Экономика адам баласы табиғат игіліктерін жинаудан өмірге керекті игіліктерді, керекті заттарды жасауға көшкен кезде және сол жерде пайда болады. Сонымен, ресурстарды адам еңбегін пайдалана отырып өзгерту арқылы кез-келген экономикалық өнім алу өндіріс деп аталады. Оқулықтар мен ғылыми еңбектерде «өндіріс» түсінігі тар шеңберде көрінеді, кәсіпорындардың материалдық заттар мен өнім өндіруіне дейін төмендейді. Бұндай ыңғаймен келісу қиын.
Біріншіден, материалды өндіріспен қатар қызмет, еңбек өндірісін де айту қажет. Экономиканы «материалды өндіріске» және «өндірістік емес» салаға бөлу заңды болмас, сонымен қатар материалдық өндіріс саласында еңбекті өндірістік деп, ал басқа салаларда өндірістік емес деп бөлуге де болмайды. Сондықтан да жасалатын өнім түрі «өндірістік немесе өндірістік емес» деген талқылаудың критерийі болмауы керек.
Екіншіден, қызметтің қайсыбір түрін өндіріске жатқызуды «не өндіреді?, кім үшін өндіреді?, қалай өндіреді?.» деген сұраққа жауап алумен қатаң түрде байланыстыруға болмайды. Өнім адамның қол еңбегі көмегімен немесе машина операциялары көмегімен жасалады ма, өзі үшін немесе басқалар үшін өндіріледі ме, қандай тәсілмен өндіріледі, бұның бәрі өндірістік процесс пе деген талқылауға маңызды әсер етпеу керек.
Осылайша өндіріске процестерді жатқызудың екі критерийі шығады:
1) жаңа өнімді жасау немесе осындай өнімді жасауға бағытталған мәліметті, энергияны, материалды қайта өңдеу және қолда бар өнімнің сапасын өзгерту;
2) керекті өнімді алу мақсатында жұмсалған еңбек, оны құруға қатысқан адам еңбегі;
Түсініктірек айтқанда адамдар жасаған мәлімет, заттар, энергия немесе оларды ез еңбегімен өзгерту болған жерде өндіріс орын алады. Өндіріс адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін керекті игіліктерді алудың басты қайнар көзі болып есептеледі.
Өндірісте аяқталған және өзінің пайдалану саласына түсетін өнім «ақырғы өнім» деп аталады.
Ақырғы өнімнің үй шаруашылығында пайдаланатын, тұрғындардың қажеттілігін тікелей қанағаттандыру мақсатында жұмсалатын бөлігі «тұтыну тауарлары» деп аталады.
Керекті шикізатты алудан ақырғы өнімді алуға дейінгі өзара байланысты процестер жиынтығы өндіріс деп аталады.
Технология. Өндірістік қатынастар ең алдымен технологиялық қатынастар. Олар дербес физикалық және интеллектуалды мүмкіндіктермен, техникамен анықталады. Технология — тауар мен қызмет өндірісі туралы тәжірибелік білім. Жаңа ғылыми және басқалай жетістіктердің өндірістік процестерді жетілдіруге қолданылуына байланысты технология жақсарады. Жетілдірілген технология жаңа машиналарды, жақсы мамандандырылған еңбекті, әртүрлі жаңа процестерде қолданатын өндірістің жаңа тәсілдерін қолдануға әкеледі, ал ол өз кезегінде осы ресурстар көлемінен өнімнің үлкен көлемін өндіруге мүмкіндік береді.
Өндірістік функция. Өндіріс факторларының кез-келген жиынтығы мен факторлардың осы жиынтығынан өндірілетін өнімнің максималды мүмкін көлемінің арасындағы қатынас өндірістік функция арқылы сипатталады.
