметте деп есептеді.
Уалиханов өзінің бірден бірге мендей түскен науқасынан айырыла алмайды. 1865 жылы, сәуір айында Шоқан Алтын Емел жотасының етегіндегі Көшен тоғаны деген жерде, Тезек сұлтанның ауылында қайтыс болады. Осылайша қазақтың аса көрнекті ғалымы және ағартушысы Шоқан Уалихановтан мол тарихи, географиялық, этнографиялық, әдеби, мәдени мұа қалдырылды. Ол тым қысқа өмірінің ішінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы, географиясы мен этнографиясына арналған бірсыпыра еңбектері мен қоғамдық саяси тақырыптағы толып жатқан шығармаларын да жазып үлгерді. Шоқан Уалиханов терең энциклопедиялық білімі бар, өз заманындағы ғылымда да бірқатар мәселелерді жаңаша көтере білген кемелді ірі ғалым еді. Шынында да Шоқан өз тағдырын аз ғана жаспен өткізседағы осыған дейін зерттелмеген Орта Азия мен Қазақстан жерлерін зерттеуге үлкен көңіл бөліп зор мұра мен ғылыми дүние қалдыра алды. Осыған Шоқанды итермелеген оның зеректілігі, білімділігі және таланттылығы десек те сонымен қатар Шоқанды зор ғылыми мұра қалдыруына өскен ортасы, достары мен заман талабы да әсер етті. Осы кездегі алғашқы этнографтардың қатарына Шоқанның әкесі Шыңғыс Уалиханұлында жатқызған болатын.
Ш.Уалихановтың тарихи зерттеулері
Ш.Уалихановтың мол ғылыми мұрасының негізгі бөлігі халық ауыз әдебиетіндегі туындыларға негізделген екенін байқауға болады. Шоқан Уалихановтыңаңыз эпостарды жинап талдау жасауы, сол арқылы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихын, тағдырының бұралаң жолдарын, шығу тегін, қоныс өрісін өзге елдермен мәдени байланыс дәрежесін дүниетанымын наным сенімін анықтамақ болып, қыруар жұмыс атқарғанын ғылыми ерлік деп айтуға тұрарлық. Осындай жұмыстары арқылы Шоқан іргелес жатқан бауыр-туыс елдің рухани әлемін сол кездегі зиял жұртшылыққа таныстырып, халықтар достығын нығайтуға нақтылы қадам жасаумен қатар, тарих ғылымы нысанасы жетуге тырысты.
Шоқан тарихи маңызы бар мақалаларындағы негізгі тақырып Абылай ханның жүргізген саясаты мен қазақ және жоңғар қарым-қатынасы төңірегінен шығады. Оның «Абылай», «Шуна — батыр», «ХVІІІ ғасырдағы батырлар жөніндегі тарихи мұра» және тағыда басқа мақалалары қазақ-жоңғар қарым-қатынасында және тарихтағы Абылай ханға деген көзқарастарда жаңа бетті ашқандай болды. Жоғарыда аталғандай Шоқан өз шығармаларының көпшілігін ауыз әдебиетінің туындыларына жүгінген әсіресе ақын және жыраулардың шығармаларына жүгінеді. Ол өз еңбектерінде «тарихты зерттеу жағынан халықтың поэзиялық рухы тамаша. Себебі: біріншіден дала халқында тарих таңқаларлық есте сақтау қабілеті бар импровизатор арқылы жетеді, екіншіден ақын жыраулар өз заманының жағдайын толықтай суреттеуі, үшіншіден ауыз әдебиетіндегі поэмалар салт-санамен, мақал-мәтелмен, құқықтық кодекстерімен бірегей болып табылады. Сондықтан ол өткен кездегі халықтың тарихи және рухани дүниесін танытады және де бізге көптеген тарихи қосымша мәліметтерді береді және олардың қайдан шықанын түсіндіреді» деп ауыз әдебиетін зерттеуге деген құлшынысын түсіндіреді. Сонымен қатар Шоқан Уалиханов дерек ретінде орыс-жоңғар, және Қытай қарым-қатынасына байланысты архивтік деректерді пайдалана білді.
Ш.Ш.Уалихановтың қазақ-жоңғар және Абылай хан мәселесіне көп еңбек етті, алайда оның зерттеулеріндегі кейбір қорытындылар, көзқарастар мен пікірлер қазіргі тарихта қолдау таппайды. Ол өз мақалаларында XVIII ғасырдың ортасындағы жоңғар еліндегі жағдайды былайша суреттеуге тырысқан: «1745 жылы қырғыздар арасындағы үлкен болып саналған Қалдан Церен өледі, және жоңғарияда біріншілік үшін талас тартыстар байқалады. Қалмақтық Тайдзилер Абылайдан көмек іздеуге мәжбүр болды. Ал Абылай хан жоңағрларға деген ескі кекшілдіктен бұл жағдайды пайдаланып жоңғарларды әлсіретуге тырысып, талас тартысты бірде бірінші, бірде екінші жақты жақтап созуға тырысты».
