1932 жылдың дүрбелеңінен кейін арадағы бірнеше оңжылдықтардан соң, ақиқатқа көзді енді ашып қарап отырмыз. Алайда, ащы шындықтардың құпия сырына үніліп, нақты шығындарын есептеп шығу қиынға соғуда. Оның үстіне бірде-бір архивте, түрлі қорларда бір жүйеге түсірілген деректер жоқтың қасы. Сұрапыл жылдардың куәгерлері естеліктері өткенді танып білудің құнды айғағы екендігі екендігі рас.
Мәселен, осыған орай “Қазақ әдебиеті” газеті жазушы Ө.Қанахиннің “Көрген көзде жазық жоқ” атты естелігін жариялады. Онда жазушы: “қазір мен 65-темін. Ашаршылық жылдары 9 жаста болатынмын. Мен 1931, 1932, 1933 жылдары өзім куәсі болған оқиғаларды айтпай тұра алмаймын.” – деп жазады. 9 жасар жетім баланың көз алдында адамдар, көп адамдар өліп жатады. Балалар үйінде, ол тәрбиеленген жерде 57 баланың екеуі- ақ ажал құрығынан аман өтіпті. Ал, жазушының от басындағы 12 адамнан ашаршылықтан жалғыз оның бір өзі ғана аман қалады. Жазушы З.Ақышев аштық туралы өзінің “Білсін мұны ұрпақтар” деген естелігін жазады. Онда автор: “Бұл зауалға тек қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И Голощекин ғана кінәлі емес. Ол кезде онымен қатар 1925-1929 жылдары екінші хатшы болып О.Исаев, 1930-1933 жылдары И.Құрамысовтар қызмет істеген.”-дей келіп, 1935 жылдың мамыр айында Қазақстан мәдени-ағарту мекемелері қызметкерлерінің съезінде сөз сөйлеген О.Исаев: “Өткен жылдардың қиыншылықтарын әркім әр түрлі түсінеді. Оған кім кінәлі? Қазақ халқының өздері кінәлі. Қазақтар еңбек ете алмайды. Сондықтан, қиындықтарға кезігіп, социалистік құрылыстың қарқынына ере алмай қалды” деп соқты. Сонда, шынымен мыңдаған жылдар бойы көзі еңбекпен ашылған қазақтар айналдырған екі жылдың ішінде жатыпішер, арамтамаққа айналғаны ма?” деп ашына еске алады өткен күндерді жазушы.
Ал, С.Байжановтың “жариялауға жатпайды” атты мақаласы архивтік құжаттарға негізделіп жазылған. Онда Т.Г Невадовскаяның альбомы туралы сөз болады. Москва түбінде тұратын Т.Гаврилованың мамандығы дәрігер-хирург. 1932-1933 жылғы ашаршылық кезінде ол дәрігер әкесі, профессор Г.С.Невадовскиймен Алматы түбінде орналасқан “Шыңдәулет” ауылындағы “союзсахар” аймақтық тәжірибе станциясында жұмыс істейді. 19 жасар қыз сол кезде қазақ арасындағы ашаршылық зардабын бар жан-тәнімен сезіне білген. Оның барлығы да кейіннен өзі құрастырған альбомнан орын алған. Альбомда ашыққандардың 23 фотосуреті, естеліктер, 19 жолдан тұратын “Қазақстан қасіреті” деген өлең бар.
Бұл орайда жазушы С.Елубаевтың республикалық баспасөз бетінде жарияланған “Нәубет” атты мақаласына да тоқтала кеткен жөн сияқты. Онда автор: “Голощекинге ең кедей деген көшпелінің өзінде 30-40 қой-ешкі мен 4-5 ірі қараның болуы есепсіз байлық сияқты болып көрінді. Сонда, өз жұмыс күшінен басқа ештеңесі жоқ пролетариат қайда? Сондықтан ол Москвадан Қазақстанда “Кіші октябрь” жүргізуге рұхсат алды. Сөйтіп, ұжымдастыруды жоспардағыдай үш жылдың ішінде емес, бір-ақ жылдың ішінде жүргізіп шығару үшін күрес жүргізеді”.
