Биосфера мен адамның бірлігі – адамзат мәдениетінің биігі, ол — ноосфера.

Қазіргі өркениеттің ең ғаламдық проблемасы – экологиялық апаттың төнуі. Тірі табиғаттағы бір түр болып саналатын Адам әрекетінің барлық саласында табиғатпен шиеленушілік байқалуда. Мәселенің өзектілігі Өркениеттің тек қана өзін-өзі жойып жіберу ғана емес, барлық қоршаған тіршілікті Жер бетінен құртып жіберу қаупінде. Оны шешу үшін әртүрлі ғылымдар саласының өкілдері толғануда және одан шығудың жолдарын ұсынуда. Бірақ көбіне бұл – технократтық жолдар болып отыр. Шын мәнінде осы сыртқы апаттың «дәні» іште жатыр, ол — саналы адамның рухани-адамгершілік құндылықтарының жұтауы, ол кең ауқымды ұғымдағы адам мәдениетінің жетімсіздігі мен жетілмегендігі.

Адам табиғаттағы барлық түрге тән прогрессивті даму үстінде. Біздер, адамдар приматтар отряды ішіндегі тек жалғыз түр табиғатта үстемдік құрдық. Себебі не? Осынша «майлы шелпекті» жалғыз игеру неге байланысты? Ақыл, сана, мәдениет, ғылыми ой, пікір

XX – XXI ғасырларда ғылымның бірте-бірте Жер биосферасын терең де қатты өзгертуінің куәсі болып отырмыз. Ғылым тіршілік жағдайларын, геологиялық үдерістерді, планетамыздың энергетикасын өзгертуде, олай болса ғылыми ой-пікірдің өзі де табиғи құбылыс болып табылады. Осы жөнінде В. И. Вернадский «Натуралистің ой-толғамы. — Ғылыми пікір планеталық құбылыс ретінде» деген кітабында Жердің геологиялық тарихын талдаған [1].

Бұл еңбегінде В. И. Вернадский «Ғылыми ой-пікір мен адам еңбегінің әсерінен биосфера жаңа күйге – ноосфераға ауысады» деп анық жазған. Ол ауысу жаңа геологиялық күштің — адамзаттың ғылыми пікірінің әсерінен деп пайымдайды….Ноосфера жөніндегі ілімнің басты тақырыбы биосфера мен адамзаттың бірлігі. Вернадский өз еңбектерінде осы бірліктің түп тамырын, адамзаттың дамуындағы биосфераның ұйымдасқандығын ашып көрсетеді. Бұл дегеніміз биосфера эволюциясындағы адамзаттың тарихи дамуының орны мен рөлін жете түсінуге мүмкіндік береді, сөйтіп оның ноосфераға айналуының заңды екендігін көрсетеді.

Табиғатта ғылымның пайда болып, оның дамуын біз үш ғылыми революция деп білеміз. Адамзаттың дүниені тануында бірінші ғылыми революция б. э. д. VI-IV ғасырларда болды, екінші ғылыми революция XVI – XVIII ғасырларға сәйкес келді. (әлемнің геоцентрлік нобайынан гелиоцентрлік нобайға көшіп ғылыми әлем бейнесінің ауысуының кезеңі, Коперник, Галилей жаңалықтары), үшінші ғылыми революция — салыстырмалылық теориясы мен кванттық механиканың ашылу кезеңдері. Төртінші ғылыми революция бола ма? Мүмкін болып жатқан шығар, мүмкін жақын шығар, ол саналы адамның ғылыми ой-пікірінің әсерінен биосфераның жаңа күйі ноосфераға өтуін жүзеге асыратын — ноосфералық педагогика болар.

Аса ғаламат жаңалықтардың ашылуы негізінен XX ғасырда болды. Осы ғасырда бұқаралық ақпарат құралдарында: «Осы ашылған ғылыми жаңалық бүкіл Әлемді ауқымды өзгерте алады…» деген ұран сөздер әдетке айналды. Нәтижесінде адамзат жеткілікті дәрежеде ойланылмай, жете түсінбей шығарылған жаңашылдық өнімдердің аса зор әлеуетін планетада шоғырландырды.

Саналы адамның даму тарихы көрсеткендей адамның санасы, ақыл-ойы мен әрекетінің дамуы мен жетілуінің шегі жоқ.