Айта кететін жайт Абылай хан көрегенділік пен даналық таныта білген сұлтан. Ол осы кездегі өзгерістерді түсіне білді. Оның көз алдында осыдан аз ғана бұрын құдіретті мемлекет талқандалды және Абылай бұл оқиғадағы Цин империясының ролін бағалай білген. Сондықтан оның түсінігінше жақын көрші ретінде Циндіктерді көргенше, жоңғарларды таныған дұрысырақ болады, себебі Циндіктер қазақ хандығы үшін үлкен қауіпті тудыратын еді. Ал жоңғарлар үнемі жаугершілікте жүргендіктен онсызда әлсіреп қазақ хандығы үшін ешқандай қауіпті тудырмайтын. Жоңғар қонтайшысы Әмірсанаға әскери көмек бере отырып Абылай досына бірегей мемлекетті сақтауға жәрдемдесті. Бұл тарихи тұжырым бүгінде көпшілік тарихшылар мен зерттеушілердің көңілінен шығады. Неліктен Ш.Уалихановта осындай тұжырымға келмейді деген сұраққа келсек Шоқан жыраулардың деректері мен орыс архивтерінің деректеріне сүйенді, сондықтан өзіндік заманына да сай тұжырымдарға, зерттеулеріндегі нәтижелерге келіп отырды.
Жалпы Шоқан Уалихановтың тарихи зерттеулердегі тереңдік пен кеңдіктің нағыз белгілері айқын көрінетін екі тақырыптың бағытында жұмыс жүргізгені мәлім, яғни жоғарыда аталған Абылай мен қазақ-жоңғар қатынастарына аса көп назар аударады. Шынында да бүгінде бұл екі тақырып айналасында бірқатар көзқарастар деректермен ашылмаған істер де бар. Міне осындай өзіндік тұжырымдарын алғашқылардың бірі болып Шоқан Уалиханов салған.
Шоқан Уалиханов сонымен қатар Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихында зерттеуге аса назарлықпен қарағаны белгілі. Ең бастысы Шоқан Уалиханов қырғыз халқы жөніндегі зерттеулер жүргізе отырып халықтың шығуын тарихи оқиғаларын дерек көзі ретінде ауыз әдебиетін пайдалана отырып зерттейді. Сонымен қатар өз зерттеулерінде “Қытай шежірелері мен Абылғазы еңбектерінен біз қырғыз халқы жайлы деректер таптық …”деп атайды. Осылайша Шоқан қырғыз халқын зерттеуде Қытай шежірелері мен Абылғазы шежіресі және Риттердің “Erdkunde von Asien” деген еңбегінде дерек ретінде пайдаланады.
Жалпы Шоқан Уалихановтың еңбектерінде қырғыздар, хакастар, ұйғырлар, дүнгендер, қарақалпақтар және жекелеген тайпалардың шығу тегі соми тарихы егжей-тегжей қарастырылған. Сондықтан Шоқан Уалихановты тек қазақ халқының зерттеушісі ретінде қарастырмай Орта Азия халықтарының ғалымы ретінде көрсету белгіленуде. Шынында да Шоқанның Орта Азия халықтарының тарихын зерттеуде еңбегі мол. Алайда мұндай еңбектің құны ауыр-ақ болды. Мұнда айта кететін жайт Шоқанның еңбектері, мақалалары, құнды зерттеулері Ресейдің Орта Азияны басып алудағы танып білуіне көмекші құрал болғанын ескермей кетуге болмайды.
Ш.Уалихановтың этнографиялық зерттеулері.
Ш.Уалихановтың Жетісу өңірі мен Қырғыз халықтарын зерттеуі.
Ш.Уалиханов еңбектерінен өз маңызын әлі жоғалтпаған өзіндік және жан-жақты терең ойлар мен идеяларды, қорытындыларды, қызғылықты гипотезалар мен фактілік мәліметтерді кездестіреміз. Ғалымның танымының кеңдігі, білімдарлығы, өзекті және өте күрделі де өте қиын проблемаларды зерттеу шеберлігі, Шығыс халықттарының өмірі мен мәдениетін, олардың тағдырына алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің рөлі мен маңызын терең түсіну оқырманды таң қалдырады.