Қазақстандағы ұжымдастыру жылдарындағы мал басының шығыны мен 1932 жылдың аштығының құрбандары туралы жазушы Б.Нұржекеев “Көшпенді шаруалар қайдан шықты?”-деген материал жазды. “Отырықшылдандыру жөніндегі республикалық комитеттің деректері бойынша 1933 жылы Қазақстандағы мал басы 1929 жылмен салыстырғанда 16 есе кеміп кеткен. Егер, 1929 жылы мал басының саны 39294 мың болса, ал 1933 жылы небәрі 2 428,2 болған. Бір сөзбен айтқанда, 3-4 жылдың ішінде Қазақстан 27 млн. бас малдан айырылған. Мәселен, 1929 жылы бір отбасына 39 бас малдан келсе, 1933 жылы бұл сан 3,9-ға кеміген.
Республика халқына танымал демограф М.Тәтімовтың “демографиялық деректерге сүйенсек” атты мақаласында автор ғылымның тәсілдері мен методологиясын пайдалана отырып нақты цифрлар келтіреді. 1932 жылдың құрбандарының нақты санын анықтау үшін, демограф 1926 жылы болған Бүкілодақтық бірінші халық санағының деректерін талдап оған салыстырмалы талдау ретінде 1939 жылғы Бүкілодақтық екінші халық санағының деректерін алған. 1926 жылдың санағының қорытындысы бойынша, қазақтардың саны 3 млн 638 мың болған. Ал, екінші халық санағының қорытындысы бойынша, 12 жыл өткен соң, Қазақ ССР-інің территориясындағы олардың саны 2 млн 307 мың болған. Ресми деректерден байқалып отырғандай екі санақтың арасындағы айырмашылық 1 млн 321 мың адам, немесе, соңғы санақтың көрсеткіштері бойынша қазақтардың саны 36,7 пайызға кеміген. Алайда, осы айырмашылықтың өзін толыққанды деп есептеуге болмайды. Себебі, мұнда алғашқы халық санағы кезіндегі түрлі себептермен есепке алынбай қалған тұрғындарының санына байланысты жасалған ғылыми талдау мен статистикалық есеп жоқ. Сондай-ақ, екі санақ аралығындағы халықтық табиғи өсіміне де демографиялық баға берілмеген.
Қазақстанда болған 1925-1933 жылдар аралығындағы қанды геноцидтің төркіні тым әріде жатыр. Мысалы, патшалық Ресейдің кезінде Марков деген бір депутат екінші Думада: “Қырғыз-қайсақтар Шыңғысханның тікелей ұрпақтары. Сондықтан, Шыңғысхан бізге 12 ғасырда не жасаса, біз қазір бұл қырғыз-қайсақтарға дәл соны жасап, өш алуымыз керек” деп сөйлеген. Ұлт саясатындағы зорлық-зомбылық, кіші халықтардың тілін жою, орыстандыру, тарихи тамырын кескілеу, бір ғасыр көлемінде халық ретінде жоқ қылу, жері, тілі, діні, әрпі жоқ орыстанған мәңгүрт тобыр жасау – міне, өкіметтің жасырын бағдарламасы осы еді. Қазан төңкерісінен кейін көп ұзамай-ақ колхоздастыру деген ұранмен геноцид басталды..
Бұл отызыншы жылдардың бір қасіреті – ашаршылықтың бүкіл қазақ жеріне оба ауруындай тараған сәті болатын. Осы жайлы егер нақты деректерге жүгінсек, Шымкент қаласының тұрғыны З.Рысбекова былай деп еске алады: “Пірімбет деген қария Үмбет деген баласы, Сәкен деген келіні үшеуі бірдей үйлерінде аштан өліп, сасып кеткен екен. Тірі қалғандар тамдарын үстеріне құлатып, жан-жағындағы топырағын үйіп, мола жасай салды. Ауылда көп өліктерді жер қазбай-ақ осылай көме салатын. Себебі, жер қазуға арық-тұрық адамдардың шамасы да келмейтін.”
