Мал шаруашылығы мен мал өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары облысымыздың аграрлық секторындағы негізгі салалардың бірі. Өйткені, облыс халқының әл-әуқатын көтеру және аймақтың өзін-өзі сүт және ет тағамдарымен қамтамасыз етуі осы саланың дамуына тікелей байланысты.
Біздің “Меркі-ет” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгін облыс бойынша ет өнімдерін өндірістік өңдеудің толық циклын жүзеге асырушы жалғыз кәсіпорын ретінде ерекше қатардан орын алып отыр. Өйткені, еліміз “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” асуын алуға бет алған шақта, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу кәсіпорындарынсыз елестету мүмкін емес. Өскелең өркениет өресі – ауыл шаруашылығын бір ғана шикізат өндіру дәрежесінде қалдырып қоймай, оны сол шикізатты қайта және терең өңдеу арқылы үлкен өндірістік-экономикалық және индустриялық-инновациялық кешенге айналдыруды, оларда өндірілген өнімдерді халықаралық рынок талаптарына сай шығаруды қажет етеді.
Сонау 1986 жылы қабырғасы қаланып, мал сою және етті қайта өңдеу ісіне маманданып, іргесі көтерілген бұл кәсіпорын содан бергі 21 жыл ішінде еліміздің басынан өткен әр алуан кезеңдермен бірге, бірде құлдырап, бірде өркендей отырып, түптің-түбінде бүгінгідей үлкен өндірістік кешенге айналғанын мақтан етеміз. Кәсіпорынның бүгінгі өндірістік қуаты тәулігіне 10 тонна ет өндіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында сонымен бірге Германияда шығарылған 1 тәулікте 3 мың құты бұқтырылған ет шығаруға лайықталған өндірістік желі орнатылған. Сондай-ақ, 1 тәулікте 2 тонна шұжық өнімдерін шығаратын соңғы үлгідегі германдық өндірістік желі орнатылған цех жұмыс істейді. Осы жаңа қондырғылардың бәрі кәсіпорынға үстіміздегі жылдың мамыр айында әкелініп, орнатылды. Оларды сатып алу үшін Үкімет тарапынан зор қолдау көрсетіліп, “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамы арқылы 7 жыл мерзімге 4 пайыздық жылдық өсіммен 119 млн. теңге несие алған болатынбыз. Осы орайда, кәсіпорынның өндірістік биіктерге самғауы үшін мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға шексіз ризамыз.
Қазіргі кезде облыста бірнеше шаруашылықтар мен кәсіпорындар базасында мал еті мен құс етін экспорттайтын толық инфрақұрылымы бар, құс өсіріп, мал бордақылайтын және ет өнімдерін қайта өңдейтін ірі кешендердің құрылысы бойынша жасалған әлденеше жобалар іске асырылу үстінде. Біз бәсекелес басқа да ірі өндірістердің болғанына пейілміз. Өйткені, өндірістің бір орнында тұрып қалмай, одан әрі ғарыштап дамуы өзіңе лайықты бәсекелестер болғанда ғана жүзеге аспақ.
Бір көңіл аударатын мәселе, еліміздің “Ветеринария туралы” заңының талаптарына сәйкес сарып, туберкулез, лейкоз аурулары шыққан малдар тиісті ветеринарлық-санитарлық талаптарға жауап беретін ет комбинаттарында сойылып, олардың еттерін малдәрігерлік сараптамадан өткізген соң, тиісті мамандардың қорытындысы бойынша, егер пайдалануға жарамды болса, технологиялық жүйелерде өңделіп, консерві не шұжық жасауға цехтарға жібереді. Ал егер, пайдалануға жарамсыз болса, арнайы көмбелерге жіберілуі тиіс. Ауру мал терілері де мамандардың тексеруінің қорытындысы бойынша залалсыздандырылып, қолданысқа немесе көмуге жіберіледі. Осыған орай, “Меркі-ет” кәсіпорны ет өнімдерін қайта өңдеумен қатар, мал союға маманданған өндіріс болғандықтан, мал союға арналып жабдықталған цехтар, мал етін арнайы санитарлық бақылау мен тексеруден өткізетін зертханалар жұмыс істейді. Жарамсыз деп табылған ауру мал өнімдерін көметін арнайы көмбелеріміз де бар. Олар ветеринарлық-санитарлық дәрігерлермен, бесаспап қасапшылармен, ауру мал өнімдерін оқшаулап, жоятын жұмысшылармен және басқа да мамандармен толықтай қамтамасыз етілген.
Сондықтан, мал сойып, оның етін өткерумен айналысатындар үшін біздің кәсіпорынның қызметін пайдалану өте маңызды. Бұл мәселе тиісті бақылау орындарының, оның ішінде, әсіресе, Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық инспекциясы облыс басшылығының осы тұрғыдағы нұсқауының орындалуына атсалысса дейміз.
Мал шаруашылығы өнімін өндірудің артуы мал басының және ауыл шаруашылығы мал үйірі мен құс өнімділігінің артуы есебінен қамтамасыз етілді. 2007 жылы 2006 жылмен салыстырғанда сиырлардың орташа айлық саны 7,1 мың басқа (2,3%), өнімді мекиен саны — 86,9 мың басқа (6,7%), қырқылуға тиісті қой – 124,5 мың басқа (9,1%) өсті. Бір сиырдан орташа сауылған сүт 2105 кг-ды, бір қойдан қырқылған жүн – 2,5 кг-ды құрады, бұл 2006 жылдың деңгейіне сәйкес келеді. Бір өнімді мекиеннен жұмыртқа алу 218-ден 223 данаға дейін артты. Сиырлардың сүттілігі облыстың 13 өңірінде, өнімді мекиеннің жұмыртқалағыштығы — 14 өңірде, орташа қырқылған жүн – 8 өңірде жоғарылады. Сүт бағытындағы сиыр мен құстың ең жоғарғы өнімділігі ауыл шаруашылық кәсіпорындарында байқалды, онда бір сиырдан сауылған сүт 2889 кг-ды құрады немесе орташа облыстық көрсеткіштен 1,4 есеге жоғары; құс фабрикаларында бір өнімді мекиеннен 275 дана жұмыртқадан алынды немесе бұл облысты тұтастай алғандағыдан 1,2 есеге көп. Бір қойдан қырқылған орташа жүн жұртшылық шаруашылықтарында 2,6 кг-ды, шаруа қожалықтарында – 2,4 кг-ды, ауыл шаруашылық кәсіпорындарында – 2,2 кг-ды құрады.