Қоғамдық өндiрiс екi үлкен сферадан тұрады. Оның бiрiншiсiне – қоғамның материалдық-заттық қажеттiлiктерiн қанағаттандыратын салалар жататын болса, екiншiсiне – оның материалдық емес (информация, әр түрлi қызметтер т.б. ) сұраныстарын қамтамасыз ететiн салалар жатады. Дегенмен, бұл сфералардың дұрыс дамуы үшiн белгiлi бiр сыртқы жағдайлар (материалдық өнiмнiң айналуы, шаруашылық байланыстарды қалыптастыру, информацияны өндеу және жеткiзу т.б.) қажет. Кәсiпорындар жұмысының сыртқы жағдайларын қамтамасыз етумен, экономикалық әдебиеттерде “инфрақұрылым” алатын, экономиканың өзiнше бөлек сферасы айналысады.
Экономиканың дербес сферасы болып, инфрақұрылым, материалдық-заттық өндiрiстен қоғамдық еңбек бөлiнуiнiң тереңдеуiне және оның сыртқы жағдайларын қамтамасыз етуге деген сұраныстың өсуiне байланысты бөлiнiп шықты.
Кәсiпорындардың сыртқы жағдайлары бiркелкi болмағандықтан, инфрақұрылым салалары да бiркелкi емес. Сол себептi, инфрақұрылымды төрт түрлi iрi салалар тобына бөлуге болады:
- Өндiрiстiк инфрақұрылым — өндiрiс процестерiнiң тiкелей сыртқы жағдайларын қамтамасыз ететiн салалар кешенi. Оған жүк тасу көлiгi, көтерме сауда, электрмен, газбен, сумен қамтамасыз ету, қойма шаруашылығы, байланыс, информацияны өндеу салалары және iскерлiк қызметтер сферасы жатады. Iскерлiк қызметтер сферасы жарнама мен маркетингтiк қызмет көрсетудi, жалға алу (беру) мен лизингтi, басқару, инвестициялық саясат, т.б. жөнiнде консультациялық қызмет көрсетудi, инжинирингтi қамтиды.
- Әлеуметтiк инфрақұрылым – жұмыс күшiн ұдайы өндiрумен байланысты салалар кешенi: денсаулық сақтау, бiлiм беру, жеке сауда, жолаушылар тасу көлiгi, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, қоғамдық тамақтандыру, демалысты ұйымдастыру т.б. салалар.
- Институттық инфрақұрылым – экономиканы макроэкономикалық реттеудi жүзеге асырушы салалар мен қызмет сфераларының кешенi. Оған мемлекеттiк аппарат, несиелiк- қаржылық сфера, т.б. жатады.
- Экологиялық инфрақұрылым – адам тiршiлiгiнiң зиянды жақтарынан қоршаған ортаны қорғау, қоғам өндiрiсi дамуының экологиялық жағдайларын қамтамасыз ету сфералары мен инженерлiк құрылыстардың кешенi.
Бiз бұл тақырыпта өндiрiстiк инфрақұрылымның негiзгi саласының бiрi – көлiк кешенiнiң дамуын мемлекеттiк реттеу мәселелерiне тоқталып өтемiз. Себебi, бiрiншiден, көлемi шағын жұмыста барлық инфрақұрылым салаларының мемлекеттiк реттеу ерекшелiктерiн, әдiстерiн, қағидалары мен механизмдерiн оқушыға түсiнiктi болатындай етiп қысқаша жазу мүмкiн емес; екiншiден, көлiк кешенiнiң халық шаруашылығындағы рөлi өте жоғары. Ол экономикалық, әлеуметтiк, қорғаныс, саяси және мәдени маңызды мiндеттердi атқарады.
Көлiк кешенiнiң экономикалық маңызы оның орындайтын қызметiне байланысты. Көлiк кез келген өндiрiстiң айырылмас бөлiгi болып саналады және қоғамдық еңбек бөлiнуiнiң негiзгi материалдық базасы болып есептеледi. Көлiк тауар өндiрушi мен тауар тұтынушының, аймақ пен аймақты, кәсiпорындарды бiрiмен — бiрiн байланыстыру қызметiн атқарады. Көлiксiз жаңа кең орындарын, жаңа аудандарды игеру мүмкiн емес. Көлiк халық шаруашылығының iрi бiр саласы. Оның негiзгi қорлары халық шаруашылығындағы барлық негiзгi қорлардың 13 % — ын құрайды. Егер бұған ведомсволық көлiктiң қорларын қосса бұл көрсеткiш әлдеқайда жоғары болады. Халық шаруашылығында жұмыс iстейтiн жұмысшылардың 20 %-ы көлiкте және көлiк үшiн жұмыс iстейдi. Көлiк тауардың бағасына өте үлкен ықпал жасайды. Көлiк шығындары көптеген жүктердiң бағасының 40 % бөлiгiн алады.
Республика көлiк кешенiң мемлекеттiк реттеу жүк тасымалдау шығынының аз болуын, тасымал жылдамдығының неғұрлым жоғары болуын, тасымалдаудың үздiксiз болуын қамтамасыз етуi тиiс.
Қазақстан Республикасының көлiк кешенiнiң дамуын мемлекеттiк реттеудiң негiзiн 1994 жылы қыркүйектiң 21 жұлдызында қабылданған “Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы” Заң құрайды.
Осы заңға сәйкес көлiк кәсiпорындарының қызметiн мемлекеттiк реттеу құқықтық базаны қалыптастыру, лицензиялау, салық салу, несиелеу, қаржыландыру мен баға құру, инвестициялық, бiркелкi әлеуметтiк және ғылыми-техникалық саясаттарды жүзеге асыру, бақылау жолымен жүргiзiледi (5-бап).
