Т.Медетбек поэзиясындағы түркілік сарын

Қазақ халқы шоғыры биік өлең сөздің майталмандарына, ұлт санасын, сезімін, дүниетанымын оятар жыр кестелеріне кенде емес. Ақындық — бұл ішкі сырға айналып кеткен тума қасиет. Сол ішкі сырды сыртқа ақтару үшін, поэтикалық лексика, ақын тілі қажет. Поэзия әлеміне табынушы оқырман өзінің сыртқа шығара алмай жүрген сырын дөп басып баяндай білген ақынды жанына жақын тартып, кәдімгі туысқанындай көріп кетеді. Сөз құдіретін қадірлейтін көпшілікке туыс боп кеткен, әдебиеттегі қайсар ақын — Темірхан Медетбек.

Қазіргі таңда парасат әлемі деген тіркесті біз жиі қолданамыз. Парасат негізі — ақыл деп мойындаймыз. Дегенмен, таза ақылдың парасаттылыққа бастамайтыны анық. Ақылға сабыр қосылса ғана парасаттылыққа жол ашылмақ. Таза ақыл ұстараның жүзі сияқты, жақсы-жаманды талғап жатпайды. Тым өткір. Ұстараның қасиеті де оның өткірлігінде. Сондықтан ақылға сабыр қосылмаса, іс насырға шаппақ. Т. Медетбектің «Көк түріктер сарыны» кітабын оқығанда осы тәріздес ойлар ойымызға оралады.

Бұл еңбек Темірханның көк түрік рухының күшін асқақтатқан туындысы. Халқымыздың әбден көмескі тартқан көне тарихын жалынды рухпен оқырманына жеткізуді мақсат қылған жырлар топтамасы. Онсыз да о бастағы табиғаты түркілік рух пен сарынға жақын ақын, бұл бағытқа енді түбегейлі бет бұрғанын айқындайды. Бұл пікірімізді Темірханның : «Мен өзім мазмұн болмаса, формаға аса құмар емеспін. Өлең кеудеңнен шықты ма, оның қандай формамен қағазға түсуі — екінші нәрсе. Бірақ, мен форманың адамға осынша күш беретінін көк түріктер сарынынан аңғардым. Не деген ірілік?! Не деген кеңдік?! Форма деген Құлтегін мен Тоныкөктің өз ішінде тұр»,- деген таңғалысы бекіте түседі /2.14/.

Бүгінде көмескі тартқан тарихымыздың арғы тегі Түріктен, бергі белгісі (тасқа түскен жазуы бар) сол көк түріктің ұрпақтары: Құтлығ, Тоныкөк, Күлтегін және Иоллығ тегін тарихын танып, зерттеп жүрген, ежелгі тегімен сабақтас, тамырлас ақын Т. Медетбек шығармашылығынан ерлік пен елдікті танимыз. Мәселен, Күлтегіннен (үлкен жазу) бір шумақ өлеңді оқып көрелік :

Биікте көк тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

Адам баласы үстіне ата-тегім

Бумын қаған, Үстемі қаған отырған.

Отырып, түркі халқының ел-жұртын

Қалыптастырған, иелік еткен.

Дәл осы жауынгерлік пен ержүректік мінез Темірханның «Көк түріктер сарыны» кітабында келесідей берілген :

Ұлдарымыз

Алшаң-алшаң жүретін,

Балпаң-балпаң басатын.

Қаншалардың шымылдығын

Найзасының ұшымен ашатын,

Жолбарыстарды алып ұрып

Сүтін ішетін,

Сөйтіп шөлін басатын,-

Арда болсын /1.26/.

Осы екі өлең жолдарын салыстырсақ, екі түрлі заман туындыларының арасындағы ұқсастықты, үндестікті байқаймыз. Біздіңше, осы ата-баба сарыны Темірхан поэзиясын жаңа биікке көтеріп отыр.

Біз шынымызды айтар болсақ, тарихи тамырымыздан қол үзіп, адасып қалған халықпыз. Ол тамыр — соңғы үш ғасырдың арғы жағындағы үш мың жылдың тарихи қойнауында жатыр. Ендеше, Темірхан ақынның «Көк түріктер сарыны» да бізге осыншама алыстан талып жеткен сарын. Соған қарамастан ақын бүгін де Күлтегінді түсінде көретін дәрежеге жеткен.

