Оңтүстік Қазақстан облысында тасқын судан бірнеше көпір бұзылды. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, 27-наурызда Бесерек өзенінің тасқын суы Хантағы ауылындағы (Кентау мыңындағы) көпірді шайып кеткен. Соның салдарынан Назаров көшесіндегі 50 үй ауылдан үзіліп қалды. Құрбан болғандар мен бұзылған ештеңе жоқ. 28-наурызда жауған нөсер жауынның салдарынан Ащысай, Байылды және Қарнақ (Кентау маңындағы) ауылдарында екі көлік жолдары көпірінің қиябетін және құбыр көпірін, сонымен қатар өзен жағалауын су шайып кеткен.
Сонымен қатар, Төлеби ауданының Көксерек округінен, Досалы би көшесінде орналасқан бірнеше үйді арықтан лықсыған су басып бара жатқандығы туралы хабар келді.
Барлық хабарлар бойынша төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барып, Көксерек округінде трактор және басқа техникалардың көмегімен арық тазаланған, қазіргі уақытта су басу қаупі төніп тұрған жоқ.
Су басу негізінен ұзақ уақыт жауған қалың жаңбырдың немесе қысқа уақытқы нөсердің, қардың күрт еруінің, мұз кептелуінің, қатты дауыл желдің теңізден немесе өзеннен суды жағалауға қарай айдауының салдарынан болады.
Өзендердің жоғарғы жағында кептелген мұз немесе топырақ үйінділері жырылғанда ғана су кенеттен қаптайды. Ал басқа жағдайларда су басуға орай әрекет жасауға белгілі бір уақыт болады. Дегенмен көктемгі қауырт қар еру кезінде, ұзақ уақыт ауа райы бұзылғанда, өзеннің төмен жағалауларында мұз жүріп жатқан кезде жағалаудың маңына тоқтамаған жөн. Әсіресе қар еріп жатқан кез бен ұзақ уақытқа ауа райы бұзылған кезде үлкен шалшықтардан өту қауіпті. Судың қосымша мөлшері шалшықтан өтуді едәуір қиындатады, сондықтан бұрын тексерілген учаскенің өзі тез арада аса қауіпті, өткел бермес жерге айналады.
Катастрофалық су басулар кезінде ойпаң жерлерден неғұрлым тезірек кетіп, рельефтің неғұрлым биіктеу жеріне шығып, сол араға ұзақ уақытқа апаттық лагерь тігу қажет.
Елді мекендерді су басу кезіндегі қауіпсіздік көп ретте оған алдын ала дайындалумен қамтамасыз етіледі. Жергілікті топографияны, климат жағдайларын және тарихты білсеңіз, су басу аймағын ондаған метр дәлдікпен есептеп шығару қиын емес. Оның бер жағында, шағын су басулардың 5-10 жылда, үлкен су басулардың 20-25 жылда,бүтін бір өзен алаптарын қамтитын аса үлкен су басулардың 50-100 жылда, ал бірнеше өзен жүйесінің аумақтарына тарайтын катастрофалық су басулардың 100-200 жылда бір рет болатыны белгілі.
Гидрологиялық болжамдардың бүтін бір жүйесі бар:
- Қысқа мерзімдік (10-12 тәулік);
- Ұзақ мерзімдік (2-3 айға дейін);
- Ұзақ мерзімнен астам (3 айдан ары қарай).
Тек жағалаудағы облыстардың тұрғындарын таяудағы уақыттарда не күтіп тұрғанын сұрап білу қажет.
Профилактикалық қауіпсіздіктің жеке шараларына мыналарды жатқызуға болады:
- толқынның алғашқы соққысынан құлап қалмайтын, күрделі, мықты құрылыстар салу;
- отбасының барлық мүшелерін жүзуге үйрету;
- қайықтың болуы (екеу болса тіпті жақсы – бірі кәдімгі қайық, бірі- үрлемелі қайық);
- таяу жердегі топографиялық биік нүктелермен таныс болу;
- жақындап келе жатқан күтпеген бақытсыздық туралы құлақтандыру тәсілдері мен формаларын білу.
Су басу кезінде мыналарды істеу қажет:
- үйде газды, электр қуатын, суды өшіру;
- жанып тұрған жылыту пештерін сөндіру;
- бағалы үй заттарын ғимараттың жоғарғы қабаттарына немесе шатырдың астына тасып қою;
- әйнектер сынбауы және қалқып жүрген қоқыс ішке кірмеуі үшін үйлердің бірінші қабаттарының терезелері мен есіктеріне тақтай немесе фанера шегелеп қою;
- үй малдары тұрған қоралардың есіктерін ашық қалдыру.
Кенеттен су басқанда өзіңізбен бірге су өтпейтін жылы киімдеріңізді, көрпеңізді, тамағыңызды т.б. алып, рельефтің бұрын су баспағаны белгілі ең биік нүктелеріне шығыңыз. Егер ондай жерлер болмаса жүзіп кету үшін қайық немесе басқадай жүзу құралын даярлап қою қажет.