Қазiргi кезде Республиканың көлiк кешенiн басқару Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгiне жүктелген. Аталған заңға және осы министрлiк туралы Үкiмет бекiткен Ережеге сәйкес, оның негiзгi мiндеттерi болып мыналар саналады:
- көлiк саласында Қазақстан Республикасының мүдделерiн қорғау;
- көлiк саласында мемлекетаралық және халықаралық қатынастарды жүзеге асыру;
- меншiк түрлерiне қарамай, барлық көлiк түрлерiнiң жұмысын реттейтiн Заң актiлерiнiң, стандарттардың, нормалардың жобасын дайындау;
- көлiктiң барлық түрлерiнiң дамуының тұжырымдамасы (концепциясы) мен мемлекеттiк ұлттық бағдарламаларын дайындау, инвестициялық ғылыми- техникалық және әлеуметтiк саясаттарды қалыптастыру және жүзеге асыру, және де кадрларды дайындау;
- республика халқы мен экономикасының тасымалдауға және онымен байланысты қызметтерге деген сұраныстарын қанағаттандыруға жағдай жасау;
- көлiк қызметiн тұтынушылардың құқын сақтауды бақылау;
- Республиканың тасымалдауға деген мемлекеттiк қажеттiлiктерiне болжау жүргiзу;
- Қазақстан Республикасының көлiк кешенiнiң жұмысын координациялау және оның дамуын мемлекеттiк реттеу.
Көлiк кешенi туралы толық мәлiмет алу және бiр сөздi әр түрлi түсiнуге жол бермес үшiн кең қолданылып жүрген “көлiктiк” терминдерге түсiнiк ( анықтама) бере кетейiк.
Көлiк жүйесi – тасымалдау жұмысын атқаруда бiрiмен- бiрi тығыз байланыста болатын әр түрлi көлiк түрлерiнiң кешенi. Көбiнесе бұл термин жеке мемлекетке, аумаққа не iрi қалаға байланысты қолданады.
Қазiргi кезде көлiк дегенiмiз- халық шаруашылығының күрделi iрi кешенi. Оның құрамында магистралды көлiктiң дербес салалары ғана емес, сонымен бiрге қалалық және өндiрiстiк көлiк түрлерi де бар. Әкiмшiлiк – шаруашылықтың дербестiгiне қарамастан, көлiктiң барлық түрлерi бiрiне-бiрi белгiлi бiр тәуелдiлiкте болады, тасымалдау процесiне ғана емес, сонымен бiрге шаруашылық жүргiзудiң ақырғы техникалық- экономикалық нәтижелерiне әжептеуiр ықпал етедi.
Көлiк торабы – республиканың не жеке аумақтың қалалары мен ауылдарын байланыстыратын барлық жол қатынастарының жиынтығы.
Жалпы пайдалану (магистралды көлiгi) – қолданылып жүрген Заңдар мен нормативтiк актiлерге сәйкес, меншiк тәуелдiлiгiне, кiм ұсынғанына қарамастан жүктер мен жолашыларды тасымалдауға тиiстi көлiк.
Оған темiр жол көлiгi, теңiз жолдары көлiгi, өзен жолдары көлiгi, автомобиль көлiгi, әуе жолдары көлiгi және құбыр көлiгi жатады.
Жалпы пайдалану көлiгi мемлекеттiң көлiк жүйесiнiң негiзiн қалайды. Көлiктiң осы түрi дербес “көлiк өндiрiсi” болып саналады, себебi ол мемлекеттiң тасымалдауға деген негiзгi сұраныстарының қанағаттандырылуын қамтамасыз етедi.
Жалпы пайдалануға жатпайтын көлiк – тек қана өз ведомствосының тасымалын атқаратын және басқа клиенттердiң тасымал талабын орындаға мiндеттi емес, ведомстволық көлiк. Өндiрiстiк кәсiпорындарының ведомстволық көлiгiн көбiнесе “ өндiрiстiк көлiк” деп атайды.
Қазақстанда осы көлiк түрлерiнiң барлығы да қызмет көрсетедi. Тек республиканың географиялық орналасуына байланысты теңiз жолдары көлiгi ендi ғана құрылуда. Республикада “ Ақтау” және “Баутино” теңiз порттары бар.
Қазақстан үшiн төменгi себептерге байланысты көлiктiң халық шаруашылық маңызы өте жоғары.
- батыстан шығысқы қарай 3000 километрге, солтүстiктен оңтүстiкке 1700 километрге созылып жатқан республика аумағының кеңдiгi;
- жүк тасымалдау қашықтығының ұзындығы;
- негiзiнен өндiрiлетiн өнiм түрлерi – көмiр, темiр рудасы, мұнай және мұнай өнiмдерi, металургиялық өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығы өнiмдерi – асыл жерлерге тасымалдауды қажет етедi.
Көлiктiң әр түрiнiң тасымалдауға тиiстi жүктiң түрiне және тасымал қашықтығына байланысты тиiмдi пайдалану сферасы бар. Мысалы, авиация және темiр жол көлiктерiн алыс қашыққа тасымалдауда пайдаланған тиiмдi. Қысқа қашықтықтарда автомобиль көлiгi басқа көлiк түрлерiне қарағанда қысқа мерзiмде жүк жеткiзудi және шығындардың аз болуын қамтамасыз етедi. Құбыр желiсi, мұнай, газ және мұнай өнiмдерiн (көлемi үлкен болса) тасымалдауда тиiмдi. Өткiзу қабiлетi бiрдей болған жағдайда 1 км құбыр желiсiнiң құрылысы темiр жол құрылысынан 2-2,5 есе арзанға түседi.