«Көк түріктер сарыны» біз үшін бір жағынан таныс әуен сияқты болса, екінші жағынан ұлттық поэзиямызда бұрын-соңды болмаған тың тақырып, поэтикалық әдіс.

Бұл сарын Темірханға қайдан келді? Мұнда жыраулық сарын бар ма, Махамбеттің айтқандарын өзгеше тәсілде айту бар ма, әлде тұп-тура Күлтегін, Тоныкөк жырларын Ренессанстық арнаға түсіру бар ма?! Осы сауалдың жауабын ақын шығармашылығынан іздестіріп көрсек. «Көк түріктер сарыны» кітабының беташары «Қуат жырынан» :

Еңкейгенге еңкейдім

Шалқайғанға шалқайдым.

Асқанның орманын

Отындай өртедім.

Тасқанның көлдерін

Астаудай төңкердім

Қысқанда

Қу ағаштан бу шығардым.

Сыққанда

Қара тастан су шығардым.

Атанды асықпай аттым.

Қарсы келгенді

Қазықтай қақтым

Алшайып жүрдім.

Талтайып тұрдым /1.6/.

Заманында Көк түріктер осылай болды. Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген қуатты идея сақталды. «Күлтегін» жырында империялық сана көрініс тапқан. Империя атану — зор саяси қуатқа ие болу деген сөз. Темірхан сол империялық ахуалды негізге алып, оны бүгінгі тәуелсіз қазақ, егеменді ел жағдайында екі аяғымызды нық басып, анық сөйлеуімізге қажет екендігін жырлап келеді. Бағзы заманда бір жыраудың : «Балпаң-балпаң барарсың, басуға табан шыдаса» — дегеніндей, бұл да ұлтымыздың өз жерінде, өз елінде баянды өмір сүруі үшін дем берер, ой салар туынды.

Тарих тек өткен оқиғалар тізбегі емес, ол біздің бүгінгі санамыз. Онда да «әттең» дейтін тұстар бар. Кезінде алшайып жүріп, талтайып тұрған Көк Түріктер келе-келе қуаттарын рәсуә етіп шашып алды. Бұл жайында ақын:

Басымды жерге тигізді

Үстіне кебін кигізді- дейді /1.9/.

«Көк түріктер сарынын» оқып отырып, Ж.Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасы еске түседі. Сондағы ұлттың ұлылығын дәріптейтін ойлар Темірхан өлеңдерінде өріс алады. Жұбанның жырлаған мың өліп, мың тірілген қазағы — Көк Түріктердің бел баласы. Біздің зерттеуіміздің басты нысаны болып отырған ақын шығармашылығында осы ұрпақтың тегі көне заманның айбаты, ержүрек рухы қайта тіріліп, ірі сомдалады.

Негізінде «сарын» сөзінің мәнісінде өмірге түңілу немесе барға көңіл толмау, өткенге өкініш деген сияқты мотивтер бар. Алайда, Темірханның «Көк түріктер сарынында» әлдеқайдан құйылып жатқан қуат көздерін сезінесің, жаның сүйсінетін жайға тап боласың. Ақынның Көк түріктері — өзіміз. Демек, мәселе тек тарихта емес, өзімізде. Адам өзін-өзі аршып-тазалап алмаса, оған кінәлі кім? Әрине, адамның өзі. Осы мәселе туралы ақын не дейді. Ол ойланып жатпай-ақ бәрімізді адамшылыққа,рухани тазалыққа шақырады. Бірақ жаратылысынан кей адамдарды Жаратушыжалған өмірге сынау үшін тұқымынан обыр, озбыр, мешкей, надан, залым етіп жібереді. Бұл мәселерді ақын мейлінше түбегейлі зерттей келе, адам табиғатындағы періштелікке жатпайтын мінез, пиғыл, әдет түрлерін барынша шырайын-бояуын айшықтай суреттейді. Осындай істерді баян ете отыра, ол өзін-өзі қиынға сала береді. «Көк түріктер сарыны»- әр қазақтың жанын тазарта алатын катарсистік мәндегі кітап. Оның авторы ойшылдық әлемінде өзінше нық басып бара жатқан ақын -Т. Медетбек.

