Аса көрнекті қазақ жазушысы Ғабит Мүсіреповтің сөз саптау өнегесі жастар түгіл, төселіп қалды деген қаламгерлерге үлгі. Сондықтан әйгілі сөз зергерінің ана тіліне, оның әр алуан бояуына ерекше назар салып, үңіле білуі кездейсоқ жай емес. Демек, өз шығармашылығының өн бойында әр сөзге жете мән беріп, өң беріп, орнымен жұмсаудың үлгісін көрсетіп жүрген оның басқаларға айтары мол.
Тілге қатысты еңбектерінде Ғ. Мүсірепов-ана тіліміздің тазалығы, сымбаттылығы, мәдениетінің жоғары болуы жолында күрескен үлкен жанашыр жазушы.
Көркем шығарманың бітім-болмысын айтып, таза сын-теориялық жайларды негізгі арқау етіп сөйлесе де, көпке кеңінен танымал, әр кезде жазылған туындыларға қатысты немесе жас автордың жаңа дүнесіне байланысты пікір қосса да, жазушы тіл мәдениетіне соқпай отырмайды. Ал жалпы әдеби тіл мен көркем әдебиет тіліне, терминология мәселесіне орай жазған еңбектерінің жөні бір басқа. Осының бәрінде де қаламгер ілгеріде аталған принциптерінен ауытқып көрген емес. «Сөз сөзге жарығын да түсіріп тұрады. Біріне-бірі жарығын түсіріп тұратын сөздерден құралған сөйлем айтайын деген ойыңды оқушыға дәл жеткізеді.
…Біріне-бірі көлеңкесін түсіріп тұратын сөздер өз мағынасын дәл баспай, екі оқты болып ауытқып шығады»(1,441) дейтін, бүгінде афоризмге айналған сөздер Ғ. Мүсірепов қаламынан туған. Сол сияқты, «Жазба сөз бір өңкей әскер легі де емес, қой-сиыры аралас шұбаған көште те емес, теңіз толқыны да емес, жайнап тұрған бақша да емес, өмірге түгел ортақ ой-сезімді дәлірек те толығырақ бере алатын тіл байлығы» (1,442) деп, тағы да әсерлі ой тастайды да, оған қойылар талапты айқын білдіреді: «Бұл байлықты қалай болса солай пайдалану болашақ үшін үлкен қиянат» (1,445). Олай болса, сөз қадірін жете білетін жазушы аса жауапты міндет жүктеп отыр. Өзінің де, өзгелердің де сөз қолдану мүмкіндіктерін ақыл таразысына салғанда, ондағы сәтті тұстар мен жарамсыз жайларды осы тұрғыдан бағалайды.
Жазушының жүрек жазбалары әр жылдары-“Қазақ әдебиеті” (1989, 4 тамыз; 1 қыркүйек), “Социалистік Қазақстан” (1990, 24 қазан; 1992, 21 наурыз), “Парасат” (1991, №1) секілді баспасөз беттерінде, “Тұтқын қыз” сынды повестер жинағынан (“Балауса”, 1993), кейінірек “Ой сезім сәттері” (Алматы: Жалын, 1996), “Күнделік” кітабынан кең орын алды (Алматы: Ана тілі, 1997.-288 бет).
Күнделік-әдеби туындының басты дерек көзі болып табылады. Әлем әдебиетінде, алыс-жақын елдердің руханият үлгілеріне ден қойсақ, күнделік жазу тәжірибесі көптен қалыптасып, дұрыс бағыт, жолға қойылған. Поляк А.Янушкевичтің хат-жазбалары, декабристердің мемуарлық мұралары, А.С. Пушкин, Ф.М. Достоевский, М. Пришвин, т.б күнделіктері аталмыш жанрдың қалыптасуына кең өріс, мол мүмкіндіктер ашты.
Қазақ руханиятында-Ш.Уәлихановтың “Қашқария”, “Ыстықкөл күнделіктері”, сондай-ақ М.Әуезов, Ә. Нұршайықов, М. Дүйсенов, І. Омаров, т.б. күнделік-жазбалары бар. Қайсыбірі жеке кітап түрінде де жарық көрді.