Табиғат пен қоғамның ара қатынасын қарама-қайшылықтарсыз қарастыру мүмкін емес. Екеуінің арасында сонау көнеден, қоғамның дамуынан бері еріксіз болатын қайшылықтар бар. Адам мен табиғаттың қатар өмір сүру тарихы екі үрдістің бірлесуін береді [2]. Біріншіден, адам қоғамды дамытады, қоғам дамыған сайын оның өндіргіш күштері қоса дамитыны белгілі, сондықтан адамның табиғатқа үстемдігі кеңейе және ұлғая түседі. Үстемдіктің өсуі шексіз, себебі қазір (осы күнге дейін) тек тұтыну мақсатында табиғаттан тек қана алу пиғылы планеталық деңгейде ауқымда білінуде. Екіншіден, табиғат пен адамның арасындағы үндестіктен алшақтау және қайшылықтар үнемі тереңдеуде. Табиғаттың «Қара кітабы» осыны дәлелдей түскендей. Ал «Қара кітап» адамның табиғатқа тигізген зиянды әрекеттерінің «Қара тізімінен» туындаған «ұрпағы».

Бізді қоршаған табиғат өзінің көптүрлілігіне қарамай біртұтас тірі ағза болып табылады. Оның диалектикалық біртұтастық сипатын адамның елемеуі, түсінбеуі табиғатқа да, қоғамға да кері әсер етеді. Осы жөнінде кезінде Ф. Энгельс: «Өзіміздің табиғаттағы жеңістерімізбен аса масаттанбайық. Әрбір осындай жеңісіміз үшін ол бізден кек алады. Әрбір осындай жеңісіміз, әрине, бірінші кезекте біздің өз күткен нәтижемізді береді, ал екінші, үшінші кезекте тіптен басқа, күтпеген зардап – ол көбінесе бірінші нәтижелерді жойып жібереді» [3].

Осы заманғы бір өкінішті шындық, ол — тірі табиғаттың өзінің эволюциялық даму заңдылықтары мен ерекшеліктерін адамзат ұрпақтарының ескермеуі – бұл жалпы мәдениет деңгейіндегі ақтаңдақ. Бұл адамзаттың ғылым, білім саласындағы қазіргі кезектен тыс шешетін мәселесі.

Мәдениет ұғымы ең алғаш сultura — өңдеу, егу деген латын сөзінен шыққан. Ендеше мәдениет –адамның табиғаттағы, кез келген табиғат нысанын игерудегі әрекеті арқылы жасалытын өзгерістер. Кейіннен «Мәдениет» деген ұғым кеңейіп жалпылық маңызға иеленді. Олай болса түп тамыры егу, өңдеу болса табиғатты күту, баптау да мәдениет деген сөз.

Қазіргі біз тәрбиелеп, біздер білім беріп отырған жас ұрпақтың мәдениеті қандай дәрежеде? Сыпайы сызылған, Сіз, сіз деп үлкеннің алдынан кесе көлденең өтпейтіндердің немесе Мен деп өзін үлкеннен жоғары ұстайтындар, орынсыз жол бермейтіндердің мәдениеті қаншалықты? Олардың үлкендерден алатын үлгісі, көретіні не? Үлкендер оларға қандай тәрбие берген? Мәдениетті қарым-қатынас (өз арсында, көпшілік ортада, табиғатқа, өзі жеке болғанда,) қандай деңгейде?

Қазіргі ғылыми еңбектерде мәдениетке әр түрлі тұрғыдан анықтамалар берілген. Солардың ішінде мәдениет — адамдық әрекеттің белгілі бір қырының жетілу деңгейі деген де түсінік бар.

Американдық антропологтар Кребер және Клакхон «мәдениет» ұғымының тарихына арналған еңбектерінде мәдениет табиғатын, оның құрамдас бөліктері мен ерекшеліктерін қоғаммен, тілмен, психологиямен байланысын талдауды үш бағытта жүргізеді: адамның табиғатпен байланысы, құндылықтармен және басқа адамдармен байланысы жөнінде. «Мәдениет» көрінетін және көрінбейтін қылықтар мен істердің үлгісінен құралады деп те айтады [4].

Профессор Балтабаев М. Х. «Педагогикалықмәдениеттану»атты еңбегіндемәдениетұғымына: «Мәдениет дегеніміз — адам жасаған заттың және рухани құндылықтардың, әлеуметтік-мәдени қалыптың, қарым-қатынас пен мінез-құлықты қалыптастыру әдістерінің тарихи даму жүйесі, сондай-ақ, адам табиғатындағы күштердің заттық өндіріс әдістерін ескере отырып даму әрекеті, өз мүмкіндігін жүзеге асыруды, оның шығармашылық еңбегінің адамзат әлемін өзгертуге және игеруге бағытталған әлеуметтік маңызды шаралары» деп анықтама берген [5, б.36].