Республиканың ыңғайлы геостратегиялық жағдайы көлiк кешенiң дамытудың маңызды алғы шарты болып отыр. Халықтың қоныстану тығыздығының төмендiлiгi ( 1 шаршы км-ге 6 адам), табиғи кең орындары мен экономикалық белсендi орталықтардың бiрiнен-бiрi қашық орналасуы және шетел рыноктерiнен алшақтығы көлiк инфрақұрылымының экономикалық дамуының негiзгi факторларын құрайды. Бұл, басқа елдердiң экономикасына қарағанда Қазақстан экономикасы көлiк кешенiнiң жұмысына жоғары деңгейде тәуелдi екенiн көрсетедi.
Нарық қатынастарына өту жағдайында республика көлiк кешенiнiң экономиканың басқа салаларынан ерекшелелiгi оның залалсыздығы мен табыстылығы. Қазақстанның көлiк кешенiнiң дамуын төмендегi кестелерде берiлген көрсеткiштер бойынша талдап көруге болады.
Көлiк түрлерi бойынша жүк жөнелту және жүк айналымы.
Көлiк түрлерi
|
Жүк жөнелту, млн. тонна | Жүк айналымы, млрд. т/км | ||||||
1990 |
1995 |
2000 |
2000 жыл 1990 жылға пайыз-бен |
1990 |
1995 |
2000 |
2000 жыл 1990 жылға пайыз-бен | |
Көлiк, барлығы |
2612,2 |
1155,3 |
695,8 |
26,6 |
472,0 |
160,4 |
180,5 |
38,2 |
Соның iшiнде: Темiр жол |
345,0 |
161,1 |
171,8 |
49,7
|
407,0 |
124,5
|
25 |
30,7 |
Автомобиль | 2235,8 | 954,2 | 384,7 | 17,2 | 44,8 | 10,8 | 4,5 | 10,0 |
Iшкi су жолдары | 10,7 | 2,0 | 0,45 | 4,2 | 3,9 | 0,8 | 0,042 | 1,3 |
Авиация | 0,07 | 0,03 | 0,02 | 28,)5 | 0,8 | 0,1 | 0,1 | 12,5 |
Құбыр желiсi | 20,6 | 37,9 | 138,8 | 673,7 | 16,4 | 24,2 | 50,9 | 310,3 |
2000 жылы 1990 жылмен салыстырғанда жүк жөнелту – 26,6%-ға, жүк айналымы – 38,2%-ға дейiн азайған. Мұндай тенденция көлiктiң барлық түрлерi бойынша байқалады. Мұндай жағдайдың қалыптасуына республика экономикасының нарықтық қатынастарға өтуiне байланысты тауар өндiрiсiндегi дағдарыс себеп болып отыр. Тек қана құбыр желiсi бойынша жүк жөнелту (637,7 %) және жүк айналымы (310,3 %) көлемi күрт жоғарлаған, өйткенi көлiктiң бұл түрiмен экспортқа бағытталған мұнай және газ өнiмдерi тасымалданады.
Кестедегi көрсеткiштерден байқайтынымыз, жүк тасымалдауда автомобиль көлiгiнiң сыбағалық салмағы, ал жүк айналымында темiр жол көлiгiнiң алатын үлесi жоғары.
Жалпы пайдаланудағы көлiк түрлерi бойынша жолаушылар тасымалдау және жолаушы айналымы
|
Жолаушы тасымалдау, млн. адам | Жолаушы айналымы, млн. ж/км | ||||||
1990 |
1995 |
2000 |
2000 жыл 1990 жылға пайыз-бен |
1990 |
1995 |
2000 |
2000 жыл 1990 жылға пайыз-бен | |
Көлiк, барлығы | 3899,2 | 1893,6 | 654,4 | 16,7 | 71471 | 32322 | 17000 | 23,8 |
Соның iшiнде: Темiр жол | 42,6 | 37,4 | 21,3 | 50,0 | 19734 | 13159 | 10215 | 51,7 |
Авто-
мобиль * |
3504,5 | 1548,7 | 480,8 | 13,7 | 36294 | 13227 | 4355 | 11,9 |
Iшкi су жолдары | 3,6 | 0,4 | 0,1 | 2,7 | 112,9 | 5,7 | 1,0 | 0,8 |
Авиация | 8,6 | 2,0 | 0,8 | 9,3 | 13291 | 4713 | 1797 | 13,5 |
Құбыр желiсi | 339,9 | 305,1 | 151,4 | 44,5 | 2039 | 1217 | 632 | 30,9 |
* 2000 жыл – оперативтi мәлiмет
Соңғы он жылда көлiктiң барлық түрлерi бойынша жолаушы тасымалдау және жолаушы айналымы көрсеткiштерi халықтың төлемдiк қабiлетiнiң төмендеуiне және бағаны либерализация салдарынан тасымал тарифтерiнiң доғары болуына байланысты “құлдырап” кеткен. Әсiресе, қысқа қашықтықтарда жолаушылар арнаулы көлiк түрлерiнiң қызметiнен бас тартып, өз көлiгiн немесе жеке “тасымал” көлiгiн пайдаланады. Қалаларда, қалаға жақын мекендерге жлаушы тасымалдауда жеке “тасымал” жолаушылар тасымалдаумен айналысатын кәсiпорындарға күштi бәсекелестiк көсетiп отыр. Сол себептi, 2000 жылы 1990 жылмен салыстырғанда автомобиль көлiгiмен жолаушы тасымалдау – 13,7 %, жолаушы айналымы – 11,9 % болған. Темiр жол көлiгi, негiзiнен, алыс қашықтыққа жолаушы тасымалдайтындықтан және табиғи монополия ретiнде тасымал тарифi мемлекет тарапынан қадағалауда болғандықтан, басқа көлiк түрлерiне қарағанда, оның жоғарыда аталған көрсеткiштерi көп төмендеген, яғни жолаушы тасымалдау – 50 %, долаушы айналымы – 51,7 пайызды құраған. Жалпы айтқанда көлiк кешенi де экономиканың басқа салаларындай терең дағдарыста.
