МЕМЛЕКЕТТІҢ ТЕТІКТЕРІ (АППАРАТЫ)

Мемлекет пайда болғаннан кейін саяси билік жүргізу қажеттігі туындайды. Осыған байланысты қоғамда басқару, билік жүргізу арнайы мамандандырылған адамдардың топтарын қалыптастырады, олардың атқаратын қызметтері айқындалып, салаларға бөлінеді, кәсіби дәрежеге көтеріледі. Мемлекеттік билікті ұйымдастыру, халықты басқару үлкен өнер. Осыған бай­ланысты қоғамда мемлекеттің арнайы тетіктері қалыптасады. Тетіктердің көлемі, құрылымы, таптық сипаттары, атқаратын қызметтері мемлекеттің тарихи типтеріне байланысты болып ұйымдастырылады.

Мемлекеттің тетіктері (аппараты) дегеніміз билік жүргізу және мемлекеттің міндеттерін, функцияларын іс жүзіне асыру үшін кәсіби дайындық негізінде құрылған органдардың жүйесі.

Мемлекеттің құрамдас бөлігін мемлекеттік органдар құрайды. Мемлекеттік органдар дегеніз мемлекет механизмнің құрамдас бөлігі ретінде құқықтық негізде басқару, билік жүргізу мақсатында құрылған жүйе.

Мемлекеттік органдардың өзіне тән ерекшеліктері болады.

  1. Мемлекеттік орган өмір қажеттілігіне байланысты, құқықтық негізде арнайы функцияларды атқару үшін құрылады.
  2. Мемлекеттің басқа органдармен тығыз байланыста қызметін іс жүзіне асырады.
  3. Билік жүргізу барысында күш қолдануға құзыры бар.
  4. Мемлекеттік орган — мемлекеттің функцияларын, саясатын іске асыратын мекеме.
  5. Мемлекеттік орган арнайы дайындықтан өткен, қолдарында билік жүргізу құқы бар арнайы адамдардың тобы.
  6. Құрылған органдар заңдылық негізінде қызмет атқарады.
  7. Мемлекеттік орган материалдық база және қаржымен қамтамасыз етіледі.

Президентінің «Қазақстан—2030». Жолдауында мемлекеттік аппаратты жақсарту және оның тиімділігін арттырудың жеті принциптері белгіленген:

  1. Неғұрлым маңызды бірнеше функцияларды ғана орындауға жұмылған ықшам әрі кәсіпқой Үкімет.

2.Стратегиялар негізіндегі іс-қимыл бағдарламалары бойынша атқарылатын жұмыс.

  1. Нақтылы жолға қойылған ведомствоаралық үйлестіру.

4.Министрлердің өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін, олардың есептілігін және олардың қызметіне стратегиялық бақылауды арттыру.

  1. Министрліктердің ішінде, орталықтан аймақтарға және мемлекеттен жекеше секторға қарай орталыққа тәуелділікті жою.
  2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл да ымырасыз күрес
  3. Кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйелерін жақсарту.
  4. Мемлекет тетіктерінің қағидалары

Жалпы мемлекет және құқық теориясында Қағида деген зерттеу объектіні сипаттайтын негізгі идеялардың жиынтығы. Мемлекеттік органдардың өзіне тән қағидалары бар. Қағидалар арқылы мемлекеттік органдардың қызметінің функцияларының мәні айқындалады, демократиялық нышандардың сипаттары көрініс береді.

Мемлекеттік органдардың мынандай қағидалары бар:

1.Демократизм. Бұқара халықтың билік жүргізуге тартылуы және олардың мемлекеттік органдарды құруға тікелей қатысуы Қазақстан Республикасының Конституциясының 3-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді», — деп атап көрсетілген. Мемлекеттік органдар халықтың мүдделеріне сай, міндеттерін атқарулары тиісті. Халық мемлекеттік органдардың қызметтері мен атқаратын функцияларын өкілетті және тікелей демократияның тетіктері арқылы бақылай алады.