Бұдан басқа, әсіресе кейінгі жылдары-Ө. Жәнібековтың “Тағдыр тағылымы”, Қ. Сәрсекеевтің “Портреттер”, С.Иманасовтың “Қаламдастарым мен замандастарым”, М. Мұқанкелінінің “Сағынышым-Сәбитім” және “ҚаҺарман Нұрғиса”, “Естен кетпес ұлы есім”, “Көзден кетіп, көңілде қалған”, “Өмірге өкпесі жоқ адам”, “Заңғар” сынды естелік кітаптарының да айтары бар, тағылымы мол. Демек, күнделік-көңілдің нұры, жүректің сыры. Жазушы-ғалым Қ. Ергөбектің: “Күнделік-әдебиет. Мемуарлық әдебиеттің бір ішкі жанры. Күнделік-ойдың кені, творчестволық ойдың қайнары. Күнделік-қызық жанр, керекті жанр. Жанр келешегін де бір сәт ойлап қойған жарасады”,-деген толғам-көзқарастарында шындық та, сыр да бар (Баянғұмыр. Сын мақалалар-Алматы: Жазушы, 1991-86 бет)
Академик-жазушы Ғ. Мүсіреповтің жүрек жазбалары-«Күнделігі».
Кітапқа енген күнделік-жазбалар тақырып, мазмұн жағынан:
- қоғам мен уақыт сырлары;
- ұлт тарихы мен тағдырына қатысты көзқарастар;
- халық батырлары мен хандары хақындағы дерек көздері;
- ататек, халық шежірелері;
- халық әдебиеті үлгілері;
- ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы;
- талант табиғаты, шығармашылық ерекшелік;
- алыс-жақын елдер әдебиетінің нұсқалары;
- әдебиет пен өнер, ой-тіл, стиль жүйесі;
- таланттар тағдыры мен өмір өнегесі;
- жастық, достық , махаббат мәселесі;
- отбасы өмірі туралы түйгендері мен көзқарасы;
- ұлттық тәлім-тәрбие иірімдері;
- ұмтыла бастаған сөздер тобы;
- ай-күн аттары, жыл мезгілдері;
-ұлы адамдар өмірі мен олардың беймәлім қырлары, шығармашылығы өзіндік ерекшеліктер, т.т. болып жүйе-түзіліс құраған.
«Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» дейтін қатаң сыны мен талабы бар үлкен философиялық ұғымды көпшіліктің алдына ұсынып, оны айнымас басшылыққа алып жүретін Ғабеңнің тіл туралы толғаныстары көп ретте ойдан шығып отырады. Алайда, жазушы және публицист Ғ.Мүсіреповтің ұсыныстарының барлығы ешбір өзгеріссіз қабылдануға тиіс деген ұғым тумасқа керек. Кей тұстарда жазушының болжамдары күдік тудыратын немесе қарсы пікір айтқызатындай ойлар болып келеді. Айталық, О. Бөкеев шығармаларындағы қазақ әдеби тіліне жатпайтын сөздердің көркем шығарма тіліне кірістірілмеуін қалайды. Әлемдік көркем әдебиет тілінің тарихына сүйенсек, бейнелейтін ортаға байланысты, сол ортада тіршілік ететін адамдардың сөйлеу дағдысына байланысты алғашында тосындау көрінетін тіл ерекшеліктерінің көркем шығармада қолданылуының әлдебір өрескелдігі байқалмаса керек. Сол сияқты, Ғ. Мүсірепов солтүстік деудің орнына солтұстық деп, оңтүстік деудің орнына оңтұстық деп айтып-жазуды ұсынады. Бұл кейбір ғалымдардың жиырмасыншы дегенді жиырманшы, маған, саған, оған тұлғалы сөздерді менге, сенге, олға деп өзгертуді қалаған болжамдарын еске салады. Шындыққа жүгінсек, сөздердің тарихи жағынан қалыптасқаны, бүкіл халықтық тілде әдетке айналғаны әдеби тіл нормасы деп есептеледі. Сондықтан солтүстік, оңтүстік, маған, саған, оған сөздерінің осы тұлғада тұрақты қолданыста жүргенін мойындауымыз керек.
Бұл аталғандар- Ғ. Мүсірепов ой-түйіндердеріндегі бірер жайлар ғана. Қазақ әдеби тілінің дамып, баюына ұлы жазушының жан-жақты еңбегінің барыншы салмақты және салихалы екендігіне оның ой-пікірлерін оқыған адамдардың көзі анық жетеді (2.15).