Шоқан қазақ халқының ежелгі тарихын зерттеуде археологиялық және архитектуралық ескерткіштерді маңызды дерек деп есептейді. Оның ойынша, көшпенділер қаланың қираған орны, қоныс қалдықтары сияқты материялдық мәдениеттің елеулі қалдықтарын қалдыра алмайды. Алайда Қазақ даласында, деді ол, зерттеушілердің назарын аударатын әр түрлі қабыр үстіндегі ескерткіштер, қорғандар, мавзолейлер, діни ескерткіштер көп кездеседі, өйткені қазба кезінде табылған заттар ежелгі халықгардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діни нанымдарын, кәсібін, материалдық мәдениет деңгейін сипаттайды.
Төңкеріске дейінгі тарихнамада қазақтардың шығу тегі туралы көптеген құнды бақылаулар кездеседі. Мәселен, Шоқан еңбектерінде аса қызғылықты антропологиялық бақылаулар берілген. Бұл мәселені шешуді ол туған халқының тарихы мен этнографиясын зерттеу қызметінің негізгі міндеті деп есептеді. Оның “Жоңғар очерктері”, “Қырғыздар туралы жазбалар”, “Қырғыздар шежіресі” және тағы да басқа еңбектерінде қазақтардың физикалық кейпі туралы “түріктер мен маңғолдардың араласуы нәтижесінде қалыптасты, бірақ маңғол тамыры едәуір басым болған” дейді. Сонымен қатар оның дәлелдеуінше “бұл халық XIV ғасырдан бұрын қалыптасқан жоқ”. Қазақтардың этникалық бірлігінің мұндай хронологиясы Қазақстанның ежелгі тарихы бойынша қазіргі кездегі ғалымдардың мәліметтерімен сәйкес келеді. Ш.Уәлиханов А.Левшин мен А.Вамбери қолдаған қазақ халқы маңғолдар дәуіріне дейін құрылды деген ғылыми болжамды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Бұл оқиғаны ол XIV ғасырдың екінші жартысында түркі-маңғол ордаларының ыдырап, Қазақ Ордасының құрылуымен байланыстырады. Бірақ мемлекеттілік халықтың міндетті белгісі болып табылмайды. Қазақ даласындағы халықтың құрылуы феодалдық құрылыстың қалыптасуы мен байланысты. Қазақ хандығының құрылуын XV ғасырмен XVI ғасыр басындағы қазақ халқының ауыртпалықсыз қалыптасуын қамтамасыз еткен қолайлы жағдай ретінде қарастырған дұрысырақ.
Ш.Уәлиханов қазақ халқы құрылғаннан кейін де оның құрамына жекеклеген ру-тайпалық құрылымдардың кіргенін түсінді. Қазақ халқының ру-тайпалық құрылымын, жекелеген тайпалар мен рулардың шығу тегін, олардың жерге қоныстануын зерттей отырып, бұл халықтың негізін Кіші жүзге кірген тайпалар құрды деген қорытындыға келеді. XIV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырда қазақтарға Ұлы және Кіші жүз тайпалары қосылады. Бұдан кейінгі дәуірде басқада тайпалардың, мысалы ноғайлардың қосылуы байқалады. Бірақ бөлініп кеткендер де болған.
Уәлихановтың еңбектерінде қазақ халқын құраған әр түрлі ру-тайпалық топтардың тарихы бойынша көптеген құнды мәліметтер келтірілген.
Шоқан этногенетикалық мәселелерде, ең алдымен, шындыққа сәйкес келетін және жан-жақты деректерді пайдаланып, шектес ғылымдардың ғылыми қорытындыларына сүйене отырып шешу қажеттігін жақсы түсінген. Оның алдындағы әріптестері жазба деректерге баса назар аударған болса, ол жазба деректермен қатар қазақ тарихнамасында алғашқылардың бірі болып қазақ халқының, оның этникалық территориясының, шаруашылығының, тілі мен мәдениетінің қалыптасуын зерттеуге таптырмайтын дерек ретінде этнография мен фольклор мәліметтерін, қазақ аңыз-әңгімелерін, мақал-мәтелдерін жоғары бағалайды. Этнографиялық және фольклор деректерінің ежелгі тарихты зерттеудегі маңызы туралы ғалымның ойлары оның “Жоңғар очерктері”, “Оңтүстік сібір тайпалары туралы”, “Қырғыз шежіресі” деп аталатын еңбектері мен мақалаларында анық баяндалған.
