Қандай да бір көркем шығарманың көркемдік құндылығын анықтауда ондағы поэтикалық ерекшеліктерді зерттеудің маңызы зор. Шығарманың эстетикалық деңгейінің биіктігі ақын шеберлігі мен оның тынымсыз ізденісіне тікелей байланысты екендігі даусыз.1960-80 жылдар қазақ әдебиетінің барлық салалары секілді поэмалардың да тақырыптық және көркемдік-эстетикалық принциптері тұрғысынан дамудың жаңа белесіне көтерілген кезең-тін. Осы жылдарда жазылған Ф. Оңғарсынованың кең көлемді шығармалары да қазақ поэзиясында бұрыннан бар дәстүрлерді жалғай отырып, өзіндік ізденістермен қазақ поэмаларының қатарын толықтыра түсті. Ақынның өзгеге ұқсамайтын дара қолтабасы әсіресе, поэмалардағы көркемдік құралдарды игеру, оқырманды образды ойлауға ұмтылдыру барысында анық байқалды. Алайда, «Тіл байлығын игеру, сөз қорын молайту бір бар да, сол бай тіл мен мол сөзді әдеби шығармада суреткерлік шеберлікпен қолдану да бар. Сөзді көп білетін адамның бәрі суреткер емес».
Белгілі бір ақын-жазушының стилін, өзіндік ерекшелігін атағанда оның тіліне, сөз қолданысына айрықша тоқталып өткен жөн. Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынастың басты құралы десек, ойды жеткізудің алуан түрлі тәсілдері бар. Көркемдік құралдардың қай-қайсысы болса да, суреткердің белгілі бір идеялық-эстетикалық мақсатына орай қызмет атқарады. Қаламгер атаулының басты мақсаты – айтайын деген ойын терең, мағыналы, сұлу етіп жеткізу. «Әдебиеттегі бұрыннан бар метафора, эпитет, теңеулерді қайталамай, қайта санын көбейтіп, түрлерін дамыту ақындар үлесіне тиген міндет», — дейді ғалым М. Дүйсенов.
Ф. Оңғарсынова поэмаларын талдау барысында ақынның тосын теңеу, ерекше эпитет, мазмұнды метафораларымен бірге, басқа да көркемдегіш-бейнелеуіш құралдарының сәтті қолданыс тапқандығына көз жеткіземіз. Сөздің сәнін кіргізіп, тілді ажарлаудағы негізгі көркемдегіш құралдардың бірі – теңеу. Мұнда әрбір суреткер белгісіз нәрсені белгілі бір нәрсеге теңеу арқылы танытып, оның ерекше бір қасиет-сипатын аңғартады. А.Байтұрсынов өз еңбегінде: «Көріктеу нәрсені айыра көрсетіп, айқын шығаруға жарағанмен, нәрсенің бейнесін суреттеп көрсетуге күші жетпейді. Ондай орында белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге теңеп, көрнектеп, шығырақ көрсетеміз», — деп теңеуді 1 — әншейін теңеу, 2 — әдейі теңеу деп екіге бөледі .
