Жоғары оқу орындарында жүргізілетін «Өзін-өзі тану» пәні оқытушысының бойынан адекватты көзқарас пен ізгіліктілігі, дүниетаным кеңдігі, кәсіби шеберлік, тұлғааралық қатынастардың жоғары мәдениеті өзара бірлікте көрінуі тиіс. Бұл оқу курсының мазмұнын ізгілендіру бағытын күшейту үстінде белгілі бір нақты бетбұрыстар мен бағытты жүзеге асыруға септігін тигізеді. Мұнда оқытушының эмоциялық қолдау көрсетуі, зерттеуі, фассилитаторлық қызметтерді орындауы нәтижесінде пәнді оқытуға қажетті алғышарттар қалыптасады.
Оқытушының эмоциялық қолдай жасай білуі оның тек қана білімі мен тәжірибесінің молдығын дәлелдемейді, сонымен бірге оның әрбір студенттің өміріне, көзқарасына бей-жай қарай алмайтын ішкі жан дүниесінің байлығын да қажет етеді. Әрине, мұнда оқытушы дара болмысының көркіне ешқандай нұқсан келтірмейді. Ол жастардың өз қажеттіліктеріне деген құндылық бағдарларын тануға да мүдделік танытады. Студенттің жеке тұлғалық мәніне бағдарланған оқыту процесінде оқытушының өзін өте сыпайы ұстап, олардың кез келген сөзі мен әрекетіне түсіністікпен қарауға дайын болуды талап етеді. Әсіресе, студентпен қарым-қатынаста ең алдымен «эмоциялық көңіл — күймен алмасуына» баса назар аударғаны тиімді. Студенттің жеке тұлғалық қабілеттерін дамыту парадигмасына сай болу үшін «Өзін-өзі тану» пәнін оқытатын педагогтың бойында мынандай сапалық қасиеттер болуы шарт:
- эмпатия (өзгелердің сезімін түсіне білу);
- құрметтеу (өзгелерді конструктивті тұлға ретінде бағалай алу);
- шынайылылық (өз сезімдерін ашық білдіре алуы);
- қарым-қатынас әдебі.
Студентке көрсетететін құрметінің педагогтің адамды бірегей тұлға, құндылық ретінде бағалау деңгейі айқын аңғарыла мойындалуы болып табылады. Мұндай жағдайда студент те өзін еркін ұстайды, өзінің дербес дара тұлға ретіндегі мәнін сезінеді. Студенттерді сыйламау (немесе теріс қатынаста болуына), студенттердің эмоцияларына, сезімдері мен ішкі толқынысына немқұрайды қарау «Өзін-өзі тану» пәнінің оқытушысына мүлде жат қасиеттер. Студенттердің әрекетіне, сөзіне, қылығына жағымды немесе жағымсыз қарым-қатынасын білдіруде педагог барынша адал да табиғи болуы қажет. Жағымсыз қатынасын білдіруде оқытушы әдептіліктің шегінен шықпай, өз пікірін мүмкіндігінше студенттің жанын жаралап алмайтындай сөздермен жеткізгені абзал.
«Өзін-өзі тану» пәні оқытушысының зерттеу қызметінің үш аспектісі бар.
Бірінші аспектіде сабақ үстіндегі топтық жұмыстарда қолданылатын оқыту тәсілдері мен түрлерінің жасау түрлерінің немесе оқыту тәсілдерінің тиімділігі зерттелінеді; Топтың өзара қарым-қатынасының дамуына, әр студенттің жеке тұлғалық сапаларының өсуіне, оқу процесіндегі аудиторияның мотивациялық дайындық деңгейіне талдау жасауы да осы кезеңге енеді.
Екінші аспект «Өзін-өзі тануды» оқытуда психодиагностикалық әдістерді қолдануы мен әрекеттерді орындауы жатады. Оларды пайдалана отырып оқытушы студенттердің даму процесін зерттеуші қызметін атқарады. Сол себепті де ол зерттеу міндеттерін жоғары кәсіби деңгейде анықтай алуға, зерттеу үрдісін сауатты жүргізуге, этикалық талаптарды орындауға қабілетті болуы тиіс.
Зерттеу қызметінің үшінші аспектісі оқытушының өзін-өзі тану процесінде жеке тұлғаны дамыту технологиясын жүзеге асыруы кезінде анықталады. Өзін-өзі тану бағытында жүргізілетін жеке тұлғаның ресурстарын анықтау мен дамыту, рефлексияны анықтау жұмыстары кезінде байқалатын студенттің ішкі сезімдерінде болып жатқан елеусіз өзгерістер оқытушыдан нәзік сезімталдықты талап тетеді. Пән оқытушысы студенпен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, оның дамуын түзу жолға бағыттап отыруға міндетті. Ол осы әрекеті арқылы шын мәнінде студенттің дамуын үнемі қадағалап отыратын зерттеуші қызметін де мүлтіксіз атқарады. Фассилитаторлық қызмет оқытушының эмпатиясы мен шынайылылығына негізделген, студенттер тарапынан жағымды қабылданған «оқытушы – студент» қатынасының сапасынан айқын көрінеді. «Фассилитация» және «фассилитатор» ұғымдары (ағылшын тілінен аударғанда жеңілдету, көмектесу, қолдау деген мағынаны білдіреді) педагогикаға гуманистік психологиядан келген. К.Роджерстің айтуынша «оқушыны қабылдай алу – бұл оған белсенді түрде сенім білдіру мен оның адами мүмкіндіктеріне үміт арту». Эмпатиялық түсінік оқытушының студент әрекетіндегі реакцияны байқау, түсіну, сезіну қабілеті мен оқудың әрбір білім алушы үшін маңызын бағалауынан тұрады.
Жоғары білім беретін мектепте жүзеге асырыла бастаған оқытудың педагогикалық парадигмасы негізінде осындай педагогикалық ұғым пайда болды. Бұл процесте педагогтің басты міндеті – студентке жалаң білім берумен шектелмей, ең алдымен, студенттің білімді өздігінен меңгеруіне, оның жеке тұлғалық қабілеттерінің дамуына қажетті алғышартты қалыптастыру.
Педагогтың сараптау (кеңес беру) қызметі студенттің білімді де білікті, кәсіби шеберлігі шыңдалған шынайы ұстазға деген қажеттігінен туындайды. Шынын айтқанда, жоғарыда аталған талаптарға кез — келген оқытушының сай келе бермейтіні анық. Ондай оқытушы дәрежесіне көтерілу үшін педагогке базалық гуманитарлық білімге қоса, өзін-өзі жетілдіруге деген құлшыныс, шығармашылық ізденістер, рефлексияға бейімділік, суырып салмалық пен тапқырлық қажет. Мұның барлығы «Өзін-өзі тану» пәні оқытушысының жинақталған портретін құрайтын қасиеттерден тұрады (1-кесте).
Жалпы жақсы педагогтардың барлығына ортақ қасиет — олардың оқыту процесінде студентті субъект деп бағалай отырып, олардың шығармашылық қабілетін шыңдауды өзінің кәсіби парызы санайтындығы.