  1. Ұлттардың тең құқылығы. Мемлекеттік органдарды қалыптастыруды және олардың құрамында барлық халықтардың қызмет істеуіне тең құқыққа ие болуы. Қазақстанда бұл қағида ешқандай шектеусіз, адамның кәсіби қабілетіне қарай жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының Конституциясыньщ 14-бабында тең құқықтық идеясы мынандай мағанада өзінің шешімін тапты: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты, немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды». Сонымен қатар ұлттар теңділігіне қол сұғушылар қылмыстық жауапқа тартылатыны мемлекеттің тең құқықтылықты тиімді қамтамасыз ететіндігінін айқын көрінісі.
  2. Адам және азамат құқықтарының тиімді қорғалуын мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың қамтамасыз етуі. Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың негізгі қағидаларын мойындай отырып, адам құқын қорғауды ең басты құндылықтар қатарына көтерді және конституцияда мемлекеттеріміздің «ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жариялануы соның нақтылы айғағы ретінде қабылданады. Кеңес дәуірі кезінде адам құқы аяққа тапталынды. Адам мемлекетке тең құқықтығы партнері емес, керісінше мемлекеттің «бөлшегі», «тетігі», қажет болған жағдайда меншігі ретінде танылды. Заңсыз ұстау, қамау, сот үкімсіз репрессияларға жал беру, адам және азамат құқықтарын басып-жаншу мемлекеттік органдардың негізгі саясаты болды. Кеңес мемлекетінің зорлық-зомбылықпен адам құқын аяққа таптап, сотсыз, тергеусіз қырып-жоюға бағытталған саясаты туралы К.Сорокин былай деп жазды: «Мұсылмандардан бәрін тартып алуда және тек қана тартып алып қоймайды, сонымен қатар оларды өлтіріп жатыр. Біздің солдаттарымыз қорғаудын орнына тонау мен өлім әкелуде… халық террорланған және қашуда… Мүмкін әлдекім мұны істеп отырған партия емес, Қызыл Армияның зорлық жасауы деп қарсылық білдіруі мүмкін. Бірақ, партия басында тұр… партиялық жолдастар жағдайдың жақсаруына ешқандай шара қолданбайды. Мұсылмандарды қинауда, өлтіруде… Әйелдер мен балалар таңдаусыз жапа шегуде…

Тек қорлықты көрген олар бізге қандай достық көзқараспен қараулары тиіс? Біз оларды өзіміз ұлтшыл жасап отырмыз».

Кеңес мемлекеті органдарының озбырлық, зорлық-зомбылық, күш қолдану саясаты коммунистік идеологияны жаппай мойындату үшін жасалынады. Террор мен репрессияның алғашқы көсемдерінің бірі Ф.Э.Дзержинский: «Әрбір зиялыға іс болу керек», — деп жазды. Құқықтық мемлекет құруға бет алған Қазақстан Республикасы адам құқын қорғаудың кепілдігін өз мойына алып отыр.

  1. Мемлекеттік билікті бөлу. Мемлекеттік органдар билік жүргізуде бассыздық пен заңсыздыққа жол бермеу үшін билік заң шығару, атқарушы және сот билігі болып бөлінеді. Олар бір бірінің қызметтерін тежемелік және тепе-теқдік жүйе арқылы бақылап отырады. Органдар өз құзырынан ауытқып кетіп қызмет атқаруға құқықтары болмайды.
  2. Кәсіптілік. Мемлекеттік органдар қызметіне тек ғана арнайы дайындықтан өткен, басқару өнерін жетік меңгерген білімді, білікті мамандардың тартылуы. Кәсіптік деңгейді тест, анкета арқылы анықтап барып, мемлекеттік қызметке конкурс арқылы қабылдау.
  3. Мемлекет қызметкерлерінің қабылданған шешімдерінің орындалуы немесе орындалмауы үшін қатаң жауап беруі. Халық мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға үлкен сеніммен қарайды және олардың қызметтеріне үлкен үміт артады жауапты міндеттер жүктейді. Сондықтан қабылданған шешімдері үшін жауап берулері ең басты талап болып табылады. Жауапсыздық, немқұрайдылық мемлекеттік органдардың жұмысына нұқсан келтіреді, халықтын билікке деген сенімсіздігін арттырады, наразылығын тудырады.
  4. Заңдылық. Барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың және азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясын, оған сәйкес қабылданған барлық нормативтік құқықтық кесімдерді бұлжытпай орындаулары. Заңдылық — мемлекеттік басқарудың ең негізгі талаптарының бірі. Заңды­лык пен мақсатқа сәйкестікті шатастыруға болмайды. Тек заңды нәрсенің бәрі мақсатқа сай болуы қажет. Заңды бұрмалап, мақсатка сай келетін әрекеттерге бару заңдылықтың дағдарысқа ұшырауына әкеп соқтырды.
  5. Қазақстан республикасының мемлекеттік тетіктерінің жүйесі