Су деңгейі түскеннен кейін үзілген немесе салақтап тұрған электр сымдарынан, бүлінген газ магистральдарынан сақ болыңыз. Үйге кірер алдында оның конструкциясының су толқындарының соққысымен құлауға шақ қалмағанына көз жеткізіп алыңыз. Судан табылған азық-түлікті де, тасқын судың өзін де тағам дайындауға пайдалануға болмайды.
Сел — бұл таулы жерде болуы ықтимал жеке толқын секілді қысқа мерзімде жүріп өтетін лайлы-тасты тасқын. Сел еріген қардан, мұздан, жауын-шашыннан суға толған мореналы көлдердің арнасын бұзуы салдарынан пайда болады. Бір беткей мен екінші беткейдің ортасына тастан, қиыршық тастан, топырақтан салынған бөген селдің соққысына шыдамай, өзен, бұлақ арнасымен аққан сумен бірге төмен қарай жөңкіледі. Тасқынның биіктігі 10-20 метрге, тіпті кейде 40-50 метрге дейін жетеді, жылдамдығы тау өзенінің ағу жылдамдығына (секундына 3-5 және одан да астам метр) жақындайды. Сел тасқынының жолында тұрсаңыз аман қалу мүмкін емес, сондықтан сел қаупінің алдын алудың мәні ерекше.
Республикамызда 300-ден астам белсенді сел алабы бар, онда шығу тегі әртүрлі 600-ден астам сел оқиғасы тіркелген. Нөсерден пайда болатын селдің үлесі 80 пайыз, мұздықтардан пайда болатын селдің үлесі 15 пайыз, қардың күрт еруі мен жер сілкінісінен пайда болатын селдің үлесі 5 пайыз.
Қазақстанның неғұрлым сел қауіпті аудандары Іле, Жоңғар,Талас Алатауы жоталарындағы, сондай-ақ Қаратау, Кетпен және Тарбағатай тауларындағы таулы өзендердің алаптары болып табылады.
Сел қауіпті кезең. Қазақстанның таулы аудандарында сел тасқындары жылдың жылы мезгілінде (мамыр-қыркүйек) пайда болуы мүмкін.
Сел қаупінің нышандары:
- Сел қауіпті алапта ұзақ мерзімдік нөсер жаңбыр жаууы.
- Сел қауіпті өзендердің жоғарғы жағында ауа температурасының күрт және ұзақ уақыт жылынып кетуі.Бұл мореналы көлдердің асып толуы мен арнасын бұзып кету қаупін туғызады.
- Көлде су деңгейінің күрт төмендеуі немесе оның бетінде көл бөгенінің бұзылғанын көрсететін шұңқырлардың пайда болуы.
- Көл бөгенінің бұзылуына әкеліп соғатын жер сілкінісі.
Сел тасқынының тікелей және жақын қаупінің нышандары:
- Сел қаупі бар арнада тасқынның тоқтауы немесе күрт азаюы, бұл мореналық-мұздықтық кешенде судың жиналып жатқанын көрсетеді.
- Сел қауіпті арнаның жоғарғы жағында гуіл пайда болуы.
- Сел әкеле жатқан тастардың соққысынан жердің солқылдауы.
- Сел тасқыны соққысының алдында пайда болатын шаң бұлтының пайда болуы.
- Суының көтеріңкі лайлығымен сипатталатын сел алдындағы тасқынның қалыптасуы.
Сел қауіпті аудандарда болғандағы қауіпсіздік шаралары:
- Бұқаралық ақпарат құралдарының таудағы жағдай туралы хабарларын ұдайы қадағалаңыз.
- Егер сел қауіпті алаптың жоғарғы жағында қатты нөсер жаңбыр жауып жатса сел қауіпті арнадан кетіңіз.
- Жылжып келе жатқан сел тасқынына 50-70 метрден ары жақындамаңыз.
- Құлама жартастар мен тік беткейлердің жанына тоқтамаңыз, өйткені сел өтіп бара жатқан кездегі сілкіністен опырма болуы немесе тастар құлауы ықтимал.
- Сел арнасымен жүргенде адамдардың арасында 20-30 метр арақашықтық сақталуы керек.
- Сел қауіпті арналарға жақын жерге, көл бөгендерінің жаны мен оның астына тоқтамаңыз, шатыр тікпеңіз.
- Сел тасқынының белгісін байқай сала сел арнасынан неғұрлым ары, тау беткейлеріне шығып кетіңіз.
- Сел тасқыны өтіп кеткеннен кейін сел арнасына түспеңіз, өйткені одан кейін келесі тасқын жүруі мүмкін.
- Сел жүріп өткеннен кейін арнаға түскенде және селден кейін онымен жүрген кезде әсіресе сел жырып кеткен ойықтар мен шұңқырларда барынша сақ болыңыз.
- Мореналы-мұздықты кешенге тек сел тасқыны болу қаупі жоқ кезде, ауа температурасының суық кезінде барған мақұл.
- Өзендердің орнықты орналаспаған сынықтардан құралған және жылжып келе жатқан мұздық немесе қар көшкінінен құралған бөгендерімен жүрмеңіз.