Табиғатты қорғау – адамды қоршаған табиғи ортаның өзіндік жағдайын сақтау немесе бұрынғы сипатын қайтадан қалпына келтіру арқылы табиғи ресурстарды ысырапсыз пайдалану үшін құрылған мемлекеттік жүйедегі қоғамдық шара. Басты міндеті – халық шаруашылығын шикізатпен, энергиямен қамтамасыз ету, еңбекшілердің демалу жағдайларын табиғат заңдарымен ұштастыру. Адамның, қоғамның табиғатпен қатынасы әр қоғамдық формацияда әр түрлі. Өндірістік күштер мен меншіктің барлық түрі бірігіп, табиғатты қорғау жұмысын сапалы жүргізуге міндетті.
Қазақ үшін ата қоныс, туған жерден киелі дүние жоқ. Оны сандаған жылдар қанымен, жанымен қорғап, жер-ана деп атаған. Сандаған ғасырлар бойына қалыптасқан мәдениет халықтың дәстүрлі өмір салты, діні мен діни сенімі айнала табиғатты тану мен аялаудың күллі жүйесін жасаған. Сондықтан Қазақстан Республикасы Конституциясында табиғатты қорғау мемлекеттің негізгі міндеті деп жарияланған. (6-б) және 1998 жылы табиғатты қорғау туралы арнаулы заң қабылданды. Онда табиғатты қорғау елімізде нарықты экономиканы қалыптастыру бағдарламасының бір бөлігі деп атап көрсетілген. Әзірше еліміздегі экономикалық дағдарыс қарышты жұмыс жасауға мүмкіншілік бермей тұр. Сонда да бұл бағытта біраз істер атқарылды: Ядролық сынақ тоқтатылды, Семей полигоны жабылды, Арал проблемасы БҰҰ-ның сессиясында қаралды, Орта Азия мемлекеттерінің басшыларының мәжілісінде бірнеше рет талқыланды. Экология мәселесі ғаламдық проблемаға айналып отыр. Әлемдегі барлық мемлекеттер бірлесе отырып, бұл ауру экологияны емдейді – деген үмітте.
Дамыған елдердегі экономикалық бостандық және құқықтың маңызы. Буржуазия адамдардың табиғи құқықтарын қорғаймыз деген саяси ұранмен билікке кедці. Ол ұранның негізгі мазмұны – мемлекет бұл табиғи бостандықты және жеке меншікті шектей алмайды. Керісінше, мемлекет оларды қатаң қорғауға міндетті. Буржуазияның негізгі талабы мемлекет адамдардың арақатынасына, іс-әрекетіне қатыспауын талап етті. Меншіктің бостандығы, еңбектің бостандығы – міне осы екі талап дамыған елдердің экономикасының негізін құрайды. Буржуазиялық экономикалық ғылымының көрнекті қайраткері Адам Смит пікірі: «Әр адам егерде табиғи бостандықты бұлжытпай орындаса, ол адамға өз еңбегімен, өз капиталымен кәсіпкерлік-коммерциялық бәсекелікпен айналысуға толық бостандық берілуі қажет» – деген.
Дамыған елдер осы ғылыми пікірді қолданып, антимонополиялық заңдар қабылдап, халықтың әлеуметтік жағдайын өз іс-әрекеттерімен жақсартуға толық мүмкіншілік жасады. Мемлекет шаруашылық жұмысына араласуды, кірісуді бірте-бірте азайтты. Экономикалық қатынастарды жеке және заңды тұлғалар өздері реттеп, басқаруда. Сөйтіп халық «темір бұғаудан» бостандық алып, өз мәселесін өздері шешуде. Егерде олардың арақатынасында келіспеушілік болса, оны шешуді мемлекеттік сот жүйесіне береді. Сот органы бұл мәселені әділ шешуге тырысады. Өйткені буржуазияның күрес туында мына үш сөз саяси ұран болып жазылған: «Бостандық», «Теңдік», «Әділеттік».
Расын айту керек, дамыған елдердің экономикалық саясатын сынға алушы топтар да бар. Олардың пікірінше, бұл саясат ешқашан қоғамда теңдікті, әділеттікті орната алмайды. Себебі, ол саясат біреулерді байытады, (ол азшылық) ал, көпшілікке бұл саясаттан жақсылық шамалы дейді.
