Монографияның негізі — ұлт болашағы туралы. Автор тәуелсіздік ұлтымызға не берді? – деген сауалды қойып, жауап береді. Халқымыздың өз елінде, өз жерінде қайтадан басым көпшілік болуы, ұлттың орта жасының 25 жас болуы, қазақ халқының «әлеуметтік құрылымның барлық сатысынан» көрінуі, Қазақстан ұлтының тарихи-генетикалық мекені екені құқықтық тұрғыдан конституциялық және халықаралық деңгейде толық дәлелденуі, қазақ мемлекетінің өмір сүруінің көкжиегі анықталуы автордың күрделі және жүйелі ойларына тиек болған. Н.Ә. Назарбаев сонау түркі республикасының іргетасын қалаған Кемаль Ата Түрік сияқты қазақ халқының өз қасиетін тани білуін күн тәртібіне қояды. Халқымыздың өркениет мұрагері екенін, бұл күнгі қазақ мемлекеттігінің түп негізі ғасырлар қойнауына кететінін еске салады. Тарихи әдебиеттерде мәдениет туралы түсінік әртүрлі «мәдениет» деген терминнің 150-ден астам анықтамасы барын қайтерсің. Кешегі совет заманасында біз мәдениетті мәдени ағарту ісінің деңгейіне түсірдік, сауатсыздықты жоюды мәдени революцияға теңегенімізде бар. Автор «мәдениет» дегенді шын мәнінде кең ауқымда талдайды. «Ұлттың мәдениеті – оның қуат өрісі, қорғаныс тетігі» – деп қарайды автор. Ұлттың мәдениеті халықты ұлт етіп ұйытады. |
ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ
Мәдениет – адам ісінен шыққан жасанды нәрселердің бәрі өнер дүниесі, өйткені олардың жасалып шығуына адам ақылы, әуесқойлық, шеберлігі, өнер күші кіріскен.
Ахмет Байтұрсынов мәдениетті екі салаға бөліп, «тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері», көркемділік үшін жұмсалатын нәрселерді жасауға арналған өнер «көрнек өнері» болады деп қараған. Бұл жіктеу – материальная, духовная – деген мәдениет түрлері әлемдік әдебиетте де бар.
Мәдениетке деген тұтас баянды көзқарас жоқ десе де болады. Әдебиетте бұл күні мәдениеттің мыңнан астам анықтамасы бар.
Мәдениет- өркениеттің басты көрсеткіші. Дала өркениетінің төл перзенті — қазақ халқы, Шоқан көрсеткендей, ұлы Гомердің туындысы сияқты, эпостарға бай. Көне металлургия, Қаныш Сәтбаев 1927 ж. анықтағандай, ордасы — Орталық Қазақстанда б.ж.с. бұрын V ғасырда пайда болған. Байтақ даланы қақ жарып, шығыс пен батысты қосатын Ұлы Жібек жолы – мәдениет жолы да болғаны күмән тудырмайды. Киіз үй, арба, дала күнтізбегі, аңдар айшықталған көне искусство, орда құрған ел басқару өнері, түркілер шыңдаған әскери өнер, өзіндік алфавит, 5 000 күй мен аңыздар Дала өркениетінің өзіндік қолтаңбасы бар екендігін танытады. Д.Неру дала перзенттері Европаны шапты да, цивилизациялады деуі осыдан.
Ұзақ жылдар әлемдік мәдениет тарихында дала өркениеті, оның мәдениеті мойындалмай келді. Кешегі советтік дәуірде мәдениет туралы ұғым қарабайырланды. 20-шы жылдары сауатсыздықты жоюға лап берген кезде мәдениеттілік ұғымы сауат ашу деңгейіне дейін түсірілді. Мәдениет – мәдени-ағарту жұмысының аясында қалды. Идеологияландырылған мәдениет біркелкі советтік мәдениетті — мазмұны социалистік, түрі ұлттық мәдениетті қалыптастырды. Сөйтіп, ұлттық мәдениет өзінің ғасырлық мазмұнынан айырыла бастады. Солай бола тұрса да қазақтың ұлттық сәулеті, сымбат, кескін, әуез (музыка), әдебиет өнерлері шарықтап дами бастады. Сонымен бірге ұлттың діні, ділі, тілі қасіретке ұшырады, халықтың ұлттық санасы көмескілене бастады, мәдениет саясат құралына айналды. Қазақ мәдениеті өзінің көшбастар көсемдерінің қалың тобынан айырылды.
Жаңа тәуелсіздік заманасы қазақтың ұлттық мәдениетін мемлекеттік деңгейге көтерді. Ол көпұлттық сипаты бар Қазақстан мәдениетінің өзегіне айналды. Ұзақ жылғы қуғын-сүргін, зобалаңнан ақталған қазақ мәдениетінің ұлыларының мұрасы халық қазынасына қосылды.