Егер де өндіріс факторлары немесе ресурстардың барлық жиынтығын еңбек, материал және капитал шығындары деп есептетсек, онда өндірістік функция келесі түрде сипатталады:
Q = f (L, K, M)
Мұнда: Q-осы технология мен осы еңбек-L, капитал-K, керекті материал-М қатынасында өндірілетін өнімнің максималды көлемі.
Изокванта. Өндірістің маңызды аспектілері, мысалы, өндіріс факторларының кең екі тобы — еңбек пен капиталды қарастырғанда есепке алынуы мүкін. Екі факторлы өндірістік функция өндірісті графикалық түрде талдауға мүмкіндік береді. Егер де өндірістік функцияда өндірістің екі факторынан көп фактор есепке алынса, онда математикалық талдауды қолдану керек. Өндірісті уақыттың қысқа мерзімді кезеңінде үш стадияға бөлуге болады.
1-ші стадия. Өндірістің басталуымен байланысты, орташа өнімнің шамасы ең үлкен көлемде болады.
2-ші стадия. Орташа өнім ең үлкен шамаға жеткен уақыттан бастап еңбектің шекті өнімі нольге тең болған уақытқа дейін жалғасады.
3:ші стадия. Бұл стадияда шекті өнім теріс мәнде болады.
Өндірістің екі деңгейі бар: «жеке» және қоғамдық».
Жеке өндіріс — негізгі өндірістік бірлік (кәсіпорын, фирма) көлеміндегі өндіріс. Қоғамдық өндіріс – кәсіпорындар арысындағы байланыстар жүйесін көрсетеді, ал қосымша элемент — «өндірістік инфрақұрылым», яғни өнім өндірмейтін кәсіпорындар мен салалар, бірақ ол технологиялық қозғалысты қамтамасыз етеді. Өндірістің тағы бір қасиеті «еңбек бөлінісі» — осы кезеңдегі белгілі еңбек қызметтерінің жиынтығы. Еңбек бөлінісінің үш деңгейі бар: кәсіпорын ішінде («бірлік»), кәсіпорындар арасында («жеке»), сонымен қатар қоғам көлемінде («жалпы» — өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық, ой және дене, мамандандырылған және мамандандырылмаған, қол және машина). Бір қарағанда еңбек бөлінісі өндірушілерді өндірістік қызмет шеңберін тарылта отырып бөледі. Еңбек бөлінісінің осы «белуші» бөлігін «еңбектің мамандандырылуы» деп атайды.
Өндірісті мамандандыру — қоғамдық еңбек бөлісінің бір түрі. Бұл техникалық прогресс негізінде пайда болады. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының, жалпы халық шаруашылығының түрлі салалары арасында және өндірістің әрбір саласы мен кәсіпорындары ішіндегі еңбек бөлінісі, белгілі бір өнім түрін өндіруге мамандануы, ол еңбек өнімділігін, тиімділікті арттыруға жағдай жасайды. Мамандандыру – объективті процесс, ғылыми-техникалық прогреспен және ауыл шаруашылығын индустрияландырумен, өндірісті шоғырландырумен тікелей байланысты. Мамандандыру арқылы салалар шоғырланады. Ол жерді, техниканы, еңбек ресурстарын ұтымды пайдалануға жағдай жасайды; өндірісті ұйымдас-тыруды, басқаруды жақсартады; жұмысшылар мамандығын арттырады; жаппай өндірісті дамытуға көмектеседі; тиімділікті өсіреді.
Бірақ өндірушілерді бөлетін еңбек бөлінісінің оларды біріктіретінін де атап өткен жөн. Еңбекті мамандандыру терең болған сайын маман-дандырылған өндірушілердің өзара тәуелділігі де жоғары болады. Еңбек бөлінісінің бұл көрінісін «еңбек кооперациясы» деп атайды.
Еңбек кооперациясы — қызметкерлердің жолдастық ынтымағына негізделген, бірлесіп істелетін және жоспарлы түрде ұйымдастырылған еңбегі. Оның негізіне өндіріс құрал-жабдықтарының қоғамдық меншігі жатады.