Әр мемлекет өзінің ұйымдасу формасына байланысты қажетті мемлекеттік тетіктерді қалыптастырады. Мемлекеттік тетіктер басқарудың бір-бірімен тығыз байланыстағы жүйесі. Олардың тиімді қызмет атқаруынан жалпы мемлекеттің барлық тыныс-тіршілігі толыққанды дәрежеде жұмыс корпорациясына айналады.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тетіктер өркениетті елдердің озық тәжірибелерін пайдалана отырып, өтпелі кезеңнің ерекшеліктерімен саяси, ұлттық жағдайларға байланысты қалыптасып, құрылды. Осыған байланысты мемлекеттік тетіктің құрамыңда президент ерекше орын алады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша Президент Мемлекет басшысы және қарулы күштердің Бас қолбасшысы болып саналады және «халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.»

Қазақстан Республикасының Президенті республика азаматтарының тікелей қатысуымен, сайлау арқылы жеті жыл мерзімге сайланады. Президент болып жасы қырыққа толған, мемле­кеттік тілді еркін меңгерген және Республика аумағында он бес жылдан кем тұрмаған Қазақстанның азаматы сайлана алады.

Конституция бойынша Қазақстан Республикасының Прези­денті ешкімге есеп бермейді және ешқандай мемлекеттік органдарға тәуелді емес. Оның лауазымының саяси сипаты басым, ішкі және сыртқы саясаттың бағытын айқындайды. Президент Парламенттің келісімімен өзі ұсынған Премьер-Министрді және Премьер-Министрдің ұсынысымен Үкімет мүшелерін тағайындайды және қызметтерінен босатады. Парламент Сенатаның келісімімен Бас Прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындайды және босатады.

Президенттің қажет болған жағдайларда Республика аумағында, жеке аймақтарына төтенше және әскери жағдай енгізуге құқы бар. Өтпелі дәуірдің ерекшеліктері Президентті қызметінен кетіруді де күрделендірді. Қазақстан Республикасының Конституциясының 47-бабы бойынша Президент халық алдында тек мемлекетке опасыздық жасағаны үшін жауап береді және Парламентке оны кетіру құқын берген. Кетіру үшін біріншіден, Президентке айып тағу және таққан айыпты тексеру үшін Мәжіліс депутаттарының жалпы санының үштен бірінің бастамасы бойынша депутаттардың көпшілігінің дауыс беруімен қабылдануы мүмкін, екіншіден, тағылған айыпты тексеру Сенатқа жүктеледі, оның қорытындылары Сенаттың отырысында жалпы санының көпшілік даусымен бекітіп, Парламен Палаталарының бірлескен отырысына шешім қабылдауға береді.

Үшіншіден, түпкілікті шешім қабылдау Жоғарғы Соттың айып тағылудың негізділігі туралы, және төртіншіден, Конституциялық Кеңестің белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы берген қорытындылары болған жағдайда Парла­мент Палаталарының бірлескен отырысында әр Палата депу­таттарының кемінде төрттен үш дауыс көпшілік берумен қабылданады.