Дегемен де қазақ мәдениетінің осы ту көтерген тұсында проблемалары баршылық.Ең алдымен, қазақ мәдениеті әлемдік мәдениет өрісінің түлегі. Біз жаңа заманада өзімізбен өзіміз шектеліп, томаға-тұйықта қалып қою қаупінен сақтануымыз керек.
Мәдени мұралар жасауда бұл күні кәсібилік өнерді әуесқойлық өнер жеңіп бара жатқан көріністер жиі кездесетін болды. Өзіне, әкесіне ұқсатып, не болмаса кез келген шығыстың ғұламаларының бейнесіне еліктеп салған ешбір мәдени құны жоқ, біркүндік ескерткіштер республиканың әр жерінен бой көтеруде. Ескерткіштер жобаларына әкімдер, билік жүйесінде жүргендер өз шешімімен өзі сүйген өнер иелеріне тапсырыс беріп, бұйрықпен қабылдауда. Конкурс болмаған соң көптеген талантты жастардың қанаты қырқылып өсу жолынан өшу жолына түсуде.
Біртұтас қазақ әдебиеті бөлшектеніп, ұлттық тұғырынан аймақтық деңгейге аласарып бара жатқаны байқалады. Олардың ішінде қазіргі заманның тірі классиктері – КТК-ларда сан жоқ, кеудесін соққан жеке батырлар. Халық ақындары сарай ақындарына айналды. Кәсіби әдеби сын жоқ, оны керек етер жазушы, ақын, тыңдар құлақ жоқ десе де болады. Ата-бабасын, өзін, өзіндей көретіндерін дәріптейтін, тарихи шындықты бұрмалайтын естеліктер, тарихи эсселер көптеп шығуда. Жер астынан киізге оралып «көмілген» шежірелер, шипа өнері туралы жасанды қолжазбалар көбейді. Эфир, теледидар арқылы секс, зорлық, зомбылық, кісі өлтіру сияқты гуманизмнен ауылы алшақ өнер туындысысымақтары тәуліктеп насихатталады. Республикалық радиода жастарға, жасөспірімдерге, ауыл тұрғындарына арналған хабар редакциялары таратылғаны өкінішті-ақ. Жан-жақтан сұғанақтанып рухани интервенция жасалынып, етектен тартуда. Қазақ тілінде берілетін төл хабарлар азайды.
Бір сөзбен айтсақ, ұлттық мәдениеттің деңгейі төмендеп барады.
Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, жас тәуелсіз мемлекеттің мәдениет дамыту функциясы қалыптаспаған. Мәдениет — кітапхана ісі, мұражай ісі, т.б. салаларға бөлшектеніп кеткен. Екіншіден, қазақ мәдениетінің ұлттық тірегі – орташа тап еді (жұмысшы, колхозшы, зиялы қауым). Олар бұл күні быт-шыт болып шашырады. Жаңа орташа тап қалыптасқан жоқ. Жаңа қазақ болса – дүбәрә. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талдаңда» дейтін азын-аулақ қалталылар мәдениеттің қарабайырланған, бимаза, біркүндік туындыларына риза. Мәдени сұранысты зерттеу жолға қойылмаған. Мәдениеттің типтері – кедей мен байлардың, қала мен ауылдың, орталық пен шет аймақтың, көшенің, өндірістің, тобырдың мәдени сұраныстары зерттелмей қалды. Мәдениет тарихын саралайтын зерттеулер жоқтың қасы. Теориялық даярлығы бар кадрларды саусақпен санауға болады.
Абайдан бастап, бір ғасырға жуық қазақ мәдениеті жаңғыру дәуірін бастан кешті. Оған халқымыздың басына түскен отаршылық, геноцид дүмпу берді. Тәуелсіздік — мәдени, рухани мәдениетті жаңа сатыға көтеретін фактор. Ол үшін қазақ мәдениетінің қайраткерлерінің рухани бірлігі керек, мәдени даму жаңа жүйеге салыну керек. Жаңа ХХI ғ. мәдени дамуымыздың негізгі бағыттары анықталуы керек. Әлемдік кеңістікте қазақ мәдениеті өзіндік қолтаңбасы болуын зерделеу міндеті тұр. Алдыңғы буын ағалардың кейінгі буын інілері, балалары туын биік ұстап, мәдениеттің Хан тәңіріне бір сәт шаршамай, шалдықпай, торықпай өрлей беруі — үміт оты!
Ғылыми Зерттеулер және Еңбектер
Қазақ … Өркениет. Бір кезде осылай салыстырмалы айтқан ғалымды есалаң санауы мүмкін еді. Өйткені, көшпелілер өкілі – номад — қазақ — дала тағысы, варвар болып танылатын. Қазақ тарихы орыс тарихының құрамдас бөлігі, оның елесі болып есептелетін. Ол өркениетке орыс халқы арқылы қолы жетті деп уағыздалатын. ӨРКЕНИЕТ ӨРIНДЕ
|