Оның негiзгi себептерi ретiнде, жоғарыда айтылған дағдарысқа байланысты экономиканың негiзгi салаларына өнiм өндiру көлемiнiң өте төмендеп кетуiн, халықтың төлемдiк қабiлетiнiң төмендеуiн, көлiк қызметiнiң дер кезiнде төленбеуiн, ақша айналымының бұзылуына байланысты қаржылық қиыншылықтарды және де экономиканы мемлекеттiк реттеу шаралары үкiмет тарапынан үстiртiн, ғылыми нақтылаусыз жүргiзiлгендiгiн атауға болады.
Қазақстанның жалпы пайдаланудағы көлiк торабын 14061,8 км темiр жолдары, 87 мың км. автомобиль, 4 мың км. iшкi су, 500 км. троллейбус пен трамвай жолдары құрайды.
Республика темiр жол магистральдарының тығыздығы 1000 шаршы метрге шаққанда 5,3 км. ТМД елдерiнде бұл көрсеткiш орташа алғанда 6,4 километрге тең.
Электрлендiрiлген жалпы пайдаланудағы темiр жолдардың үлесi Қазақстанда 26 %, Әзiрбайжанда – 60 %, Ресейде – 45 %.
Жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының ұзындығы қатты қапталған (асфальтталған) автомобиль жолдарының үлесi 95 %, тығыздығы – Қазақстанда 1000 шаршы километрге 29,7 км., Әзiрбайжанда, Арменияда, Белоруста, Грузияда, Молдовада және Украинада – 248-296 км. Қазақстан бойынша автомобиль жолдарының ең жоғарғы тығыздығы Солтүстiк Қазақстан облысында (74,2км), ең төменi – Қызылорда облысында (11,6км).
Республика көлiк кешенiң қозғалыс составтарымен, керектi жабдықтармен қамтамасыз ету жағы да өте нашар. Елiмiзде аталған заттарды өндiру өндiрiсi мүлде жоқ.
Көлiк кешенiнiң қазiргi кездегi дамуы жуық арада төмендегi мәселелердi шешудi талап етедi:
- халықаралық, соның iшiнде транзиттiк тасымалдарды қамтамасыз ету үшiн барлық көлiк түрлерi мен коммуникация жүйесiнiң жеткiлiксiз дамуы, сыртқы рынокке мұнай және газ тасымалдайтын құбыр желiлерiнiң, бағыттардың баламалы болмауы;
- халықаралық тасымалды, контейнерлiк жүктердi өндеуге қабiлеттi теңiз және өзен айлақтарының, темiр жол стансаларының нашар дамуы;
- темiр жол және автомобиль көлiгiнiң жол шаруашылығының техникалық деңгейiнiң төмен болуы, магистральдық мұнай және газ құбырларының, қозғалыс составтарының физикалық тозу деңгейiнiң жоғары болуы;
- қозғалыс составтарының жергiлiктi өндiрiсi болмауы, жөндеу базасының нашарлығы;
- тасымалды ұйымдастырудың жалпы қабылданған талаптарға сай болмауы, жүктердi сақтау мен қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудегi кемшiлiктер, т.б.
Жоғарыда айтылған жағдайларға байланысты, республика көлiк кешенiнiң дамуын жақсарту үшiн мемлекет тарапынан белсендi шаралар жүргiзiлуi тиiс. Республика үкметi көлiк кешенiң реформалауды жекешелендiру мен шетел инвестицияларын тартуды ынталандыруға тiреп отыр.
Сол себептi, ендi көлiк кешенiн жекешелендiру мәселелерiне тоқталайық. Көлiк түрлерiнiң ерекшелiктерiне қарай, оларды жекешелендiру де әр түрлi жолдармен жүргiзiлуi тиiс.
Барлық көлiк түрлерiнiң арасында темiр жол көлiгi – оның республика экономикасында алып отырған орнына қарай және “масштабы” болуы себептi жекешелендiру үшiн өте қиын объект болып табылады. Сондықтан, алдымен осы процесс басқа елдерде қалай жүргiзiлдi, соны еске алайық. АҚШ-та, 1980 жылға дейiн темiр жолдардың негiзгi бөлiгi мемлекеттiк меншiкте болды. 1980 жылы Конгресс ьемiр жолдарды жекешелендiру туралы заң қабылданды, соның нәтижесiнде, бiрiншi класты жолдардың бәрi дерлiк жекешелендiрiлiп, жеке компаниялардың қолына көштi, темiржолдарға федералдық үкiмет тарапынан көрсетiлген қаржылық көмек 2,8 млрд доллардан (1981 жыл) 0,1 млрд долларға (1986 жыл) дейiн төмендедi.
Жапонияда да, 1980 жылдардың ортасында, темiр жолдар тұтас жекешелендiрiлген. Бұл жерде, АҚШ-дай территориялық емес, функционалды принцип қолданылған, яғни әрбiр дербес компания өз мамандандырылуы ретiнде жүк тасымалдау, жолаушы тасымалдау, жолды күту, т.б. жұмыстардың бiрiн таңдап алған. 1987 жылдан бастап темiр жол пайдасы жоғары салалардың қатарына қосылған.
Италияда 1990 жылдарға дейiн, темiр жол тұтастай мемлекет меншiгiнде болды. Бiрақ, қазiргi кезде жиырмаға жуық жеке меншiктегi темiр жолдар бар. 90 –жылдардың басынан темiр жолдарда акционерлiк қоғам ретiнде қайта ұйымдастыру туралы мәселе қойылуда. Ал, Голландияда мемлекет қазiрдiң өзiнде тәуелсiз темiр жолдық акционерлiк компанияның акциясына ие болып отыр. Германия мен Франция сияқты Еуропаның дамыған елдерiне келетiн болсақ, бұл елдерде темiр жол тұтас мемлекет меншiгiнде және мемлекеттiк бюджеттен дотация алып отырады.