“Кеңестер билеген Түркістан” деген еңбегінде М.Шоқай кеңес өкіметінің Қазақстанда жүргізіп отырған саясатын былай деп көрсетті: “Өкімет өкілдері өздерінің орыстарын қорғауды, оларды жақсылап тамақтандыруды, жақсылап киіндіруді, өз үйлерін бөтен біреудің жібек матасымен және басқа да қымбат бұйымдармен безендіруді ғана біледі. Ал біздерге, мұсылмандарға не істеді? Тамақтандырды ма? Жоқ! Киіндірді ме? Жоқ! Егер киіндірсе кедейлер жалаң аяқ жүрер ме еді. Егер тамақтандырса, мыңдап, он мыңдап аштан өлмес те еді. Біздің үйлерімізді не қалған жоқ?”
РСФСР халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов болса, Кеңес өкіметінің Қазақстанның жергілікті халқына жасаған, бұрын-соңды құлақ естіп көрмеген аштық саясаты туралы өзінің И.В Сталинге жазған хаттарында былай деп көрсетіп берді: “Қазақтардың бір ауданнан Қазақстаннан тыс жатқан екінші бір аудандарға 1931 жылдың аяғында басталып, жазғұтұры ұлғая түскен қоныс аударулары қазір үдей түсті. Аштық пен індеттің салдарынан бірқатар қазақ аудандары мен қоныс аударушылардың арасында өлім-жітім етек алып отырғандықтан, бұған орталық органдардың шұғыл араласуы қажет. Мұндай жағдай – қазақ халқының белгілі бір бөлігіне қатысты Қазақстанда пайда болған қазіргі жағдай өзге өлкенің, не республиканың ешқайсысында орын алып отырған жоқ. Қоныс аударушылар өздерімен бірге көрші өлкелер мен Ташкент, Сібір, Златоут темір жолдары бойына індет ауруларын таратты. Совет тарапынан белгіленген ішінара шаралар мәселені шеше алмайды. Орталық Комитеттің қаулысымен дер кезінде жәрдемге босатылған азық-түліктің едәуір бөлігі көздеген жерге жетпеді. Бұл мәселенің маңызы зор болғандықтан, Сізден осы хатпен танысуыңызды және аштан өлу қаупіне душар болған көптеген адамдардың өмірін сақтап қалу үшін осы іске ара түсуіңізді өтінеміз.”
Бұл хатында Т.Рысқұлов Қазақстанда, әсіресе мал баққан халықтың халі адам төзгісіз екенін, аштықтан көбі ажал құшып, көп адам Қазақстаннан басқа жаққа тамақ іздеп, жұмыс іздеп ауып кеткенін Голощекин “асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” деп тұтас халықтың басына алапат қауіп төнгендігін бұлтартпас фактілермен, құжаттармен жанқиярлық батылдықпен ашына айқайлай айтып, ұсыныстар жасайды.
Ашаршылық, әсіресе, 1931-1932 жылдары меңдей түсіп, елді мүлдем есеңгіретті. Осындай ел басына күн туған сәтте халқы үшін Т.Рысқұлов сияқты шыбын жанын шүберекке түйіп, қызмет атқарған абзал жандар аз болған жоқ. Оңдай мысалды баспасөз бетінен кездестіруге болады. Солардың бірі — Әбжаппар Үсенов туралы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі С.Доғмырзаев “Ақиқатты аңсаған ағалар” деген мақаласында былай деп жазыпты: “Әбжаппар Үсенов – халық жауы емес, халықтың нағыз баласы еді. Үлкен ұйымдастырушы, суырып салма ақын болатын. Біз ол кісіден мол өнеге алып өскен, атбайлар інілерінің бірі едік. Міне, заман түзеліп, сондай аяулы жандардың атын атап, түсін түстеп, өнегелі жақтарын жастарға айтатын халге жеттік, әйтеуір. Бұған да шүкіршілік. 1931-1932 жылдардағы ашаршылықта Әбжаппар өзі басқаратын “Игілік” колхозының 100-ден астам отбасын ашаршылықтан аман-есен алып шықты. Әрине, Әбекеңнің жалғыз өзі елге қорған болды деуден аулақпыз. Аяулы азамат жүз шаңырақты аштықтан құтқару жолында Керімбек Маңқытаев, Бекшора Бекқожаев, Алтынбек Қошқарбаев, Шалабай Дүйсенбаев, Қожахмет Наров секілді үзеңгілес серіктеріне арқа сүйеді.