Қорыта айтсақ, ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы капитализм қазір жоқ. Қазіргі капитализм ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдаланып, қоғамның экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын едәуір көтеріп отыр. Бұл экономикалық саясатты дамушы елдердің (соның ішінде посткеңестік-тәуелсіздік алған республикаларда бар) көпшілігі пайдаланып, өз экономикасын көтереміз деген сенімде.
Қазақстанда нарықты экономикалық жүйені қалыптастыру. 1917 жылдың қазан айынан бастап Кеңес Одағында экономиканы қайта құру саясаты жүргізілді. Бұл процестің негізгі құралы мемлекет пен құқық деп жарияланды. Партияның саяси ұраны: Құқық саясаттың шоғырланған түрі, ал, саясат – экономиканың шоғырланған түрі – деп түсіндірді. Жеке меншік пен қоғамдық меншік қатар өмір сүре алмайды деп үгіт жүргізілді. Қоғамдық меншікті қалыптастыру үшін ескі мемлекетті жойып, жаңа еңбекшілер мемлекетін орнатып, жеке меншіктің барлық түрін еріксіз жою процесі басталып, 30-жылдардың ортасында елімізде қоғамдық меншік орнады. Ол меншік мемлекеттің қарамағында, партияның бюрократтық тобының билігінде болды.
Кеңестік дәуірде елімізде шаруашылықтың, азаматтардың, еңбекшілердің экономикалық бостандығы жойылып, оларды бірте-бірте астыртын жағдайға көшуге, құпия жұмыс істеуге мәжбүр етті. Сөйтіп, қоғамда «көлеңкелі экономика» қалыптасты. Ол мемлекеттік аппараттағы коррупциямен бірігіп, бірте-бірте Кеңес Одағын ыдыратып тынды.
Посткеңестік республикалар өздерінің тәуелсіздігін – алып, саяси-экономикалық бағытты толығымен нарықтық қарым-қатынасқа көшіріп, меншіктің барлық түріне бостандық берді. Бірақ бұрынғы қалыптасқан бір экономика он бес экономикаға бөлшектеніп, жаңа құрылған тәуелсіз мемлекеттер қатты саяси-экономикалық дағдарысқа ұшырап, халқымыз шексіз қиыншылықтарға кездесіп отыр. Еліміз дағдарыстан да шығар, халқымыз қиыншылықтардан да өтер. Ал нарықты экономиканы толық қалыптастыру өте күрделі процесс. Оған кемінде 50-60 жыл немесе 100 жыл керек. Халық, мемлекет, қоғам болып біріксе – ол мүдде-мақсат та орындалар, тек бейбітшілік, халықтардың бірлігі болсын.
Дамыған елдердің саяси-экономикалық тәжірибесін біздің елде қалыптастыру үшін керекті жағдайлар: 1) меншіктің барлық түріне толық бостандық беру; 2) шаруашылықтың жұмысына араласпау; 3) жоспарлау саясатын екі бағытта жүргізу (төменнен жоғары қарай және жоғарыдан төмен қарай); 4) азаматтардың іс-әрекетіне толық бостандық беру; 5) мемлекет тек қоғамды реттеп, басқарумен, заңдылықты, тәртіпті қамтамасыз етумен, демократияны дамытумен шұғылдануға міндетті; 6) осы қағидаларға шектеу қойып, нұқсан келтірген субъектілерді жауапқа тарту. Бұл қағидалардан жоғарыдағы көрсетілген мәселелер тек құқықтың ісі деуге болмайды. Оларды реттеп, басқару жекелік құқық пен көпшілік құқықтың негізгі міндеттері.
Жекелік құқықтың реттейтін мәселелері: субъектілер теңдігі, іс-әрекеттің бостандығы, жеке жауапкершілік пен қорғаушылықты талап ету. Көпшілік құқық – субъектілерге экономикалық, саяси, демократиялық мүмкіншіліктерді қалыптастыру.