Т. Медетбек поэзиясының ерекшелігі тарихи негіздегі көне жыр үлгілерін жаңаша көзқараста толғап жырлауында. «Еңкейгенге еңкейдім, Шалқайғанға шалқайдым» дейді ақын «Қуат жырында». Бұл да кеудесі жерге тиіп көрмеген, жаудан беті қайтпаған, Тәңірден өзгеден аяқ тартпаған түркі баласының сөзі. Мұндай жырлардың көбіне өткен шақта келуі тарихи дамудың шынайы көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Бүгінгі күнде «мен осындай асқақ елмін» деп жырлау шындыққа жанаспас еді. Бір кезде атағы бүкіл әлемге жайылған түркі жұртының аспандаған даңқын жырлау арқылы ұрпағын сол деңгейге жетуге шақырып, тарихтан сабақ алуға үндейді.

Енді бірде ақын «Табытты қайық, кебінді желкен еттім» дейді. Қайық пен желкен етіп тәлкектемек түгілі атын ауызға алуға тіксінетін табыт пен кебін жайында бұлайша асқақ сөйлеу тек түркі баласының қолынан келмек. Ал «Мадақ жырындағы» балпаңдап басқанда қара жердің қайысып кетуі мен алшаңдап аттағанда тастың шыдас бермей майысуы әсірелеп, үлкейтіп айтудың айқын көрінісі. Бүгінгі күннің келелі мәселелерін көтеруде ақын өткеннің жазу мәнерін қолдана отырып, маңайда болып жатқан келеңсіздікке күңірене үн қосады. Заманның зарын кешегінің сарынымен басқалардан ерекшелеп жеткізеді. Ел тәуелсіздігін тақырып етсе де, не болмаса қазақ тілі жөнінде толғаса да, жеріміздің жасанды жарылыстан тұншыққанын жырға қосса да,көк түріктердің қажырлы мінезі мен қаһарын қару етіп, оқырманына жалынды дем беріп отырады.

Темірхан ақынның түркі әлемін аспандатқан туындысын Ә.Кекілбайұлы : «Көк түріктер сарыны»- елдік мұрат пен ерлік намыс жыры. Шын азаматтың шырқыраған жан дауысы. Дегдар ақыл-ой мен елдар сана -сезімді енжар қалдыра алмайтын әділ де әсерлі шығарма…» — десе , Э. Төреханов : «Табиғат дарынға сараң. Содан болар өлең көп-ақ, ақын аз. Сілкісең, ішінен топан сөз сау ете қалатын өлең жинақтары қаншама. Темірханның кітаптарына тозаң қонбайды, іші құйма ой. Қайсысын алсаң да бес батпан», — деп, тіл орамы, ой толғамы, ділі мен діні жағынан тегіне тартып туған Темірхан поэзиясының өміршеңдігін ерекше атап көрсетеді /2.3/.

Түбі бір түркі тілдес халықтардың ауызекі әдебиетінде түбірі, мағынасы бір сөздер көптеп кездеседі. Біреуі өзінің мәнін жоғалтып пайдаланудан шықса, енді бірі уақыт өте бейімделіп, тұрмыс — тіршілікте қолданылып келе жатыр. Сол сөздердің ішінде «Көк бөрі» сөзі бір қарағанда жай ғана бөрі, арлан қасқырдың түсін білдіретін сөз тізбек сияқты болып көрінгенмен, түбірінде кең мағына жатқанын түсіндіріп көрейік. «Көк бөрі» сөзінің мағынасын түсіну барысында «көк» сөзіне тоқтала кеткен де жөн болар. Мына төмендегідей мағыналарды сөздіктен табамыз :

а) түпсіз тұңғиық аспан әлемі, әуе.

ә) Көк аспан — көк жүзі, аспан күмбезі

б) Заттың көгілдір аспан тәрізді түсі

в) Көк бөрі — азулы, адуынды деген мағынаны білдіреді

Көк бөрі — түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі. Көк бөріге қатысты әңгімелер ежелгі үйсін, түркі және монғол аңыздарында кездеседі. Көк бөрі туралы аңыздардың қытай тіліндегі жылнамаларында сақталып қалған деректерде былай суреттеледі.