Сонымен, әр елде темiр жолға меншiк мәселесi әр түрлi шешiлген. Дегенмен, магистральды темiр жолдарға мемлекеттiк меншiктiң сақталуы басым.
Ендi Қазақстанға тоқталайық. Бiздiң пiкiрiмiзше, Қазақстанда магистральды темiр жолдарға мемлекеттiк меншiктi сақтау қажет. Бұлай олайтын себебiмiз, бiрiншiден, темiр жол көлiгiнiң экономикадағы рөлi өте жоғары, екiншiден республика темiр жолының тығыздылығы өте төмен (1000 шаршы километрге 5,3 км), үшiншiден, барлық магистральдар белгiлi бiр бағытта баламасыз.
Еуропалық одақтың Қазақстан үшiн ТАСИС бағдарламасын жасаушылар да осындай тұжырымға тоқталып отыр. Олар, төменгi себептерге байланысты, Қазақстанның темiр жолдарын жекешелендiруге әзiрге болмайды деп есептейдi:
- жекешелендiруге қажеттi капитал кез келген қазақстандық консорциум үшiн өте жоғары болады. Темiр жол шет елдiк компаниялардың қолына көшуi мүмкiн, бiрақ өте маңызды стратегиялық активтер үшiн бұндай жағдай орынсыз болар едi;
- Қазақстанда темiр жолдар табиғи монополия болып табылады. Жекешелендiрiлген жағдайда бұндай монополияларға мемлекет тарапынан өте қатаң басқару шаралары қолданылуы мүмкiн, сол себептi олардың коммерциялық пайда табуға деген еркiндiгi өте шектеулi болады;
- қазiргi кезде жолаушы тасымалдауда көптеген әлеуметтiк жеңiлдiктер бар. Темiр жолды жекешелендiрген компаниялар ондай жеңiлдiктер беруден бас тартады;
- темiр жолдардың қаржыландыруында әлi күнге дейiн мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтiк объектiлер бар, темiр жол жұмысшылары көптеген жеңiлдiктердi пайдаланады. Ешбiр жеке компания аталған әлеуметтiк құқықтарды сақтауға кепiлдiк бере алмайды.
Магистральдық линиялардан басқа мыңдаған километр кiре берiс жолдары, тұйық линиялар (магистральдардан тараған) бар. Олар бұрын да темiр жол кәсiпорындары мен ұйымдарының меншiгiнде болмаған, олардың негiзгi мiндетi – бiр немесе бiрнеше кәсiпорынның жүктерiн қабылдау және жөнелту болатын. Осы сияқты жолдарда әр түрлi меншiктегi кәсiпорындар құрылуы мүмкiн. Мемлекет тарапынан олардың қабылданған техникалық нормативтерге сай болуы бақыланып отырылуы керек.
Сонымен бiрге, темiр жол көлiгiнде жүк арту, жүк түсiру жұмыстарының үлкен кешенi бар. Оларды жеке меншiктегi кәсiпорындар, жеке тұлғалар, мемлекеттiк кәсiпорындар мен темiр жол ұйымдары атқара алады. Бұл жұмыстарды орындауда қандай кәсiпорынның қызметiн пайдалануды жүк жөнелтушi мен жүк қабылдаушы шешедi.
Барлық меншiк түрлерiндегi кәсiпорындардың бiрлесiп және жеке жұмыс жасауына болатын темiр жол көлiгiнде тағы да бiр сфера бар. Ол – жөндеу жұмыстары, магистральдi линиялардың сенiмдi жұмыс жасауы үшiн қажеттi материалды, механизмдер мен машиналардың қосалқы бөлшектерiн дайындау және жеткiзiп беру. Керектi жабдықтарды, қосалқы бөлшектердi кiмнен сатып алу – нарықты экономикады темiр жолдар үшiн айырмасы жоқ, негiзгiсi, олардың бағасы, сенiмдiлiгi және стандарттарға сай келуi қанағаттандырса болды.
Нарықтық экономикаға өтпелi кезеңде темiр жол көлiгiн реформалаудың өзiндiк ерекшелiктерi бар. Көлiктiң бұл түрiнiң қор сыйымдылығы өте жоғары, өндiрiстiк тасымал процесi технологиялық үздiксiз болуы керек. Яғни, темiр жол шаруашылығының ешқандай бөлiгi – мейлi жол учаскесi болсын, мейлi жолаушы вагоны болсын — өз бетiмен қызмет жасай алмайды.
1997 жылдың қаңтар айында Республика Үкiметi үш дербес заңды тұлғалы темiр жолдардың негiзiнде “Қазақстан темiр жолы” Республикалық мемлекеттiк кәсiпорнын құру туралы шешiм қабылдады. Кәсiпорынды құрудағы мақсат – тасымал процесiн басқару құрылымын оңтайландыру, артық звеноларды жою, темiр жол саласының қаржылық – экономикалық жағдайын тұрақтандыру. Алғашқы кезеңде еншiлес 12 мемлекеттiк кәсiпорын құрылды, кейiннен олар бiркелкi құрылымды алты темiр жол басқармасы болып қайта құрылды. Олар – Ақмола, Алматы, Батыс, Сарыарқа, Семей және Түркiстан темiр жолдары. Темiр жолдарды есеп айырысу бағасы арқылы қаржыландыру жүйесi, орталықтандырылған материалдық – техникалық жабдықтау жүйелерi енгiзiлдi. 1998 жылдан “Қазақстан темiр жолы” РМК төрт звенолық басқару құрылымынан екi звенолық басқару құрылымына өшiрiлдi. Саланы реформалау әлi аяқталған жоқ. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 15 наурыздағы қаулысымен мемлекеттiң 100 пайыз акциялар пакетiмен “Қазақстан темiр жолы” ұлттық компаниясы акционерлiк қоғамы құрылды.