Ш.Уалиханов Ұлы жүзді зерттеуге елеулі үлес қосқан. XIX ғасырдың ортасына дейін ғылымда Ұлы жүз бен қырғыздардың этникалық тобы қазақтардан ерекше халық құрады деген қате пікір үстемдік еткен болатын. Шоқан қазақтар мен қырғыздар арасындағы этникалық және антропологиялық айырмашылықтарға қатысты дәлелді фактілерді келтірген төңкеріске дейінгі Қазақстан зерттеушілерінің бірі. Бұл, ең алдымен, XIX ғасырдың ортасында аталған халықтар туралы теріс түсініктер болуына байланысты айтылды. “Мен осынау мүлде өзгеше екі халықты шатастырмауды атап көрсетуді қажет деп есептеймін”- деп жазған Ш.Уәлиханов. Ол осы халықгардың айырмашылығын материалдық және рухани мәдениет саласында ғана емес, олардың физикалық келбеті саласында да көрсетуге тырысады. Шоқан өзінің көркем суреттерінде Омбының жекелеген қазақтардың және Ыстықкөл қырғыздарының бейнелерін қатар салып, арнайы антропологиялық салыстырулар жүргізеді. “Бұл екі халық,,-деп жазды сосын ол,- тілі, шығу тегі, салт-дәстүрі бойынша ерекшеленеді. Тіпті буруттардың бет әлпетінде қайсақтарға жат өзгешеліктері бар”. Ғалым олардың суреттерін сала отырып өзіндік физикалық ерекшеліктерін көрсетеді. Өз сюжеттерінде, суреттері мен картиналарында жоғары қабақтың ашық қыртысын беттегі үшінші түкті жабындымен шебер үйлестіреді. “Сартай әулетінен шыққан Сарбағыш”, “Боранбай” және тағы да басқа этюттерінде ол сирек сақалмен үйлестіре отырып, өзіндік физикалық қасиеттерін ғана емес, нәсіл түрінің бірқатар антропологиялық ерекшелігінің негізін құрайды. Сондықтан Ш.Шыңғысұлының “Үлкен, Орта және Кіші қырғыз—қайсақ ордалары қырғыздардан ерекшеленетін қазақ деген халықты құрайды…” деп атап тұрып көрсетеді. Тұтастай алғанда халықтардың Шоқан дәл байқаған нәсілдік айырмашылықтары тек қазіргі кездегі антропологиялық материалдарда жан-жақты дәлелденді. Шынымен-ақ қазақтар мен қырғыздардың қазіргі кездегі антропологиялық сипаттамаларында олар оңтүстік нәсілінің әртүрлі нұсқаларына жатады. Олар арнайы әдебиетте Казақстандық және Тянь-Шань маңайындағылар деп аталады. Олардың негізгі антропологиялық ерекшеліктері мынау: қазақтармен салыстырғанда қырғыздарда денедегі үшінші түкті жабындының сиректігі, эпикантустың болуы, беттің тығыздығының жоғары деңгейі, бас сүйектегі мұрынның шығыңқы орналаспауы, жоғарғы тістерінің күрек тәрізділігі мен азу тістеріндегі метаконойдтың буын-буын қыртыстарының жиілігі және монголоидты сипаттың басқа да дерматоглифті, серологиялық комплекстерінің болуы. Тұтас алғанда кеңес антропологтарының еңбектерінде қазақтар мен қырғыздар арасындағы антропологиялық ерекшеліктер Ш. Уалиханов жүз жыл бұрын көрсеткен белгілермен шамалас беріледі.
Ш.Шыңғысұлы қазақ халқының тарихы мен этнографиясы бойынша өзіне дейін белгісіз болып келген жазба деректерді іздеп тауып, зерттеді. Атап айтқанда орыс деректерін зерттеді, оларды өз еңбектерінде кеңінен пайдаланды. Ал шығыс деректерін зерттеуге Уалиханов 1853—1856 жылдары бет бұрды. Осы жылдары ол «Профессор И.Н.Березинге хат» және оның Алтын Орда мен Қырым хандарының тархандық атақтарына арналған «Хандық атақтар» кітабына естеліктер жазған.
XIX ғасырдың ортасында тархандық атақтарды көптеген орыс ғалымдары зерттеген. Соның бірі — белгілі шығыстанушы И.Н.Березинге хат және оның еңбектеріне рецензия жазады. Алайда бұл еңбектер жарыққа шыкқан жоқ, ал тархан атақтары бұдан кейін арнайы зерттелмеді. Тек А.Н.Самойлов қана И.Н.Березиннің жұмысына бірнеше түзетулер енгізді.
Уалиханов шығармаларының бірінші томында жарияланған тархан атақтары туралы еңбектері бұл тарихи құжаттарға ғалымдардың назарын қайта аударды және Алтын Орданың әлеуметтік-эканомикалық тарихын зерттеуде маңызды рөл атқарды. Қазақ ғалымы тархан мәтіндерін қазақ халқының этногенезі тұрғысынан зеттеді.
Уалихановқа белгілі көптеген шығыс қолжазбалары арасынан ол Рашид-ад-диннің «Джами-ат-тауарих» , Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и-Рашиди» және Қадырғали Қасымұлы Жалайыридың «Джами-ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») еңбектеріне назар аударады.