1921-1922 жылдары Қазақстанда – Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губернияларында, Адай уездерінде ашаршылық орын алды. Елде өріс алған ашаршылықтың қазақ халқы үшін қасіреті зор болды. Бұл нәубеттің нәтижесінде шамамен қазақ ұлтының үштен бір бөлігі қырғынға ұшырады деген деректер бар.
Қазақстандағы ашаршылыққа байланысты, тарихшы Т.Омарбеков мынадай тұжырымды ой айтты: “Қазақстандағы 1921-1922 жылғы ашаршылық шындығына келсек, ауа рай, құрғақшылық емес, өздері өкіметті бір түнде басып алған соң, көп кешікпей-ақ азамат соғысы тұтанатынын, ал одан шаруашылық күйзеліп, халық аштықтан қырылуы мүмкін екенін біле тұра, қатерлі бағыттарынан қайтпай қойған большевиктер және олардың партиясының біржақты саясаты кінәлі.”
Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Қазақстандағы ашыққандарға жеткілікті көмек көрсету былай тұрсын, қайта қазақтың қолындағы бар астығы мен малын салық қылып жинап алды. Мәселен, 1922 жылы егілген егінінен жиналған 54 миллион 734 мың 449 пұт астықты, оған қосымша 417 миллион пұт астықты салық деп тартып алған.
Республикалық Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, әрі аштарға жәрдем ұйымдастыру комиссиясының бастығы С.Меңдешев Түркістан республикасының халқына “Қазақстан республикасындағы ашыққандарға көмек беріңдер!” деген хатында “…Аштық Торғайдың, Ырғыздың, Темірдің, Ойылдың көшпелі аудандарында қысты күні-ақ сезілді. Қазіргі күні ашаршылық Ақтөбе губерниясында, Орал облысының Елек, Жымпиты,Гурьев уездеріне жайылды. Шексіз далада балалар қаңғып жүр. Далалық жерден күн көру үшін тамақ іздеп босып кетті, қалаларда, теміржол станцияларында туыс-туғандары тастап кеткен балалар, қарттар төгінді лас қоқыстарды ақтарып, талғажау болатын дәм іздеуде. Қазақ халқы үшін қол ұшын беріп, көмектесіңдер” – деп, үндеуін жариялады. Қазақ халқының басына төнген бұл нәубет туралы М.Дулатов, Ж.Аймауытов бастаған ұлт зиялылары ойласа келіп, елді апаттан сақтап қалу үшін сенімді азаматтарды елге шығарып, шаруасы күйлі елдерден жылу ретінде мад жию керек деген шешімге тоқтап, өздері де осы жұмысқа кіріседі. Жаппай өрістеген аштыққа қарсы шара қолданып, ойласу, ұйымдасу қажеттігін көрсетіп, М.Дулатов пен Ж.Аймауытов “Қазақ тілі”, “Ақжол” басылымдарында мақалалар жариялады. (М.Дулатов. “Ашыққан ел һәм Семей азаматтары. “Қазақ тілі” 1922, 18 наурыз. “Аштық қырғыннан қайтсек құтыламыз?” “Ақ жол” 1922,12 тамыз.)