Темiр жол көлiгiне қарағанда, әуе жолы көлiгi жекешендiруге ыңғайлы. Сондықтан болар қазiрдiң өзiнде Қазақстанда мемлекеттiк “Эйр Қазақстан” әуекомпаниясымен қатар ондаған жеке меншiк нысанындағы әуекомпаниялары (“Азамат” “Саяхат”, т.б.) жұмыс iстеуде.
Әуе жолы көлiгi өздерiнiң атқаратын мiндеттерiмен ерекшелiнетiн үш түрлi кешеннен тұрады. Бiрiншiден, әуе қозғалысын басқару кешенi. Кез келген егемендi мемлекетте бiр тұтас аэронавигация мен қозғалысты басқару жүйесi болуы шарт. Бұл жүйе, Қазақстанның әуе кеңiстiгiн пайдаланғаны үшiн және көрсетiлген қызметке төлем жасаса кез келген меншiктегi әуе компанияларының ұшақтарының ұшуын қамтамасыз етедi. Және де, Қазақстанның әуе кеңiстiгi “Ата заңда” көрсетiлгендей, Қазақстан Республикасының ерекше меншiгi. Сондықтан, әуе қозғалысын басқару кешенi жекешелендiрудiң ешқандай түрiне жатпайды.
Екiншiден, ұшу- техникалық кешенi. Оған барлық типтегi пайдалануда бар ұшақтар кiредi.
Үшiншiден, аэропорт кешенi. Оның негiзгi мiндетi — әуе жолымен жүктер мен жолаушыларды тасуды, ұшақтардың қонуы мен ұшуын және осы әрекеттермен байланысты жұмыстарға деген сұранысты қанағаттандыру.
Соңғы екi кешенде барлық түрдегi меншiктегi кәсiпорындар жұмыс iстей алады.
Автомобиль көлiгi темiр жол және әуе жолы көлiктерi сияқты күрделi техноқұрылымен байланыспаған, сондықтан оны жекешелендiру қиын емес. Жекешелендiру процесiбасталғанға дейiн республикада 480-нен астам автокөлiк кәсiпорындары болған. Жекешелендiрудiң бiрiншi кезеңiнде олардың барлығы толық шаруашылық, қаржылық еркiндiк алған. Бiрақ, бiздiң ойымызша, экономиканың өтпелi кезеңiнде, автокөлiктiң республиканың агроөнеркәсiп кешенiнiң дамуындағы атқаратын рөлiн ескере отырып (мысалы, егiн жинау компаниясындағы) шамамен 12-13 мың жүк таситын автомобильдердi мемлекет меншiгiнде ұстаған жөн.
Мұнай, мұнай өнiмдерiн және газды тасымалдаумен айналысатын құбыр желiсi көлiгi ерекше жағдайда. Анығына келгенде, көлiктiң бұл түрi жалпы пайдалану көлiгiне жатпайды, ол, дұрысын айтсақ, ведомстволық (өндiрiстiк) көлiк, бiрақ халық шаруашылығының барлық салалары үшiн пайдаланылады және республика үшiн стратегиялық маңызы өте зор. Бiздiң ойымызша, көлiктiң бұл түрi мемлекет меншiгiнде қалуы тиiс. Дегенмен, қазiргi таңда газ тасымалдау құбырлары шетелдiк компанияларға сатылған немесе басқаруға берiлген.
Көлiктiң басқа түрлерiнiң жүк тасымалдауда алатын орны шамалы, сондықтан оларды реформалау мәселелерi бұл жұмыста қаралмады.
Бiз көлiк кешенiн жекешелендiру мәселелерiне кеңiрек тоқталған себебiмiз, нарықты экономикада экономиканың мемлекеттiк реттеу әдiстерiн қолданылатын болса, керiсiнше, жеке меншiктегi кәсiпорындардың жұмысына мемлекет жанама әдiстердi қолдану арқылы араласады.
Экономикада мемлекеттiк реттеудiң ұтымды механизмдерiнiң қатарына болжау мен жоспарлаудың жататыны белгiлi. Үкiмет қаулысы мен (16 мамыр 1996ж.) “Қазақстан Республикасының әлеуметтiк –экономикалық дамуының индикатифтi жоспарларын жасау ретi мен тәртiбi туралы Ереже” бекiтiлдi. Осы Ережеге сәйкес, Экономика және сауда министрлiгi басқа да атқарушы билiк органдарымен бiрге Қазақстан Республикасының әлеуметтiк –экономикалық дамуының ұзақ мерзiмдiк (10-15 жыл), орта мерзiмдiк (3-5 жыл) және ағымдағы ( бiр жылдық ) жоспарларын дайындайды. Осы жоспарлардың құрамында республика көлiк кешенiнiң даму жоспары да жасалады.
Республика көлiк кешенiнiң құрама жоспары бiрнеше бөлiктерден тұрады. Олар:
- жүктер мен жолаушыларды тасымалдау жоспары – тұтас және көлiк түрлерi бойынша;
- көлiк торабын дамыту жоспары;
- жылжымалы составтарды пайдалану жоспары.
Жоспардың әр бөлiмiнде өзiне тән экономикалық көрсеткiштер есептелiнедi. Көлiк кешенiнiң даму жоспарының негiзгi көрсеткiштерi шартты түрде 4 топқа бөлуге болады.
Бiрiншi топқа – тасымалдау көлемiнiң деңгейiн сипаттайтын көрсеткiштер жатады. Атап айтқанда, жүк (жолаушылар) тасымалдау көлемi (тонна немесе жолаушылар саны); орта тасымал қашықтығы (км); жүк айналымы (т)(км) және жолаушы айналымы (ж)(км).
