Бастауыш сыныптарда зат есімдерді жаңа педагогикалық технологиялар негізінде оқыту бойынша эксперимент-тәжірибе және оның нәтижелері

Қай замандарда да мектеп қоғамның әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларындағы өзгерістерге икемделіп отырған.

Дәл қазір адамның ақыл-ой, шығармашылық мүмкіндіктеріне қойылатын талаптар артуда. Мұндай күрделі міндеттерді шешудегі орта мектептің бастауыш сатысының алар орны ерекше. Оқушылардың білім берудің барлық кейінгі сатыларында нәтижелі дамуын анықтайтын негіз бастауышта қаланатындығы баршаға белгілі.

Республикамызда соңғы жылдары оқыту процесін ізгілендіру, оның практикалық бағыттылығын күшейту мақсатында біраз шаралар жасалды. Оларды «инновациялық процесс», немесе педагогикалық жаңалықтарды енгізу деп жүрміз.

«Инновация» деген сөз латынның «novus» — жаңалық және «in» — енгізу деген сөзінен шыққан, ал оның қазақша аудармасы – «жаңарту, жаңалық, өзгерту» деген мағынаны білдіреді.

Француз ғалымы Э. Брансуик педагогикалық жаңалықтардың 3 мүмкін түрін бөліп қарайды.

  1. Жаңалық ретінде бұрын еш жерде, еш уақытта қолданылмаған білімдік идеялар мен әрекеттер алынады. Мүлдем жаңа нәрсе. Практикада ондай жаңалық өте сирек кездеседі.
  2. Белгілі бір кезде, белгілі бір ортада көкейкестілігімен ерекшеленген, қайта орын алып отырған, жаңа жағдайға бейімделген идеялар. Бұл қазіргі педагогикалық жаңалықтардың көп бөлігін құрайды.
  3. Практикада бұрын болған, тек мақсатын өзгертіп пайдалану жаңа нәтижелер беретін жаңалықтар.

Бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологиялар пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде. Әсіресе бастауыш сынып мұғалімдері мектептердегі жаңару процестерін қызу қолдап жаңалықтарды жылдам қабылдап, оларды практикада қолдануда үлкен белсенділік танытуда.

Мектептердің қазіргі даму барысында инновациялық ізденіс төмендегідей бағыттарда жүріп жатыр: білім берудің мазмұнын қалыптастыру, жеке тұлғаны дамытуға арналған жаңа әдіс; жүйе; педагогикалық технология құру және оны жүзеге асырып үйрену; жаңа үлгідегі оқу мекемелерін жасау; кез келген инновациялық үрдістің нысаны – оқушы. Олай болса оқушы білімін дамытуда жаңа технологияның орны ерекше деп білемін.

Технологиялық тәсіл білім беру жүйесінің кез келген саласында қолданылуы мүмкін: басқару, білім беру, қаржыландыру, мониторинг, т.б.

«Технология» грек тіліндегі «техне» — өнер, шеберлік және «логос» — білім, оқу, ғылым деген мағынаны білдіреді.

ТЕХНОЛОГИЯ дегеніміз — өндірістің белгілі бір саласындағы өндірістік операциялардың жиынтығы: белгілі бір істе арнайы құрылымнан ауытқымай қолданылатын әдіс-тәсілдер.

Білім беру технологиясына – оқытудың техникалық құралдары, білім беруде қолданылатын ақпараттық технологиялар, қашықтан оқыту да жатады.

Білім беру саласындағы технологиялық идеяларды жаңадан пайда болды деуге болмайды. Себебі, оқытуды технологияландыру туралы ойды осыдан 400 жыл бұрын Я. А. Каменский айтқан болатын.

Оқытудың тәсілдері жетерлік: олар, оқытудың дербес тәсілі, оқытудың топтық тәсілі, даралап оқыту тәсілі. Тәжірибе көрсеткендей, оқытудың жекелеген жүйелері мен әдістері емес, барлық дидактикалық мақсаттарды қуаттайтын технология керек, басқаша айтқанда, педагогика ғылымы мен мектеп тәжірибесінің жетістіктерінен туындайтын жаңа технология керек.

Жаңа технологиямен оқыту ерекшелігі

Мақсаты – білімді, алғыр, жан-жақты дарынды, шығармашылық ізденіс, зерттеу жұмысын жүргізе алатын оқушыны қалыптастыру.