Халқын аштықтан құтқару мақсатында “өкімет назарына” — деп айшықтаған М.Дулатовтың мақаласы “Аштық қырғыннан қайтсек құтыламыз?” деген атпен 1922 жылы “Ақ жол” газетінде жарияланды. Бірінші мақаласында М.Дулатов қол қусырып отыруға болмайды, қазақты қазаққа жәрдем беруге кірістіруіміз керек деп өз ойын ашық айтады. Теміржол бойындағы, ия теміржолға жақын жердегі елдерге ғана жәрдем кезінде кешігіп берілуі мүмкін. Біздің қазаққа келсек, айдан-анық мәселе көзге елестеп, көңілге келе қалады. Ол не? Ол сорымызға қарай, қазақ даласында теміржолдардың жоқтығы, теміржол болмаған соң, қандай мол жәрдем жиылса да, қазақ аштарына жетуінің қиындағы. – деп ойын нақты шара ретінде мына істерді жүзеге асыруды ұсынады:
“Елді ел қылу үшін қырғыннан құтқару үшін азамат тегіс атқа міну керек. Бірақ, азамат өкіметтен рұхсатсыз атқа міне алмайды. Сондықтан қазақ өкіметі қазақты ел қыламын десе, закон жолымен бекітіп, аштар үшін күйлі елдерден жылу жинауға рұқсат етсін. Елге сенімді білімді, таза азаматтарды бастық қылып 20-30 бөлек комиссия шығарсын, жиналған малдарын жаз бойы ашаршылық болып жатқан жерлерге айдасын. Сондай-ақ М.Дулатов бұл шараны іске асыру барысында қателіктерге, асыра сілтеушілікке жол берілмеуін талап етеді.
Бұл істе М.Дулатовпен бірге Ж.Аймауытов та атсалысады. Қиындықтарға қарамастан, Ж.Аймауытов ашыққан Торғай өңіріне 2082 бас сиыр, 1982 бас жылқы, 185 бас түйе, барлығы 4249 бас мал үлестіріп береді. Кейінірек, Ж.Аймауытов басшы болған зиялыларға малды дұрыс үлестірмеген, көп малды өздерінің жеке бастары үшін пайдаланған деп, негізсіз айыптар таңып, қылмысты із қозғаған болатын..
Голощекин Қазақстанға келгеннен соң, үш кеннен кейін, республика басшылары өздері шеше алмай, бастары қатып отырған аса күрделі Жер туралы мәселені талқылады. Мұны Голощекин өзін сынау үшін әдейі жасалып отырған қулық деп түсінді. Шындығында Қазақстан өкіметі мен Москвадағы Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті араларында Қазақстанға қоныстанушыларға байланысты айтыс жүріп жатыр еді. Қазақстан үкіметі және партия ұйымы 1925 жылы 11сәуірде мынадай шешімге келген еді: 1922 жылы 31 тамыздан кейін Қазақстан жеріне келіп, өз бетімен қоныстанған, қоныстанушылар орналастыруға жатпайды. Бұлар не өздерінің бұрынғы мекендеріне кейін қайтарылуы тиіс немесе жердің ақысын төлеп, арендатор ретінде тұруға жіберілуі тиіс. Қазақстан басшылығының мұндай шешімімен Москвадв келіспей қойды. Голощекин қысымымен Қазақстан басшылығы “1925 жылдың қыркүйек айына дейін қоныстанушылардың Қазақстандағы жерге орналасуыға праволары бар” деген шешімге келді. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстанға басқа ұлт өкілдерінің жаппай қоныстануына, яғни миграцияға жол ашылып, жерге орналастыру кезегін жойған Голощекиннің саясаты қазақ даласында еркін жүзеге асырыла бастады. Қазақстан тіптен өзінің жерін басқаларға арендаға беру правосынан айырылды. Оның Қазақстанға келген кезі НЭП тің қазақ даласында жаңа қарқын ала бастаған кезімен тұстас келді. Яғни, елдің бәрі лениндік кооперативтендіру ұранын ту етіп, сталиндік күштеп коллективтендіру мәселесі әзірше әңгіме бола қоймаған жылдар болатын. “Келмей жатып қорықпа, көрмей жатып тарықпа”,- деген халық мақалы жайына қалды. Кедей бұқараны социалистік мақстақа ұйымдастырушы бірден бір прогрессивтік ұйым – “қосшыны” бюрократтардан, жағымсыз элементтерден тазартуды күдікшілдігі мен сенімсіздігі Сталиннің өзінен асып асып түспесе кем соқпайтын Голощекин мақсат етіп қойды.
Голощекин Қазақстанда дәл осы ЖЭС жылдарында ленинизмнің шаруаларға деген көзқарасын өрескел бұрмалайтын саясат жүргізді. Ол орта шаруаны бағаламақ түгіл, орта шаруаға кімдер жататынын анықтай, орта шаруа мен қазақ байының шекарасын ажырата алмады.