Екiншi топқа — көлiктiң жылжымалы составтарын, техникалық құралдарын пайдалану көрсеткiштерi жатады. Мысалы: темiр жол көлiгiнде: вагонның статикалық және динамикалық салмағы, т.б.
Үшiншi топқа – көлiк торабы көрсеткiштерi жатады. Мысалы: темiр жол торабының ұзындығы; оның iшiнде екi жолды темiр жолдардың ұзындығы; автомобиль жолдарының ұзындығы, оның iшiнде қатты қабатты (асфальттандырылған) жолдардың ұзындығы, т.с.с.
Төртiншi топқа – көлiк кешенiң қозғалыс составтармен, яғни вагондармен, электровоздармен, автомобильдермен, ұшақтармен қамтамасыз ету көрсеткiштерi жатады.
Жоғарыда аталған көрсеткiштер жоспарда кәсiпорынның меншiк нысанына байланысты дерективтi не индикативтi болуы мүмкiн. Ендi, көлiк кешенiнiң негiзгi көрсеткiштерiн жоспарлау процесiнде нақтылау әдiстемесiне тоқталайық.
Жүк тасымалдау жоспарын жасау алдымен тасымалдауға жататын барлық жүктiң көлемiн анықтауды, оны көлiк түрлерi арасында бөлудi, тасымалдау қашықтығын есептеудi талап етедi. Содан соң жүк айналымы көрсеткiшi жоспарланады.
Жүк тасымалдау көлемi iрiленген өлшегiштер әдiсiмен және баланстық әдiспен есептелiнедi.
Iрiленген өлшегiштер әдiсi негiзiнде ұзақ мерзiмдiк жоспарлар жасалған кезде қолданылады. Жүк тасымалдау көлемi белгiлi бiр жүктердiң өндiру көлемi мен тасымалдау көлемiнiң арасында өткен жылдарда қалыптасқан заңды қатынасқа байланысты анықталады.
Сандық қатынас тасымалдау коэффициентi түрiнде берiледi.
.Бұл жерде:
Тк – тасымалдау коэффициентi;
Ж.К. – тасымалданған жүк көлемi;
Ө.к. — өндiрiлген өнiм көлемi.
Алынған көрсеткiш жоспарлау кезенiнде тасымалдау iсiне ықпал жасайтын факторларды ескере отырып түзетiледi.
Қағида сай, бұл коэффициент бiрден артық болмауы тиiс, бiрақ қайталанған тасымалдар болса (Мысалы, көмiрдi байыту комбинатына апару, содан соң тұтынушыларға жеткiзу) онда бiрден артық болуы мүмкiн.
Қысқа және орта мерзiмдiк жоспарлар жасау кезiнде негiзгi әдiс ретiнде баланстық әдiс қолданылады. Тасылуға тиiстi жүктiң көлемiн анықтау үшiн аудандық өнiм өндiру және тұтыну балансы жасалынады (6-үлгi).
6-үлгi. Аудандық өнiм өндiру және тұтыну балансы
Өнiм-нiң түрi | Қоры | Бөлiнуi | Жос-парлы кезең-нiң со-ңын-дағы қал-дық | ||||||
Жос-парлы кезең-нiң ба-сын-дағы қал-дық | Өн-дi-рiс кө-ле-мi | Бас-қа көз- дер-ден | Бар-лы-ғы | Жер-гiлiктi тұтыну | Жалпы пайдала-нуға жат-пайтын көлiкпен тасымал-дау | Жалпы пайда-лану көлiгi-мен тасы-малдау | Соның iшiнде: темiр жол, авто-мобиль авиация, т.б. | ||
Тас көмiр | |||||||||
Темiр руда-сы | |||||||||
Т.б. |
Тасымалдауға тиiстi жүк көлемi анықталған соң, оны көлiктiң әр түрлерiне тиiстi тасымалдау көлемiне бөлу керек. Бұл кезде әр көлiктiң өзiндiк ерешелiктерi, тасымалдаудың өзiндiк құны, мүмкiндiктерi ескерiледi. Себебi, көлiктiң жалпы экономикалық тиiмдiлiгi көбiнесе тасымал көлемiнiң көлiктiң әр түрлерiнiң арасында дұрыс бөлiнуiне байланысты.
Сонымен қатар жоспарлау органдары практика жүзiнде республика және облыстар көлемiнде көлiк балансын жасайды (7-үлгi).
7-үлгi. Көлiк балансы
Көрсеткiштер |
Көлiк түрлерi | ||||
Темiр жол | Авто-мобиль | Iшкi су жол-дары | Т.б. | Барлығы | |
1. Жүк жөнелту | |||||
2. Жүк қабылдау | |||||
3. Республика iшiндегi тасы-мал | |||||
4. Сыртқа (басқа елдерге) жүк тасымалдау (-) | |||||
5. Сырттан (басқа елдерден) жүк тасымалдау (+) | |||||
6. Тасымалдау сальдосы (+,-) |
Бұл баланстың мәлiметтерi тасымал көлемiн көрсетiп қана қоймай, сонымен қатар республика(облыс)экономикасының даму деңгейiн, басқа республикалармен(аймақтармен) көлiктiң байланыс дәрежесiн көрсетедi.
Жүк айналымын анықтау үшiн және де орташа тасымал қашықтығын бiлу керек. Осы көрсеткiштердi есептеу үшiн аймақаралық жүк алмасу жоспары және тиiмдi жүк тасу желiсi (схемасы) жасалынады (8-үлгi).