Заң шығару және өкілетті органдар. Конституцияның 49-бабы бойынша Қазақстан Республикасының Парламенті көпшілік заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Парламент Сенат және Мәжілістен тұрады. Көптеген мемлекеттерде Парламент ең жоғары оргон болып табылады, оның құзыры барлқ, салаға билік жүргізуде кеңейтілген. Қазақстан Республикасында Парламенттің Конституциялық мәртебесі негізінде заң шығарумен шектелген, оның бақылау, тексеру құқы жоқ. Мысалы, мемлекеттік маңызы зор істер бойынша парламенттік тергеу жүргізе алмайды, заңдардың орындалуын бақылау құқы жоқ. Бұл «рационализацияланған парламент» теориясына үндес. Мәжіліс депутаттары Қазақстан аумағында құрылған аумақтың округтерден тең және төте сайлау құқы арқылы сайланады. Сенат депутаттары жанама сайлау құқы арқылы қалыптасады. Яғни, әр облыстың, Қазакстан Республикасының астанасы және республикалық маңызы бар қалаларының маслихаттары екі депутаттан сайлайды. Сенат төрағасының кандидатурасын Қазақстан Республикасынын Президенті ұсынады, ал Мәжіліс спикерінің кандидатурасын депутаттар сайлау құқына ие.

Тұңғыш рет Парламенттің мәжіліс атауын ұсынған ірі қайраткер, реформатор, және 1911 жылы тұңғыш Конституцияның жобасын жазған Барлыбек Сыртанов болды. (Қараңыз. Сәкен Өзбекұлы, Барлыбек Сыртанов. Алматы, 1996.)

Атқарушы органдар. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша атқарушы билікті Үкімет іс жүзіне асырады. Үкімет алқалы орган ретінде құрылады және Қазақстан Республикасы аумағында атқарушы-орындаушы билікті іс жүзіне асырады. Оның негізгі функциясы — басқару. «Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңның талаптары бойынша Үкіметті Президент құрады. Оның құрамына Премьер-Министр, оның орынбасарлары және министрлер кіреді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі Конституциясының 66-бабы бойынша:

  1. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық стратегиясының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
  2. Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;
  3. Мәжіліске заң жобаларын енгізеді және заңдардын орындалуын қамтамасыз етеді;
  4. Мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады;
  5. Республиканың сыртқы саясатын жүргізу жөнінде шаралар әзірлейді;
  6. Министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасайды;
  7. Республиканың министрліктері, мемлекеттік комитеттері, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдары актілерінің қолданылуын толық не бір бөлігінде жояды, немесе тоқтата тұрады;
  8. Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
  9. Конституциямен, зандармен және Президент актілерімен өзіне жүктелген өзге де қызметтерді орындайды.

Сот билігі. Сот билігі билікті болу теориясының негізінде жеке, дербес орган болып табылады. Сот билігінің негізгі функ­циясы Қазақстан Республикасы аумағында әділ сотты жүзеге асыру болып табылады және бұл қызметте судьялар ешкімге тәуелді емес, тек ғана Конституцияға және заңға бағынады. Кон­ституция бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының Төрағасын, Жоғарғы Сот Кеңесінің кепілдемесінің негі­зінде Президенттің ұсынуымен Сенат сайлайды.

Ал, облыстық және аудандық судьялар Жоғарғы Сот Кеңе­сінің кепілдемесі бойынша Республика Президенті жыл кеспей тағайындайды. Сот билігін іс жүзінде асырудың басқа мемлекеттік органдардың қызметіне қарағанда өзіне тән ерекшеліктері бар:

  1. Істі қарау заң бекітетін процессуалдық форма шеңберінде жүргізіледі.
  2. Судьялар тек Конституцияға және заңға бағынады, қаралатын іс бойынша ешкімге тәуелді емес.
  3. Барлык (азаматтык, қылмыстық) істерді қарау жарыссөз түрде өтеді.
  4. Іс қарау ашық түрде жүргізіледі. Жабық іс қарау аса кажет жағдайда болуы мүмкін.
  5. Судьялардың шығарған үкімдері мен шешімдерін тек ғана Жоғарғы сатыдағы соттар өзгерте алады. Басқа органдарда ондай құзыр жоқ.

Қазіргі өтпелі кезенде сот органдарының алдында әлі де шешілмеген міндеттер тұр. Атап айтқанда адам құқықтарының тиімді қорғалуы, процессуалдык құқық нормаларының бұрмалауына жол бермеу және заңды бұзумен алынған дәлелдерді жоққа шығарып, айып тағылған адамды жауапкершіліктен мүлдем босату.