Өндірісті кооперациялау — бұл жекелеген кәсіпорынның негізгі өнімді өндіруге керекті шикізат, материал, жартылай фабрикат, дайын бұйымды шығаруға қажет заттармен дер кезінде қамтамасыз ету үшін бірлескен өндірістік байланысы.
Маркетингтік зерттеу негізінде өндірістік фирмалардың менеджерлері нарыққа шығарылатын тауар (қызмет) өндірісінің жағдайын анықтайды. Мұнда болашақтағы шығындарға маңызды мән беріледі. Өндірістік және өткізу қызметіне қолданылатын өндірістік факторларға кеткен шығындар «өндіріс шығындары» деп аталады. Экономикалық көзқарас бойынша шығындар барлық жұмсалған материалдар мен қызметтің құнының жиынтығын көрсетеді.
Шығындарды бағалаудың екі тәсілі бар: бухгалтерлік және эконо-микалық. Фирманың кез-келген кезеңдегі шығынының осы кезең аралығында өткізілген өнім мен қызметті өндіруге кеткен ресурстар құнына тең екендігін экономистер де, бухгалтерлер де растайды. Фирманың қаржы есебінде пайдаланылған өндірістік ресурстарды (шикізат, материалдар, амортизация, еңбек және т.б) төлеуге кеткен ақшалай шығындарды көрсететін нақты шығындар тіркеледі. Алайда экономистер айқын шығындармен қатар альтернативті шығындарды да есепке алады. Оны төмендегі мысалмен түсіндіруге болады.
Альтернативті шығын деп фирманың меншігіндегі ресурстарды пайдалану шығындары айтылады. Бірақ «альтернативті шығын» түсінігі өндіріске кеткен нақты шығындар туралы толық мағлұмат бермейді. Бұл ресурстарды пайдалану жолдарының көптеген мүмкіндіктері ішінен ресурстардың шегіне байланысты анық бір вариантты ғана таңдаймыз. Сонымен институтқа түсе отырып студент бірнеше жыл жалақы алу мүмкіндігінен, телевизор көре отырып кітап оқу мүмкіндігінен айырылады.
Бір кәсіпкердің «Қазығұрт» жеке фирмасы күніне 10-12 сағат жұмыс істей отырып жылына 600 мың теңге пайда алады. Бухгалтерлік көзқарас бойынша бұл фирма пайдалы фирма болып есептеледі. Экономист кәсіпкердің еңбегін өндірістік шығын деп есептейді. Бұл мысалда кәсіпкер өзіне айлық жазбайды, егер де ол басқа фирмада жұмыс істесе оның пайдасы 800 мың теңгеге баламаланады. Нақты пайданы есептей отырып фирма өз иесіне тиімсіз деп есептеледі (600,0-800,0=-200,0).
«Экономика» экономиканың материалды негізін құрайтын «өндірістен» тұрады. Кез-келген өндірістің қайнар көзі қоғам игілігіндегі ресурстар. «Өндірістік ресурстар» дегеніміз не?
Өндірістік ресурстар — тауарды, қызметті және басқалай құнды-лықтарды құру процесінде пайдаланылатын табиғи, әлеуметтік және рухани күштер жиынтығы.
Экономикалық теорияда ресурстарды төрт топқа бөледі:
1) табиғи — өндірісте пайдаланатын табиғи күштер мен заттар, олар «сарқылатын» және «сарқылмайтын» болып бөлінеді;
2) материалды — өндіріс нәтижесі болып есептелетін, адам еңбегі арқылы пайда болған өндіріс жабдықтары;
3) «еңбек» — өндіріс процесіне тікелей қатысатын қоғам бөлігі; «еңбек» — факторына кәсіпкерлік қабілетті де енгізуге болады.
4) «қаржы» — өндірісті ұйымдастыруға керекті ақшалай қаражаттар.