Сөз-тілдің көркемдік қасиетін танытатын бейнелеу құралы. Көркем шығармалары арқылы эстетикалық тәрбие берумен қоса, ана тілімізге өшпес үлес қосқан Ғ. Мүсіреповтің сөз саптауындағы өзіндік өрнектері жылдар алға озған сайын жаңданып, жаңғыра түсті.
Ғ. Мүсірепов айтар ойын оқырманға көркемдеп, бейнелеп жеткізу мақсатында қазақ тілінің сан түрлі амал-тәсілдерін қажетінше және орайымен қолданудың үлгісін көрсетті. Сондықтан да оны әрбір сөзіне, әрбір сөйлеміне аса бір талғампаздықпен қарайтын жазушы ғана емес, тілге қатысты сүбелі пікірлерін әркімнің санасына айқын жетерлік деңгейде бере алатын сыншы деп те есептейміз.
Зерттеулердің нәтижесінде бағалаушы сөздердің мынандай түрлері анықталған:
- ұнайды \ ұнамайды, мақұлдау/ мақұлдамау сияқты жалпы бағалаушы лексика;
сүйіспеншілік, жек көру, қорқыныш, мұң сияқты сөздердің «эмотивті аспектісін» түсіндіретін жеке бағалаушы сөздер. Бұл бағалауыштықпен қатар эмоцияның атауын да білдіреді.
Осы пікірлерден адамның эмоциялық көңіл-күйі сөйлеу тілінде эмоционалды сөздер арқылы беріліп, оның бағалауыштықпен байланысы бар екендігіне көз жеткізе отырып, бағалауыштық туралы ойымызды кеңірек қарастырсақ. Бағалауыштықты зерттеушілер бағалаудың абсолютті баға және салыстырмалы баға деген түрлерін атайды. Біріншісінде «жақсы/ жаман» («хорошо\ плохо») терминдері қолданылса, екіншісінде «артық/ кем» («лучше/ хуже») терминдері қолданылады. Абсолютті баға кезінде бағалау үшін кем дегенде екі обьект немесе бір обьектінің екі күйі салыстырылады. Абсолютті бағалау әлеуметтік стеоротиптердің ортақтығына негізделген орамды (имплицитті) салыстыруға, яғни көп нәрселерді қамти отырып салыстыруға негізделсе, салыстырмалы баға нақты екі обьектіні салыстыра отырып бағалауға негізделеді. Бұл сұрақты тілдік бірліктерге қатыстыра зерттеген Э. Сепир: «градуирование как психический процесс предшествует измерению и счету. Мера «фут»не имеет смысла, пока мы не знаем, что он больше, чем, дюм и меньше чем ярд»,-деген пікір айтады (3,16). Семантикалық талдау кезінде бағаны салыстырудан бөліп қарастыруға болмайтындығы анықталды: абсолютті белгілердің өзінде имплицитті салыстыру бар. Мысалы: Күнделіктегі, Қырағы көз кешегіден бүгінге қарағанда алыстан көргенің күндеп, мен де көріп тұрмын деп еліктегенмен, соқырды көздіден оңай-ақ айырасың. Жаман қауіп келіп қалғанда ғана алас-тұлас болатын болса, болмағаны жақсы-ақ.
Ұшқыр ой, іздегіш, тапқыш ой-ол бір адам. Құр кеуде, жұрттан көргенді өзімдікі дейтін, басқаның ойын иемденіп іске асырарда көзді шығарып, басты жаратын-бұл екінші адам.
Келер қауіпті келтіріп алып, енді төрт көзденіп үрейді алғанын қайтеміз оның!
Шыбын өлтіруге сонша күш жұмсап керегі не? Тұл өмірді турап тастап таста, қорықса тұл болмасын! \70 бет/,
Ескі өмір адамның жақсы қасиеттерінен гөрі жаман қасиеттеріне көбірек сүйенгенін көреміз. Сондықтан жаман қасиет деп өшудің орнына, өсе бермеске амалы қайсы?
«Қисық таяқтың көлеңкесі түзу болмайды» \80бет/ немесе Қалбалаң қағып, әркімге бір жарамсақтанып жүріп орын алған байғұс қолына өкімет тізгінін ала беріп, әркімге әкімшілік, ақылдылық, басшылық істей берген кезде, қалбаң қағып құлап түсті. Көтерілуі қандай қиын болса, құлауы сонша ауыр болғанға ұқсайды. /81бет/ . Бағалауды салыстырмалы түрде бір затты, нәрсені мынау жақсы екен, жаман екен деп жай бағалай салуға болғанымен, оны эмоция арқылы көрсетпеу де мүмкін.
