Тәттімбет Қазанғапұлы өмірбаяны

Қазанғапұлы Тәттімбет-қазақ халқының аспапты музыкасында қоңыр күйлердің дәстүрлерін қалыптастырып, тұтас бір мектептің орнығуына мұрындық болған ұлы күйші.

Ол ән мен күйдің жылжыған жорғасы мен жүйріктері Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Жанай, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілерімен, Құнанбай, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс, Шорманның Мұсасы сияқты ел басыларымен қадірлес — сыйлас болған.

Қазанғапұлы Тәттімбет 1815 жылы Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданына қарасты Дастар тауының етегінде туған. Бұл жер қазіргі Абай атындағы совхоздың №4 Мыржық бөлімшесіне қарасты Қызылжал деп аталатын қыстау. Қызылжал қыстауын Мөшеке деп те атайды. Мөшеке Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небары 45 жас ғұмыр кешіп, 1860 жылы дүние салды. Қазанғапұлы Тәттімбеттің шыққан тегі Орта жүз, Арғын, оның ішінде Мейрамнан тарайды. Шежіре бойынша Мейрамнан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Шұбартпалы, Қаракесек (Болатқожа) деген аталар өрбіген. Осылардың ішінде Тәттімбет Қаракесегі болып келеді. Тәттімбеттің мінезі байсалды, жеңіл-желпі сөзге көтеріле қоймайтын салмақты кісі болса керек. Мұндай адам бойындағы адамгершілік қасиетті оның көптеген күйлерінен де аңғаруға болады. Себебі, жаны сергек, пейілі адал, халық мүддесі десеішкен асын жерге қоятын, аса әділеткер, адамгершілігі мол болғанын көз көрген қарт-қариялар да әңгімелеп айтып отырады екен.

Өнердің бәрін де үйрену қажет деседі халық. Ешбір мектебі жоқ кездерде де халық таланттары жасөспірімдерді өнерге баулып, үйрете білген. Міне, сол өнерге қабілеті бар адамның оны үнемі дамытып отыруға ұмтылары хақ. Тәттімбет те сол бала кезінің өзінде-ақ музыка әлемінің сұлулығына ұмтылған жан. Тәттімбет Қазанғапұлының шығарған 40-тан асқан күйлері «Сарыөзен», «Шайып қалды», «Қосбасар, «Сылқылдақ», «Жетім қыз», «Былқылдақ», «Сарыжайлау», «Азамат», «Бозайғыр», «Азына » т.б. қазақ мәдениетінің бір үлкен бөлшегі. Сондықтан да ол халық жүрегіне берік орнап, сұлулықтың, ізгі дүниенің бір мұрасы болып қалады.

1855 жылғы 24 наурызда Ресей патшасы Александр ІІ-нің таққа отыруы тойына Тәттімбет өнерпаз ретінде Арқа қазақтарының өкілдерімен бірге Петербургке барған. Осы сапарында өзінің тамылжыта тартқан күйлері арқылы Петербургтің өнерсүйер қауымының назарын аударып, күміс медальмен марапатталған. Сол медаль бүгінде Егіндібұлақ ауылының мұражайында сақтаулы.

Тәттімбет күйлерін насихаттаған өз інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай, Исатай, домбырашылар Нүркен Шынтеміров, Ғаббас Айтбаев; т.б. Қазірде Тәттімбет күйлерін асыл мирастай сақтап, ел арасында уағыздаушы ұрпақтарының бірі домбырашы Тұрысбек Түсіпбеков.

Тәттімбет күйлерін осы заманға жеткізген, насихаттаушы кәсіби-домбырашылар Ә.Хасенов, М.Хамзин, У.Бекенов.

Тәттімбет күйлері музыка өнеріміздің алтын қорына қосылып, халқымыздың рухани мұрасын байыта түсті. Тәттімбет күйлері композитор Е.Брусиловскийдің, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында және «Жамбыл» кинофильмінде кеңінен пайдаланылған.Күйшінің туған жерінде халық аспаптар оркестрі жұмыс жасайды, Қазақ ұлттық консерваториясында 1971 жылы шертпе күйлер класы ашылған.Шертпе күйлер класын алғаш ұйымдастырған, әрі ұстаздық еткен домбырашы У. Бекенов.

Қарағандыда Тәттімбет атындағы музыкалық өнер колледжі бар. 1952 жылы ашылған бұл училище қазіргі уақытта Республикамызға белгілі оқу орындарының бірі. 1973 жылы училищеге күйші-композитор Тәттімбет Қазанғапұлының есімі берілді. 1988 жылы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестікте Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрі ұйымдастырылды. Оның алғашқы бас дирижері Дүйсен Үкібай. Оркестр құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Р.Болтаева, Республикалық конкурстардың жеңімпаздары Б.Смағұлов, Б.Тәшімов, М.Ибраева, Қ.Ғабделов, Е.Оспанханов, С.Рахымғалиева, С.Ізтілеуов, Қ.Бақыраев т.б. 1992 жылдан бастап оркестрді басқаруға КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиев шақырылды. Осы кезеңде оркестрдің орындаушылық деңгейі мен репертуар шеңбері әлемдік өнер талғамы үлгісіне лайық биіктікке көтерілді.

Қазіргі уақытта бұл оркестр елімізге танымал ұжым. 2000 жылы оркестрге Академиялық атағы берілді. Оркестр еліміздің Астанадан бастапкөптеген облыстарында, сонымен бірге ТМД елдерінде, Еуропа мен Азияның Түркия, Иран, Ирак,Чехия, Словакия, Оңтүстік Корея, Швейцария, Франция, сонымен бірге АҚШ мемлекеттерінде болып, өз өнерімен көрермендердің ықыласына бөленіп, мамандардың жоғары бағасына ие болуда.