Кәсіпкерліктің түсінігі мен мазмұны – жеке және заңды тұлғалардың тұрақты түрде өндірістік және коммерциялық іс-әрекетпен шұғылданады. Бұл кәсіппен олар өздерінің тәуекелі мен жауапкершілігіне сүйене отырып, кіріс алу үшін кәсіпкерлік іске өз еркімен кіріседі. Заң шеңберінде кәсіпкер қандай шаруашылық құрамын десе де өз еркі, заңды іс-әрекеттердің қайсысын таңдау өз еркінде. Бизнес – кәсіпкерліктің бір түрі.
Әлемдегі барлық мемлекеттер кәсіпкерліктің барлық мәселесін заң арқылы реттеп, бақылап отырады. Нарықты экономикада кәсіпкерліктің субъектілерінің төрт түрі болады: фирма, банктер, сақтандыру және трастылық (акция, вексель). Компаниялар, инвестициялық құрылымдар. Олар мемлекеттің ішкі және сыртқы нарықтарында да жұмыс жасауға құқылы. Кәсіпкерлік шаруашылықтар өзара бірігіп, орталық ұйым құрады. Сөйтіп бір-біріне көмек көрсетіп отырады. Кәсіпкерлік шаруашылықтың жұмысына ықпал-әсер ететін факторлар:
— нарықтық қатынастың жағдайы;
— кәсіпкерліктің субъектілердің құқықтық байланысының деңгейі;
— жалпы экономикалык жағдай;
— жалпы саяси жағдайлар-факторлар.
Нарық – сатушы мен алушының арасында экономикалық қатынастар жүйесі, оның негізгі элементтері: сұраныс, ұсыныс және баға. Бұл процесс мемлекеттік реттеуге келмейді. Сондықтан оған нормативтік актілердің байланысы, ықпалы, әсері жоқ.
Кәсіпкерлік шаруашылықтың жұмысын мемлекеттік бақыаудың екі түрі болады: тікелей бақылау және жанама бақылау. Мемлекеттің тікелей бақылау түрлері:
— қаржылық бақылау;
— экологиялық бақылау;
— санитарлық бақылау;
— өртке сақгықты қадағалау;
— таразының көрсеткіштерін тексеру;
— шығарған заттардың сапасын тексеру;
Мемлекеттің жанама бақылауының түрлері:
— салық пен жеңілдіктің түрлері;
— баға саясаты; монополияның үстемдігіне жол бермеу;
— жұмыссызды азайту саясаты;
— кәсіпқойлық мамандарды дайындау;
— инфраструктураны дамытуға ықпал ету;
— ақпараттық жұмысты жақсарту т.б.
Осы көрсетілген Мемлекеттік бақылаудың түрлері жаңа құқықтық нормаларды қабылдау кезінде де, ол нормаларды іс-жүзіне асыру процесінде де басқарушы органдардың үнемі назарында болады, оның негізгі себептері:
— экологиялық жағдайға нұқсан келтіруге жол бермеу;
— экономикалық қатынастарға зиян келтірмеу;
— экономикалық дағдарыстан шығау жолдарын анықтау;
— халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, жақсарту.
Кейбір елдерде мемлекет пен бизнестің өзара қатынасын теңестіру қажет деген пікір бар. Бұл пікірді екі тұрғыдан қарастырған дұрыс болады. Егерде мемлекет тек саяси билікті жүргізетін орган болса, онда теңдік болуға мүмкін емес. Егерде мемлекет экономикалық қатынастың субъектісі болса, онда мемлекет пен бизнестің арасында бәсекелік күрес болуға тиіс. Олар бір-біріне көмек көрсетіп отыруға міндетті. Өйткені екеуі де қоғамның экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға, көтеруге міндетті.
ХХ-ғасырдың екінші жартысында кәсіпкерлік шаруашылық бірнеше елді қамтып, трансұлттық компаниялар, өндірістер құрылып жатыр. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық құқықты дамытуды қолға алып отыр және мемлекеттердің көпшілігі өзара байланысында бұл мәселеге зор көңіл бөліп отыр. Мысалы, Францияда кәсіпкерлік шаруашылық туралы 1986 жылы жаңа заң қабылданды. Ол занда көрсетілген жаңалықтар:
— бағаны мемлекеттік тұрғыдан бақылауды тоқтату;
— мемлекеттік өндірістерді жекелендіру;
— кейбір салада мемлекеттік бақылауды шектеу;
— әділетсіз бәсекелікке мемлекеттік бақылауды күшейту.