Эмоцияны тудырып отырған болмыс объектісін «+» (жақсы) немесе «-» (жаман) белгілері арқылы сипаттай отырып, эмоцияның өтіп жатқан іс-әрекетті бағалау функциясын атқаратыны көпшілікке мәлім. Белгілі бір фразелогиялық тұлғаны жағымды және жағымсыз эмоция қатарына жатқызу эмоциялық күйдің көтеріңкі немесе төменгі дәрежесімен байланысты болмайтыны, оларды жағымды, жағымсыз деп бөлудің негізінде «сол эмоциялар арқылы қанағаттану не қанағаттанбау белгілері жатқанын» ескеру керек. /4.25\
Олай болса, бағалауыштықтың эмоцияға жуық тілдік категория екенің айта отырып, оның рационалды баға тілінің сөйлеушінің ұғым мен затқа, оқиға мен әрекетке өзіндік көзқарасынан туындайтынын, ал эмоционалды баға, көбіне, субьектінің эмоцияға байланысты болып, кекету, мысқылдау, кемсіту, менменсу, ұнатпау мағынасында қолданылатынын баса айтқан жөн.
Мысалы, атақты «Оянған өлке» романында дәстүрлі түрде эмотивті лексиканы тілдің бағалауыштық, қарқындылық, образдылық, экспрессивтілік және осы әдісін бірнеше мазмұндағы, стильдік тұрғыдан көп қырлы үлгілерін ұтымды қолданады. Романның басталуындағы: тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонып жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіккен жоқ еді,-деген сөйлемде күрделі етістік сөздер әу дегеннен роман басындағы оқиғаның суретін бар бояуымен алдымызға жайып салады.
Сонымен бірге осы тек дауыссыз т дыбысынан ғана басталатын етістіктер күллі оқиғаны ширықтырып, сюжеттік желінің ең бір түйінді тұсын тұтастырып ұстап тұр. Екі бай ауылының бітіспес тартысқа бет алған беймәлім тағдырын бірден аңғартуды мақсат еткен қаламгер, осындай тілдік-стильдік сөз оралымдарын саналы түрде шығармасының бас жағына шығарған.
Келесі абзацта енді осы оқиға өтіп жатқан табиғи ортаны, жер көрінісін дәл, нақты әрі бейнелі жеткізу үшін: “Ояң жерлер тіпті төмендеп, қыраң жерлер тіпті биіктеп кеткендей”,- деп енді күрделі етістік сөздердің бір-біріне мағыналық жағынан антонимдік қатынаста тұрған түрлерін сәтті пайдаланады. Осылай, етістік сөздерді бірде ассонанс, аллитерация, бірде синоним, антоним арнасында ала отырып образдың ішкі қуатын күшейту, немесе табиғат, орта суретін жанды, әсерлі етіп бейнелеу мақсатында қаламгер үнемі ізденіс үстінде болғанын байқаймыз. Осындай құнарлы, қайталанбас тілдік-стильдік өрнектер Ғ.Мүсіреповтің кейінірек жарық көрген, «Кездеспей кеткен бір бейне» повесінде, «Ұлпан» , «Жат қолында» романдарында жиі қайталанып отырады. Енді бірде, жекелеген лексика, лексикалық қолданыстар, сезім-күй арқылы бір-біріне теңелген заттар мен құбылыстар мен қосымша белгісін біз жан тебіренісі арқылы түсінеміз. Басқаша айтқанда, ол белгілер ішкі сезім арқылы ғана аңғарылады.
«Көбіктің көлеңкесіндей ғана елес беретін ойлар болады. Әне, соны аңғара біл!» (Қойын дәптері, 351-1) «Зілдей басқан ауыр заманда еріксіз байланған тіл біржола жетіліп, Октябрьден бергі жиырма бес жылдың ішінде Жәкең заманның жас бұлбұлы болды» (Феномен-Феникс).
Осындағы көбіктің көлеңкесіндей, зілдей сөздерін сезім-күй теңеулеріне жатқызуға болады, себебі дүниеге көркемдік көзбен қарайды. Бұл белгілер танымның құнын арттырып, кең мағынада алып қарағанда, сезім-күй теңеулері теңеулердің басқа семантикалық топтарына жақын келеді, өйткені жалпы атауының өзі теңеу және бұл жағдайда да бір құбылыс пен екінші құбылысты, бір нәрсе мен екінші нәрсені салыстыру бар.