Мәдениет ұғымы осымен қатар коғам өмірінің нақты бір саласының даму деңгейін де көрсетеді. Осының маңызды бір саласы адам қоғамының дамуындағы жеткен бір дәрежесі, жетістігін көрсететін айғағы. «Қазіргі технология және Жапонияның экономикалық дамуы» деген М. Моритонның еңбегінде: «Әр түрлі халықтардың мәдениеті мен салттары олардың шығарған өнімдерінен көріне бастады» — деп атап көрсетіп, — бұл құбылысты қазіргі таңдағы өркениеттің миы — деп санайды [6, б.45].

Сол сияқты «Мәдениет — білімді меңгеру негізінде жоғары сатыға көтерілудің деңгейі» — деген пікірлер де кездеседі.

Келтірілген мысалдар ретінен қарағанда, мәдениет – адам ақылы мен парасатының арқасында атқарылған ғылыми, адамгершілік-рухани, материалдық құндылықтар жасау жолындағы қарым-қатынастар жиынтығын береді. Олай болса адамзат мәдениетінің мәні де адамға ғана тән еңбек нәтижесінде туындайтын өнім. Ол бір жағынан материалдық өндірістің, екіншіден рухани өндірістің өнімі деп қарастырылатындықтан – материалдық және рухани мәдениет болып бөлінеді. Каган М. С. «Адам әрекеті» деген еңбегінде рухани мәдениеттің ішкі құрылымын сипаттағанда адам еңбегінің екі-ақ саласы кіретін (қайта жасау мен қарым-қатынас) материалдық мәдениеттен басқа, осыған іздену және құндылықтарды бағалауға бағытталған еңбектің нәтижесі кіретінін аша түседі [7].

Адам өз дамуында жасайтын еңбек құралдары – материалдық мәдениеттің даму дәрежесінің көрсеткіші іспетті, ал қоғамдағы этникалық және әлеуметтік топтардың және жекелеген адамдардың рухани өмірінің деңгейі, оның ішінде адамдардың бір-біріне, қоршаған табиғатқа деген қоғамдық қатынастарының формалары – рухани мәдениеттің көрсеткіші. Адамзат мәдениетінің осы бір адам, қоғам, табиғатқа қатысты саласы экологиялық мәдениет ұғымын береді. Экологиялық мәдениет қоғамның тек қана табиғатпен қарым-қатынасын ғана емес, тарихи-әлеуметтік ортамен байланысын да көрсетеді.

Алғаш рет «экологиялық мәдениет» ұғымын ұсынған Д. С. Лихачевтің пікірінше (1980 ж) адамгершілік қырлардан құралатын адам тіршілігінің ақиқатты негізі – бұрынғыны қорғау, өткенді сақтау, сондықтан экологиялық мәдениетті адамгершілік мәдениеті ретінде қарастыру керек. Экологиялық мәдениеттің қарапайым ережелерін сақтамаған жағдайда ол қоғамды адамгершілік, рухани жағынан құлдырауға әкеліп соқтыратынын атап айтады. Осы еңбекте табиғат және адам арасындағы қарым-қатынас – бұл екі мәдениеттің қарым-қатынасы, олардың әрқайсысы жеке алғанда өздеріне тән «мінез-құлық» және «әлеуметтік ережелері» бар деп тұжырымдалады. Екі мәдениет те тарихи эволюциялық дамудың жемісі, оның ішінде адам мәдениетінің дамуы өте ерте заманнан, адам тіршілігінің басынан, табиғаттың әсерінен болған, ал бірнеше миллиондаған жылдардан бергі табиғаттың дамуы барлық жерде бірдей емес адам мәдениетінің ықпалымен жүзеге асты. Табиғаттың мәдениеті адам мәдениетінсіз өз тіршілігін жалғастыра алады, ал адамның мәдениеті табиғатсыз мүмкін емес [8.б.10].

Экологиялық мәдениет ұғымына қатысты ғалымдардың зерттеулерінде оның мазмұны, ауқымы жағынан түрліше түсіндіріледі, бірақ түп негізі адамның өзін қоршаған, өзі тіршілік етіп жатқан табиғи ортаға деген қарым-қатынасы негізінде анықталатыны белгілі.

Философ И. П. Сафроновтың: «Мұғалімнің экологиялық мәдениетін қалыптастыру» деген ғылыми зерттеуінде экологиялық мәдениет белгілі бір әлеуметтік бірліктің шеңберіндегі табиғатты танып-білумен бірге, оны меңгеру және жаңартумен тығыз байланысты адамның іс-әрекет нәтижелерін көрсететін, адам-қоғам-табиғат арасындағы қарым-қатынастың сипаты мен сапалық деңгейін байқататын жалпы мәдениеттің бір бөлшегі деген тұрғыда пікір білдіреді [9].