Міндеті – оқушылардың өз ойын еркін жеткізуге үйрету.

Құралдар – тірек конспект, тірек схема, карта.

Нысандар – ойын, сөзжұмбақ, тест, дидактикалық тапсырмалар, шығармашылық жұмыс арқылы нысанаға жету, тақырыптың мәнін ашу.

Әдістер мен тәсілдер – деңгейлеп оқыту, дамыта оқыту, топтық, ұжымдық, жұптық оқыту.

Нәтиже — өз пікірін білдіре алатын, ой қорытынды жасайтын, қайталау арқылы алған білімді есте сақтайды, ғылыми түрде талдай алады.

Жаңа технология бойынша жұмыс жүргізу бағыттары:

  1. Алдағы аптаға тапсырма беру.
  2. Тапсырма бойынша пікірлесу.
  3. Мәтінмен жұмыс.
  4. Қосымша әдебиетпен байланыстыра өту.
  5. Ғылыми еңбектермен байланыстыру.
  6. Өзіндік жұмыс.
  7. Жүйелеу, жинақтау.
  8. Жазу сызу бойынша модель жасау.
  9. Қорытынды.
  10. Жинақтап бағалау.

Сын тұрғысынан ойлау технологиясы

Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтірген Джинни Л. Ситл, Куртис С. Мередит, Чарльз Темпл. Жобаның негізгі Ж. Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады.

Мақсаты барлық жастағы оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға, саналы шешім қабылдауға сабақтарда үйрету.

Сын тұрғысынан ойлау – сынау емес, шыңдалған ойлау. Бұл деңгейдегі ойлау тек ересек адамдарға, жоғарғы сынып оқушыларына ғана тән деп ойлау аса дұрыс түсінік емес. Жас балалардың да бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз.

Аталмыш бағдарламаның ішкі құрылымында ерекшелік бар. Бұл құрылым 3 деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің моделі. Білімнің болашақта пайдаға асуы, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді

Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен түзіледі.

Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасындағы мұғалімнің ролі қандай дейтін болсақ, ол үйрену процесінде оқушыларға серік болып бірге жұмыс жасап, оларға сеніммен қарап, өз ойын, ақылын көрсете, сөйлеуге қолдау көрсетіп отырады. Бүкіл қайнаған істің ортасында білім алу (үйрену) ісін ұйымдастырушы деуге болады.

Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына төмендегі шаралар орындалуы шарт:

  • сын тұрғысынан ойлауды тудыру үшін уақыт керек;
  • оқушыларға ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру;
  • әртүрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау;
  • үйрену барысындағы оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау;
  • кейбір оқушылар түсіп қалған қолайсыз жағдайларды әжуаға айналдырмау;
  • оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сынының дәлелді, дәйекті болуын талап ету;
  • сын тұрғысынан ойлауды бағалау.

Ал оқушылардан осыған байланысты:

  • сенімділікпен жұмыс жасау;
  • бар ынтасымен оқуға берілу;
  • пікірлерді тыңдау, құрметтеу;
  • өз пікірін ашық білдіруді талап ету қажет.

Тек сонда ғана олар:

  • мен осы мәселе туралы не ойлаймын?
  • осы мазмұннан алған ақпарат менің бұрынғы осы мәселе туралы білетініме сәйкес пе?
  • осы ақпаратты үйрене отырып мен бірдеңе жасай аламын ба?
  • Маған бұл жаңа ойлар, идеялар қаншалықты әсер етті? Деген сауалдар төңірегінде ойлауға үйренеді.

Оқытудың дәстүрлі және сын тұрғысынан ойлау технологиялары.

Олардың түрлері мен ерекшеліктері

Дәстүрлі оқыту технологиялары

Көрнекіліктерді пайдалана отырыпРепродуктивтік әдіс

сабақ түсіндіру(оқушылардың мұғалімнен

естігенін немесе оқулықтағыны қайталап айтып беруі)

лекция

әңгіме

тәжірибелер көрсету

экскурсия, т.б.

Оқушылар қызметі ақпарат алуға, есте сақтауға бағытталған

н

ә

т

и

ж

е

Оқушыларда жақсы орындаушылық қалыптасады. Тіл алғыш, айтқанды бұлжытпай орындайтын оқушы тәрбиеленеді.

«Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы

Жаңа сабақтан мәлімет беруПроблемалық баяндау,

ізденушілік, зерттеушілік

әдістері

пікірталас

ой бөліс

өздігінен шешім қабылдаушылық

топтық жұмыс т.б.

Оқушылар қызметі кез келген проблеманы тез шешуге үйреніп, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға бағытталған.

н

ә

т

и

ж

е

Өздігінен шешім қабылдай алатындай және ойлай, пайымдай, нақтылай, жүйелей, дәлелдей біле алатындай оқушы тәрбиеленеді.

32 оқушы оқитын 1-сыныпта дәстүрлі оқыту жүйесі бойынша «Зат» есім тақырыбында сабақ өтілді.

Мұғалім сабақ мазмұнында: «Зат есім заттың атын білдіреді, оларға кім? не? деген сұрақтар қойылатындығын, «кім?» деген сұрақ тек қана адам аттары мен мамандық иелеріне ғана қойылатындығын, ал «не?» деген сұрақ жаны жоқ заттарға, жануарлар атына қойылатындығын» жақсылап айтып түсіндіріп шықты. Содан соң оны меңгеруге арналған жаттығулар орындалды. Бұдан кейін қалай меңгергенін анықтау мақсатында тақтада ілінген плакаттағы өздеріне таныс адам, ит, сиыр, кітап, милиция, т.б. суреттерін көрсетіп, оларға қандай сұрақтар қойылатындығын сұрады. Кейін оқушылар бағаланды.

30 оқушы оқитын екінші бір сыныпта Б.А.Тұрғынбаеваның «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясын пайдалана отырып, «Зат есім» тақырыбында сабақ өтілді.

Мұғалім жаңа сабақтан мәлімет бергеннен кейін, оқушыларды парта-парта бойынша екі топқа бөліп, өзі арнайы дайындап келген бірнеше қима ақ қағаздар оқушыларға үлестіріліп, тақтаның бір шетіне «Кім?» деген сөзді, екінші шетіне «Не?» деген сөзді жазып қойды. Екі топқа бөлінген оқушылардың бірінші тобы кім? деген сұраққа жауап беретін адам аттары мен мамандық иелерін, ал екінші тобы жаны жоқ заттардың аты мен жануарлардың атын ақ қағазға жазып, тақтадағы екі жазудың тиістісіне, тұс-тұсына барып іле бастады. Кім? деген сұраудың тұсына ілінген «ит», «қасқыр», «түйе» деген жазулардың дұрыс ілінбегенін екінші бір оқушы қол көтеріп сыни тұрғыдан ескертті. Осылайша бірінің қате іліп қойған сөздерін екіншісі дұрыстай отырып, өздігінен топтық жұмыс істеуге қалыптастырылды. Оқушылар бұл тапсырманы қызыға, таласа отырып орындады. Сонымен, білімді даяр түрде мұғалімнің өзі ғана баяндап қоймай, оқушылардың өздерінің әрекеттерін ұйымдастырды.

Нәтижеде, дәстүрлі оқытуда білім алған оқушылардың 6-ы бес, 10-ы төрт, 16-сы үш деген баға алды. Барлық алған бағаларын қосып, оқушы санына бөлгенде, 3.6 балл көрсеткішті көрсетті. Ал, «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы бойынша өтілген сыныпта 10-ы бес, 13-і төрт, 7-і үш деген баға алды. Барлық алған бағаларын қосып, оқушы санына бөлгенде, 4.1 балл көрсеткішті көрсетті.

Дәстүрлі оқыту балада білім, білік, дағды алуға қажетті ақыл, сана бар деп есептеп, сол ақылға дайын білімді құю керек деген көзқарасқа, ал сын тұрғысынан ойлау технологиясы бала бойындағы табиғи қабілеттерді жаңа белестерге көтеруді мақсат тұтатын прициптерге негізделген. Дәстүрлі оқыту жаттауға, есте сақтауға, ал сын тұрғысынан оқыту дербес жұмыс істеуге, алған білімді пайдалана білуге үйретеді.

Сын тұрғысынан оқыту арнайы педагогикалық технологияларды қажет етеді. Ол технологияларда баланы қоршаған ортамен еркін қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігі беріледі. Қарым-қатынастар: жоспарлау, ұйымдастыру, мақсаттарды жүзеге асыру, іс-әрекетті талдау кезеңдерінен тұрады. Әр кезең бала тұлғасының дамуына өз үлесін қосады.