Рашид-ад-диннің шығармалары Уалихановқа француз шығыстанушысы С.Д.Оссонның, Қазан университетінің профессоры Ф.И.Эрдманның, Қадырғали Жалайыридың және М.Картмердің де еңбектерінен белгілі болған. Бірақ ол бұл шығармамен 1860 жылы Петерборға келгеннен соң И.Н.Березиннің аудармасы қолына тигеннен кейін ғана жақын танысады. Бұл басылымды зерттей отырып, ол И.Н.Березиннің аудармасы мен түсініктеріне баға беруді, шығарманы конспектілеп, оның мәліметтерін содан кейін барып қана қазақ халқының этногенезін зерттеуге пайдалануды бірінші мақсат етіп қояды.
Сөйтіп еңбекті конспектілейді және басып шығарушының атына бірнеше сыни ескертпелер жасайды. Ол қытай деректерімен салыстырғанда құнды тарихи — этнографиялық мәліметтер бар деп Рашид-ад-дин шығармасын жоғары бағалайды.
Мұхаммед Хайдардың қолжазбаларымен де Уалиханов 1860 жылы Петербордағы Азия мұражайының кітапханасында танысып, зерттеді. Еркін аудармасы және «Тарих-и-Рашидидің» қашғар мәтінінен үзінділер келтірілген бірен-саран мақалалары сақталған.
Уалиханов Қадырғали Жалаиридің қолжазбасын да мұқият зерттеген. Бұл шығармадан ол қазақтарға қатысы бар бөлімдерді ішінара аударады, аудармаға ескертулерді және этнографиялық терминдер сөздігін қосып береді, мәтіннің мазмұнын талдайды және олардың мәліметтерін өз мақалаларында, рецензиялары мен хаттарында пайдаланады. Бұл қолжазбаны ол ХІҮ-ХҮІ ғасырлардағы қазақтардың тарихы бойынша тамаша дерек деп есептейді.
Шоқан шығармаларында қазақ халқының материалдық және рухани мәдениеті сипатталған. Оның «Ежелгі кезеңцердегі қырғыздардың қарулануы және олардың әскери сауыт-саймандары», «Көшпенді қырғыздар туралы» мақалалары үлкен ғылыми қызығушылық тудырады. «Қазақ далаларындағы мұсылмандық туралы», «Тәңір» мақалаларында қазақтардағы ежелгі анемистік сенімдер мен соңғы жүз жылда олардың трансформациясы туралы айтылып , ислам діні кертартпа дін ретінде көрсетіледі.
Жиналған мәліметтер негізінде Ш.Уалиханов шамандықты тарихи тұрғыдан қазақтардың дінінің, олардың дүние танымының, рухани мәдениеті мен тұрмысының бір бөлігі ретінде зерттеді және оның пайда болуының мәнімен себептеріне материалистік түсінік берген. Оны «Қырғыздардағы шамандықтың іздері» деген мақаласынан көруге болады.
Ш.Уалиханов этнографиялық фольклорлық деректерді іздеп тауып, жинақтауға зерттеуге, оларды сынауға және автордың түсініктемесімен, ғылыми дерекнамалық талдаудың нәтижелерімен басып шығаруға дайындалған. Оның бұл қызметі «Сот реформасы туралы жазба», «Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының аңыз, әңгімелері», «Қырғыз шежіресі», «ХҮІІІ ғ. Батырлары туралы тарихи аңыздар», деп аталатын мақалаларда көрініс тапты. Оның бұл еңбектері оқырманды ғалымның шығармашылық лабораториясында енгізіп, оның ғылыми жұмыс әдістерін сипаттайды және теориялық тұрғыда маңызды болып табылады.
«Сібір қырғыздары әкімшілігіндегі сот реформасы туралы жазбаларында» Уәлиханов патша үкіметінің Қазақ даласы үшін дайындап жатқан реформасы туралы ойларын демократиялық тұрғыда білдірді, қазақтардың дағдылы құқығын би сотының рөлі мен маңызын сипаттайды.
Шоқан қазақ халқын орыс патшалығының бейбітсүйгіш халқы деп сипаттап, сонымен бірге қазақ халқының экономикалық және әлеуметтік — мәдени артта қалушылығын, таптық әр тектілігін қатал сынады және царизмнің отаршылдық саясатын әшекереледі.
Ш.Уәлиханов өз еңбектерінде Қазақстандағы патша үкіметінің басқару жүйесі мен экономикалық саясатын мақұлдамайды. 1822 жылы Сперанский кезінде жасалған «Сібір қырғыздары туралы Уставтың» негізгі ережелері туралы «мұндай реформалар біздің халқымыз үшін апатты және прогреске қарсы» деп ашық айтты.