Экологиялық мәдениеттің рухани формасы – экологиялық сана, ол адамның табиғатқа және адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастағы мәдени дәрежесін көрсетеді. Адамның экологиялық мәдениетінің аспектлерінің көптүрлілігін мынадай тұрғыда көрсетуге болады: экологиялық білім мен біліктілік, экологиялық ойлау, құндылық бағыт-бағдар, экологиялық дәлелденген (ақталған) мінез-қылық.

Экологиялық мәдениеттілік оқушының сезімін тәрбиелеуден, экологиялық сананы қалыптастырудан шығады. Адамның табиғатпен өзара қатынасындағы білімі, сенімі және дағдысының жиынтығы экологиялық сананы білдіреді.

В.И.Вернадский өзінің еңбектерінде: «Экологиялық сана — адамның дүниеге, өзіне шығармашылық қарым-қатынасы», — деген пікір айтады [10].

Қазақстан ғалым-философтарының Ә. Нысанбаев, Т. Әбжанов, Ғ. Ақпанбек пікірлерінде: «Табиғатқа саналы көзқарас, қарым-қатынас адам дүниетанымының құрам бөлігі» деп қаралып, адамның табиғатты қорғау үшін алдымен оны танып білуі, ол үшін өзінің жан дүниесін жан-жақты зерттеуі, түйсінуі керек дейді [11, 12].

Экологиялық мәдениеттің қайнар көзі халықтың ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесі – табиғатты аялау, оған ұқыпты қарау, қорғау мен үндестікте өмір сүру және оның байлығына деген есепті қарым-қатынас. Ерте заманда ата-бабаларымыз табиғатты, ондағы тіршілік иелерінің ортамен байланысын жақсы біліп, сауатты пайдалана білген. Олар өздерінің табиғат қорларына, табиғатың тылсым жағдайына тәуелді екенін білген. Ата-бабаларымыз өзін табиғаттың бір бөлшегі, табиғатпен айырылмастай байланыстамыз деп түсініп, жазу, сызу сауаты болмаса да табиғат кітабын оқи біліп, жинақталған білімді ұрпақтарына беріп отырған. Халықтық педагогика алғашқыдан бастап еңбекке, табиғатқа ұқыпты көзқарас, жоғары адамгершілік қатынастар, адамға халық даналығын тасымалдаушы, беруші деп сыйласымдылықпен қарау сияқты тұғырлы негіздерден тұрған. Өкінішке орай, адамның табиғатпен қарым-қатынасындағы осындай халықтық мәдениеттің көпшілік қырлары жойылып кеткен. Сондықтан халықтың тұрмыс-салтындағы, әдет-ғұрпындағы табиғат-Ананың орнын қайта жаңғырту бүгінгі күнгі педагогика ғылымы мен практикасының аса маңызды да игілікті міндеті болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Вернадский В. И. Размышления натуралиста. — Научная мысль как планетное явление. М.: Наука, 1977.
  2. Лавриненко В. Н., Ратников В. П. Концепции современного естествознания. – М.: Культура и спорт, ЮНИТИ, 1997. – 271 с.
  3. Маркс К, Энгельс Ф. Соч. Т. 20, 495 с.
  4. Kroeber A., Kluckhohn K. Culture. A critical Review of Concepts and Definition. – Cambridge-Massachusets. 1968.
  5. Балтабаев М. Х. Педагогикалық мәдениеттану. – Алматы, 2003. Б.36.
  6. Моритон М. Современная технология и экономическое развитие Японии. – М.: Экономика, 1986. – С. 45.
  7. Каган М. С. Человеческая деятельность. – М., 1974. – С. 188.
  8. Лихачев Д. С. Экология культуры.: Памятники отечества // Альманах Всероссийского Общества охраны памятников истории и культуры. – 1980. –№ 2. С.10.
  9. Сафронов И. П. Формирование экологической культуры учителя. Дисс. канд. филос. наук. – М., 2002.
  10. Вернадский В. И. Философские мысли натуралиста. – М.: Наука, 1988. – 358с.
  11. Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Адамға қарай бет бұрсақ. – Алматы.: Қазақ университеті, 1992. 159 б.
  12. Ақпанбек Ғ. Қазақ халқының дүниетанымы. – Алматы.: Ана тілі, 1994.