Қазақ өлеңін теориялық тұрғыда зерттеген ғалым З. Ахметов теңеу жөнінде: «Көпшілікке белгісіз, түсініксіз нәрсені түсінікті, белгілі нәрсемен салыстырып айту бір басқа да, ал бейнелілік сипаты бар көркем теңеу жасау – бір басқа»,- дейді. Ақын поэмаларындағы теңеулерге тоқталғанда, мұндағы теңеу түрлерінің көбінсе -дай, -дей, — тай, — тей сондай-ақ, секілді, бейне түрінде келетінін байқадық. Ақын қандай да бір бейнелеу тәсілдерін пайдаланғанда, ол сол суреткердің өзіне ғана тән тілдік қолданысы болуы тиіс. Ф. Оңғарсынова поэмаларында бұрын-соңды ақындарда кездеспеген, ақындық дербес теңеулер де бар. Ол көбінесе әр шумаққа теңеулермен астары қалың мағына береді. Мысалы:
«Кеуек тастар секілді іші үгілген», «Жайдақ судай кезетін жайылманы», «Біреулерге жорғалап ала құрдай, Біреулерді жерлейді таң атырмай», «Шамданады сен айтақан ақиқаттан, Шоқ шашырап түскендей шаптарына», «Сана күңгірт ортада сезімдер де, Жылы үйде өскен жемістің шырынындай» /Мүшәйра/, «Тағдыры толқындағы тал қайықтай», «Жазғы түндей адамның арда шағы», «Аққан жұлдыз секілді ғұмырың да» /«Сайраған Жетісудың бұлбұлымын»/, «Уды да үнсіз шашыңдар сұр жыландай», «Нәзік дене бұтадай дірілдеді», Жанар онсыз жаныңа күлкі үйірмей, етек-жеңі бөлінбес бір киімдей» / «Тыңдаңдар, тірі…»/, «Өлеңімді сәбидей жетеледім», «Үні өшкен жетімдей шықтым жасып» / «Сырласу немесе … »/, «Қанды жерден шошынған аққудайын», «Дала қайғылы әйелдей жаны жара, Сәбисіз үй секілді қаңыраған» / «Дала тағдыры»/ сынды теңеулер ақынның өлеңге биік талғаммен баратындығының көрінісі болса керек. Жоғарыда келтірілген мысалдардағы теңеулерден ақынның дара мінезі байқалады. Осы орайда академик З.Қабдоловтың «Лирикада мінез болады. Ол – ақынның мінезі. Өлеңім өзіме тарт дегендей, әр өлең тек иесіне ғана тартады», — дейтін әйгілі пікіріне иекартамыз. Ақынның тұла бойындағы мінез ерекшелігі оның жырларынан да көрінуі заңдылық. Өйткені, табиғи мінезсіз өзіндік қолтаңбасының да қалыптаспайтындығы белгілі.
«… Қазақтың бүгінгі ақын-жазушыларының үйреніп, үлгі алатын екі түрлі қоры, екі түрлі қазынасы бар. Оның бірі – қазақтың бұрынғы, бүгінгі ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті, екіншісі – орыс әдебиеті мен бүгінгі әдебиет. Әрбір ақын-жазушы күрделі шығарма жазарда осы екі қор, екі қазынаны оймен шолып, солардың жақсысынан, жаманынан үлгі алады, алуға да тиісті», — дейді ғалым Б. Кенжебаев. Ф. Оңғарсынова поэмаларының жазылу әдісі, ондағы көркемдік құралдарына назар аударғанда, ақынның ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясынан көп үйренгендігі байқалады. Әсіресе, ақын поэмаларында молынан ұшырасатын ақынның таза қазақы ойлануынан туған ұлттық сипат танытар мынадай теңеулері ерекше көзге тартады. «Жасқаншақтап күйеудеу ұрын келген», «Адам да жүгені жоқ жүйрік аттай», «Тойса болды төгіліп тегенедей», «Көгі көктей бастайды керегедей», «Еркектер жоқ, құландай кең даладан, Ауып кеткен тігерге тұяқ қалмай», «Шыбындаған жылқыдай шұғылмасаң, Жатпайды құрт күшің не көркіңді елеп», «Арқандалған бұзаудай алыс бармай, Би-болысты паналар қалыс қалмай», «Отқа, суға түседі отар қойдай», «Аяр, алтай түлкідей қашқан алдан», «Долы қатындай қарғанған» / «Мүшәйрә»/,