Нарықты қатынастарды реттеудің негізгі бағыттары: 1) нарықтың даму бағытын, мүдде-мақсатын белгілеу; заңмен тыйым салынбаған іс-әрекеттерге толық бостандық беру. Тек антигуманистік, табиғатқа ұнамсыз іс-әрекеттерді тыю; 2) заң меншіктің барлық түрлеріне бостандық беріп, оны қорғауға міндетті.
Кеңес дәуірінде нарықты экономика туралы ғылыми зерттеу жүргізілмеді. Себебі нарықты экономикада әділеттік, теңдік болмайды, мәселе әрқашан да күштілердің, қанаушы таптың мүдде-мақсатына шешіледі деп келдік. Капитализм қоғамында әділ нарық болмайды – Кеңес Одағының пікірі осылай болды. Посткеңестік тәуелсіз алған мемлекеттердің соңғы 7-8 жылдық тәжірибесінен анық көрініп отыр – кеңестік социалистік жүйенің рыногінен капиталистік жүйенің рыногі халыққа пайдалы екен. Өйткені Кеңестік экономиканы мемлекеттің жоспарлау комиссиясы өзі басқарып, халыққа бостандық бермеді. Ал, капиталистік нарықта адамдарға толық бостандық берілген – сатушы мен алушы мәселені өздері шешеді. Капиталистік экономикалық жүйеде сауда-сату процесінде әкімшілік, диктаторлық басқару әдіс-тәсілдеріне жол берілмейді.
Нарықты экономиканы, нарықты реттеп-басқарудың әділетті шеңбері мен тәсілі болуы қажет, әкімшілік пен әміршілік әдіске жол берілмеуі керек, оған тосқауыл қою кажет. Міне осы мәселелер Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқығын қорғау» заңында толық қамтылған. Нарықты экономиканы, қатынастарды реттеу, басқару қоғамның әр саласында әр түрлі болады. Нарықты экономиканы, қатынасты құқықтық реттеудің түрлері – бағыттары (механизмі):
— жеке және заңды тұлғаларға іс-әрекет жасауға толық бостандық беру. Оның қағидасы – «Заңда тыйым салынбаған істердің бәрі де заңды», – деп білу;
— меншіктің барлық түріне бостандық беру. Сөйтіп нарықты «темір бұғаудан» босату қажет;
— нарықты қатынастардың субъектілерін заңды түрде анықтау. Мемлекеттік аппаратта қызмет атқаратын адамдарға кәсіпкерлік және коммерциялық жұмыспен айналысуға тыйым салу;
— кәсіпкерлік және коммерциялық шаруашылықта заңдылыққа, құқықтық тәртіпке қарсы заңсыз іс-әрекеттерге тыйым салу;
— кәсіпкерлік және коммерциялық шаруашылықтарда келіспеушілік болса, оны мемлекеттік органның қатысуымен реттеп-шешу;
— жауапкершілікті анықтау, әділетті шешім қабылдау, келтірілген зиянның мөлшерін анықтап, төлету.
Міне, осы көрсетілген қағидалар, талаптар нарықты экономиканың объективтік даму процесінің заңдылықтары деп білу қажет. Оған шектеу қоюға, нұқсан келтіруге болмайды.
- Қоғамды мемлекеттік-құқықтық реттеп, басқарудың механизмі
Адамдардың тәртібі заңды көзқарас тұрғысынан екіге бөлінеді: құқықтық тәртіп және құқыққа қарсы тәртіп (заңды және заңсыз тәртіп). Заңды тәртіптің белгі-нышандары:
— әлеуметтік маңыздылығы;
— сананың, бостандықтың бақылауындағы тәртіп;
— құқықтың шеңберіндегі тәртіп;
— мемлекеттің бақылауындағы тәртіп;
— тәртіптің заңды нәтижелері.