8-үлгi. Аймақаралық жүк алмасу жоспары (шахматтық баланс)
Өндiру облыстары | Тұтыну облыстары | |||||
Алматы | Астана | Шы-ғыс Қазақ-стан | Оң-түстiк Қазақ-стан | Т.б. | Бар-лы-ғы | |
Алматы
Астана Шығыс ҚазақстанОңтүстiк Қазақстан Т.б. Барлығы |
Осы балансты жасау негiзiнде облыстар (аймақтар) арасында жүк тасу қашықтығын қысқарту арқылы қоғамдық еңбектi үнемдеуге себебiн тигiзетiн тиiмдi көлiктiк байланыстар құруға тырысу керек. Бұл өте күрделi мәселе. Оны шешу үшiн аймақаралық көлiк байланыстарының бiрнеше варинты жасалынады. Солардың iшiнен ең тиiмдi, ұтымды варианты таңдап алынады. Бұл жұмыс экономикалық –материалдық әдiстер мен электронды- есептеу техникасын қолдану арқылы орындалады.
Осы мақсатпен көлемдi жүктердiң әр түрi бойынша тиiмдi жүк тасу желiсi жасалынады. Оның көмегiмен жүктердi тиiмдi жөнелтi бағыттары анықталады. Бұл жұмыста өнiм өндiру пунктерi мен тұтыну пункттерiнiң орналасу орны ескерiледi.
Жүк тасымалау көлемi және орташа тасымал көрсеткiшi арқылы жүк айналым көлемi анықталады.
Ел Президентiнiң 1997 жылғы Қазақстан халқына “Қазақстан –2030 барлық қазақстандықтардың өсiп өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы” жолдауына инфрақұрылым, әсiресе, көлiк және байланыс 6-ұзақ мерзiмдi басымдық ретiнде белгiленген. Осы құжатқа сәйкес көлiк түрлерiнiң алдында тұрған стратегиялық мiндеттердi iске асыру үшiн төмендегi шараларды орындалуын қамтамасыз ету керек*.
Темiр жол көлiгi бойынша:
- халықаралық көлiк және сауда байланыстарын, сондай-ақ Трансазия магистралi бойынша транзиттiк жүк тасқының қамтамасыз ететiн негiзiгi темiр жол бағыттарын жаңарту;
- Достық станциясын дамыту мен Достық- Ақтоғай учаскесiн нығайтуды аяқтап, оның өткiзiм қабiлетiн 10 мың тонна жүк тасымалына дейiн жеткiзу;
- жүк жинақталатын аудандарда көп модульдi терминалдар ұйымдастыруға кiрiсу, сол арқылы көлiктiң сан түрлерiнiң ** технологиялық бiрлiгiн қамтамасыз ететiн контейнерлiк және бумалық тасымалды қолдана бастау;
- барлық көлiктiк- коммуникациялық монополияларды батыл қайта құрылымдауды жүзеге асыру, оларды бейiне сәйкес келмейтiн кәсiпорындардан арылту.
Автомобиль жолдары және автокөлiк бойынша:
- автомобиль жолдарын шапшаң аралықтар құру арқылы халықаралық тасымалды қамтамасыз етеiн бағыттарды дамыту;
- жеке меншiк автомагистральдар салу, қазiргi барларын жекешелендiру мен концессияға беру жөнiндегi жұмыстарды бастау.Оларға осы заманғы халықаралық талаптар деңгейiне қызмет көрсетуiн қамтамасыз ету;
- ауылдық жерлердегi автожолдардың желiсiн басымдық тәртiбiмен дамыту және ұзақ мерзiмдi келешекте олардың тығыз табанды жолға көшiрiлуiне жету, автомагистральдар мен көпiр конструкцияларның өткiзiм қабiлетiн жақсарту.
Әуе көлiгi бойынша:
- авиацияда тәртiп орнату және ұшақтар паркiн лизинг пен жоғары сыныпты ұшақтардың белгiлi бiр көлемiн сатып алу есебiнен толықтыру;
- әуежайларды қайта жаңартуды қолға алу, қызмет көрсету мен сервистi қамтамасыз ету деңгейiн халықаралық стандарттарға дейiн жеткiзу;
- Қазақстан арқылы өтетiн транзиттiк әуе желiлерiн дамыту мақсатында әуе қозғалысын басқару жүйесiн қайта ұйымдастыру.
Су көлiгi бойынша:
- “Ақтау” айлағын қайта жаңарту және флотты “өзен-теңiз” түрiндегi кемелермен толықтыру үшiн шетел инвестицияларын тарту;
- өзен параходстволарының жұмысын, әсiресе жүк және жолаушы тасымалындағы өзiндiк құны төмен кемелердi iске қосып, олардың жұмысын жандандыру.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, Қазақстан жағдайында көлiк кешенiнiң ерекшелiгi ретiнде жалпы жүк тасымал көлемiнде темiр жол мен құбыр желiлерi көлiктерiнiң үлесiнiң жоғары екенiн, ал теңiз көлiгiнiң үлесi мүлде жоқ екенiн байқауға болады. Сондықтан көлiк кешенiнiң дамуы мемлекеттiк реттеуде төменде көрсетiлген бағыттарға көңiл бөлу қажет:
- екiншi және электрлендiрiлген жолдарды көбейту арқылы темiр жолдардың өткiзiм қабiлетiн жоғарлату;
- құбыр желiлерiнiң, теңiз көлiгiн және автомобиль жолдарын жетiлдiру мен жаңадан салуға шет елдiк инвестицияларды тартуды ынталандыру.
Себебi, қазiргi жағдайда темiр жолдардың өткiзiм қабiлетiн жоғарлату және жаңа құбыр желiлерiн iске қосуды жеделдету халықаралық экономикалық интеграцияны күшейту қажеттiлiктерiне сай келедi және осы тақырыпта қаралған көлiк жүйелерiнiң экономикалық тиiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк бередi