Сөз бейнелілігі тұрғысынан образ жасаудың айрықша тәсілі метафораның (ауыстырудың) қазақ поэзиясындағы қызметі сан-сала, орны орныққан. Метафора – екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып-жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе сөз тіркесі. Әдебиетші ғалым ӘДербісәлінің: «Ой мен сөзді көркем, әсем, әсерлі, образды берудің эволюциясы барына назар аудардық. Жалпы образды немесе поэзиялық сананың дамуы екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – мифологиялық ойлау, екіншісі – метафоралық ойлау», — деп атап айтқанындай, өлең өрнегіндегі көркемдік мәселелерін метафорасыз зерттеу мүмкін емес. Қазақ тіл білімінде метафора аз зерттелген жоқ. ҒалымдарБ.В. Томашевский, А.А. Потебня, Қ.Жұмалиев, Б.Хасанов, З.Ахметов еңбектерінде метафораны басқа тәсілдерден ерекшелендіретін белгілерін анықталады. Метафора – дүниені, болмысты танудың көзі. Кез келген метафора танымдық қызмет атқарады десек, ақын поэмаларында дәстүрлі метафоралармен қатар, ақынның өзіндік дара қолтаңбасын айқындайтын метафоралар да бар. Мысала: «Сенбеу-ақ керек еді, Жылан – жауға бойлаған керегені», «Басталды да батыстан қара жорық, Ажал – орақ жөнеді адамды ұрып», «Бақыт деуге бола ма бұл тағдырды, Бізді мұрттай ұшырған тұлпар — жылды» / «Тыңдаңдар, тірі адамдар!»/, «Мүмкін өмір – толқын жеп жұқардың ба?», «Сөз – маржандар жиылмай гүл — қырманға», «Буындырып ой-толғақ азаптайды», «Уақыт – толқын шаяды парақтарын, Жолдар жайлы жазса егер жер естелік», «Қайдан өнер кісілік, пейіл — бұлақ, Адам ажал – жазыққа жүгіреді», «Сабылтып банды деген сағым қашқын», «Кәрі таудың құшағына, Тұрақтамай бұлақ — қыздар», т.б. метафоралардан ақынның әлемге деген өзгеше көзқарасы мен таным-түйсігі аңғарылады. Қай ақын болмасын көркемдік тәсілдерді қолданғанда ең алдымен, өлеңнің эстетикалық қуатын арттыруды, эмоциялық қызметін күшейтуді мақсат етері анық. Әсіресе, ақынның «Мүшәйрә» поэмасында әдебиетімізде ең жиі кездесетін басты құбылтулардың бірі – метафора сәтімен қолданылады. Поэмадағы «Сиқырлап сылаң қағып өмір-жеңге, Заман да құбылтады өңім демде», «Пайымдауға мұрша жоқ заман – құйын, Шырқ үйіріп шырмайды адам миын», «Су тартыла бастаған қара жердей, Ой-теңізден жырақтап барады адам», «Шоқығандай сұңқарды тәмам қарға, адалдықты төпейді Заман — балға», «Ақыл көндей күстеніп бара жатса, Киесіздей көрінер ана-құндақ»,
«Қанша мықты болса да өмір – көген, бұл ауруға көнбейді көрінген ем», «Шындық – Айна жүзінен өздерінің, сиықтарын көргенде шыдамайды», «Шындық үні шарықтап шырқар ма алға, жерде әлі зұлымдық-қылқан барда», т.б. сынды ауыстырулар ой образын үстемеліп, поэмаға өзгеше мән беріп, көркемдігін арттырумен қатар, қазақтың өіне тән ұлттық ойлауынан туғанын айта кеткен жөн
жарыс, көгі, күрес, жаннта, өткел
ЖЫРәлем, Шолпан, бұлақ, теңіз, құрық
құс, сәуле, жылым
Нұрлы, алмас, маржан, топанЖЫР
Арман, аққу, ұшқын
бұлақ, асқақ, шабыттыӘН
солғын, жыр, жалқы
Байқап отырғанымыздай, ақын метафоралары күнделікті өмірде көп ести қоймайтын соны, әсерлі. Сөзден сурет тудыратын, ойшылдық пен терең сезімталдыққа жетелейтін ақынның үздіксіз ізденісінің нәтижесі. Көркем сөз – поэтикалық образдың арқауы, сол поэтикалық құралды жасайын деген образын толық берсе, анық, айқын көрсете ғана шумаққа енуі керек. Сонда ғана сөз шумақта өзінің ішкі, сыртқы бедерін өрсетіп, поэтикалық образға кірпіш болып қалана алады. Сөзді дұрыс қолдану – поэтикалық образ жасаудың басты шарты.