Бір халық жаугершілік заманда қырылған екен. Бетпақ дала ішінде аяқ-қолы шабылып жараланған он жасар бала ғана тірі қалғандығы айтылады. Ол балаға бір қаншық қасқыр жолығып, емізіп, қанын тоқтатып, жарасын жалап жазып алады.

Бала есейгенше сол қасқырмен бірге тұрған деседі. Кейін жаулар бала жігітті тауып алып, өлтіргенше буаз қасқыр Гауачан тауының терістігіндегі бір үңгірге барып жасырыныпты. Қаншық қасқыр осы үңгірде 10 бала босанады. Он ұл есейіп, үйленіп, көбейіп үлкен елге айналыпты-мыс. Он ұлының ең күштісінің Ашшина есімі олардың жалпы атына айналыпты. Кейін халық үңгірге сыймайтын болған кезде Ашшинаның ұрпағы Асянь — Шад деген елбасы халықты үңгірден шығарып, олар түрік деген атпен Алтайды қоныс еткен.

Түрік тайпалары ежелден өз туына бөрінің бейнесін тоқып салатын, соғысқа шыққанда атының басына бөрінің бас терісін қаптап салатын болған. Қасқырдың тотемдік ролінің түркі халықтарының танымындағы орны ерекше.

«Оғыз қаған» дастанында діни-мифологиялық көріністер едәуір орын алған. Ежелгі түркі аңыз-әфсаналарында бақытты болатын адамның төбесінен нұр-шұғыла жауып тұратыны жайлы көп айтылады. Бұл туралы «Оғыз қаған» дастанында:

Қараңғылық түсіп,

Көктен бір көк жарық түсті

-деген сияқты жыр жолдары жиі ұшырайды.

Дастанда батырдың қалың қолына көкжал бөрі ұдайы жол сілтеп, бастап жүреді. Ал, «Манас» эпосында болашақ батыр Манас та жолына нұр төгілген, ал өзін көкжал бөрі қоршап, қорғап жүрген қаһарман болып келеді:

Манастың қырқ чоросу

Көсөө куйрук көк бөру

Көкжал эрдин жөөкөру

Көкөр болсоң көк жалаң.

Барлық түркі халықтары сияқты көк бөріні киелі санап, оны тотем тұтыну қазақ қауымы арасында да бар екені белгілі. Қазақтың батырлық жырларында бұл айқын көрініс тапқан:

Келген қалмақ жолықты

Тарғын сынды бөріге.

«Бөрі басы» — ұраным,

Бөрілі менің байрағым!

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен

Бөрідей жортып жүргенде

Бөлініп қалған жан емен ,- деп келетін Сүйінбай ақын жыры осының куәсі. Бұл жыр жалғыз Сүйінбай ақынның сөзі емес, тарихтың сөзі. Қазақ халқы қазіргі күнге дейін ержүрек, батыл жігіттерді «Көк бөріге» теңеп, көркем шығармаларда бөріні батылдық пен батырлықтың символы ретінде бейнелейді.

Бұл дәстүр өзінің жалғасын бүгінгікүні де тапты. Үзілген жіптіжалғастырушы, кешегі өткен көне тарихымыз бен бүгінгі күнді сабақтастыра жырлаушы ақын Т.Медетбек болды. Темірхан поэзиясында да «Көк бөрі» сөзінің маңызы зор, орны орасан.

Ақын өлеңдеріндегі Көк бөрі — өткенге қарап, елі мен жерін білектің күші , найзаның ұшымен қасықтай қаны қалғанша қорғаған ата-баба рухын асқақтататын бейне. «Көк бөрі» сөзін қолдануының өзі тарихын, шежіресін жаттап өскен қазақ қауымы үшін күш берері анық.

Қара жыныс бөктері

жота, қырға шығып бір —

ай астында Көк бөрі

айға қарап ұлып тұр.

Жан — жүректі кетеді үн!

Қалың ойға батасың …

Тереңіне кешенің

Сіңіп бара жатасың / 3; 132/.