Кез-келген теңеудің мәні мен теңелу сипатына қарай оның қандай топқа жататынын ажырату қиын емес. Көзге көрініп, өздерінің әр түрлі түр-түсімен танылған заттар мен құбылыстар бейне (образ) болып қызмет атқарып, көру теңеулерінің жүйесін құрайды. Көру теңеулерінде бір-біріне теңелетін заттар мен құбылыстардың сыртқы ұқсастықтарына баса назар аударылады. «Ақын, жазушы көп ішекті домбыра сияқты. Құлағын қалай бұрадың, пернелерін қалай түзедің, ол солай сөйлейді. Сөйлеу өз қолында болғанмен, бұрау мен пернелерін түзеу жазушының қолында емес, басқарушылардың қолында» ( Қойын дәптері, 337-46).
Жазушы жалаң теңеу емес, күрделі ойға негізделген, эмоциональдық-экспрессивтік әсері күшті теңеулік бейнелер жасауға шебер: «Мұхтар Әуезов шығармалары-мөлдір таза суы ортаймайтын, лайланбайтын кең арна, терең арна. Толқынданған қалың ормандардағы бұлбұл әні. Одан әрі керіліп жатқан кең далада өлгендердің қайғылы әні, туғандардың қуанышын еді. Осының бәрі-өмір. Бір елдің ғасырлық өмірі» ( Біздің ұлы жазушымыз).
Оқырманға ерекше көркемдік-танымдық әсер беретін бұл үзіндіден бірнеше тәсілдердің ұштасуын көреміз, өйткені мұнда бірыңғай теңеулердің, тізбектеле берілген бейнелердің өз міндеттерін ойдағыдай атқарып тұрғаны аңғарылады. Бірінен-бірі аса түскен осындай сөз кестесінде ұлы М.Әуезовтің шеберлік шыңын айқын танытып, ішкі семантикалық мағыналары автор көздеген мақсатына дәл жеткен.
Сөз болып отырған көркемдегіш-бейнелегіш құралдарды қолдануы Ғ. Мүсіреповтің осы саладағы-әдеби-сын еңбектерінде, әсіресе, теңеулерді, жұмсау ерекшеліктері әр тұстан маңызды екенін атамасқа болмайды: біріншіден, айтар ойын бір нәрсеге теңей отырып, оның түп-тамырын түсіндіруге ден қояды; тұтастай жанды бейне жасауға құрылады. Көп ретте мұны «тыңнан түрен салушылық» десе де болады; екіншіден, жазушының сын жанрындағы даралық сипаты қарабайырлыққа ұрынбай, теңеудің орнымен, еркін пайдалануынан көрінеді; үшіншіден, жазушы әдеби-сын жанрының табиғатын сақтай отырып, оның көркемдік дәрежесіне ерекше мән берген деп ойлаймыз. Мұндайда автор өзінің ойын оқырманның зердесіне дәл жеткізумен қоса, қызығушылығын арттыруды да мақсат еткені белгілі. Тілдің қолданылу аясы кең. Оны құбылтып, түрленту қаламгердің шеберлігіне байланысты.
Қорыта келе «Күнделікте» ұлы жазушының эмоционалды және бағалауыштық сипаттағы лексикаға толы қазақ тарихы, мәдениеті, әдебиеті тілі туралы ойлары алуан түрлі айшықты сөз тіркестері, жазбақ болған шығармаларының жоспар-жобалары, кейбір кейіпкерлері хақында дерек-құжаттары көрнекті жазушы, ақын, әнші, актерлар жайындағы асыл дүниелері енген. Сондықтан әйгілі сөз зергерінің ана тіліне, оның әр алуан бояуына ерекше назар салып, үңіле білуімізде кездейсоқ жай емес.
Әдебиет тізімі:
- Мүсірепов. Ғ. Суреткер парызы әдеби-сын еңбектері. Алматы: Жазушы-1970. 530 б.
- Мұратбек Б.Қ Ғ.Мүсіреповтің қазақ әдеби тілін байытудағы ролі ( көзқарасы мен ұстанымдары) КДА. Алматы-1999. 30 б.
- Вольф.Е.М Функциональная семантика оценки-Москва: Наука, 1985-224 бет.
- Лук .А.Н Эмоция и личность- Москва: Знания.-1982. 175 бет.