20-шы жылдардың орта шенінде қазақ айылындағы орташалар шамамен 50 бастан 400 басқа дейін малы бар шаруалар тобын қамтыды. Нағыз байларда Голощекиннің өзі мойындағандай 500-1000 бас және одан да көп мал болды. Бұл кезеңде қазақ ауылындағы негізгі ықпалды күш орта шаруалар болды. Қазақ ақсақалдарының негізгі бөлігі және ауылдың рухани ұйытқысы – атқамінерлер осы орташалардан шықты. Орташалар қазақ ауылының басым көпшілігі болғандықтан, олар байлар мен кедейлерді дәнекерлеуші, өзара байланыстырушы және оларға әрқашан ықпал етуші күшті құрады. Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін, Совет үкіметі байларды “тап жауы” деп ашық жариялады, олардың беделі қоғамда рухани және моральдық жағынан төмендей бастады. Голощекин әсіресе, кезінде идеялық көзқарастары “бөтен” болған қазақ зиялыларының соңына шам алып түсті. Қазақстандағы жер бөлу нормаларын дұрыс жасамаған деп бұрынғы Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейхановты қудаласа, қазақтың халыққа білім беру институтында “социализм туралы айтуға әлі ерте, оны көрген ешкім жоқ, ол орнай қоя ма екен оқушыларды пролетариат диктатурасына қарсы үгіттейді” деп А.Байтұрсыновқа қаһарын тікті.
Ф.И Голощекинге тек күштеу бағыты ұнады. 1928 жылдан бастап байларды меншігінен айыру қатал да жанкешті сипат алды. Оның қатарына орташалар да көптеп ілініп кетті. 1929 жылдан бастап Голощекин саясатынан қашып, жаппай көшіп кетулер да басталды. Башқұртстанға, Сібірге, Волга бойына, Орта Азия мен Қытайға жаппай көшуді тоқтату мүмкін болмай қалды. Голощекин бастаған саясаттың аш қасқырлары – шолақбелсенділер қара халықтың соңына түсіп, ақыры жаппай қырып тынды. Жаппай босқынға айналған қазақ халқы негізгі күнкөріс құралы – малдан айрылып, жантүршігерлік қырғынға ұшырады. 1930-1935 жылдардың ішінде ауылдағы колхозшы шаруалар 2 млн. 699,4 мың адамнан айрылды. Олардың ішінен Қазақстанға қайтып келген босқындарды және табиғи өліммен өлгендерді, Қазақстандағы басқа ұлт өкілдерін шығарып тастағанның өзінде 1 млн 700 мыңдай қазақтың, яғни халқымыздың 42 пайызы аштан өлгенін байқаймыз.
Қазақтардың дәстүрлі қоғамын тізеге салып өзгерту мал санының күрт кеміп, оның арты жаппай ашаршылық пен демографиялық апатқа айналғаны бұл күнде әмбеге аян. Тек 1932 жылдың жазынан бастап, жеке жауапты қызметкерлерлер ауылдағы орасан зор көлемдегі апат туралы орталық органдарға жеткізе бастады. Халық қомиссарлары Кеңесінің төрағасы О.Исаев пен қаржы халық комиссары М.Орымбаевтың 1932 жылғы 11 мамырдағы КСРО Халық Комиссарлар Кеңесіне жазған баяндаухатында Қазақстанның 100 ауданы бойынша мал санау мен шаруашылықтарды тексеру деректері бойынша мал саны 39,5 пайыз кеміді деп көрсетілген. Мұндай жағдайға жетудің басты себебі, күштеп ұжымдастыру, барлық малды ықтиярсыз ортақтандыру және мал дайындау кезінде зорлық зомбылық қолдану деп көрсетті баяндаухаттың авторлары. 1932 жылы 9 тамызда Сталиннің атына жазған хатында О.Исаев бұдан да дәл, нақты деректерді келтіреді. 1929 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 40 миллион мал болған, ал 1932 жылдың жазында бар болғаны 6 миллион ғана, оның ішінде совхоздарда 2, колхоздар мен жеке секторда 4 миллион мал қалған. Оның өзі де қазақтардың малды аудандарында емес, орыс аудандарында.