Ф. Оңғарсынова – тілді барынша шеберлікпен қолданатын аса талғампаз ақын. Өлең тілінің бейнелі, көркем, кестелі болып келуі поэзиядағы ой-сезімнің әсерлігін арттырады. Яғни, бейнелеп сөзден сурет салуға бейімділік — өлең ьіліне қажет ең негізгі қасиет. Ақын поэмасындағы сөз тіркестері әсерлі мән-мазмұнға ие болып, маңызды қызмет атқарады. Оның поэмаларында «заттың не құбылыстың айрықша белгісін, қасиетін білдіретін бейнелі сөз — эпитеттер» де молынан кездеседі. Эпитеттің өлеңдегі қызметі туралы белгілі ғалымдар: А.Н. Веселовскийдің «Историческая поэтика», А.С. Вольфтяң «Эпитет как характерологическое средство в творчестве Л. Фейхтвангера» т.б. ғалымдардың еңбегінде эпитеттің түрлі сипаты қарастырылады. Академик М. Балақаев бір еңбегінде: «… ойды бейнелі, нақты, шынайы көрсету үшін эпитетсіз елестету мүмкін емес», — деп өте ұтымды тұжырым жасаған болатын. Осы пікірді ескере отырып, ақын поэмаларындағы мына іспеттес эпитеттерге назар аударсақ. Мәселен, «Көңіл — керең, көз – жарғақ, әдемі рең», «Солғын ән», «Аққу-ән», «Бұлақ-ән», «Ұшқын-ән», «Аққу ғұмыр мазмұны биік болып», «Арман-шырақ осылай жанып-сөнер», «Үміт-шыбық нәр татпай талып, семер», «Шер – жусан, кермек-ой», «Ақ қанат ащы арман», «Өлімнің қақпас түні», «Жаттанды үміт», «Әз үміт» т.б. эпитетті тіркестер көбінесе абстракты ұғымдарға айрықша өң беріп, мағына құндылығын арттыра түскен.
«Өлеңде терең, тың серпінді ой айтылса, өткір отты сезім берілсе, соған орай бар сөз, сөзбен мүсінделген әр сипат-белгінің де мағынасы зорайыа, көтерген жүгі ауырлап, түрленіп, жарқырап тұрады. Эпитетке тән көркемдік, бейнелілік сол сипаттауыш сөз бен сипатталатын сөздің бірлігінен тұрады» деген З. Ахметовтің сөзіне сүйенсек, жоғарыдағы мысалдарды бір-бірінен бөлек алып қарай алмаймыз. Олай етсек, бейнелілік әлсіреп, өлеңнің көркемдігі кемиді.
Алдыңғы буыннан үйренумен қатар дәстүрді жаңашылдықпен жалғай білген Ф. Оңғарсынова поэмасында ұлттық сипаттағы: «Жанары – айдын, сезімі – от, пүліш – дене, Өзі тірлік – сынада күміс шеге», «Қайдан өнер кісілік, пейіл бұлақ, Бара жатса тарылып адамдарда», «Жыртпаса мұң сауытын бұлқып адам», «Жарма мінез ақ болсаң, ақымақсың», «Адамдардың желбуаз жайдақ әні», «Қайда әйтпесе ақ алмас қылықтары», «Дөңгеленіп жұмыр бас, жұмыр құрлық, арасында шырқырап құлын –шындық» сияқты эпитеттері шумақтардың мазмұнын айшықтап, айтылған ойды әсерлендіре еткізіп тұр. Ақын эпитеттері мағына тереңдігімен, сонылығымен, қайталанбайтындығымен ерекшеленеді, ойлантады. Бейнелі сөздер ақындық, эстетикалық сезімнің, жүниені образды, бейнелі түрле танып-білетін және танытатын көркем ойдың бір ұрпағы іспетті.