Көк бөрі айға қарап ұлып тұр. Ол неліктен ұлиды? Бет алысы неге ай болды? Енді осы сұрақтарға жауап беріп көрсек. «Ұлу» сөзінің өзі өткенді ойлап — аңсау, сағыну, еске алу сияқты сөздердің мағынасына жақын келеді. Яғни Көк бөрі осы ұлы далада болып жатқан жайлардың, сан мыңдаған ғасырлардың бірден-бір куәсі — Айға қарап, одан өткеннің ізін, ата-баба ерлігі мен өрлігін көреді.

Содан кейін талайлы тарих көз алдыңнан өтеді. Құлақ тұндыра шапқан аттың дүбірі мен «көк түріктің қиқуы» естілгендей болады.

Бір кездері көк түріктердің басып жүрген жерінің әрбір тау-тасынан ақын тарихты , көк түріктердің өзін көреді:

Тау, шыңдарым — қорғандар

Қоршап жатқан шетімді.

Қаптап тұрған ормандар

Көк түріктер секілді

Жасын ойнарқанында

Құлақ салшы , байқашы;

Жүріп жатыр жанында

Жекпе-жектің шайқасы / 3;132 /.

М. Мағауин : «Т.Медетбектің ежелгі ата-баба рухын қайта көтерген, бүгіннен озып, ертеңге бағытталған, терең де сырлы толғаулардан тұратын, әуені де, лепесі де соны серпінге толы «Көк түріктер сарыны» соңғы жыл санақтан келгенде, кесімі бір-ақ мүшел уақыт үшін аз олжа емес», — дейді /4.9/. Әділ де әсерлі ой. Шындығында да Т.Медетбек — ата-баба дәстүрін көк түріктер сарынында жырлап жүрген бірден-бір ақын.

«Көк бөрі», «Көк»- сөздері. Біз үшін киелі, қадірлі, қасиетті. Дәл осы сөз алпыс екі тамырында қазақтың қаны ойнаған, бойындағы ар-намыс пен қазақтың қамын ойлаған, мынау алып даланың төсін емген, осы бір құт мекенде өсіп-өнген «көшпелілер» деп аталған бабалар көшіне енген бар қазақтың қан-жүрегінде сақталатын, құранның аятындай жатталатын сөз болса керек. Арқадағы Ақорданың төрінен көкке өрлеген көк байрақпен көгімізге арғы тегі Көкбөрі деп саналған қайсар мінез қазақтың тәуелсіздік қыраны қалықтаған күні туды. Қанша ғасыр өтсе-дағы көнермеген, тозбаған, айтқан сайын рухыңды қозғаған, тыңдағанда көкірегіңде намыс оты маздаған дәл осындай құдіретті сөз халқымыздың бүгіні мен ертеңінде талай-талай жас оттарды маздатып, өшкенімізді жандырып, жоғалғанымызды іздеуге себеп болары хақ.

Қалай болса да, ақын шығармаларындағы «Көк түріктер сарыны» — ешқашан айтылып таусылмайтын, алып тақырыптың тамаша кіріспесі сияқты . Біздің пікірімізше, кез-келген тақырыпты әрі қарай тарам-тарам, том-томдап өрбітіп, түбегейлі саралап, ой толғайтын Темірхан ақынның ізбасарлары болатынына кәміл сенімдіміз. Себебі, ХХI ғасырда Көк түріктер Ренессансының өркениеттік арнаға түсіп қалыптасуының бүгінгі күнде алғышарттары бар. Сол алғышарттарының бірі — «Көк түріктер сарыны» атты жыр кітабы екені сөзсіз. Бүгінгі таңдағы поэзиядағы жаңалықтың иесі — өлеңнің көкбөрісі, ақын Т.Медетбек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Медетбек Т. Көк түріктер сарыны. Алматы: Өлке, 2002

2.Қазыбекұлы Н.Тегіне тартқан терең ақын.// Жалын. №3, 2005

3.Медетбек Т. Тағдырлы жылдар жырлары.Алматы: Атамұра,1999

4.Қазақ әдебиеті.№37, 2005

5.Алдамжаров Б.Темірханның тепсеңі.// Жұлдыз. №3, 2005

6.Медетбек Т. Баба дәстүрдің мұрагері кім. Алматы: Өлке, 2001

7.Медетбеков Т.Сырым бар саған айтатын. Алматы: Жазушы, 1989