Мұндай жағдайда сталиндік басшылық “ауыл шаруашылығы жіне соның ішінде Қазақстан мал шаруашылығы туралы” \17 қыркүйек 1932жыл\ атты қаулы қабылдап, “асыра сілтеуді” жоюға бағытталған бірқатар шаралар қолдауға мәжбүр болды. БК(б)П ОК-нің қаулысы қабылдануына байланысты 1932 жылдың 29 қыркүйегінде РСФСР ХКК-і төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов Сталинге баяндамахатпен өтініш жасады. Онда ол қазақ ауылдарындағы қалыптасқан жағдайға өзінің көзқарасын білдіріп, қаулыны бірқатар толықтыру қажет деп есептеді. Т.Рысқұлов қазақ халқы трагедиясының ең басты себебі көшпелі және жартылай көшпелі ауылдарды отырықшылыққа күштеп көшіру болғанын сезіне отырып, отырықшылыққа кқшірудің жоспарын қайта қарап, тұрғындарды отырған жерлерінен көп қозғамай оны аяқтаудың мерзімін белгілеуді, суарылатын жерлер мен көгалдарды, құрылыстарды тиімді пайдалануды ұсынады. Қазақ ауылдарындағы Кеңес өкіметінің аграрлық саясаты 1930-1934 жылдары жаппай аштыққа және тұрғындардың еріксіз түрде көшіп қонуына ұшыратты.
1932 жылғы “Аса құпия ” белгісі соғылған ОГПУ-дың арнайы мәліметінде: “ Азық-түліктің жоқтығы соңғы уақытта барынша өрістеп, әсіресе, қазақ ауылдарында жатпай етек алуда” деп хабарландырылды. Осы органның 1932 жылы 10 шілдедегі арнайы мәліметінде: “Торғай ауданы. Аштықтың салдарынан күніне 25 адам өледі” делінген. Обаған ауданы О.Исаев ауылында екі айдың ішінде 300 адам өлді. Қубай ауылдық кеңесінде осы уақытқа шейін 200 адам өлді.
Бетбаққара ауданы. Он төрт ауыл бойынша 585 адам аштықтан қайтыс болды. Бескөл аууданы. Ауданда аштықтан күніне 10-15 адам өледі.
Ойыл ауданы. 5-ші, 8-ші және 18-ауылдарда аштықтан 181 адам өлді. Ақтөбе ауданы. 35-ауылда күніне 3-5 адам қайтыс болады.
Мендіқара ауданы. Соңғы екі айда кейбір ауылдарда тойып тамақ ішпеуден тұрғындардың 50%-ы ісініп кеткен. Тірі қалған тұрғындар тышқан, шөп жеп күн көреді деп көрсетілген мәліметте. Мұндай фактілер Ақбұлақ, Қостанай, Қобда, Бескөл аудандары бойынша келтіріледі.
Осындай зор апат Батыс Қазақстан облысында да болды. “ Правда” колхозында колхозшылардың 75 пайызы жазда жұмысқа шығудан бас тартқан, өйткені тамағын асырау үшін тышқан аулауға мәжбүр болған.
1932 жылдың көктемінде қиын жағдай Петропавл, Алматы, Семей және басқа облыстарда етек алды. ҚазАКРО ОГПУ өкілінің БК (б)П Қазхалкомына 24-сәуірдегі жазған ақпараттық хатында: “ Көктемгі егін егу науқаны жақындаған сайын азық-түлік жағдайы барынша нашарлап, аштыққа жалғасып жатыр. Аштықтың салдарынан тұрғындардың негізгі топтарының нан талап етіа, егін егуден бас тартып, қамбаларды тонау жөніндегі жаппай қимылға шығу жағдайлары жйілеп барады ” деп атап айтылды.
