Қазақтың ұлттық мінез бітістері — өте күрделі, әлде де толық зерттеліп, шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осы жәйтті жақсы аңғарған
Н. Назарбаев былай дейді: « Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психалогиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние ».
Ғасырлар бойы көшіп — қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік – экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім – тәрбие берудің айрықша талап – тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен, бұлар жас адамның жұртқа танымал морльдық – психологиялық нормасын «сегіз қырлы, бір сырлы » делінетін қанатты нақыл сөздермен қисындады. Осынау аталы сөздің мән – мағынасы мыналар еді: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру; еңбек сүйгіштікпен қиыншылыққа төзе білу; ел намысын қорғау; жаудан беті қайтпау; ата тегін жадында сақтау; сөз асылын қастерлеу; тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау; ата салтын бұзбау (жасы үлкенді силау, құдайы қонақтың мәселесін қайтармау, көрші хақын жемеу, т.б. ).
Қоғам өмірінде қазіргі кезде жүріп жатқан терең саяси – экономикалық өзгерістер халқымыздың баға жетпес рухани байлықтары: тілі мен ділі, діні мен тарихы, өнері мен әдебиеті, табиғи ортасы, күн көрісі мен шаруашылығына байланысты небір асылдарды, қысқасы ұлттың бүкіл болмыс – бітімін жаңартып, жаңа мазмұнмен байытуда. Әрине , еліміз бен жеріміздің түпкілікті иегері – қазіргі қазақтардың психалогиясында осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту қиын. Өйткені, қазақ этносының қазіргі бүкіл тыныс – тіршілігінде , от басындағы әдет – ғұрпымен салт – дәстүр, жөн – жосық, жол – жоралғысында кең байтақ өлкемізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері де көрініс беріп жүр. Десе де, бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айырылған, «қой мінезді » момын, жуас, намысы жаншылған халық емеспіз.
Жеріміздің ұланғайыр кеңдігімен, мұндағы табиғат сұлулығының әсерінен ғасырлар бойы қалыптасқан дархан, жомарттық, адамға деген мейірімділік пен өнерпаздық, қазақ биосферасының өзіндік ерекшелігінен туындаған асқан қонақ жайлық, жойқын соғыс пен, қуғын – сүргінге ұшырау салдарынан тірнектеп жинаған рухани мұраны өсер ұрпаққа жеткізу ниетінен қалыптасқан балажандық, үнемі мал шаруашылығымен айналасудан қанымызға сінген малжандылық, ешуақытта басқа жұрттың жеріне көз алартпаған бейбітшілік саясат, өзі тиген дұшпанның қабырғасын қақсатқан көзсіз батырлық, «мың өліп, мың тірілген» кездердегі керемет шыдамдылық пен барға қанағатшылдық – біздің ұлттық мінезіміздің жоталы бітістері, халқымыздың ұлттық мақтанышы.
«Бұрынғы уақытта – деп жазды Ж. Аймауытов пен М. Әуезов «Қазақтың өзгеше мінездері» деген мақаласында; — қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл ел болған екен. Досымен достасып, жаумен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен » — дейді.
Осыларды ескере қазақтың ұлттық мінез бітістерінің кейбір жақтарына сипаттама берсек :
ОтансүгіштікХалқымыз кір жуып, кіндік кескен атамекенін аялап, елінің тілі мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын, біртуар аяулы перзенттерін мақтан тұтып, қадірлеп – қастерлеуді ұрпағына аманат еткен.Қазақ елінің кез – келген перзенті жұмыр жердің қай бұрышында жүрсе де өзінің іс — әрекеті мен мінез – құлқынан өз ұлты мен халқына деген сүйіспеншілік қасиеттерін тайға таңба басқандай айқын байқатып отыруы тиіс. Бұл үшін ата – бабалардың тарихы мен шежіресін біліп, оларды талдап таратуға ерекше мән берген абзал. Аталас ағайындарының аты – жөнін жүйелеп, оларды саусақпен санағандай айқын ажырата білу – кім – кімге де болса жарасымды адамгершілік сипат.
Ата – бабаларымыз Алтайдан Атырауға , Еділ мен Жайыққа дейінгі ұлан – ғайыр, кең жазира даланы ғасырлар бойы басқыншы жаудан сан рет қорғап, бостандық пен тәуелсіздік жолында шыбын жанын пида еткен. Біздер халқымыздың қос батырлары Қабанбай мен Бөгенбайды, Исатай мен Махамбетті, Кенесары мен Наурызбайды, Қасымхан мен Абылай ханды, Амангелді мен Бауыржанды қадір тұтып қастерлейміз. Олардың халқы үшін қалтқысыз қызмет еткенін өзімізге үлгі — өнеге етіп, осындай ата – бабаларымыздың болғанын қалайша мақтан тұтпаймыз!