Ғалым қоғамның саяси жүйесіне және оны қайта құруларға үлкен мән берген. Оның ойынша, бұл мәселелердің шешілуі халықтың болашағымен тығыз байланысты. Оның, әсіресе, Петерборға барып келгеннен кейін жазылған шығармаларында «халықтың шынайы мұқтаждықтарын», «олардың қажеттіліктерін» ескере отырып басқару керек деген ой арқау болады. «Ол халықтың пікірі» мен «шын мәніндегі халық қажеттіліктері» арасын шебер айыра біліп, белгілі бір кезеңдерде бұлардың сәйкес келмеуі мүмкін дейді. Ол сонымен қатар, «тұтас ұлттың» мүддесін сословие пікіріне сыйдыруға болмайтындығын жазады. Бұдан келіп шығатыны- халық қажеттіліктері мен мүдделерін ағартуға қолы жеткен, дамыған, «өзін-өзі» таныған еңбекші халық білдіре алады….. Бұл-сол уақыт үшін аса терең пікір.
Ш.Уәлихановтың еңбектерінде қазақтардың өлең-жыр-поэтикалық және музыкалық шығармашылығы жан-жақты баяндалады. Ол ескі поэмаларды, мадақ өлеңдерді, аңыз-әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, халықтың рухани-мәдени шығармаларын талмай жинастырады. Ол қазақ халық поэзиясының классификациясымен жасайды. Олардың ежелгі негізі мен басқа халықтармен мәдени байланыстарын қалпына келтіру мақсатымен фольклор шығармаларының әр түрлі нұсқаларын зерттейді.
Жалпы Шоқан бала кезден халық ауыз әдебиетіне құмартқан болатын және өзінің бұл құмарлығын өшірместен Н.Ф.Костылецкий және Г.Н.Потанин секілді зерттеушілерге жазып, түсіндіріп те берді. Өзінің туған елі мен шығыс елдерін зерттеуге деген құмарлық Шоқан Уалихановта кадет корпуста басталады, мұнда ол Г.Н.Потанинмен біргелесіп қазақтың құс салып, аң аулау дәстүрінің егжей-тегжейлігіне жетуге тырысып этнографиялық зерттеуін бастайды десек те болады.
1856 жылы Хоментовский экпедициясымен шыққан Шоқан Жетісу мен Тянь-Шаньда кездескен ерте заманғы мәдениеттің өте сирек ескерткіштері үлкен әсер етеді. Ол әсіресе Ыстық көлдегі ерте заманғы қала мәдениетінің суландыру жүйелерінің қалдықтарына сәулет өнерінің ескерткіштеріне мән береді. Ыстықкөл мен кезінде Шоқан қырғыз ауылдарына барып бұғы, сарыбағыш, солты руларының өмірімен, тұрмысымен танысады. Дәл осы кезде осы рулардың Ресейге қосылу мәселесі туындағаны да белгісіз емес. Сонда Шоқан Уалиханов мұнда тек ғылыми ізденіспен ғана емес саяси пиғылдармен де келсе керек. Шынында да Шоқан ілескен экспедицияның басты мақсаты да Ресейдің Орта Азияны өзіне кіргізуді аяқтау болғаны сөзсіз. Сондықтан ғылым ізденуші Шоқан орыстандырушылардың ықпалында да болған.
Шоқан Шыңғысұлы қазақ халқының этнографиясы мен фольклористикасымен қатар, төл тарихына да үлкен үлес қосқан. Ол соңына әр алуан аяқталған және аяқталмай қалған құнды зерттеулер қалдырған. Оның тарихи-этнографиялық сипаттағы бақылауларының нәтижесі өз тереңдігі мен маңыздылығы бойынша өз замандастарынан әлдеқайда биік тұр. Оның жинақтаған ғылыми материалдары мен оның қорытындылары әлі күнге өз маңызын жойған жоқ. Оның еңбектері қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын зерттеуге зор ықпал етті.