Заңды тәртіп – адамдардың ішкі ойын, мақсатын қоғамдағы нормативтік актілерге сәйкес іс-әрекетке айналдыру. Бұл процестің мазмұны екі түрге бөлінеді: біріншісі – іс-әрекеттің құқықтық нормалар ықпалымен жасалуы; екіншісі – ол іс-әрекеттердің қорытынды нәтижесі заңды болуы.
Әлеуметтік – саяси тұрғыдан заңды тәртіптер, іс-әрекеттер қоғамға өте қажет, онсыз өмір болмайды. Қоғамдағы қатынастардың басым көпшілігі заңды іс-әрекеттер арқылы іске асып, орындалып жатады. Оларға заңды қорытындылар жасалып, адамдарды, ұжымдарды, ұйымдарды мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдар жиі-жиі марапаттап жатады. Заңды тәртіпке қорытынды жасаудың тәсілі:
— қоғамдық қатынастағы адамдардың нормативтік актілерді білу сауаттылығына көңіл аудару;
— олардың сол нормаларға, талаптарға көзқарасын білу;
— заңды іс-әрекеттің себебін анықтау;
— іс-әрекеттің заңды элементтерін анықтау: объект, объектив жағы, субъект, субъектив жағы.
Заңды іс-әрекеттің, құқықтық тәртіптің өзінің ішкі және сыртқы дамуының сан қырлы заңдылықтары болады, оның түрлері:
1) Заңды тәртіптің сапасы мен мөлшері;
2) Жақсы мінездемелердің мазмұны мен көлемі;
3) Адамдардың, ұжымдардың белсенділігі, орындалған істің қорытынды нәтижесі.
Осы көрсеткіштерге сүйене отырып, марапаттаудың түрлері анықталады.
Мемлекеттік-құқықтық реттеудің механизмі – қоғамдық қатынастарды реттеу мемлекет пен құқықтың негізгі әлеуметтік функциясы. Сондықтан бұл функцияны орындау механимінің маңызы өте зор. Мемлекеттік-құқықтық реттеу механизмінің (МҚРМ) қызметінің түрлері:
— барлық керекті материалды жинап алу;
— оларды жүйеге, салаға топтау;
— қатынастың негізгі мазмұнын, түрлерін анықтау;
— қатынастың негізгі қағидаларын анықтау;
— қатынасты реттеу сапасын жақсарту бағыттарын, жолдарын көрсету, халықтың құқықтық сауаттылығын жақсарту.
Мемлекеттік-құқықтық реттеу механизмі сан қырлы процесс, оны әртүрлі қырынан зерттеуге болады. Бұл механизм екі түрлі қарама-қарсы элементтен тұрады: біріншісі – ықпалдың әдіс-тәсілі: ерік беру және тыйым салу, жағымды міндеттеу (белсенді жағы); екіншісі – іс-жүзіне асыру әдіс-тәсілі адамдардың іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі (нәтижелі жағы). Бұл белсенді және нәтижелі жақтардың арасында аралық буындары болады – субъективтік құқық, заңды фактолар, құқықтық қатынастар, олар құқықтық нұсқауларды орындаудың кезеңдерін белгілеп іс-жүзіне асырудың әдіс-тәсілдері анықтайды. (Ерік беру, тыйым салу, міндеттеу тәсілдері.). Механизмнің күрделі түрлері: Мемлекеттік-құқықтық реттеу механизмнің кезеңдері:
-мемлекет пен құқықтың бірлігі және олардың байланысы заңды нормалардың іс-әрекеттерін жүйеге келтіру кезеңі;
-заңды құқықтық қатынастың, субъектінің құқықтары мен міндеттерінің басталу кезеңі;
-ол субъектінің қатынастағы өз құқықтары мен міндеттерін өз іс-әрекеттерімен орындау кезеңі.
Ғылымда мемлекет пен құқықтың арақатынасы туралы үш түрлі пікір бар. Бірінші – мемлекеттің объективтік даму процесінде, іс-әрекетінің нәтижесінде құқық өмірге келіп, мемлекетпен бірге дамып келеді деп түсіндіреді. Сондықтан құқық мемлекетке бағынышты болуға тиісті. Бұл пікірді қолдайтын ғалымдардың негізгі қатесі құқықтың мазмұнын толық түсінбеуінде. Олар құқықты тек мемлекеттің қабылдаған нормативтік актілерінің жиынтығы деп түсінуінде.