Намысқойлық. Бұл — әр этностың өз халқының ар – ожданын, имандылық қадыр – қасиетін көздің қарашығындай сақтай білуінен, қажетті жерінде бұл үшін жанын пида етуден көрінетін қасиет.
Қазақ халқы өзінің ұлы мен қызын қаршадайынан намысқойлыққа баулып, Отанына, кір жуып кіндік кескен жеріне дақ түсірмеуді қатты ескерткен, «арым жанымның садағасы» — деп, ар – намысты бәрінен де жоғары бағалаған.
Өз ұрпағын ата – баба рухында тәрбиелеп, ұлттық намысты ту етіп ұстаған халқымыз «қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» дегенді үнемі еске салып келді. Қазақ жесірін өгейсітпеген, жетімін шеттетпеген аса бауырмал халық. Қазір де туған жұртының әдет – ғұрпынан, дәстүр – салтынан бейхабар кейбіреулер имандылықтан мәңгүрттікке қарай бет алуда. Ал, мейірімсіздікпен қатігездік сондайлардан шығады. Ұлтымыз арақ ішімдігін «харам » деп, оны тоғыз жаудың біріне жатқызған ғой. Қазіргі кезде сырахана мен дүңгіршектердің айналасынан шықпайтын қазақтың кейбір ұл – қыздарына көз түскенде, жігерің құм болып, санаң сарсылып олардың осынау қылықтары ұлттық намысқа тиіп, зығырданымыз қайнап жүрген жоқ па?
Шешендік. Халқымыздың жайсаң психалогиясын аса биіктен көрсететін ұлттық ерекшеліктерінің бірі – суырып салма шешендік. Бейнелі, астарлы, тұспалдап айтатын шешендік сөзге аса үйір халық екендігіміз жайлы ғұлама – ғалым Ш.Уәлиханов : «қазақ шешендікке құмар, сөз өнерін, әсіресе әзіл – оспақты жаны сүйеді » — деп, кезінде айтқан еді. Халқымыз «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады » , «Жылы – жылы сөйлесең, жылан інінен шығады»- деп, сөз құдіретінің психалогиялық астарын жақсы аңғарған. Шебер де, шешен сөйлей білу – адамның асыл қасиеттерінің бірі есептелініп, мұны олар өзгелерге психалогиялық жағынан әсер етудің ерекше құралы, тәсілі деп те санаған.
Әдептілік. Бұл – халқымыздың ұлттық психалогиясының өзегі имандылықпен адамгершілігінің басты белгісі, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрінісі, барлық кісілік қасиеттердің жиынтығы. Әрине , «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы », дегендей әдеттіліктің әр елде тарихи, әлеуметтік өзіндік ерекшеліктері де болғандығы белгілі. Ал, қазақ халқының әдеп сақтау дәстүрі ешбір тапты, ұлтты, нәсіл мен жыныс айырмашылықтарын алалмайды.
Әдеп сақтау от басында, ауыл – аймақ, ел – жұртта қалыптасқан мінез – құлық нормаларын бұзбауға міндеттейді. Мұны бұзған адамға қауымдастық атынан сол ұжымның өкілі өз пікірін айтуға, тіпті тыиым салуға да ерікті, өйткені әдеп сақтау — әлеуметтік дәстүр. Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдепті адам табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да біледі.
Табиғаттың әсемдігі мен сұлулығына, әдемілігіне әрбір адам зиян келтірмеуге тиіс. Әдеп сақтау – мінез – құлық пен қарым – қатынастың қалыптасқан, халықтың өзіндік мінез – құлық кодексі.
Осы ереже бұзылса, халықтың дәстүріде бұзылады, ұлттық намысқа нұқсан келеді. Әдеп сақтау – халықтық рәсімге, жол – жоралғыға, тәртіпке құлдық етіп, еріксіз бағыну емес, бұл ата – дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда адамгершілік борышты өтеу. «Әдептілік — әдемілік» дейді халық.Әдептілік: ізеттілік, кішіпейілділік, көпшілдік деген сөз.
Қонақжайлық Бұл – қазақ халқының әлеуметтік, географиялық, тұрмыстық жағдайына байланысты қалыптасқан ерекше қастерлі қасиеті. Бізді «қонақ десе, қоң етін кесіп беретін қазақпыз» дейтін аталы сөз бар. Тәуліктің қай мезгілінде келгеніне қарамастан «көлденең келген көк аттыны» да жылы жүзбен қабылдап, төріне отырғызып, дастархан жайып, бар мәзірін алдына қойып, күту – халқымыздың санасына мықтап орнаған имандылық пен шынайы адамгершіліктің белгісі. Әрбір қазақ үйінде тамағының дәмдісін, жылы – жұмсағын өздері жеместен келетін қонағына сақтайды. Майы мен құрты, ірімшігімен женті, соғымның мүшелері сыбаға ретінде өз інің қадірменді қонағын күтіп, көп уақыт түнекте сақтаулы тұрады. Қонақ күтіп қонаққа баруды халқымыз өмірдің биіәк мәртебесі деп түсінеді.