Ш.Уалихановтың Қытай жеріндегі зерттеулері
Шоқан Уалихановтың ғылыми және ағартушылық істері ХІХ ғасырдың елуінші жылдарының аяқ шені мен алпысыншы жылдарының бас кезінде әсіресе өрлей түсті. 1858-1859 жылдары Шоқан өзін ержүрек саяхатшы даңқына бөленген атақты Қашқар саяхатына барып қайтады. Марко Поло мен Несунт Гоестен кейін (1603 жылы) бұл елге тұңғыш рет барған адам Шоқан еді. Европаға беймәлім болып келген бұл елдердің географиясы, тарихы, мәдениеті және саяси жолдарымен терең танысып, Шоқан Уалиханов Шығыс Түркістанды ғылыми жолмен зерттеудің бастамасын жасайды. Сонымен қатар Шоқан Уалихановтың Шығыс Түркістан жөніндегі зерттеулері патшалық Ресей үшін де саяси пиғылдарды жүзеге асыруда толымсыз дүние болғанын назардан тыс қалдыруға болмайды. Көптен бері орнығып, қалыптасқан тәртіп бойынша Қашқарияның қақпасы ол кезде Европа ғалымдары үшін жабық еді. Белгілі географ Адольф Шлагинвейт Қашқарияға Шоқаннан бір жыл бұрын барып, мұнда Уалихан төре деген қожа оны өлім жазасына бұйырып басын алған еді. Сондықтан Шоқан Уалиханов үшін де Қашқарияға сапар қауіпті болып табылды. Осыған қарамастан ғылым жүзінде мүлдем белгісіз болып отырған ертеде қалыптасқан мәдениеті бар Қашқариядай бай елді зерттеудің маңызы өте зор еді. Шоқан Уалиханов сияқты талапкер ғалымды бұл елдің тағдыры өзіне қызықтыра тартып, құмарта түседі. Белгісіз елдерді зерттеу талабымен қанаттанған ержүрек саяхатшы қорықпай ілгері тарта береді.
Жол бойында Шоқан Ыстықкөл мен Тянь-Шань таулары жөнінде құнды материалдар жазып ккөрсетеді.
Уалиханов Қашқарда жарты жылдай (1858 жылдың бірінші октябрінен 1859 жылдың март айының ортасына дейін) тұрады. Бұл уақыттың ішінде ол Қашқар қаласымен жақын танысып және алтышаһар елін де жақсы біліп алды. Ол кезде Алтышаһар деп, солтүстігі Тян-Шань тауларымен, оңтүстігі Куэнь-Лунмен қоршалған қалалар, атап айтқанда: Ақсу, Үш-Тұрфан, Қашқар, Янысар, Яркенд, және Хотан. Қалаларын атаған. Бұл қалалар сол кезде қоқан хандығының саяси ықпалында болды да Орта Азия халықтарымен ашық түрде сауда және саяси байланыс жасап отырады.
Шоқан Уалиханов алғашқы келген күндерінен бастап ақ мұнда қоқандықтарды ерекше құрметтейтінін байқайды. «Қоқандықтар Уалихановты меймандостықпен қабылдап көңілін көтеруге түрлі сауықтар ұйымдастырылады және жергілікті дәстүр бойынша сол жердің әйгілі кісінің қызына үйлендіреді».
Шоқан Қашқарияны жан-жақты зерттеп, оның саяси және экономикалық құрылысымен жақын танысып бұл елді ерте замандардан бері мекендеп келе жатқан халықтардың тарихы мен этнографиясы жөнінде бай материал жинайды. “Түрлі тайпалар мен түрлі елдердің купецтерімен таныс болуын көрші елдер жөнінде көп маршрут, этнографиялық, статистикалық және сауда мәліметтерін алуына мүмкіндік берді” деп “Алтыншаһардың немесе Қытайдың Нан Лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы туралы” деген мақаласында көрсетеді.
Шоқан Уалиханов достарының жәрдемімен өте сирек кездесетін бірсыпыра шығыс қолжазбаларын тауып, кумизматикалық және тау жыныстарының коллекциялары мен гербарий жасап алады. Сонымен қатар ол ескіден қалған қадірлі мұра, ерте заманғы грамоталар мен халықтың қолөнерінің ескерткіштерін көркем керамика, тағысын-тағыларын жинақ алады. Уалиханов алып келген аса бай материалдардың ішінде оның Шығыс Түркістанның тұрмыс қалпы мен адамдарының түс сипатын бейнелейтін, қарындашпен салған суреттері үлкен орын алады.
Уалихановтың сапарының ең басты нәтижесі “Алтышаһардың немесе Қытайдың Ман-Лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы туралы” деген күрделі еңбегі болды. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен географиясы, әлеуметтік құрылысы жөнінде толық мағлұмат беретін алғашқы ғылыми еңбек еді. Жаңа материалдарды қамтуы және мәселені терең талдауы жағынан Уалихановтың еңбегі біздің отандық ғылымымызға қосылған үлкен байлық болды және күні бүгінге дейін өзінің маңызын жоғалтқан жоқ.