Екіншіден, судьялардың мәдениетін арттыру.

Үшіншіден, заң нормаларын бұзған судьяларды қатаң жауапқа тарту, қажет болған жағдайда лезде орындарынан босату.

Төртіншіден, болашақта істі, алқалық құрамында қараулы енгізу қажеттілігі.

Конституциялық Кеңес. Қазақстан Республикасы мемлекеттің тетіктерінде ерекше орын алады. Мемлекеттік орган ретінде оның негізгі міндеттеріне Конституция бекіткен мынандай қызмет жүктеледі:

  1. Республика Президентін, Парламент депутаттарын сайлау және референдумның дұрыс екендігін шешеді.
  2. Парламент қабылдаған зандарды Президент қол койғанға дейін оның мазмұнын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін карайды.
  3. Халықаралық шарттарды Парламент ратификацияланғанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды.
  4. Конституциялық нормаларға ресми түрде түсініктеме береді.
  5. Мемлекет басшысының құзыры мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда қорытынды береді.

Конституциялық Кеңесі жеті мүшеден тұрады, олардың өкілеттігі алты жыл мерзімге белгіленеді. Конституциялық Кеңестің төрағасын және екі мүшесін Президент тағайындаса, екі мүшесін Парламент Сенатының Төрағасы, ал қалған екеуін мәжілістің Төрағасы өз шешімдерімен тағайындайды. Консти­туциялық Кеңестің жартысы әр үш жыл сайын жаңартылып отырады.

Прокуратура органдары. Қазақстан Республикасы аумағында заңдардың Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің қатан сақталуын және бұлжытпай орындалуын қадағалайтын орган. Прокуратура өзінің құзырын жергілікті оргаңдардың ешқайсысына бағынбай атқарады және сот процесінде мемлекет мүддесін білдіреді. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры өзінің қызметі туралы тек Президент алдында ғана есеп береді. Аудандық, облыстық прокурорлар бір жүйені құрайды және Бас прокурорға ғана бағынады.

  1. Мемлекеттік органдар және бюрократия

Мемлекеттік органдардың тиімді мағынада қызметі мен функцияларын аткаруға көп жағдайда кедергі болатын нәрсе бюрок­ратия болып табылады. Бюрократия сөзі француз тілінен аударылғанда кеңсе билігі деген мағынаны береді. Ал, С.И. Ожеговтың «Орыс тілі сөздігіне», «Кеңсе үстемдігі, формальды тәртіптерді сақтау үшін іске елемеушілік таныту», — деп аударылған. Мемлекет органдарындағы жиі-жиі кездесетін бюрократия —  біздің қоғамымызға өткен заманнан жеткен дерт. Онымен күресу мемлекеттік органдардың және азаматтардың міндеті болып саналады. Бюрократияны мүлдем жою мүмкін емес, оны тек шектеуге ғана күшіміз жетеді.

Себебі, ол — мемлекеттік басқарудың ажырамас серігі. Бюрократияның пайда болуына бірнеше себептер бар: Мемлекеттік аппараттың өсуі, чиновниктердің көбеюі, нормативтік құқықтық кесімдердің көбеюі және олардың бір-біріне қайшы келулері, мемлекеттік қызметкердің өзінің міндеттері мен тапсырылған іске немқұрайы қарауы, лауазымды адамның жеке адамның мұқтаждарына атүсті қарауы және жауапсыздығы.

Бюрократия дегеніміз мемлекетте билік, басқару жүргізу барысында қызмет атқаратын лауазым иесінің өзінің міндеттеріне саналы түрде немқұрайлы қарауы, мейірімсіздік танытуы, немесе пайдақорлық мақсатында берілген істі былықтырьт, азаматтардың Конституциялық, құқықтарына, моральдық ахуалдарына нұқсан келтіруі. Кезінде Макс Вебер тіпті болашақта бюрокра­тия чиновниктерінің диктатурасына тікелей жол ашатынын дәлелдеді.