Осы органның 4 тамыздағы хатында 1 сәуірден 25 шілде аралығында Атбасар ауданында 111 адамның өлімі тіркелді, аштықтан адам етін жеу фактісі байқалады деп хабарлады. Аштықтың ауқымы күзге қарай өсе түсті. Тек Бетбаққара мен Торғай аудандары бойынша 16 мыңдай адам ашығып, 2042-і өлген. Семей облысы, Шыңгыстау ауданының Қазрайком уәкілі С.Аманжоловтың күнделігінде былай деп жазылған:
“… Адамдар тамақ іздеп, тұрғылықты жерлерін тастап, жолдың бойында өліп жатты…”
Осындай жаппай аштықтың қиын-қыстау кезінде де 1932 жылдың 1 тоқсанында Қазақсатнның 14 ет комбинатынан өндірістік орталықтарға 14044 тонна ет, оның ішінде Мәскеуге – 1011 тонна, Ленинградқа – 1354 тонна, Орал облысына – 1082 тонна ет әкетілді. “ Қазживотноводцентр” жүйесінің кохоздары мен тауарлық фермалары 1932 жылдың 1 қыркүйегі мен 1933 жылдың 15 маусымы аралығында Ақтөбе облысы бойынша 13728 тонна, Батыс Қазақстан бойынша 14649 тонна ет өткізілді. Бұған қоса В.Молотов пен И.Сталин өздерінің 1932 жылы 8 қарашада Қазкрайкомға жолдаған телеграммасында астық тапсыру бойынша да жоспарды орындау керектігін қатаң талап етті.
Панасыз балалардың саны қатты өсті. 1933 жылдың 20 наурызында тек Ақтөбе облысының өзінде 7234 панасыз балалар болды. 1932 жылы 25 наурызда панасыз балаларға қамқорлық жөніндегі ХКК ерекше комиссиясының отырысында Халық денсаулық сақтау комиссары мен Халық ағарту комиссариаты арқылы 3 мың бала: Петропавловскіге – 800, Семейге – 1100, Алматыға – 390, Ақтөбеге – 360, Оралға – 350 бала орналастырылды. Қазақстан бойынша 40 мың панасыз балалар мекемелері болды. 1933 жылдың 1 қарашасында есепке алынған панасыз балалардың саны – 72069-ға жетті. Олардың саны 69 пайызы қазақтар, 31 пайызы басқа ұлттың өкілдері еді. КСРО жұмысшы- шаруа бақылау инспекциясы мен Халком бригадасы “панасыз балалардың көбеюі 1933 жылдың ақпан-сәуір айлары кезеңінде байқалды” деп жазды.
Қазақ даласындағы ашаршылықтың жантүршігерлік көрінісін архив қойнауындағы басқа да құжаттардан кездестіруге болады. Мұны Голощекин өзі жіберген жергілікті жерлердегі уәкілдері арқылы жақсы біліп, одан толық хабардар болып отырды. Міне, сондай жергілікті жағдайдан нақты да шынайы мәліметтер түсірген ораз Жандосовтың Әулиеатаның Сарысу ауданындағы ашаршылық туралы жан түршігерлік мәлімдемесін келтірейік:
“Ауылдарды аралаған кезімде, мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім. Бұл жағынан, тірі қалған әйелдер мен жас балаларға ешкім көмек көрсетпейді. Таңданарлықтай болса да, әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімдеу. Күйзелгендер қолдарнына не түссе түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек саяқты жинайды және жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген аң терілері де кете береді. мен иттің етін жеген және оны жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан 2 жасөспірімді көрдім. Олар қайдағы бір ескі жұрттағы терісін алу үшін атылған иттердің қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. №5 ауылда тамақтанбаудан жартылай ісінген аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді. Кейбір аңшы семьялары шошқа етін жеуде және шошқа етімен тамақтанушылар өздерінің “күнәларын” жасыруға тырысса да, мұның өзі халыққа ешқандай әсер ете қоймады. Ашыққан Әулиеата қазақтарының ит пен шошқа, жылан мен тасбақа тұрмақ адам етін жегені туралы фактілер де баршылық. 2 млн. 300 мыңнан астам адам күштеп ұжымдастыру жылдарында апат болды.