Сауат ашу жүйесінде деңгейлеп дамыта оқытуда қолданылатын әдістер

Қазақ тілін оқыту әдістемесі болсын, басқа пәндерді оқыту әдістемесінде болсын бастауыш мектептегі сауат ашудың әліппе кезеңін оқыту жүйесінде қазіргі кездегі ең өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі –білім мазмұнын арттыру, оқыту үдерісінде, заманауи озық әдіс-тәсілдерді қолдану. Қай кезде де озық әрі тиімді таңдалған әдістер сабақ жүргізуді меңгерген және білім беру мазмұнын сапалы әрі саналы меңгерткен. Сол себепті мектеп мұғалімінің алдында сауат ашу жүйесінде деңгейлеп дамыта оқытуда ұтымды әдістерді, дұрыс таңдай білу әрі оларды орын-орнымен нақты қолдана білу міндеті тұрады. Сонда білім алудың қарқынды жүретіні белгілі. Сондықтан да қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымның көшбасшысы А.Байтұрсынұлының: «Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір ғана әдісті болу; шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу; әдісті көп білуге тырысу керек, оларды өзіне сүйенетін қолғабыс нәрсе есебінде қолдану керек», — дегені осы күнде де аса маңызды.

ХІХ ғасырдың орта тұсында сауат ашу жұмысын жетілдіруде әлемдік педагогикада төрт түрлі әдіс пайда болды. Біріншісі – «Жакота әдісі», ол дыбыстық-аналитикалық әдіс. Екіншісі – «Стефани әдісі», оның негізін неміс педагогы Г.Стефани калады. Бұл әдіс – дыбыстық-синтетикалық әдіс. Үшіншісі – «Толстой әдісі». Орыс жазушысы Л.Н.Толстой ойлап тапқан дыбыс есту, яки буын есту әдісі. Төртіншісі – дыбыстық аналитикалық – синтетикалық әдіс. Дыбыстық-аналитикалық – синтетикалық әдіс өзінің тиімділігін көрсеткендіктен қазіргі кезде де қолданыс үстінде әрі бұл әдіс деңгейлеп дамыта оқытуға ыңғайлы. Себебі бұл әдіс бойынша оқушыларға алдымен дыбыстар үйретіледі, содан кейін үйретілген дыбыстарды бірте-бірте біріктірту арқылы сөздер құрастырылтады, ең соңында сөздерден сөйлемдер құрастырылады. Сөйлемдерден жеке сөздерді, олардан буындарды, буындардан дыбыстарды табады, талдайды. Сөйтіп, аналитикалық және синтетикалық әдістер қатар жүреді.

А.Байтұрсынұлынан кейін Ж.Аймауытов, Т.Шонанұлы, К.Кемегерұлы сияқты замандастары қазақ тілін оқыту әдістемесіне өз үлестерін қосты, оны алға қарай сүйретті. Олардың еңбектерінде сауат ашу жүйесінде деңгейлеп дамыта оқыту мәселесі арнайы сөз ерілмесе де оның элементтері болды. Мысалы, Ж.Аймауытов — талдау, жалқылау, жалпылау, сұрақ-жауап, әңгімелесу, жаттығу, көрнекілік әдістерін; М.Жұмабаев – көрнекілік, көшіру, көрініс қойдыру, әңгіме әдістерін; Т.Шонанұлы — зерттеу, аудару, салыстыру, талдау әдістерін; К.Кемеңгерұлы — үйлестіру, әңгіме және т.б. әдістерін жіктеп көрсеткен және олардың сауат ашу жүйесіндегі тиімділігін нақты мысалдармен дәлелдеген, оқыту жолдарын талдаған.

Бұл тәсілден кейінгі ғалымдар толқыны қазақ тілін оқыту әдістемесіне жаңа леп әкелді. Олар қай әдісті қалай қолдану жолдарын, әдістерді сабақтың қай бөлігінде, қандай мақсатта пайдалануға болатыны жайлы нақты тұжырымдар жасады. Бұл тұжырымдар мен пікірлер, олар ұсынған әдістер қазіргі кезде бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесінде кеңінен қолданылуда және жаңа әдістердің пайда болуына, әдістеме ғылымының дамуына себепші болуда. Әдістерді әр ғалым өз бағыты, көзқарасы бойынша жіктеді. Мысалы, Д.Әлімжанов, Ы.Маманов: салыстыру, индукция-дедукция, баяндау, әңгімелесу, жаттығу, көрнекілік әдістерін; А.Әбілқаев — оқушылардың білім алу кезеңінде қарай – мұғалімнің сөзі, әңгіме, көрнекілік, жаттығу; оқушылардың қатысу дәрежесі мен сыныбына қарай – актив-пассив, тапсырманы орындау; оқытушының жұмыс сипаты мен орнына қарай – бақылау тапсырмалары, жұмыстың жазбаша және ауызша орындалуы деп әдістерді оқушының білім алу, тапсырманы орындау мүмкіндіктеріне қарай ыңғайлап сараласа, Ә.Исабаев: қазақ тілін педагогикалық жақтан үйрету әдістеріне: қазақ тілін әдебиет материалдарымен байланыстырып өту, түсініксіз сөздерді үйрету, диалогтық және монологтық сөйлеуді үйрету, ауызша түсіндіру, ауызша мазмұндау және мәнерлеп оқыту әдістерін; қазақ тілін теориялық жақтан үйрету әдістеріне: әңгіме, хабарлау, тәжірибе, түсіндіру және кітапты пайдалану әдістерін; қазақ тілін теориялық – практикалық жақтан үйрету әдістеріне: талдау тілдік материалдың түрін өзгерту, мазмұндау, сөйлем құрау, шығарма, көшіру, диктант жаздыру әдістеріне топтаса, С.Рахметова оларды былайша жіктейді:

  1. Балалардың оқу-таным әрекетін ұйымдастыру және оны іске асыру әдістері. Оған сөздік, көрнекілік және практикалық әдістер (олар қабылдау мен есте сақтауға негізделеді); дедуктивтік әдістер (логикалық ойлауға негізделеді); өздігінен орындау, мұғалімнің басшылығымен орындайтын әдістер (қиялға, ерікке негізделеді) жатады.
  2. Оқу-таным әрекетіне түрткі (мотивация) жасау, әсер ету әдістері. Бұл топқа балалардың қызығу мүддесін туғызу, зейінін жинақтау және оқуда борыш, жауапкершілік туғызу әдістері қарастырылады.
  3. Оқу-таным әрекеттерінің тиімділігін тексеру әдістеріне ауызша тексеру, жазбаша тексеру, лабораториялық-практикалық тексеру және өзін-өзі тексеру әдістері енеді .

Қ.Молдабек: теорияны практикамен байланыстыру, оқушылардың жеке қабілеттерін ескеру, ғылымилық, көрнекілік, жүйелілік және бірізділік, саналылық пен белсенділік, лингвостатистикалық іріктеу, ақпараттық ұстанымдарына сүйенген қатысымдық әдісті ұсынды. Ол «қатысым әдісі арқылы оқыту дегеніміз – өзінде теориялық және білімдік оқу мазмұны іске асатын, оқушыларда өмірлік қатысым дағдылары мен білімді қалыптастыратын, шығармашылық амал-тәсілдерді қамтитын, мәнерлі де жатық сөйлеуге баулитын оқу деген анықтамасын бере келіп, «қатысым әдісі – бастауыш сыныптың әрбір сабағында, күнделікті тілдік қарым-қатынаста, мектепте және мектептен тыс іске асырылатын тілдік жұмыстар оқушының өз тұлғасын өзі жетілдіруіне, сол арқылы өз бетінше қалыптасуына жеткізетін амал» және «қатысым әдісімен оқыту дегеніміз – мақсаты, міндеттері мен әдіс-тәсілдері баланың даму заңдылықтарына сәйкестендірілген оқыту», — сондықтан, «қатысым әдісі арқылы жүзеге асатын оқу әрекеті – оқушы дамуының негізі және сабақтың өзегі», — дейді.

Ғалымдардың қолдануға ұсынған және жіктеген әдістері сабақтың мақсаты мен міндеттеріне қарай қолданылғанда тиімді болады. Сондықтан сауат ашу жүйесінде деңгейлеп дамыта оқытуда мұғалім әдістерді сабақтың тақырыбына қарай қолданғаны дұрыс. Қазіргі кезеңде оқушының өздігінен ізденуі, шешім шығаруы, өз пікірін дәлелдей алуы олардың жеке тұлғалық қабілеттерінің дамуына, ең бастысы оқуға, сабаққа деген қызығушылықтарының артуына, тапсырмаларды өз бетінше орындауына, пәнді меңгеруге ынтасының оянуына игі ықпал ететін қатысым әдісі сияқты әдістер баршылық.

С.Рахметова бастаған Ә.Жұмабаева, Г.Уәйісова, Б.Қабатай, Н.Молдабекова сияқты бір топ ғалымдар өздерінің зерттеу еңбектерінде аналитикалық-синтетикалық әдіске сүйене отырып, бастауыш мектепте сауат ашу жүйесінде дыбыстарды созыңқырап қосу, табиғаттағы дыбыстарға еліктеу, ұқсас сөздерді тапқызу, сөздегі дыбыс, буын санын үдету, дыбыстарды, сөздерді салыстыру, дыбыстардың орнын ауыстыру арқылы жаңа мағыналы сөз жасату, алақанды иек астына қою арқылы буын жігін тапқызу, ойын әдістерінің ұтымды екенін дәлелдеді. Бастауыш мектепте сауат ашу жүйесінде дамыта оқыту мәселесіне көңіл бөліп, қандай әдістерді қолдану тиімді екенін арнайы зерттеген ғалым – Н.Молдабекова. Ол сауат ашу жүйесінде тиімді қолданылатын әрбір әдістің оқушылардың продуктивті ойлауын дамытуы, дамыта оқыту тапсырмаларының мазмұны оқушылардың танымдық қызығушылығын жетілдіруі, балалардың «жақын даму аймағына» әсер етуі және бірте-бірте дамытуға негізделеді деп есептейді. Сондықтан Н.Молдабекованың зерттеуін басшылыққа ала отырып, бастауыш мектепте сауат ашу жүйесінде деңгейлеп дамыта оқытуда талдау және жинақтау, талдау-жинақтау, жаттығу, ойын, тест әдістері қолданылды.

Резюме

В статье рассмотрены вопросы методики уровне развивающего обучения грамоте учащихся начальных классов.

Summary

In the article considered issues of methods of developing the level of literacy in primary school pupils.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Кеңесбаев С. Әліппе. Бастауыш мектептің 1-класына арналған.
  2. Ермеков Ә. 1 класс оқушыларын оқу-жазуға үйрету. //Қазақ тілі мен әдебиеті, 1958, №4.
  3. Бақұлы Қ. Сауат. Самарқан – Ташкент, 1930ж.
  4. Майлин Б. Жаңаша оқы, жаз әліппе. Қазақстан баспасы, 1934 ж.
  5. Әлібаев А. Жұмысшы әліппесі, Қызылорда. 1934ж.
  6. Бегалиев Ғ. Сауаттандыру принциптері.// Ауыл мұғалімі, №7, 8. 1935ж.
  7. Рахметова С. Бастауыш класс оқушыларының тілін дамытудың ғылыми – әдістемелік негіздері (ауызша және жазбаша тіл дамыту).