 Бюрократиямен күресу мемлекеттік іс және асқан қайсар, жігерлікті талап етеді. Оны жеңу үшін бүкіл халық болып күресу қажет.

Біріншіден, бюрократияға қарсы тұрудың жолы мемлекеттік қызметкерлердің үстінен түскен шағымдарды мұқият тексеріп, қатаң шара қолдану қажет. Лауазым иесі әр уақытта халық үшін қызмет ететінін ұмытпауы тиіс.

Екіншіден, лауазымды тұлғалар өздерін қол астында істейтін қызметкерлерді әр түрлі әдістерді пайдаланып қысым жасап, қудаланғандары үшін заң алдында жауапты болулары керек. Мысалы, Францияда мемлекеттік чиновниктің мұндай әрекеттері пара алғаннан да ауыр деп есептелініп, қызметтен қуумен аяқталады.

Үшіншіден, мемлекеттік басқару саласындағы чиновниктер санының өсуіне тосқауылдар қою. Чиновниктердің көбеюі, мемлекетгік аппараттары бюрократияны одан әрі күшейтеді, былықтардың, жауапсыздықтың өсуіне әкеп соқтырады. Қаралған іс, берілген тапсырмаларды орындауда жеке жауапкершіліктің мүмкіндігі шектеледі. Қазақта мұндай көріністі мақал мағынасында «Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды» деп нақтылы дәл суреттеген.

Төртіншіден, атқарушы органдардың өкілетті органдар алдындағы жауапкершіліктерін күшейту керек. Мысалы, әкімдердің маслихат, Үкіметтің, Президенттің Парламент алдында жауаптылығын күшейту — бүгінгі күн талабы.

Бесіншіден, чиновниктердің мемлекет тарапынан жасайтын жеңілдіктерді пайдалану құқықтарын шектеу қажет.

Алтыншыдан, білімділік пен мәдениеттілік — бюрократияға соққы беретін ең негізгі тетіктердің бірі. Негізінде бюрократ мәдениетсіз, мейірімсіз, надандық пен даңқойлық сияқты жағымсыз мінездерді бойына сіңірген. Ұлы Абай басқару, билік жүргізу мәселесінде аталмыш көріністерді қатаң сынға алады. «Жалпы бюрократия Абайдың пайымдауынша негізінде надандықтан, білімсіздіктен және өркөкіректік пен менмендіктен туатын құбылыс. Мемлекет басшысы, мемлекет кызметкерлері сыпайы, қарапайым болуға тиіс. Бұл қажеттер жоқ болса, мемлекеттік басқару мемлекет қызметі міндетті түрде бюрократиялық ауруға шалдығады».

Бюрократияның әсіресе сот, прокуратура, ішкі істер органдарында кең қанат жаюы бұл органдардьщ халық алдында беделін түсіреді, азаматтардың сенімсіздігін туғызады, оларға жалпы құқық бұзушылықпен күресуде көмектесуден бас тартады. Сондықтан бюрократиямен күресу бүкіл халықтық іс, мемлекеттің халық алдындағы беделін көтеретін көрініс.                Б. Майлин өзінің «Көзілдірік» пьесасында бюрократияның көріністерін анық көрсете білген. Бір ғана куәлік алуға келген ақсақалды «анда бар», «мынаған айт» деп мәселені шешпей әуреге салады. Осындай жағымсыз әрекеттерден сенделуге түскен адамдарды жақтаушы мұғалім Хасен бюрократиямен бұқара халық болып күресуге шақырады: «Судьяның құдай болатын заманы бұл емес. Судья — ел еңбекшілерінің әділ қызметкерлері, үкімет заңын бұлжытпай орындаушы болу керек… Ел де надан, ел жоқтан қорқады… Осылардың бұзық ісін көріп отырса да, ешқайсысы үндемейді, үндеуге бата алмайды. Әлі күнге баяғыдай әкімді кұдай көреді. Құдіреттің бәрі әкімнің қолында деп біледі. Жоқ қате, құдірет елде, еңбекшілер ұнатпаса, қолайсыз деп тапса, қандай ірі орындағы әкімді де орнынан түсіре ала­ды».