Екінші – мемлекет құқықтың объективтік даму процесінде, оның іс-әрекетінің нәтижесінде өмірге келіп, құқықпен бірге дамып келеді деп түсіндіреді. Сондықтан мемлекет құқыққа бағынышты болуға тиісті. Құқық объективтік тұрғыдан мемлекеттен өмірге бұрын келді. Сондықтан басымдық, артықшылық құқықта болуға тиіс. Бұл пікір бірінші көзқарастан аз да болса шындыққа жақынырақ. Бірақ бұл да біржақты көзқарас.
Үшінші – мемлекет пен құқық бір-бірінің даму нәтижесінде өмірге келген жоқ. Олар қоғамның объективтік даму заңдылықтарының талаптарына сәйкес өмірге құқық бұрын келіп, мемлекет – кейінірек келіп, екеуі тығыз байланыста дамып келеді деп түсіндіреді. Бұл көзқарас құқық пен мемлекеттің мазмұнын және арақатынасын тереңірек түсінуге, білуге толық мүмкіншілік береді. Сол арқылы мемлекеттік нигилизмге де, құқықтық нигилизмге де жол берілмей әшкереленеді. Мемлекет пен құқықтың арақатынасы объективтік тұрғыдан қалыптасып, бір-бірімен тығыз байланыста дамиды, оның дамуына сан қырлы ықпал, көмек жасайды, оның түрлері:
— мемлекет өзінің қоғамдағы билігімен құқықтық нормаларды іс-жүзіне асырудың негізгі құралы;
— қоғамның объективтік даму процесінің талаптарына сәйкес жаңа нормаларды жан-жақты талқылап, бекітіп, оларға заңды күш береді;
— әлеуметтік нормалардың кейбір түрлерін қабылдап, оларға заңды мемлекеттік күш береді;
— құқықтық нормалардың сапасын жақсарту үшін мемлекет оның негіздерін жан-жақты зерттеп, дамытып отырады;
— мемлекет қоғамдағы заңдылықты, құқықтық тәртіпті қорғап, дамытып отырады.
Мемлекеттің құқыққа ықпалының, әсерінің сөз жоқ шеңбері болуы қажет. Егерде ол шеңберден асып кетсе, идеализмге, субъективизмге апарып соғуы және нормативтік актілердің арақатынасында қайшылықтар қалыптасуы мүмкін. Сондықтан қоғамда ғылыми дәлелденген тиімді заңды саясат қалыптасуы қажет, сол арқылы нормативтік актілерді қоғамның мүддесіне ұтымды пайдалануға болады.
Құқықтың жақсы, сапалы дамуына мемлекеттің әсері өте зор. Ал мемлекеттің өзінің дамуына да құқықтың маңызы кем деуге болмайды, оның түрлері:
-құқық мемлекеттің мазмұнын, нысанын, қағидаларын, белгі-нышандарын, механизмін, функцияларын т.б. мәселелерді реттеп, басқарып отырады;
— құқық мемлекеттің қызметін заңды түрде қалыптастырады; оның заңды шеңберін анықтап отырады;
— құқық ұлттардың, халықтардың мүдде-мақсаттарын анықтап, оның орындалуына мүмкіншіліктер жасап отырады;
— қоғамдағы тәртіпті нормативтік актілер арқылы іс-жүзіне асыруды бақылап отырады;
— құқық мемлекеттің ішкі-сыртқы қатынастарын реттеп отырады;
— кұқық мемлекеттік билікті жүргізудің негізгі құралы. Билік құқықтық нормалар арқылы жүргізілмесе, ол қоғамның терең дағдарысқа ұшырауының көрінісі. Сонымен, құқық өзінің нормалары арқылы мемлекеттің іс-әрекетін жан-жақты, толық реттеп, басқарып, мемлекеттің қоғамның үстіне шығып билік жүргізуіне мүмкіншілік бермейді. Бұл демократиялық, әділ, құқықтық мемлекет қалыптастырудың негізгі талабы.