Бауырмалдық Қазақтың ұлттық психалогиясына имандылық қасиеттің ерекше бір көрінісі – бауырмалдық. Халқымыздың бауырмалдығы «бала бауыр етінен жаралған » деп , оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден басталады. Ата – текті дұрыс ажырата алу – бауырмалдықтың бір көрінісі. Бұл «рушылдық »емес, өзінің білуге деген ынтызарлық.Өз руын ғана қастерлеу қызмет бабында қарындастарына ғана қамқорлық жасау білімді, инабатты, зиялы адамға жараспайды. Кең пейілді, ақ – ниетті, адал жүректі, пәк көңілді халқының тумысындағы мінез – құлқындағы қарама – қайшы келетін «бөліну», «бөлшектену» пиғылдарын уағыздайтын адамдарда имандылықпен адамгершілік жағы жетіспей жатады. Ондайлар ел бірлігіне нұсқан келтіріп, кейде жекелеген руларды, тіпті қайғы – қасіретке ұшыратуыда ықтимал.
Халқымыздың бауырмалдық секілді атам заманнан сүйгеніне сіңген асыл қасиеті «Құран — кәрім » қағидаларымен де ұштасып жатады. Осы туралы қасиетті кітап: ешбір адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бір – біріне дос, бауыр дейді.
Олай болса, «Ақ, қарамыз, сарымыз – дос бауырмыз бәріміз » деп, халықты ру мен жүзге бөлмей, кішкентай кезден жас ұрпақты бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет. Жас ұрпақ әркез «бауыр» , «бауырым », «бауырластық» деген сөздердің мән –мағыналарын терең де жете түсінгені абзал. Өйткені бауырмалдық халқымыз ерекше қастерлейтін құдіретті қасиет. Онсыз өмір жоқ, ол бар өмірдің «тұздығы»,жылуы мен қуаты, сәні мен мәні.
Қайырымдылық. Бұлдағы – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Қазақтардың, -деп жазды, осы халықтың өмірін, тұрмыс-салтын алғаш зертеушілердің бірі А.И Левшин, — басқа Азиа халықтарына қарағанда … қайырымдылық, адамды аяу қарттарға құрмет көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі – айрықша қасиеті ».
Біздер – «жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ үйден без» деп, осынау қасиеттен жұрдай адамның жұртқа қадірі болмайтынын бірден кесіп айтатын халықпыз.
Адам өміріндегі ең игі істің бірі – қаріп – қасірге, кедей- кепшік, жарлы – жақынбайларға қамқорлық жасау. «Құран кәрімде» де қайыр – садақа беру — әр адамның мұсылмандық парызы делінген. Қайырымдылық – кең мағыналы ұғым. Мәселен, от басындағы үлкеннің кішіге қамқорлығы, кішінің үлкенге ізеті, баланың ата – анаға, әке – шешенің бала – шағасына мейір – шапағаты, ұл мен қыздың ер жеткен соң еліне қызмет етуі – қайырымдылықтың көріністері мен қайнар көздері. Халқымыз өз ұрпағына осы қастерлі қасиетті ес біліп, етек жазба бастаған кезден үйретіп, мұны тұрмыстық салтқа адамгершілік дәстүрге айналдырып отырға. Халық «бір үйлі жансың, бір – біріңе меймансың » — деп, қайырымдылық қасиетті ұрпағына мирас етіп ерекше қадір тұтып, қастерлеп келгенін біздер еш уақытта естен шығармауымыз қажет.
Қорыта келгенде қазақ халқы сонау есте жоқ ескі заманнан өзінің қадір – қасиеттерін қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай сақтап, бұған шаң жуытпай, өз ұрпағын ауыздандырып келген ел. Сондықтан да қазіргі ұрпақ осынау ұлттық қасиеттерімізді ерекше қастерлеп, мақтан тұтып, жас өскіндер осы рухта тәрбиеленулері тиіс екендігін тағыда айтқым келеді.
Пайдаланған әдебиеттер
- Жарықбаев.Қ. Жантану негіздері, Алматы 2004
- Жарықбаев Қ. Психология. – Алматы, Мектеп, 1976.
- Жарықбаев Қ. Ұстаздық еткен жалықпас. –Алматы, 1986.
- Педагогика және психология түсіндірме сөздігі, -Алматы, Мектеп, 2002.
- Айғабылов.Н. Бала мінезінің қалыптасуы және оны тәрбиелеу. –Алматы, 1970.
- Жарықбаев Қ.., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі.- Алматы, 1995.