Шоқан Уалихановтың Қытай жеріндегі этнографиялық зерттеулері жан-жақтылығымен танылды. Мәселен діни ерекшеліктеріне тоқтала отырып ол “Шығыс Түркістанда мұсылмандық фанатизмнің күшті болмауының себебі, әрине, елдің географиялық жағдайына байланысты. Мұнда, мұсылман діні елдің жергілікті дәстүрлеріне бағынып, бұл ерекшелікті мұсылман елдерінің басқаларында мүлдем кездеспейтін әйелдер бостандығының бір өзі де толық дәлелдейді” деп көрсетеді. Осылайша Шығыс Түркістандағы діни ерекшелікті ислам дінінің көріністері мен дәстүрлік белгілермен араласқанын байқатады. Сонымен қатар Қытай территориясындағы Қашқар халқының түр сипатына мән беруде Шоқан Уалиханов былайша жеткізуге тырысады “Қытайлықтар оларды чанту (ораулы бас немесе сәлделі кісі), қалмақтар хотаня деп аталады да, енді ортаазиялықтар қырғыздар мен буругтар Шығыс Түркістан халықтарының баршасын да қашқарлықтар деп атайды. Бұл елдің негізгі тұрғындары түрік тілінің ерекше бір диалектісінде сөйлейді, өркентолистер оны ұйғыр тілі деп атайды, кейіптеріне, бет-әлпеттеріне қарағанда бұлардың ұлты бір, бірақ шыққан тегі жағынан тілдері мен тұрмыс қалпында болар-болмас қана өзгешеліктері бар үш түрлі халыққа бөлінеді”. Мұнда Шығыс Түркістандықтардың атауына, тілдік ерекшеліктеріне, тұрмыстық, мәдени, бет әлпеттеріндегі көрістерге тоқталуға тырысады.
Жалпы Шоқан Уалиханов Шығыс Түркістан халқының құрамы, құрылысы, сауаттылығы, әдеби даму ерекшелігі, музыкасы және музыкалық аспаптары, өнеркәсіптік яғни шаруашылық дамуына жетелей тоқталады. Сонымен қатар салт-дәстүрлеріне тоқтала отырып Шоқан “…Қашқарлықтар қонақтарына бір нәрсе ұсынуда әлсін-әлі орнынан ұшып тұрып, иіле тағзым етіп, қошеметтеп тіл қатуының өзінен ақ бір мән бар және әдет-ғұрпында да алғыс айту рәсімі де бар, ал Қоқандықтар ешуақытта да алғыс айтпайды”[25, 354 б] деп көрсетеді, мұнда Уалихановтың айтуынша Қашқарлықтар Орта Азиялықтардан қарағанда кішіпейілдікпен танылады.
Қашқарлықтардың киіміне тоқтала отырып, мұндағы ерекшеліктерді де айқындауға тырысады. “Бегзадалар шетінен қытайша киініп, … кішігірім әкімдер мен қала тұрғындары түр түсі мен үлгісі жағынан қытайдың сырт киіміне ұқсастау шапан киеді. Әйелдер ашық түсті жібек немесе шыттан тіккен көйлекпен қытай көкірекшесі және біздің әскери тундиризіміз сияқты тік жағалы бешпет киеді. Бет жүздерін жасыру үшін киетін қара немесе ақ селдірді де тек сән үшін киеді, әдетте олар беттерін жаппайды. Жазда еркектер мен әйелдер алтын ақадан немесе атластан тіккен қарбыз тәрізді дөңгелек бөрік киеді де қыста құлақшынды елтірі немесе түлкі бөрік киеді. Жай халықтың аяқ киімі орыс етігі мен татар мәсісі. Әйелдер қыста оюланған қызыл шұға етік киеді де жазда тағы сол қызыл шұғадан тіккен башмақты қоңылтаяқ киеді” деп түбегейлі суреттеуге тырысады.
Осылайша Шоқан Уалихановтың Қашқарияға сапарынан мол ғылыми дүниемен оралды. Бұл сапар Шоқанның табысты зерттеулерінің бірі болды. Мұнда Шоқан қауіпті сапардан бас тартпай ержүректігін таныта білсе және өз зерттеуінде Шығыс Түркістанның барлық жақтарын тыс қалдырмастан тұрмысын егжей-тегжей суреттей түседі. Мұндағы мәдени белгілер мен ерекшеліктеріне аса көп көңіл бөледі, әсіресе қытай мәдениетінің басым екенін айқындап оның барлық өмір салаларындағы белгілерін атап көрсетеді. Шоқанның Қашқариядағы зерттеулері осы кезде империалистік Ресей үшін аса маңызды болды. Шындығында да Шоқанның мұндағы зерттеулері Ресейдің осы кездегі жартылай отар Қытайға байланысты саясаты үшін маңызды болып отырды. Сондықтан Шоқан Уалихановтың Шығыс Түркістан жөніндегі этнографиялық зерттеулері тек ғана ғылыми маңызы ғана болмай сонымен қатар саяси маңызы да болды.